Семей полигонының зардабы

0
12370

Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады.

Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде өткізілген сынақтардың ядролық зарядтарының жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.

Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертіле бастады. Адамдар мен малды радиоактивті  заттардың таралу аймағынан уақытша көшіру, оларды қарабайыр қорғаныш нысандарына, орларға немесе кепелерге жасыру көзделді. Алайда жарылыстан кейін адамдар радиациядан уланған жерлердегі өз үйлеріне оралып отырды.

1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын  жабу үшін «Невада – Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткізілді. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас
Сүлейменов басқарды. Сол жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға  мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жарияланды.

Сол уақытқа дейін үнсіз келген халық бір дауыстан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдеді. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарында, телеарналар мен газеттерде әңгіме бола бастады.

Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың
ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Бұқараның қысымы­мен Семей полигонындағы сынақтар саны азайып, соңында  КСРО үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу – мораторий жасау туралы шешім шығарды.

1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны  жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы бұйрығы  бойынша зардап шегушілердің тізімі жасалды. Бүгінге дейін полигоннан зардап шеккен 260 мың адам тізімге енген.

Басқа қалалар мен облыстарға көшіп кеткен Семей өңірінің бұрынғы тұрғындары есепке алынып бітпеген. Демек, Семей полигонының зардабы қазақ жерін әлі кезіп жүр.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
    жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.
  2. Заман Дәуірұлының «Семей полигонының зардабы» мақаласынан

Ұқсас материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ