Антонимдер туралы түсінік

0
8444
Иллюстрация: Freepik.com

Қазақ  тілінің  лексикалық  құрамы  омонимдік, синонимдік  қызметімен қатар антонимдік қатынасқа да бай.  Антонимдік қатынастар – тілдегі семантикалық парадигманың бір көрінісі. Қарама – қарсылық тек  тілдік қана категория емес,  ол ғылымның философия, логика, психология сияқты салаларымен де ұштасып жатады. 

Ғылыми тұжырымдар негізінде  «полярлық», «контраст», «оппозиция» терминдері қарама – қарсылық ұғымымен жарыса қолданылады.   Аталған терминдерді ғалымдар қандай мақсаттта қолданды, тілдегі қарама – қарсылықтың (антонимдердің) туындауына қандай себептер ықпал етті, қарама – қарсы қоюдың ғылымның өзге салаларында алатын орны қандай деген сауалдарға жауап іздейді.

Философиялық ғылыми зерттеу еңбектерін қарастырғанда қарама – қарсылықтың  аталған ғылым саласында сонау антикалық дәуірден бастау алатыны сөз етіледі.  Дүниеде қарама – қарсылықсыз еш  нәрсе жоқ, оны адам баласы ерте кезден мойындаған. Осы тұрғыда алғашқы философиялық ойдың бастамасын Аристотельдің мынадай ой – пікірінен көруге болады: «Тіршіліктегі заттар мен мәндер қарама – қарсылықтан екенін бәрі де хабарлайды, айталық біреулер (бұл жерде) тақ пен жұпқа, енді басқалары жылы мен суыққа, үшіншілер шектілік пен шексіздікке, төртіншілер қастандық пен махаббатқа нұсқайды».

Қарама – қарсылық туралы философиялық тұжырымды  Гегель  «қарама – қарсылықтың бірлігі мен күресі заңы» арқылы дәйектеуге тырысады. Гегельдің аталған заңдылықты ашуына И.Канттың да философиялық көзқарасы ықпал етті. И.Кант санадағы қарсылық  тұжырымын: «Санада қалыптасатын әрбір ойдың кері түрі бар. Мысалы, дүние уақыт жағынан да, кеңістік жағынан да шекті. Екінші ой – олар қай жағынан алғанда да шексіз. Немесе дүниенің пайда болған мерзімі бар, бұған қарама – қарсы пікір: дүниенің пайда болған мерзімі жоқ»,- деу арқылы дәйектейді.

Философиялық тұрғыдан: «қарама – қарсылық дегеніміз – қайшылықтың даму сатыларының бірін білдіретін категория. Ол табиғат, қоғам, адам санасындағы бірін – бірі жоққа шығаратын, бірінсіз – бірі өмір сүре алмайтын заттар мен құбылыстар, тенденциялар арасындағы қатынастарды білдіреді.

Ұғым – логикалық категория болса, антоним – тілдік категория. Философиядағы диалектикалық қайшылықтың екі жағы болатыны сияқты тіл білімінде де зат туралы ұғымның екі жағы болады. Бұл мәселе диалектикалық логикада сиыспайтын ұғымдар (несовместимые понятие) категориясы деп аталады.

Тіл ғылымында  сыңарлары  семантикалық жақтан бір-біріне қарама-қарсы сөздер антонимдер деп аталады.

Антонимдік қатынастарды тек тілдік деректермен ғана түсіндіріп қоймай, болымды, болымсыз (ақылды ақылсыз) тұлғалардың қарама қарсылығын және  антонимдік оппозицияда аралық ұғымның болуы (биік – орта – төмен), контекстегі қарсы мәнді ұғым (түздегі май ішеді, үйдегі шай ішеді) туралы алғашқы ғылыми талдаулардың үлесі Ә.Болғанбаев есіміне тиесілі.

Антонимдер туралы арнайы зерттеу жүргізіп,   кандидаттық диссертация қорғаған,  алғаш рет антонимдер сөздігін құрастырған (1984)  Ж.Мусиннің еңбегінде антонимдердің теориялық мәселелері қарастырылған.  Автор  қазақ тіліндегі антонимдік қатынастарды   лексикалық, сөзжасамдық, морфологиялық, фразеологиялық және  стилистикалық деңгейде  жан-жақты талдаған.

Зерттеушінің пікірінше, қарама-қарсы ұғымдағы антонимдердің  арасында, мысалы, сулы   құрғақ, бақ   сор және   қарама-қарсы ұғым беретін болымсыздық категориясы, мысалы, сулы – сусыз, бақытты-бақытсыз дегендердің арасында тікелей байланыс бар дейді де, «қазақ тілінде бір түбірлі антонимдер жоқ» деген қорытынды жасайды.[16, 10].

Демек,  қарама-қарсы ұғымдар тілдегі  болымсыздық категориясына сәйкес келетіндіктен антонимияға да қатысты болады деген сөз. Ал басқа да пікірлерге келсек, болымсыздықты  антонимдік оппозицияның инварианты емес, қарама-қарсылық пен антонимдік байланысты тудыратын жүйе ретінде тану керек деп дәйектейді.  Егер  антонимдерді болымсыздық категориясы негізінде анықтап,  «болымсыздық аффикстерін антонимдерді жасаушы механизм» ретінде қарастыратын болсақ, онда   тілдегі лексикалық құрамның барлығының антонимдік  жұбы бар деп топшалауға  болады.

Антонимдік жұптар бір-бірін  жоққа шығарып, затқа, құбылысқа жаңа бағы бере алады.  Мысалы, ақылды – ақылсыз деген жұптарда ақылсыз сөзі ақылды дегенннің мағынасын мүлде жоққа шығарады, алайда адамға тән қасиетке  жаңа баға бере алмайды.  Лексикалық қорымызда ақылды сөзіне  мүлде керағар ұғымды білдіріп, адамның жаңа бір қасиетін білдіретін сөз – ақымақ.  Яғни  ақылды – ақымақ  антоним сөздер болса,  ақылды – ақылсыз бір түбірлі  болымды, болымсыз тұлғалар ғана.

Қазақ тілінде антонимдер әр түрлі түбірлерден де, түбірлес сөздерден де жасалуы мүмкін. Түбірлес сөздерден жасалған антонимдердің сөздегі мағынасы ешуақытта қарсы мағынаны аңғартпайтыны белгілі. Сондықтан, түбірлес сөздердің антоним сөздерге айналуы жұрнақтың қызметімен тікелей байланысты. Мысалы, бақытты –бақытсыз, көрікті – көріксіз, білімді – білімсіз.  Бірақ бұл жүйеге етістіктің болымды, болымсыз тұлғаларын  енгізу орынсыз.  Мысалы, жазды – жазбады, оқыды – оқымады.  Себебі бұл болымды және болымсыз етістіктер ұғымның бір-біріне қарсы мәнін білдірмейді, бірін-бірі жоққа шығарады.

Сондай–ақ тілдегі қарама–қарсылық пен логикалық қарама – қарсылықтың байланысы неде, екі ғылымдағы қарама – қарсылықты тепе – тең дәрежеде қарастыруға бола ма деген мәселелер төңірегіндегі ой – пікірлер қазақ тіл білімінде Ж.Мусин мен А.Жұмабекова еңбектерінде  қарстырылған.

Тілде де дәл осылай, антонимдерде де жоғарыда айтылған белгілерге ұқсас мынадай қасиеттерді игереді:

А) Тілдегі  антоним  сөздердің  қарама–қарсылық  семантикасы тепе-тең дәрежеде болуы тиіс. Мысалы: жомарт — сараң,  жалқау –еңбекқор, ақ – қара, жақсы – жаман, үлкен – кіші, биік – аласа;

Б) Түбірі бір болымсыз тұлғалы жұптар  антоним бола алмайды. Мысалы: ақылды – ақылсыз,  бақытты –бақытсыз, құнарлы – құнарсыз,  әдептіі – әдепсіз,  жазды – жазбады, оқыды – оқымады.

С)  Тіліміздегі оппозициялық мәндегі мысық-тышқан, аю-бал, жігіт-қыз сыңарларының  логикалық  қарама-қарсылығы  антонимдік қарама-қарсылық бола алмайды. Бұл сыңарлар тек қатар мәндес сөздер ғана.

Д) Қазақ тіліндегі туынды, болымсыз қайшы мәндес сөздер антоним бола алмайды. -Сыз, -сіз, -ма, -ме  грамматикалық формаларымен          емес, жоқ  сөздері арқылы жасалған сөздер.  . Мысалы, білімді- білімсіз, көр- көрме, тоғай-тоғай емес.

Е) Немесе бүйірі шығу  — бүйірі шықпау (тою – тоймау) фразалық тіркестері бірін – бірі жоққа шығарғанымен адам халіне  жаңа баға беріп тұрған жоқ,   ал бүйірі шығу – қарны қабысу (тоқ – аш),  мерейі өсу — сағы сыну тіркестері бірін–бірі жоққа шығарып, жаңа баға беріп, логикалық қайшылыққа құрылған.

Ж)  Антонимдер үнемі бір–біріне қарама – қарсы қолдана келе мүлде жақындасып, кірігіп кетеді.  Мысалы: жақсылы – жаманды өмір сүру, істің бас – аяғы.

Қазақ тілінде лексикалық антонимдердің ерекшеліктері төмендегідей:

  • Антонимдер сапалық ұғымдарды білдіреді: жақсы – жаман, ақ – қара, жаңа – ескі, қатты – жұмсақ.
  • Антонимдік жұптың сыңарлары қарама – қарсылықтың мәні жағынан тепе – тең болу керек: ыстық суық

ыстық          жылы

                                         суық               жылы

  • Антонимдік жұптар бір сөз табынан болуы керек: жуан – жіңішке, жуас – асау – сын есім; дос – жау, бай – кедей – зат есім; кию – шешу, алу – беру, әкелу – әкету – етістік.
  • Стилистикалық реңі бірдей болу керек.
  • Антоним сөздер сөйлемде үнемі жұп болып қолданылады, бұл тұста антоним сөздердегі қарама – қарсылықтың мәні айқынырақ көрінеді.

Тілімізде сыңарлары  семантикалық жақтан бір-біріне қарама-қарсы сөздер антонимдер деп аталады.

Антонимдерді сөз табына қатыстылығы тұрғысынан алғанда   тіліміздегі   антоним сөздердің  басым көпшілігі сын есімдер  мен етістіктерден   құралса,  қалған сөз таптары  аз мөлшерді ғана құрайды.

 

  Сөз табы Мысалдар
1 Сын есім Оңай-қиын, арық-семіз, ыстық-суық
2 Етістік Қуану-ренжу, даму-құлдырау, күлу-жылау
3 Зат есім Дос-дұшпан, бай-кедей, обал-сауап
4 Үстеу Жоғары-төмен,  тез-баяу,  ілгері-кейін
5 Есімдік Осы-сол, анау-мынау

 

Тіл біліміндегі антоним  мәселесімен  шұғылданған  ғалым Н.С Трубцкой  оппозицияның бір мүшесін екіншісін  айыру үшін  ортақ белгілерін  негізге  ала отырып, оппозицияның үш түрін ұсынады. Олар: градуалды, привативті, эквиполентті. Бұл әдісті лексикалық антонимдерді топтастыруда А.Жұмабекова қолдана отырып, үшке бөледі.

1) Градуалды (басқышты, сатылы) антонимиялық оппозициялар;

2) Привитативті (қос мүшелі) антонимиялық оппозициялар;

3) Эквиполентті (тепе – тең) антономиялық оппозициялар.

Градуалды (басқышты, сатылы) антонимиялық оппозицияда  антонимдердің  арасындағы  мағыналарды  дәнекерлейтін тағы бір компонент (сөз) болуы тиіс. Мысалы үлкен <орташа >  кішкентай; ескі   <көнетоз> жаңа.

Привативті (қос мүшелі) антонимиялық оппозиция  элементтері  екі ұғымның көлемі бірдей және біріге отыра, осы тектілік ұғымның бүкіл көлемін сипаттайды.  Бұл қатарға әр түбірлі (бар – жоқ, өз – өзге) және түбірлес (жанды – жансыз, таныс – бейтаныс) лексемалар енеді.

Оппозицияның бұл түрінде аралық ұғым болмайды, бірақ антонимдік жұптар бірін – бірі жоққа шығару қасиетін ие болады. Дәл осы қос мүшелі (привативті) антонимдік оппозициялар арасындағы  қатынасты Л.А.Новиков комплементарлық (лат. Complementum – толықтырмалы) қарама – қарсылық ретінде түсіндіреді.

3) Эквиполентті (тепе – тең) антономиялық оппозиция Эквиполентті оппозиция құрамына енетін сөздер тобы:

  1. Іс – әрекеттің, хал – жағдайдың қарма – қарсы бағытталғандығын білдіретін лексемалар: кіру – шығу.
  2. Лексикалық конверсивтер: ұту – ұтылу.
  3. Үйлесімді (келісімді – координациялы) ұғымдарды белгілеуші сөздер: үсті – асты.
  4. Жыныстық, туыстық нышандары (әке – шеше); тәулік уақыты (күн – түн); әлеуметік қатынастар (құл – мырза) т.б компоненттері қарама – қарсы қойылған, бір – бірінен мағыналық жағынан ажыратылмайтын жұптар жатады.

Оппозицияның аталған түрінің басқаларынан айырмащылығы – мұндағы оппозиция мүшелерінің арасында тіл тәжірбиесі арқылы орныққан ассоциативті қарама – қарсылық бар деп түсіндіріліп жүр.

Қазақ тілінде антонимдердің қолдану жиілігіне қарай А.Жұмабекова «Градуальды оппозициялардың өнімді екендігін байқатты. Олар қазақ тілі антонимдерінің өзегін құрайды. Привативті оппозициялардың жиілігі төмен, ал эквиполентті оппозициялар өнімсіз қатарды құрайды» дейді. [18,24].

  Контекстік антонимдер.  Кейбір  сөздер  жеке  атауыштық  мәнде  тұрғанда  мағыналары бір-біріне  қарама-қарсы  болмағанмен  автордың сөз қолдану шеберлігіне орай бір затты екінші бір затпен қарсы қойып салыстыру үшін мәтін ішінде контекстік антонимдер қызметін  атқарады.    Мысалы,

Мен — ашу да, сен ақылсың нәрі аққан

Сен — адамсың,  мен аждаһа зәр атқан.  /М.Мақатаев/.

Келтірілген  мысалдардағы  ашу мен ақыл, адам мен аждаһа  лексемаларын  контекстен  тыс  оқысақ антоним бола алмайды.

Әдетте антоним болмайтын сөздер мәтінде бір біріне қарама қарсы қойылады. Мысалы, Пайда ойлама, ар ойла (Абай), Түйе ұрлаған да – ұры, түйме ұрлаған да  —  ұры

Антонимдердің көркем әдебиеттегі стильдік қызметі жоғары, әрі стильдік фигуралары да әр алуан. Мысалы, шендестіру: «Ішім өлген, сыртым сау» (Абай) т.б. Антонимдер сөйлем ішінде тек қарама қарсылыққа түспей, күшейту, қосымша мағына үстеу, нақтылау, салыстыру т.б. амалдарды көрсетеді.

Осыған орай, тіл білімі ғылымында контекстік  антонимдердің  негізігі  қолданылу  өрісі  көркем мәтін екені тұрақталған тұжырым.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ