Қазақ және ағылшын тіліндегі архаизмдер

0
2084
Иллюстрация: Freepik.com

Лексикалық жүйені қарастыру барысында архаизмдердің ғасырлар ағымында қандай өзгерістерге ұшырағанын көре аламыз. Назар аудартатын бөлімнің бірі жаңа сөздердің пайда болуы себебінен сөздердің ескіріп, қолданыс аясынан шығып қалуы.

Біз жаңа сөздер мен көнерген сөздердің – историзмдер мен архаизмдердің арасында пайда болған қарама — қайшылықтарға куә боламыз. Гаджиева Ульвия Давудқызы өзінің «Архаизмы в Азербайджанском и английском языке» мақаласында, қолданылу ортасына қарай архаизмдердің әртүрлі топтар құрайдытынын атап көрсеткен. Олар:

  • Қолданыстан мүлде шығып кеткен, мағынасы белгісіз және жаңа сөздің шығуына қатыспайтын сөздер. Мысалы: ергенек (есік бастырғыш), асадал (кебеженің түрі), дүрия (жібек мата), патсайы (мата түрі). Ағылшан тілінде anon (көп ұзамай, дереу), phaeton (фаэтон), woe (өкіну), diligence (сана), harken (тыңдау, деп қою), т.б.
  • Көнерген сөздер — заманауи тілде тәуелсіз сөздер ретінде өз күшін жоғалтқан және сөздік құрамда өз ізін сақтап қалған сөздер. Мысалы: кежеге (кежегесін кері тарту, жалқаулану), дағара (үлкен ыдыс түрі, жергілікті жерлерде леген шылапшын). Ағылшын тілінде betwixt (арасында), chide (ұрсу), lone (жалғыз) және т.б.[1]

Көнерген сөздердің екінші тобын архаизмдер құрайды. Историзмдерден айырмашылығы  архаизмдерде айқындалған заттар мен оқиғалар әлі күнге дейін сақталған. Алайда өзге сөздермен қолданылады.

Архаизмдер сөздіктің пассивті қорына кіреді. Архаикалық сөздерге келесі анықтаманы беруге болады: архаикалық сөздер – белгілі бір себептерге байланысты сөйлеу аясынан шыққан сөздер. Бұл процессті бақылау барысында, сөздердің алатын маңызды рөлін атап кетпеске болмайды. Сөздіктер бұл сөздерді лексикалық бірлік ретінде тілдік жүйеде сақтап, өмір сүруін ұзартады.

Егер қандайда бір сөз өзінің белгісін толығымен жоғалтса, еш мағынасы болмаса, және орнын алмастыратын синонимі болмаса, онда бұл сөз историзм деп аталады. Историзмдер тек белгілі бір сөздің жандануы мен қайта өмір сүруі мақсатында қолданылады.

Қазірдің өзінде қазақ және ағылшын тілдеріндегі музыкалық аспаптарды, қару-жарақ түрлерін, тарихи киімдерді, үй тұрмысы мен көлік түрлеріне қатысты атауларды білдіретін сөздер историзмдер қатарына жатады. Мысалы: адырна (көпішекті шертпелі аспап), кіреуке (торлы сауыт), баба түкті шашты әзиз (аңыз адам), саужой (сауатсыздықты жою) және т.б. немесе ағылшын тілінде hoply (мүмкін), befall (болған), knight (сері), hopless(сәтсіз), staunch (фирма) және т.б.

Қазақ тілінде көнерген сөздердің көнеру дәрежесі үш түрлі болады:

  1. Әбден ұмытылып, қолданыстан бір жола шыққан көнерген сөздер. Бұл тәрізді архаизмдердің мән-мағынасын белгілі деректерге сүйеніш, сұрап білу арқылы болмаса, қазіргі кезде мүлдем түсініксіз болады да, ешқандай туынды сөз жасауға қатыспайды. Мысалы, Керекейді атпа, қонжығы жетім қалады (Мақал). Асабасы жоқ асқа жарымас (мақал). Бірдің кесірі мыңға, Мыңның кесірі түменге (мақал). Осындағы керекей — аюдың ұрғашысы, қонжық — аюдың күшігі, асаба — дастарқан ағасы, тамада, түмен — он мың деген ұғымды білдірсе керек. Бұл сөздердің мағыналары іздестіріп, сұрап білу арқылы ғана анықталып отыр.
  2. Түбір қалпында жеке айтылмайтын, бірақ белгілі бір туынды сөздердің түбірінде сақталған, көнерген сөздер — бүлдіршіндей (бүлдіршін), баланадай (бадана), сүйріктей (сүйрік), алпамсадай (алпамыс), еңгезердей (еңгезер), бырдай (быр), дардай (дар), тығыршықтай (тығыршык), абажадай (абажа), добалдай (добал), қаршадай (қарша), зәредей (зәре), шырадай (шыра), т. б.
  3. Дәуірі өтіп, сол ескі заманның езімен қоса жоғалған сөздер историзмдер деп аталады. Историзмдердің көнеруі тарихи атаулардың кұрып бітумен, біржола жоғалуымен байланысты болады.[2]

Тілімізде қайта жаңарған көнерген сөздер де кездеседі. Оларға:

  • Діни ұғым атаулары: жаназа, имам, мешіт ораза, жайнамаз т.б.
  • Жыл атаулары: барыс, ұлу, тышқан т.б.
  • Ай атаулары: қаңтар, наурыз, маусым т.б.[2]

Ағылшын тіліндегі сөздердің көнеленуі үш кезеңнен өтеді. Бастапқы кезеңінде сөздер сирек қолданыла бастайды. Бұндай деградацияға ұшыраған сөздер – обселесенттер деп аталады. Олар ақырындап жалпы қолданыстан шығады. Осындай сөздердің қатарына ағылшын тіліндегі есімдіктер: thou(сен) және өзге нысандары: thee, thy, және thine, етістіктің соңы est деп аяқталатын, art, wiet (thou makest, thou wiet) етістік формалары жатады. (e)s орнына (e)th т.б. мысалы he maketh.[3. 31 бет]

Француз тілінен келген көптеген сөздер обселенттік сөздер қатарына жатады. Бұл сөздер көне ағылшын тілі мен қазіргі ағылшын тілінің арасындағы рухын ұстап тұру үшін сақталған.

Мысалы: a pallet – сабан матрас; a paltry – кішкене ат; garniture— жиһаз және т.б. Көнерген сөздердің екінші тобына – ағылшын тілінде мүлдем қолданылмайтын, алайда соған қарамастан тілдің сөздік құрамында ағылшын тіліне тән сөздері деп танылған сөздер жатады. Мысалы: metkins –мен солай ойлаймын; nay – жоқ. Бұндай сөздер – обселентті сөздер деп аталады. Үшінші топқа кіретін архаизмдер ағылшын тілінің құрамынан толығымен жойылған және тілдегі бастапқы қайнар көзін табу немесе жандандыру қазіргі таңда мүмкін емес сөздер қатары.

Мұндай көнерген сөздер “archaic proper” деп аталған, мысалы: thoth – сенім, a losel – жағымсыз, жарамсыз, жалқау.  Әдеби тілде архаизмдер белгілі бір тарихи және деректі, ғылыми-танымал және көркем әдеби туындыларды жазу барысында қолданылады. Мысалы: Бернард Шоудың “How he lied to her Husband” туындысында 18 жасар бозбала 37 жастағы әйелге ғашық болады. Туындыда “ perfect love casteth of fear” фразасы берілген (нағыз махаббатқа шекара болмайды).

Сол секілді Уиллиам Шекспирдің туындыларында архаизмдер көптеп кездеседі. Мысалы: «Romeo and Juliet» трагедиясында «From forth the  fatal loins of these two foes a pair of star-cross’d lovers take their life…»  осы сөйлемдегі loins(дене бөлігі) сөзі архаизмдер қатарына жатады.

Кейде көнерген сөздер және әсіресе сөздердің архаикалық формалары сатиралық мақсатта қолданылады. Бұл «антиклимакс» әдісімен жүзеге асырылады. Контекстпен архаизмдерді қолданатын жағдайлар жүйеленбейді. Ал бұл қазір қолданылып отырған сөз бен қарапайым ситуация арасында айырмашылық туғызады. Архаикалық сөздердің түбегейлі көнеленуіне қарамастан, олар толығымен тілден кетпейді, қолданылу аясы ғана шектеледі.

Демек, архаизмдер — белсенді қолданылмайтын, белсенді жүйеден пассивті жүйеге ауысқан сөздер. Яғни, бұл бірліктер тілдің барлық саласында қолданылмаса да, белгілі стильдерде қолданылады. Өйткені, архаизмдер әдетте ғылыми және көркем әдебиет стильдерінде кездеседі.

Архаизмдердің стилистикалық маңызын оқу оның лексика-семантикалық мәнімен тығыз байланысты. Бір қарағанда оңай болып көрінген архаизм жайлы сұрақтар, шын мәнісінде қиын және белгілі бір дәрежеде даулы екенін айта кеткен жөн. Өйткені, архаизмдерді зерттеу көнерген сөздерді механикалық санаумен шектелмейді. [4, 92 бет]

Көнерген сөздер әрдайым «өлі» сөздер болып саналмайды, өйткені, кей жағдайларда олар қайтадан тілдің актив қорында қолданылатын сөзге айналуы мүмкін. Сонымен қатар, «өлі» сөзді сауатсыздық кезінде жоғалған сөздің орнына қолдануға болады.

Архаизмдерді стилистикалық бояуы мен орынды қолданылу мүмкіндігі жайлы дұрыс түсінікте болуы үшін көнерген сөздердің әр түрлерін қарастырайық.

Тарихи сөздер. Заманауи лингвистика көзқарасы тұрғысынан архаизмдер болып саналған сөздер қатарынан 5-6 ғасыр бұрын қолданыста болған сөздерді табуға болады. Оған қоса біздің заманымызда сөздік құрамда бола тұра, қолданыстан шығып, архаизмдерге айналған сөздер де бар.

Осылайша бірнеше мыңдаған жылдар бойы қолданылмаған архаизмдер мен көнеленген сөздер арасында соңғы уақытта айтарлықтай өзгешелік жоқ. Өйткені, бұл сөздер заманауи тілдің  сөздік құрамында көнерген сөздер болып есептеледі.

Барлық көнерген сөздердің болашағы бірдей емес; олардың кейбірі мүлдем ұмытылады; кейбірі диалект сөздерге айналып, қолданылу аясы шектеледі; өзгелері бөгде тілге ауысып, сөздердің шынайы шыққан ортасына шетелдік сөздер болып көрінеді.

Тіл – мағыналары мен жазылуы ұқсас сөздерді ұнатпайтындығы баршамызға аян. Тіл әрдайым олардан арылуды қалайды. Тек мағыналарында туыстық жақындық бар сөздер ғана синонимдік қатар құру арқылы өмір сүру мүмкіндігі бар. Ана  тіліндегі не шетел тіліндегі сөз екендігіне  қарамастан туыстық жақындығы бар екі сөздің бірі міндетті түрде жеңеді. Ал екіншісі, тілдің пассивті бөлігіне өтеді. Лингвистикада бұл көнерген сөздер лексикалық архаизмдер деп аталады және историзмдерден айырмашылығы оларда ылғи белсенді қолданылатын синонимдер болады. Дәл осы үшін архаизмдер тарихқа қатысы жоқ лингвистикалық жағдайлар ретінде бағаланада. [5. 44 бет].

Архаикалық сөздер ескіруі жағынан бірдей позицияда емес. Олардың кейбірінің ескі болғаны соншалық, тек байырғы қолжазбаларда кездеседі. Ал басқалары бізге ХІХ ғасырдың туындыларынан белгілі, үшінші бөлігі ата-бабаларымыздың жадында сақталған. [6. 45 бет]. Кейбір стилисттер архаикалық сөздердің екітүрін атап көрсеткен. Олар шынайы (ағылш. real) және стилистикалық (ағылш.stylistic).[7. 251]

Архаизмдер тілдің сөздік құрамының ерекше қабатын құрамайды. Басқа да лексикалық бірліктер секілді әдетте экспресивті — эмоционалды, не бейтарап бола алады. Бірақ архаизмдердің стилистикалық көрінісі жайлы белгілі бір көрініске жету үшін осы тілдің бірліктерің сан алуандығы мен табиғатын ескере отырып, топтастыру қажет.

Архаизмдердің классификациясы даулы мәселе екендігін айта кеткен жөн. Дәстүрлі лингвистикалық әдебиетте бұл сөздер әдетте үш топқа бөлінеді.

  1. Историзмдер: заттар атауы мен бірге көнерген сөздер;
  2. Лексикалық архаизмдер: толығымен көнерген, қазіргі таңда синонимдері қолданылатын, мағынасы сақталған сөздер;
  3. Семантикалық архаизмдер: ескі формасын сақтап қалған сөздер.

Қорыта келгенде, архаизмдер де историзмдер де екі тілге тән. Қазіргі таңда көптеген архаизмдер қайтадан жаңарған. Екі тілде де архаизмдердің үш түрі бар екендігіне көз жеткізе аламыз.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ