Арал те­ңі­зі­нің эко­ло­гия­лық аху­алы

0
2382

Арал теңізі – Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орна­ласқан ірі көл. Апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі –1066 км³, тереңдігі – 30–60 м, тұздылығы 10–12‰ болған.

Қойнауы кәсіптік бағалы балықтарға бай, жағасы қоға мен қамысты теңіз еді. Сол кезде жылына 50–150 мың балық ауланып, едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Теңіз жағасындағы елді мекендерде 17 балық ұжымшары, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты жұмыс істеген.

1960 жылдардан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Әмудария мен Сырдария бойындағы халықтың саны бірнеше есеге өсті. Халық санының өсуіне орай суға деген қажеттілік те артты. Суды мол қажет ететін күріш пен мақта өсіру ісі  қарқындап дамыды.

Осылайша Аралға құйылатын су мөлшері азайды.  Суды ысырапсыз пайдалану нәтижесінде Арал теңізінің  деңгейі 23 метрге дейін төмендеп, оның су айдыны 30–200 кмге дейін қусырылды. Судың тұздылығы 40‰-ге дейін артты. Оның үстіне екі өзен бойындағы шаруашылықтарда тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды қолдану 10–15 есеге өскен.

Осындай антропогендік факторлар Арал өңірін экологиялық апатқа ұшыратты. Арал теңізі экожүйесіндегі тіршілік атаулыны экологиялық дағдарысқа әкелді.  Арал апатынан зардап шеккен елдерге көмектесуге бағытталған алғашқы халықаралық келісім 1990 жылдың қаңтарында БҰҰ-ның қоршаған орта Бағдарламасының (ЮНЕП)
ұсынысымен жасалды.

Бұл халықаралық құжат «Арал теңізін сақтауға арналған нақтылы іске дайындыққа қатысу»  деп аталды. Дүниежүзілік дәрежедегі оқымыстылар мен мамандардың қатысуымен «Диагностикалық құжат» жасалды.  Бұл үлкен ғылыми-тәжірибелік зерттеу Арал апаты кеселінің  бетін ашып берді, нақтылы іске бағдарлама жасауға себін тигізді.

Қазіргі кезде Аралды құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде ғылыми негізде жұмыстар жасалуда. Арал тағдыры – адам тағдыры, сондықтан оны сақтап қалу – аға ұрпақтың болашақ алдындағы борышы.

Дереккөз:

  1. «Қазақстан Республикасының экологиялық қауіпсіздігі» жинағынан
  2. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ