Аңырақай шайқасы және оның тарихи маңызы (сабақ жоспары)

0
3099
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
– жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте танылған хандар мен батырлардың рөлін түсіндіру.

Зерттеу сұрағы: Неліктен Аңырақай шайқасы қазақ-жоңғар соғысындағы түбегейлі бетбұрыс деп саналады?

Оқулық
Аңырақай шайқасы және оның тарихи маңызы. 21–23беттер.

Тірек сөздер: Аңырақай шайқасы, Азаттық күрес, Әмілмәмбет хан, Абылай сұлтан.

Ресурстар:
Қазақстан тарихы: көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. – Т.3.
– Алматы: Атамұра, 2002. – 121-150 бб.

Сабаққа дайындық:
Жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық күресте бетбұрыс жасаған ең ірі жеңіс – Аңырақай шайқасының тарихи маңызы мен ХVІІІ ғасырдың 30–40-жылдардағы қазақ-жоңғар қатынастарының одан әрі дамыуы мен қазақ жерлерін жаудан азат ету жолындағы күрес тарихынан білім беру.

100 жылдан аса уақытқа созылған жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі бетбұрыс кезеңнің шешуші оқиғасы Аңырақай шайқасы және оның тарихи маңызын көрсету.

Аңырақай шайқасының қазақ жерін жоңғарлардан түпкілікті азат ету жолындағы батырлардың ерлік жолы туралы білім бере отырып, оқушылардың тарихи танымдарын кеңейту, ұлттық тарихтыңжасампаздық рөлі туралы көзқарастарын қалыптастыруға мүмкіндік жасау.

Сабақтың деректі материалдары:
Қазақстанның XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы картасы, атақты билер мен батырлардың суреттері, “Аңырақай” шайқасының орны мен картасы, қазақ жерін жоңғарлардан азат ету жолындағы күрестің бағыттары көрсетілген карта, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау, Бұқар жыраудың шығармаларынан үзінді берілген слайд.

Сабаққа әдістемелік нұсқау:
Аралас сабақ түрін пайдалана отырып, интербелсенді сабақтың жеке және жұптық, топтық жұмыстар, сұрақтар қоюда ынталандыру әдістерін пайдалу керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер:
Аңырақай шайқасының тарихи маңызын дүниежүзі тарихындағы шешуші шайқастар тарихымен салыстырмалы түрде беруге болады.

Аңырақай шайқасы өткен жер туралы ғылыми пікір-таластардың туындауы мен оның нақты өткен жерін картадан белгілеу, оларға қатысты ақпараттарды тарихи деректермен салыстыру арқылы нақтылау қажет.

Сабақтың барысы.
Сабақ біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі Аңырақай  шайқасының өткен орны мен жылы туралы мәліметтерден, соғыстың барысы және осы кезеңдегі болашақ тарихи қайраткер Абылайдың алғашқы ерлігі туралы әңгімелеуден басталады.

Мұғалім “Аңырақай” шайқасының тарихи маңызын қазақ батырлары мен жауынгерлерінің ерлігі жеке бастарының қаһармандығы және осы соғысқа өздері де қатысқан ақын әрі батыр Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау және оқиғаның куәсі болған Бұқар жыраудың шығармашылығы негізінде түсіндіреді.

Мұғалім Аңырақайдағы жеңістен кейінгі алуыздықты айта отырып, Жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннiң 1741–1742 жылдары Орта жүз бен Кiшi жүзге ұйымдастырған
бұрынғы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан” кем түспейтiн шапқыншылықтары Қазақстандағы саяси жағдайды шиеленiстiре түскеніне баса назар аударады.

Осылайша, сабақты жоңғар шапқыншалығына қарсы азаттық күресті ұйымдастыру мен жүргізудегі қазақ билері мен батырларының рөлі арқылы қорытындылайды.

Білімді бағалау мүмкіндігі:
Сабақты қорытындылау барысында мұғалім оқушылардың білімдерін қысқаша сұрақтар қою арқылы, сонымен қатар оқушылардың Аңырақай шайқасының өткен орны, тарихи маңызы мен оны ұйымдастырудағы батырлар мен билердің, хан-сұлтандардың қызметін аналитикалық тұжырым жасай білу мүмкіндіктеріне қарай бағалай алады.

Қосымша тапсырма.
Аңырақай шайқасына қатысқан батырлар, билер мен жыраулар, сұлтандар туралы эссе дайындау.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ