Ағзалардың химиялық құрылымы

0
1946
Иллюстрация: Freepik.com

Жердің биомассасын құрайтын ағзаларда Д. И. Менделеев таблицасының 70-тен астам элементтері табылған.

Оттегі, көміртегі, сутегі, азот, кальций, фосфор, калий, күкірт, хлор, натрий, магний, мырыш, темір, йод, мыс, молибден, кобальт, селен элементтері тірі ағзада үнемі кездеседі.

Олар тірі ағза жасушасының негізін қалайтын қосылыстар: белоктар, көмірсулар, нуклеин қышқылдары, липидтер, ферменттер, гормондар мен витаминдер құрамында болады.

Сандық мөлшеріне қарай ағзадағы элементтер 4 топқа бөлінеді:

І-топ –макробиогенді элементтер:- оттегі, көміртегі, азот жəне сутегі, олардың ағзадағы мөлшері 1%-дан жоғары.

ІІ-топ – олигобиогенді элементтер – кальций, фосфор, калий, хлор, күкірт, магний, темір. Ағзадағы мөлшері – 0,01%-дан жоғары.

ІІІ-топ – микробиогенді элементтер – мырыш, марганец, кобальт, мыс, бром, йод, молибден, т.б. бұл элементтер мөлшері 0,001% — 0,000001% аралығында.

ІV-топ – ультробиогенді элементтер – литий, кремний, қалайы, кадмий, селен, титан, ванадий, хром, никель, сынап, алтын, жəне т.б. Ағзадағы мөлшері 0,000001%-дан аспайды (1-кесте).

Адам ағзасындағы химиялық элементтердің мөлшері, %

Егер тірі жəне өлі заттардың химиялық құрамын қарасақ, тірі ағза негізінен жеңіл элементтерден, ал өлі заттар ауыр элементтерден тұрады, себебі тірі ағзалардың құрамына қажет суда жақсы еритін газ тəрізді, сұйық жəне қатты қосылыстар үшін жеңіл элементер ғана жарамды.

Тірі ағзаның құрамына кіретін молекулаларды биомолекула деп атайды, демек олардың құрылымы жəне өзара əрекеттесуі тіршілік негізіне жататын процестерді қамтиды.
Тірі ағза жасушасының негізін құрайтын қосылыстар: белоктар, нуклеин қышқылдары, көмірсулар, липидтер (май жəне май тəрізді заттар), су, минералды тұздар (2-кесте).
Осы органикалық қосылыстардың алуан түрлі құрылымы мен қасиетін білу үшін олардың құрамына кіретін ең қарапайым органикалық заттардың кластарын бір-бірінен ажырата білу қажет.

Тірі жасушаның химиялық құрам ерекшелігі

Барлық тірі ағзалар жасушадан жəне олардың метоболиттік өнімдерінен тұрады. Əрбір жасуша тірі жүйеге тəн барлық қызметті атқара алады: зат жəне энергия алмасуы жүреді; өседі, көбейеді жəне өзінің қасиеттерін басқа жаңа жасушаларға жеткізе
алады. Тірі ағзалар жасушаларының барлығы жалпы құрылысы жəне химиялық құрамы бойынша өзара ұқсас. Жасушалардың барлығы бірдей емес, бірақ барлығында да құрылыстық жалпы белгі бар.

Ағзаның құрамына кіретін заттарды пластикалық жəне энергетикалық заттар деп шартты түрде екіге бөледі.

Пластикалық заттар — ағзаның жасушалары мен ұлпаларын құру үшін қажетті заттар, демек құрылыс заттары. Бұл белок, нуклеин қышқылдары, липидтердің кейбір түрлері жəне жоғары молекулалы көмірсулар.

Энергетикалық заттар макроэргті қосылыс АТФ-тың қайта түзілуіне жұмсалатын энергияны бөлетін заттар. Бұл көмірсулар (глюкоза, гликоген, крахмал), кейбір липидтер.

Дереккөз: Биохимия негіздері, С. Қ. Тұртабаев, А. К. Кабдрахимова, А. Ж. Еримова, Алматы, 2012

Басқа материал:

  1. Дәнді-дақылдар биохимиясы. Нан және макарон өнімдерінің тағамдық құрамын көтеру мен қазіргі кездегі жағдайы
  2. Көмірсулардың жіктелуі. Адам ағзасындағы көмірсулардың биохимиялық рөлі.
  3. Белоктардың физикалық және химиялық қасиеттері. Амин қышқылының классификациясы мен құрылымы
  4. Химиядан тест сұрақтары жауабымен
  5. Мобильді құрылғылар сипаттамасы
  6. Виртуалды машиналар туралы мәлімет
  7. Вир­туал­ды жә­не ке­ңей­тіл­ген шын­дық де­ге­ні­міз не?
  8. Инфографикамен жұмыс істеуге арналған тегін немесе тарифы төмен сервистер

ПІКІР ҚАЛДЫРУ