Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы (Сабақ жоспары)

0
1974

Сабақтың мақсаты:

Білімділік: Қасым  Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау арқылы жеке тұлғасын таныту, ақын шығармашылығына қызығушылықты ояту.

Дамытушылық: Оқушылардың талдай, түсіне оқу, тақырыпты қорыта алу, пікір білдіру дағдыларын қалыптастыру, рухани танымдарын кеңейту.

Тәрбиелік: оқушыларды ерлікке,  батырлыққа, табандылыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке  тәрбиелеу.

Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту

Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ

Сабақтың әдістері: түсіндірмелі-көрнекілік,  репродуктивті, топтастыру, сын тұрғысынан ойлау стратегиялары, сатылай кешенді талдау.

Көрнекілігі: Ақын портреті,  шығармалар жинағы,  слайдтар.

Видео:1) «Абдолла Жұмағалиев туралы»,  2) Ән: Жас дәурен

Техникалық құрал-жабдық: интербелсенді тақта

Пәнаралық байланыс: тарих, география

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі

ІІ. Үй тапсырмасын сұрау

  1. Қасым Аманжолов кім,  қашан, қай жерде туды?
  2. Қасым Аманжолов туралы не білеміз?
  3. Қасым Аманжолов өмірбаяны туралы (Аякөз. видео)
  4. Осыған дейін ақынның қай өлеңімен таныс болдыңыздар?
  5. «Өзім туралы» өлеңіндегі басты тұлға кім?
  6. «Өзім туралы» әнін тыңдау (Еламан)

(Қасым шежіресімен таныстыру)

Аманжол Рақымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын, -деп ақын өзі жырлағандай алдымен ақын шежіресімен танысып алайық.  (слайд)

Хронологиялық  кесте

1911 ж 10 қазан Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Жастай жетім қалады.

1924 — 1947 Семей қаласында интернатта оқиды.

1927 — 1930 Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды.

1930 — 1932 Орал қаласында, Ленинград қаласында оқып, бірақ аяқтамайды.

1932 — 1933 Орал қаласының “Екпінді құрылыс”,  Алматыда “Лениншіл жас” газеттерінде істейді, өлеңдері көптеп жарияланады.

1933 — 1935 Орал қаласында әскери міндетін өтейді.

1935 — 1936 Оралдың театрында жұмыс істейді, ақындық, әншілік,
артистік таланты ашылады.

1936 — 1941 Алматыда газеттерде, Жазушылар Одағында қызмет істейді.

1938 “Өмір сыры”атты тұңғыш өлеңдер жинағы шығады.

1941 — 1945 Ұлы Отан соғысына қатысады.

1946  Әйелі Сақыпжамалға үйленеді.

1947  Қызы Дариға дүниеге келеді, өзі сырқаттанып жатып қалады.

1946 – 1952  “Балбөбек”, “Нұрлы дүние”, ”Таңдамалы шығармалар” жинағы басылды.

1954  Қазақстан жазушыларының ІІІ съезінің ашылуына қатысады.

1955ж 18 қаңтар ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды.

Сонау отызыншы жылдардың бас кезінде бүгінгі облыстық Орал өңірі сол кез­дегі «Екпінді құрылыс» газе­тінің редакциясында ақындар Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұма­ға­лиев тізе қосып қызмет атқар­ған. Осы ғимарат – қазіргі Ғұмар Қараш көшесіндегі №14 үй облыс орталығындағы тарихи орын­­дардың бірі. Дәл осы үйде поэзияның қос бірдей қаһар­манына тағзым ретінде ескерт­кіш тақта ашылды

Қасымның жалынды жүрегі іңкәр жырлар тудырған, алаулы жастық шағының ізі қалған Орал қаласына:

Жарқылдап Жайық бойында
Достармен сайран құрғанмын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Қазіргі таңда қара танитын кез-келген адам нақыл ретінде пайдаланатын «Мектеп – кеме, білім – теңіз», «Балалар – біздің болашақ» деген қанатты сөздер ең алғаш рет Қасымның дуалы аузынан шыққанын біреу білсе, біреу білмейді.

Қасымның орда бұзар шағы соғыспен  тұспа-тұс келді де, майданға аттанды. Шығысты да,  батысты да шарлады. Ауыр қиыншылықтарға кездесті.  Ол қатардағы солдат бола жүріп, сұрапыл соғыста да өлең жазды. Ол  жан серігі  қаламын қолынан тастамай,  жауынгерлердің ерлігін, ұлан-байтақ жеріміздің тамаша, сұлу көріністерін, адам өмірінің үлгілі, өнегелі кезеңдерін қалам ұшына тізе берді.

ІІІ. Жаңа сабақ

1.Абдолла Жұмағалиев туралы видео

  1. Шығарма жанр бойынша  поэма болып саналады. Поэма деп белгілі бір оқиғаны өлеңмен  баяндап айтатын,  жыр-толғау түрінде келетін көлемді шығарманы айтамыз. Бұл поэма небәрі 220 жол. Олай болса, кітаптарымызды ашып, поэманы оқып, талдауға кірісейік.

     Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын талдау

Қасым шығармашылығы — қазақ поэзиясының асылдарының бірі. Халықтың қарапайым ортасынан шыққан жалынды ақын өз тағдырын туған елі тарихымен тұтастыққа сезініп, өз өлеңдерінде халық жанына тән ерлік, батырлық, жомарттық сезімді терең көрсетті. Оның батыл ойлы, сыршыл поэзиясының бұрынғысынша әсерлі де тартымды болып келе жатқаны да сондықтан. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы Қасым Аманжоловтың ғана емес, бүкіл қазақ поэзиясының жанрындағы үздік жетістігі болып табылатын бұл туындыға жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майданда көрсеткен ерлігі арқау болған.

Ақындық дарыны үлкен үміт күттірген Абдолла намысқой, отаншыл, қайсар жігіт екен. Майданда соғысып жүріп, оның бөлімшесі немістердің қоршауына түседі. Бір үйдің шатырына паналап, ұрыс жүргізеді. Жолдастары түгел оққа ұшады. Абдолла жалғыз өзі автоматтан оқ жаудырып, немістің рота әскерін үйге жолатпайды, көптеген солдатын қырғынға ұшыратады. Жау «Абдоллаға беріл, кінәнді кешеміз» деп хабарлайды. Абдолла берілмей, соғыса береді, ақыры немістер үйді өртейді. Әдетте, отқа адам төзе алмай, қашады екен. Бірақ  Абдолла тапжылмай, үймен бірге өртеніп кеткенше қарсылық көрсетумен болады.

Ол туралы Абдолланың бөлім командирі В.Григорьев: «Жау қоршауында жалғыз калып, арыстандай алысқан айбатты акынның ерлігі бізге батырлықтың асқар шыңындай сезіледі. Ол жан алқымға келгенде, соңғы гранатасын немістерге лақтырады да, ақтық оғы қалғанша автоматты жау өңменінен айырмады», – деп жазды. Поэма Абдолла өмірінің осы бір соңғы кезеңін суреттеуге құрылады. Ақын образды жау қоршауында, от ортасында қалған батырдың бір сәттегі ерлік ісін көрсету арқылы ашады. Туған елінің ерлік дәстүрі мен жауынгерлік антына берік азамат кейпі сахнада туған жалынды толғаныс арқылы да толыға түседі. Поэма аз сөзбен берілген соғыстың сұрапыл суретінен басталады.

Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай каптап,
Найзаға іліп ар-ұятты,
Келе жатты сұм жендеттер.

Олардан жиіркеніп жиырылған жер, жауға тамшы татырмай, суын алып қашқан өзендер, жауды бетке ұрып сабалаған жел, дұшпан аяғына бастырғысы келмей, аспанға ұшқан тастар – барлығы да жаудың зұлымдығын көрсетіп, оған деген кекті, ызаны өршітер суреттер. Орман етегінде сатыр-сұтыр жаланған от та жаудың жауыздығын бейнелейді. Қоршаудағы солдат кеудесіне сол оттан кек ұшқыны түскендей әсер қалдырады. Ол Отан жерінде зұлымдық отын жағып отырған жауларына кектенеді.

Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!

Күллі әлемнің ашу кегі,
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл жүрек!
 – деп шамырқанады. Қаһарманның ішкі толғанысы ширыға келе, қаһарлы кекке, жан ашуына айналады. «Намысты ұлан аласұрып» жау тобына автоматтан оқ жаудырады. Екі жақ та өшіге өршеленеді. Осы бір өлім мен өмірдің күресін ақын зор ақындық буырқаныспен суреттейді:

Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар.
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.

Кең даланы жүнше түтіп,

Орман шашын талдап жұлып,

Көл жағасы – жар құлатқан снаряд күші батырдың жүрегін шайлықтыра алмайды. Ол ақтық демі біткенше арыстанша алысады.

Ала алмайсың! – деді ер ұлан,
Алмай қойман! – деді жауы.
Қысты келіп жан-жағынан
Темір торлы жау кұрсауы.

Бұл – кейіпкер тағдырының драмалық шиеленіске толы кезі. Үйге бекінген жалғыз адамды ала алмаған жау өрт қояды. Отан алдындағы антына адал солдат жау қолына түскеннен ерлік өлімді артық санайды.

Қызыл жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ боп,
Толқып торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
Естісін, – деп, – қырсық жауым,
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғам-ауын».
Қайсар батыр от киінген
Күш-қайратын тіске жиып.
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілі тұрды сүйіп…

Абдолланың отқа жанып тұрған шағын да зор ақындық қуатпен ғажайып суретке айналдырған:

Шұғыла шашқан кешкі бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап.
Өрт топанып кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап.

Бұл – екінің бірі айта алмайтын жыр, екінің бірі көрсете алмайтын сурет. Өртеніп, жалынға айналып барып, күрт құлаған Абдолла бейнесінен иілмейтін, шарт сынатын қайсар мінез танылады. Ол әсер жауын мазақтап, өлім қойнына өлеңдете кіреді. Ақын кейіпкерін өрт ұстаған Прометейге ұқсата отырып, оның өлімін романтикалық аңызға айналдырады. Оқиға да, адам сезімі де қысталаң шақтағы қозғалысқа негізделіп, оның бойындағы рухтың әр күшін өткір бейнелейді. Ақтық минуттағы соңғы сөзін батыр Отанына, еліне арнайды.

Бұл – трагедиялық ақын өлімінің өзінде де үлкен өмір сүйгіштік күш барын танытады. Соғыстың қызып тұрған кезінде жазылған (1943) бұл поэма сол кездің өзінде-ақ, жұртшылық назарын бірден өзіне аударды. Ол жөнінде алғашқы пікір айтқан Ғабит Мүсірепов: «Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзбен жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан соққан жаңа леп сияқты», – деп жазды.

Поэманы мәнерлеп оқу.

  1. Поэмадан қандай әсер алдық?
  2. Поэма қалай басталады?
  3. Отан жерінде зұлымдық отын жағып отырған жауларына Абдолла қалай кектенеді?
  4. Екі жақ та өшіге өршеленеді.

Осы бір өлім мен өмір күресін ақын қалай суреттейді?

-Отан алдындағы антына адал солдат жау қолына түскеннен ерлік өлімді артық санайтын жерді оқиық.

-Ақын Абдолланың отқа жанып тұрған шағын қалай суреттеген?

-Осы суреттен батырға қандай мінездеме беруге болады?

-Абдолланың өлімін ақын табиғатпен қалай астастыра суреттеген?

Поэманың тақырыбы мен идеясын ашу.

Поэманың тақырыбы не?

Идеясы қандай?

Поэма тақырыбы-ерлік, батырлық туралы.

Идеясы-азаматтың елге деген борышын өтеу, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі.

Шығарма шешімі: Абдолла өлімі.

Оқулықпен жұмыс. Аялдап оқу әдісімен поэманы талдап, композициялық  жоспарын құру.

Шығарманың басталуы: сұрапыл соғыстың суреттелуі.

Шығарманың дамуы: қаһарманның ішкі толғанысы, қаһарлы кекке,  жан ашуына айналуы.

Шығарманың шарықтау шегі: жау әскерлерінің өрт қоюы.

Дәптермен жұмыс.

1-топ тапсырма.

А) Мәтінді пайдалана отырып, Абдоллаға мінездеме беру.

2-топ тапсырмасы

А) Поэмадан Абдоллаға арналған бейнелі сөздерді табу

3-топ тапсырмасы

А) Венн диаграммасы.

Қасым                   Ұқсастығы                Абдолла

Сөздікпен жұмыс 
1. Нұх-пайғамбар аты.
2. Прометей — от құдайы.
3. Қызойнақ-жастардың бас қосқан ойыны.
4. Гүрзі – соғыс қаруының аты.

ІҮ. Білемін    Білгім келеді   Үйрендім 
Жастайынан жетім қалғандығын, бірнеше өлеңдерінің тақырыбы туған жерге,  Отанды сүюге,  құрметтеуге арналғандығын білемін. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы Абдолла Жұмағалиев туралы екендігін білемін. Ақын Абдолла Жұмағалиев пен Қасым Аманжоловтың достығы туралы терең білгім келеді. Ақындардың қазіргі таңда ұрпақтары қалай жалғасуда, соны білігім келеді. Абдолла секілді батырды елі әрқашан құрметтейді. Ерлігі ешқашан да ұмтылмайды. Абдолла секілді ержүрек, батыл қайтпас, қайсар болуды үйрендім.

Ү. Қорытынды: Бүгінгі сабағымызды Тахауи Ахтановтың мына бір сөзімен  қорытындылап өтсек «Ақынның адал, шыншыл мінезі өзімен бірге өлген жоқ, тамаша өлеңдерінде жүр» деп айтқандай Қасым өлеңдерімен бірге біздің арамызда. Міне, осынау қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан жауынгерлердің рухына бас ие отырып,  сол ерлердің бүгінгі ұрпақтарына қалдырған кең байтақ, азат елін, жерін қорғау, күту-болашақ мына сіздердің қолдарыңызда. Ерлік көрсету-тек қанды  майдан даласында емес, бейбіт елде де ерлік көрсетуге болады.(өмірмен байланыстыру)

ҮІ. Бағалау

ҮІІ. Үйге тапсырма: Қасым Аманжолов «Ақын өлімі туралы аңыз» оқу талдау, үзінді жаттау.

ҮІІІ. Ән: Жас дәурен Алтынай Жорабаеваның орындауында

(сөзі де, әні де  Қ. Аманжоловтыкі)

Дереккөз: internet-konkursy.com

Басқа материалдар: 

  1. Қадыр Мырза Әлінің «Кәрі қыран» шығармасы (сабақ жоспары)
  2. Қадыр Мырза Әли шығармаларының тақырыбы қандай?
  3. Ерболат Әбікенұлының өмірі мен шығармашылығы
  4. «Өмірзая» романының сюжеті туралы
  5. Жарасқан Әбдірашев қаламынан қандай шығармалар туындады?
  6. «Атау-кере» ро­ма­ны («Қау­іп­ті бу­дан») туралы
  7. Оралхан Бөкейдің шығармашылық әлемі қандай?
  8. Талас­бек Әсем­құ­лов­тың өмірі туралы мәлімет
  9. Тұманбай Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығы
  10. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ