Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері (Дипломдық жұмыс)

1
6848
Иллюстрация: Freepik.com

 ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

 Зерттеудің өзектілігі. Елдің егемендігін, мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етудің аса маңызды факторларының бірі – ұлттың тұтастығы мен бірлігі. Ал ұлттың ыдырамас тұтастығы, мызғымас бірлігі, түптеп келгенде, ұлт тілінің тұтастығы оның әдебилігімен тығыз байланысты. Өйткені ұлтты ұйыстыратын, оны өзге этностардан өзгешелігі мен айырмасын айқын аңғартатын негізгі белгісі де, бет-бедері де оның тілі, әсіресе ұлттық әдеби тілі.

Халықтың ғасырлар бойы келе жатқан тіліне, оның дәстүрлі нормаларына сүйене отырып, ұлы суреткерлер, мәдениет, ғылым, қоғам қайраткерлері қазақтың ұлттық әдеби нормаларының жетіліп, дамып, саралана түсуіне, оның бейнелілігі мен орамдылығының арта беруіне зор үлес қосты.

Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрінің қатар дамып, қоғам өміріндегі қызметінің өрістей түсуі үшін оны түрлі ауытқулардан арылтып отыру, қоғамның, тілдік ұжым мүшелерінің сөз мәдениетін көтеру “сөз мәдениеті” деген ғылыми-теориялық пәннің алдында тұрған гуманистік, әлеуметтік жауапкершілік болып табылады.

Сөз мәдениеті пәнінің қазіргі жай-күйі алдымен қазақ тіл білімінің өткендегісімен және бүгінгі даму деңгейімен, жалпы тілтанымдағы дәстүрлі парадигмалардың жаңа парадигмаларға ығысып орын беру үрдісімен де байланысты. Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуының алғышарты ретінде әсіресе қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарында (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов т.б.) грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде берілуі әдеби тілдің кодификацияланған нормаларды қалыптастыруда маңызы ерекше болды [1; 2; 3].

Сөз мәдениеті қазақ әдеби тілінің тарихымен тағызы байланысты. М.Балақаев, Р.Сыздықова, М.Томанов, Е.Жанпейісов т.б. ғалымдардың еңбектерінде әдеби тілдің дәстүрлі нормаларының, ұлттық әдеби тілдің стильдік салалары мен тармақтарының, жанрларының зерттелуі; Б.Әбілқасымовтың еңбектерінде қазіргі әдеби тіл нормаларының ескі қазақ жазба тілімен салыстырыла қарастырылуы; Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбановтың әдеби тіл тарихын ауызша сөз өнерімен, әсіресе ақын, жыраулар поэзиясының сөз үлгілерімен байланысты қарайтын зерттеулері сөз мәдениетінің нормативті-функционалдық аспектісін эмперикалық, теориялық материалдармен байыта түсті.

Сөз мәдениетінің ғылыми пән ретінде тексеретін негізгі объектісі, біріншіден, тілдік норма. Осыған сәйкес қазақ сөз мәдениеті де нормативті аспектіде аспектіде көбірек қарастырылды. Атап айтқанда, әдеби тіл нормасы (М.Балақаев) [3] норма және оның жүйемен, дағдымен байланысы (Р.Сыздық, Н.Уәлиев) [4; 5]; орфографиялық норма (Р.Сыздық, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, А.Алдашева), орфоэпиялық норманың типтері мен түрлері (Р.Сыздық), варианттылық пен норма (И.Ұйықбаев, С.Бизақов) т.б. жөніндегі зерттеулер тілдік норманың ортологиялық базасын кеңейте түсті.

Ә.Жүнісбековтің үндесім заңын дауыстылар мен дауыссыздардың акустика-артикуляциялық жақтан үйлескен бірлігі ретінде қарайтын жаңаша зерттеуі; Е.Қажыбековтің тарихи фономорфология, А.Айғабыловтың морфонология, М.Жүсіповтің сингормофонология, С.Мырзабековтің орфоэпия мен орфографиялық нормаларды өзара барынша жақындату туралы ой-пікірлері, Ж.Әбуовтің перцептивті фонетика, З.Базарбаеваның қазақ тілінің интонациялық құрылымы туралы зерттеулері тілдік норманың теориялық, фактологиялық базасын толықтыра түсті.

Сөз мәдениеті – көпвекторлы ғылыми пән. Ә.Т.Қайдаров, М.М.Копыленко, А.Е.Карлинский, Е.Жанпейісов, Э.Д.Сүлейменова, К.Ш.Хұсайынов, Б.Хасанов, З.Қ.Ахметжанова, С.С.Құнанбаева т.б. ғалымдардың қазақ тілтанымы мен жалпы тілтанымға қатысты зерттеулерінің нәтижелері сөз мәдениеті пәнінің типологиялық теориялық базасын байыта түсіп отыр. Сондай-ақ, Ж.Манкеева, С.Сатенова, Г.Смағұлованың лексика-фразеологиялық, этнолингвистикалық бағыттағы зерттеулері тілдік тұлғаны дәстүрлі мәдениеттің өкілі, тұтынушысы, дамытушысы ретінде тануға, тілдік тұлғаның сөз қолданысындағы этномәдени компоненттердің сипатын айқындауға жәрдемін тигізетіні сөзсіз.

Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлының терминдік лексиканың нормалық қасиеті туралы ой-тұжырымдары, Б.Момынованың газет лексикасын, ондағы қоғамдық-саяси атауларды ерекше номинативтік әрі функционалды бірлік ретінде қарайтын ізденістері тілдік норманың қолданыстағы қырларын айқындауға негіз болады.

Қазақ ономастикасы бойынша проф. Т.Жанұзақовтың, А.Әбдірахманов т.б. зерттеушілердің ой-пікірлері ономастикалық атаулардың таңбалануының орфографиялық, орфоэпиялық нормаларын анықтауға жәрдемі тисе, Е.Керімбаев, Г.Б.Мәдиева, Қ.Рысбергенова, А.Жартыбаев, Б.Тілеубердиев т.б. ономастардың антропоцентристік аспектідегі ізденістері тілдік ұжымның когнитивтік санасындағы ұлттық ономастикалық кеңістікке қатысты білімдер жүйесін айқындауға мүмкіндік береді.

Р.Әміров, З.Ерназарованың сөйлеу тілін коммуникативтік-функционалдық жүйе тұрғысынан тани отырып, тілдік-амал тәсілдердің прагматикасын коммуникативтік жағдаятпен (ситуациямен) орайластыра қарайтын сәттері, сонымен қатар тілдік коммуникация құрылымының жүзеге асуын, коммуникацияға қатысушылар (коммуникативтік тұлға) коммуникацияның вербалды//бейвербалды түрінің ерекшеліктерін теориялық әрі әдістемелік тұрғыдан қарастырған Ф.Оразбаеваның зерттеулері, сөз мәдениетінің коммуникативтік-нормативтік аспектісіне қатысты жайттарды айқындауда маңызды болмақ.

М.Малбақовтың лексика-фразеологиялық бірліктерді түсіндірме сөздікте берілуі тәртібі, сөз мағыналарының түсіндірілуі сөзді лексикографиялаудағы норма мәселесіне байланысты тұжырымдары; әдеби тіл нормаларын оның даму кезеңдерімен байланысты қарайтын Ш.Мәжітаеваның; қазақ жазуының теориялық негіздері, жазба тілдің құрылымдық ерекшеліктері, жазба тіл нормасы жөнінде К.Күдеринованың ізденістері сөз мәдениетінің нормативті аспектісін жаңаша пайымдаулармен толықтыра түседі.

Тілдік норманың тарихи сипатын, “ескі” мен “жаңа” норманы айқындауда Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай, Ш.Жалмаханов, М.Сабыров т.б. ғалымдардың тарихи-салыстырмалы зерттеулеріндегі нәтижелер мен ондағы әдіс-тәсілдер, сондай-ақ жарыспалы норманың басым түрлерін тілдік тұлғаның сөз қолданысындағы жиіліктері арқылы айқындаудың К.Бектаев, А.Жұбанов жасаған статистикалық әдістері сөз мәдениетінің әдістемелік базасының шеңберін кеңейте түсетіні сөзсіз.

Орыс тілтанымы мектептерінің басында тұрған көрнекті тұлғалар Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, С.Ожегов т.б. еңбектеріндегі, сондай-ақ Прага лингвистикалық мектебі өкілдерінің, әсіресе В.Матезиустің [6] тіл мәдениетінің жалпы ұстанымдарының, жалпы тіл біліміндегі теориялық тұжырымдар мен концептуалдық пайымдауларының қазақ сөз мәдениетінің теориялық пән ретінде қалыптасуы мен дамуына тигізген ықпалы ерекше болғаны мәлім.

Жоғарыда атап көрсетілген зерттеу нәтижелері мен тілді зерттеудің жаңа бағыттары қазақ тілінің әлеуметтік ахуалын жақсартып, мәртебесін көтерудің сөз мәдениетіне тікелей қатысы бар екенін көрсетіп отыр. Өйткені мәдениеті жоғары тіл ғана ұлттық тіл, мемлекеттік тіл ретінде қызметін мінсіз атқара алады. Осыған орай сөз мәдениетін зерттеу өзекті сипат алып, оның мынадай келелі-келелі мәселелерін айқындап, оларды ғылыми негізде шешуді күн тәртібіне қойып отыр.

Ұлттық әдеби тілдің дәстүрлі нормаларын сақтау, оның дамуындағы негізгі үрдістерді айқындау, жаңа нормалардың сипаттамасын жасау мен сөздің коммуникативтік сапасы жөнінде лингвистикалық білімдерді жинақтап, жүйеге салу осымен байланысты қазіргі лингвистикадағы антропоцентристік бағытқа сәйкес қазақ сөз мәдениетінің іргелі ұғымдары мен аппараттарын, негізгі теориялық қағидалары мен басты ғылыми принциптерін, қайта қарап, айқындау, зерттеу объектісі мен пәнін дәлдеу, нақтылау қазақ сөз мәдениетіндегі өзекті мәселелер болып табылады.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты қазақ сөз мәдениетін теориялық пән ретінде тілдік қана емес, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік және лингвомәдениеттік, этикалық, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырудың концептуалдық негіздерін айқындау, сондай-ақ сөздің коммуникативтік сапаларын объективті түрде анықтаудың және тілдік нормаларды кодификациялаудың теориялық негіздерін іздестіру;

Жоғарыда айтылған мақсаттар мынадай м і н д е т т е р д і орындау арқылы жүзеге асыруға болады:

— сөз мәдениеті пәнінің зерттеу объектісін, қарастыратын мәселелерін дәлдеу, анықтау, нақтылау; “сөз мәдениеті” деген ұғымға анықтама беру; оның негізгі аспектілерін көрсету; сөз мәдениетінің дербес пән ретінде, қазақ тіл білімінің теориялық саласы ретінде қалыптасуының алғышарттарын көрсету;

— әдеби тіл және оның нормалары жөнінде теориялық мәселелерге тоқталу; нормалардың түр-түрін көрсетіп, сипаттама жасау; тілдік норманы кодификациялаудың негіздерін айқындау;

— тілдік норманы тілдік жүйе және дағды (узус) құбылыстарымен байланысты қарау; олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындау;

— сөздің функционалдық типтеріне және оларға тән нормаларға тоқталып, әрқайсының айырым белгілерін анықтау; функционалдық стильдердің жанрлары мен оларға тән нормалардың тұрақты тілдік-стильдік амал-тәсілдерін көрсету;

— сөздің коммуникативтік сапасын анықтауда тілдік емес құрылымдарға арнайы тоқтала отырып, тілдік және тілдік емес мәнділіктерді өзара байланыста қарау, оларды коммуникативтік біртұтас құрылым ретінде тексеру; сөздің коммуникативтік сапалары жөнінде ұғымдарға тоқталып, жақсы, бедерлі, дәл, қисынды т.б. деп бағаланатын сөздің ортақ белгілерін айқындау;

— сөздің ауызша формаларына тән ерекшеліктеріне, тілдік және оны жазба сөзден өзгешелендіріп тұратын тілдік емес мәнділіктеріне тоқталу; шаршысөз түрлеріне тоқталып, сөз бедерлеу құралдарына, әсер ету тәсілдеріне талдау жасау; пікірталастың тілдік, тілдік емес құралдарына талдау жасау;

— коммуникацияның аса маңызды құрылымдық компонентерінің бірі ретінде этикеттік таңбалардың қызметі мен өзіне тән нормаларын, қарым-қатынас мәдениетіне тигізетін әсерін көрсету.

— тілдік жүйедегі норма және узустың арақатысын айқындауда ерекше мәні бар, жүйе негізінде қалыптасқан норманы узус негізінде қалыптасқан нормадан саралап ажырату; жүйе негізінде қалыптасқан норманың кодификациялау кезіндегі артықшылығын көрсету;

— тілдің даму үрдісіне сәйкес өзгерістерді айқындау және варианттарды кодификациялау;

— қолданыла келе дәстүрлі нормаға айналған, сөз жұмсауда ешбір қиындық келтірмейтін нормаларды қайта кодификациялауға жол бермеудің мәнін түсіндіру.

Зерттеудің нысанасы мен пәні. Ауызша және жазбаша формадағы көркем, публистикалық, ғылыми, ресми дискурстар және тұрмыстық қарым-қатынас дискурсындағы сөз қолданыс – зерттеудің нысанасы, ал зерттеудің пәні – олардың “жасалу”, “жұмсалу”, “қабылдаумен” және аталмыш дискурстардың лингвистикалық, когнитивтік, прагматикалық ерекшеліктері.

Зертеудің материалдары. Зерттеу жұмысында мерзімді басылымдар мен баспа өнімдері, аудио; аудиовизуалды БАҚ-ның тілдік материалдары және нормативті сөздіктердің материалдары пайдаланылады.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында салыстыру, талдау, саралау және жалпылау тәрізді жалпы ғылыми әдістермен қатар салғастырма әдіс, дистрибуциялық талдау, формалды тілдік талдау әдісі, салыстырма-тарихи әдіс, тілдік аналогия жасау, тілдік модельдеу әдісі сияқты лингвистиканың өзіндік әдістері мен тәсілдері қолданылады.

Сондай-ақ сөз мәдениеті пәнінің бағалауыштық сипаты болатыны, осы бағалауыштық сипат оппозициялық жүйе құрайтынымен байланысты қарама-қарсы қою тәсілі қолданылды:

— тілдің барлық деңгейіндегі ортологиялық құрылымдық қабаттардағы оппозиция: дұрыс-бұрыс;

— сөз этикетіне қатысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: әдепті (дәстүрде бар) – әдепсіз (дәстүрде жоқ);

— нормативті этикаға қатысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: орынды – орынсыз; (мысалы, біреуді көзінше мақтамау (орынды), біреуді көзінше мақтау орынсыз);

— сөз байлығына қатысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: сөз байлығы – сөз жұтаңдығы;

— сөз тазалығына қатысты құрылымды қабаттардағы оппозиция: сөз тазалығы – сөз шұбарлығы;

— экспрессивтілікке байланысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: бедерлі – бедерсіз;

— логикалық құрылымға қатысты қабаттардағы оппозиция: қисынды – қисынсыз;

— танымдық құрылымға қатысты қабаттардағы оппозиция: тілі ауыр – тілі жеңіл;

— сөздің функционалдық құрылымына қатысты қабаттардағы оппозиция: лайықты – лайықсыз т.б.

Зерттеудің жаңалықтары. Сөз мәдениеті осы кезге дейін негізінен тілдік құрылымдық жүйеде зерттелсе, ендігі жерде антропоцентристік бағытты бағдарға алуы жұмыстың негізгі жаңалықтарының бірі болып табылады.

Сөздің коммуникативтік сапасына баға беру тілдік норма жағынан қарастырылса, ендігі тұста тілдік және тілдік емес мәнділіктерді тек нормативті аспектіде қарастырмай, функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени аспектіде зерттеу; тілдік тұлғаны сөз мәдениеті пәнінің түпқазық ұғымы ретінде алу; сөз мәдениеті бұғанға дейін сөйлеуші (автор, коммуникатор, адресант сөз субъектісі) позициясы тұрғысынан қарастырылса, ендігі тұста тыңдаушы (адресат, коммуникант, реципиент) тұрғысынан қарау, соның негізінде сөздің сапасына баға беру зерттеудің коммуникативтік аспектідегі жаңалықтары болып саналады.

Тілдік норманы кодификациялауда практикаға сүйену басым болса, ендігі кезекте оның сүйенетін теориялық негіздерін көрсету, тілдік және тілдік емес нормалардың түрлерін айқындай отырып, сөздің сапасын анықтауда тілдік нормаға сүйену жеткіліксіз, тілдік емес нормаларды да ескеру, тілдік, тілдік емес нормалардан ауытқулардың себептерін уәжді ауытқудың әсерімен ықпалын ашу зерттеудің нормативті аспектіге қатысты жаңалығы.

Сөзді вербалды және когнитивтік әрекеттердің нәтижесі ретінде қарау, тілдік тұлғаны сөз мәдениетінің іргелі түпқазық ұғымы ретінде алу, тілдік тұлғаның санасындағы тілдік және тілдік емес білімдер жүйесін когнитивтік құрылым ретінде қарай отырып, коммуникацияның сәтті/сәтсіздігін білімдер жүйесімен байланыстыру зерттеудің когнитивтік аспектісімен байланысты жаңалығы деуге болады.

Мәтінді адресант тарапынан тілдік ақпараттар кодқа салынған лингвистикалық таңбалар жүйесі, лингвомәдени ақпараттар кодқа салынған таңбалар жүйесі, эстетикалық мәнділіктер мен этикалық мәнділіктер кодқа салынған таңбалар жүйесі ретінде алып, мұндай күрделі семиотикалық жүйедегі кодты адресаттың қалай ашатынына талдау жасау зерттеудің лингвомәдени аспектідегі жаңалықтары болып табылады.

Сонымен бірге тілдік қарым-қатынастың этикалық нормасын ерекше конвенционалды жүйе ретінде қарастыра отырып, қарым-қатынастың эксплицитті және имплицитті түрде қандай тілдік құралдармен, амал-тәсілдермен жүзеге аса алатынын көрсету зерттеудің этикалық аспектісіне қатысты жаңалығы деуге болады.

Зерттеудің теориялық құндылығы мен практикалық мәнділігі. Қазақ тіл білімінде сөз мәдениетінің теориялық пән ретінде қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосады. Сөз мәдениетін тілдік, коммуникативтік, прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени, этикалық тұрғыдан қарастыру оның негізгі белгілерінің түгелденіп біртұтас пән ретінде қалыптасуына негіз болады. Сөздің коммуникативтік сапасын объективті түрде айқындаудың, мәтінді интерпретациялаудың, тілдік нормаларды кодификациялаудың теориясын жасау жолындағы әрі қарайғы ғылыми зерттеулерге мұрындық болады.

Аталмыш зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары, материалдары жоғары мектептерде сөз мәдениеті, стилистика, когнитивтік лингвистика, коммуникация теориясы бойынша оқылатын лекциялық курстарда пайдаланылады.

Зерттеудің материалдары мен теориялық пайымдауларын жоғары мектеп үшін жазылатын сөз мәдениеті жөнінде оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламаларын жасауға пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу жұмысында айтылған тұжырымдар мен ұсыныстардың нормативті сөздіктерде кодификациялау ісінде қолданылуы мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: сөз мәдениетін зерттеу қазіргі жаһандану кезеңінде академиялық формада қала бермеуге тиіс. Қазіргі заманда, сөз мәдениеті тілдің өміршеңдігін (vіtalus), тілдік кеңістікті, тілдік ортаны қалыптастырып, тілдік тұлғаның ұлттық болмысын сақтап, өзге тілдің басқыншылығына қарсы күресетін тіл ғылымының саласы болуға тиіс; сондықтан сөз мәдениеті өз объектісін кеңейтіп, лингвоэкологиялық бағытты да қамту қажет;

Сөз мәдениеті тілдік-құрылымдық жүйені тілдік емес құрылымдармен тығыз байланысты қарастыруы керек, өйткені тілдік емес мәнділіктер тілдік құралдар мен стильдік, риторикалық амал-тәсілдерді таңдап-талғауға, мәтін түзіліміне мықтап әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып саналады.

Тілдік коммуникацияның сапасын қарастыруда сөз мәдениеті ғылыми пән ретінде диалогтік принципті басшылыққа алуға тиіс. Өйткені, осы кезге дейін сөз мәдениетін тексеруде монологтік принцип үстем болып келді. Тілдік коммуникация адресанттың/ автордың/ коммуникатордың/ сөйлеушінің позициясы тұрғысынан тексерілді, ал адресаттың/ оқырманның/ коммуникаттың/ реципиенттің, тыңдаушының позициясы ескерілмеді. Мұндай жағдайда тілдік коммуникацияға баға беру тек авторлық позиция тұрғысынан болса, тілдік қарым-қатынастың сәтті-сәтсіз болуының себептері толық ашылмай қалады.

Айтылымды/ мәтінді/ жанрды коммуникацияның толық өзі емес, оның бір ғана бөлігі деп қарастыру қажет, өйткені мәтінде айтылатын ой, сезім тіл арқылы объективтенуге дейін де белгілі бір құрылым түрінде болады, сөйтіп барып, тілдік құрылымға (айтылымға, мәтінге) айналады, бірақ тілдік коммуникация аяқталмайды. Өйткені айтылымды, мәтінді қабылдаушы (реципиент) мәтінде, айтылымда кодқа салынған тілдік, тілдік емес ақпараттарды ашу арқылы сөйлеушінің коммуникативтік діттемін, мақсатын, аңғарады. Осымен байланысты сөз сапасын осы айтылған үш “аймақтан” автор-мәтін-реципиент қатынасынан іздестіру қажет; осы кезге дейін зерттеушінің басты назары тек мәтінде болды.

Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі мазмұны мен нәтижелері 1998 жылы өткен “Қазақ тілінің грамматикалық құрылымының даму мәселелері және басқа тілдермен қарым-қатынасы” атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда, 1998 жылы өткен “Жұбанов тағылымы” атты республикалық конференцияда, 1999 жылы өткен “Ұлттық рухтың ұлы тіні” конференцияда, 2004 жылы өткен “Академик Ә.Т.Қайдаров және тіл білімінің мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда, 2004 жылы өткен “Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімі мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда, 2005 жылы өткен “Академик Ш.Ш.Сарыбаев және тіл білімінің мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда баяндалды. Сонымен бірге зерттеудің ғылыми нәтижелері мен қорытындылары “Сөз мәдениеті”, “Фразеология және тілдік норма”, “Қазақ орфографиясындағы қиындықтар” (бірлескен автор) сияқты монографияларда, отыздан астам ғылыми мақалаларда, “Тіл мәдениеті” (бірлескен автор), “Қазақ тілі. Сөз мәдениеті” (бірлескен автор) оқу құралдарында, үш оқу-әдістемелік әдебиетте (бірлескен автор), сөздіктер мен екі анықтағыштарда пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан, сонымен бірге пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Қазақ сөз мәдениеті туралы түсінік, ұғым, пайымдаулар ғылыми пән ретінде өмірге кездейсоқ келмегені белгілі. Тілдің қасиеті, сөз құдіреті жөніндегі өмірден түйген түйінді ойларын (тіл туралы мақал-мәтел, фразеологиялық сөз орамдарын т.б.) халықтың метатілдік рефлексиясы деуге болады. Әсіресе сөз мәдениетіне қатысты мақал-мәтелдердің мазмұнындағы терең пайымдаулар тілдің қоғамдық-әлеуметтік тіршілігімен байланысты екенін айқын аңғартады.

Сөз мәдениеті: советтік және постсоветтік кезең. Сөз мәдениеті жөнінде ғылыми ұғым, пайымдаулардың дүниеге келуі, сөз мәдениетінің жеке пән ретіндегі объектісі, көтеретін мәселелері, терминологиясы, зерттеу әдістері, бір жағынан, тілдің этос, пафос, логос тәрізді қоғамдық тіршілігімен, екінші жағынан, қазақ тіл біліміндегі лингвистикалық ойдың өрістеуімен байланысты қарастырылады.

Сөз мәдениетінің коммуникативтік аспектісі. Сөздің коммуникативтік сапасына “дұрыс” – “бұрыс”, “орынды” – “орынсыз”, “сөзі бай” – “сөзі жұтаң”, “бедерлі” – “бедерсіз” деп баға беруде (Р.Сыздықова, Х.Нұрмақанов, М.Серғалиев, Н.Уәлиев т.б.) мәтіннен (сөз құрылымынан) сәтті немесе сәтсіз фактіні бөліп алып, талдау негізгі әдістің бірі болды. Бірақ бұлайша талдау, бір жағынан, дұрыс болғанмен, екінші жағынан, мәтіннің тұтастай алғандағы коммуникативтік сапасының бағасы емес, оның үзігі жөнінде ғана баға. Алайда мәтінде кездесетін формалды құрылымдық сәтсіздік кездейсоқ, жекелеген ғана факті болуы ықтимал.

Сондықтан сөздің коммуникативтік сапасы сөз актісінің аяқталған нәтижесіне қатысы болуға тиіс. Мұндай талап тілдік фактіні тек сөздің құрылымының құрамында қарау жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сөз айтылғанға (жазылғанға) дейін де, яғни вербалданғанға дейін адресант-автордың “айтсам”, “жазсам” деген діттемі, “нені айтсам” (жазсам), “қалай айтсам” (жазсам), “кімге айтсам” (жазсам) деген мақсаты, қызығушылығы болады. Алдымен, сөйлеушінің/жазушының санасында болашақ сөздің ішкі нобайы жасалады.

Сонымен, коммуникация теориясында коммуникация тек вербалды кезеңнен ғана емес, коммуникацияға дейінгі кезеңнен, коммуникациядан кейінгі кезеңнен тұратынын, бұлардың ішінде вербалды кезең формалды тілдік құрылымға, ал коммуникацияға дейінгі және кейінгі кезеңдер тілдік емес құрылымдар екеніне көңіл бөлу қажет. Осымен байланысты белгілі бір мәтіннің сөз сапасын талдап, сипаттау, тексеруді ойдағыдай жүзеге асырып, сенімді нәтижелерге қол жеткізу үшін тілдік құрылымдарды объективті ақиқат, психология, когниция, әлеуметтік, эстетикалық, этикалық т.б. тілдік емес мәнділіктермен байланысты қарау негізге алынды [7, 24]. Мұның өзі сөз актісінің нәтижесі болып табылатын, мәтінмен ғана шектелмей, коммуникацияға қатысушылар факторына көңіл бөлудің, коммуникативтік ситуацияны мәтінмен байланысты қараудың қажеттілігін көрсетеді.

Әдетте адресант өзінің сөзін көздеген коммуникативтік мақсатына, діттеміне, сөз стратегиясына, тыңдаушымен өзара ықпалдастық тактикасына, қарым-қатынас ситуациясына, уақиғаның барысына қарай құрады. Сөйлеушінің алдына қойған мақсатына жетуі, оның коммуникативтік діттемін тыңдаушының зерделеуі (интерпретациялауы) тілдесудің ойдағыдай өтуінің негізгі белгісі болып саналады. Коммуникацияға қатысушылардың өзара ықпалдастығы, коммуникативтік құзіретті қалыптастыра білу сөз актісіндегі ерекше маңызды жайт болып табылады. Адресаттың айтылған сөз бен сөйлеушінің нені айтқысы келіп отырғанын салыстырып, сөз ауанын түсінуі адресаттың тілдік, әрі коммуникативтік құзіреттілігіне жатады. Осымен байланысты зерттеуде коммуникациядағы сөз субъектілері (адресант/адресат) түпқазық категория ретінде алынады.

Адресаттың айтылған сөзді ұғынуы тек тілдік құзіретпен шектелмейді. Сөйлеушінің интонациясын, пресупозициялық, аялық білімін, уақиғаны, т.б. салыстыра отырып, коммуникатордың коммуникативтік діттемін зерделеуі (интерпретациялауы) коммуникативтік құзіреттілікке жатады. Адресант өз сөзінің тигізер ықпалын болжай отырып, өзінің түпкі мақсатына жету үшін тыңдарман/оқырманның қабылдауына тиімді баяндау стратегиясын ойластырады және адресаттың білім дүниелерімен санасады.

Сөз субъектісінің мәртебесі қарым-қатынас мақсатына, адресаттың кім екендігіне қарай, қарым-қатынас жағдайына қарай өзгеріп отырады [8, 98-100]. Автордың қайсыбір құбылысты (затты, уақиғаны т.б.) өзіндік көзбен көруі, оған баға беруі, оған қатысуы, қысқасы, өзін көрсетуі адресатқа ықпал етудің бір тетігі. Ал автордың “өзіндік беті” болмаса, мәтін “иесіз” қалып, ажары солғындай түседі. Сөздің бұлайша “иесізденуі” адресаттың қызығушылығын бәсеңдетеді. Керісінше, адресанттың өз пікірін көрсетуі, оның жеке тұлға ретіндегі сапасының шынайылығын таныта түседі. Ал мұның өзі сөз актісі теориясындағы кооперация принципі бойынша адресатты өзімен ынтымақтаса түсуіне әсер етеді.

Автор өзінің айтпақ ой-сезімінің адресатқа мүмкіндігінше толық жеткізу мақсатын көздейді. Реципиент мәтінді толық түсінуі үшін, автордың реципиент білімінің деңгейімен санасуына тура келеді. Реципиентте коммуникативтік акті шеңберіне сай білім мөлшері, көлемі жеткілікті болуға тиіс. Оған реципиенттің тезаурус көлемі, вербалді ойлау аппараты, белгілі бір ақиқат туралы қажетті білімнің мазмұны кіреді.

Адресаттың іс-әрекеті белсінділік таныту, ден қою, назар аудару, қабылдау фреймдерін қалыптастыру болып табылады. Адресат “түсіну стратегиясын” басшылыққа алады. Түсіну стратегиясы, бірінен кейін бірі ретімен айтылған таңбалар тізбектерінің қандай мағынада екенін түсінуден басталып, сөйлеушінің нені айтпақ болғанын ұғынумен, ой елегінен өткізумен аяқталады. Сөзді мұқият ұйып тыңдаушының “образын” жасау – сөздің ойдағыдай өрбуіне ықпал ететін негізгі шарттардың бірі.

Мәтінді тек автор туғызбайды, мәтін автормен адресаттың тілдік ойлауының өзара әрекеті. Мәтін – коммуникацияның нәтижесі, әрі коммуникациялық бірлік. Н.Д. Арутюнова адресат факторын есепке алу, сөз актісінің тиімді болуының шарты деп көрсетеді. Мәтін мен оқырман арасындағы диалог, яғни мәтін тасасында тұрған автормен диалог, олардың ақиқат өмір туралы, айнала қоршаған әлеуметтік ақиқат туралы, олардың санасындағы әлеуметтік психологиялық стереотиптердің түйісуі шарт. Ал бұл түйісу стереотиптер жүйесі ортақ болғанда ғана жүзеге асады.

Адресат факторын ескеру сөздің (речь) тілдік құрылымына енетін таңбаларды дұрыс, тиімді, діттеген мақсатқа орай таңдауға ықпал етеді. Когнитивтік санасында белгілі бір ой-пікір, сезім тілдік тұрғыдан объективтенгенге дейін адресант адресаттың әлеуметтік статусы, жас, жыныс ерекшелігі, таныс, бейтаныстығы т.б. жөнінде азды-көпті “байыптап” алады. Адресант-автордың бұл “байыптауы” коммуникацияның құрылымына кіреді. Адресат факторы, әсіресе сөйлеген (жазған) сөздің орындылығы деген коммуникативтік сапаны айқындап тұрады. Сөйлеген (жазған) сөздің тілдік құрылымы қаншалықты дұрыс, шеберлігі жағынан мінсіз болғанмен, адресат факторының ескерілмей қалуы сөздің коммуникативтік сапасын төмендетіп, тілдік қарым-қатынасқа кедергі келтіруі мүмкін.

Адресат факторының функционалдық стильдердің бәрінде бірдей еместігі байқалады. Әсіресе сөйлеу тілінде, ауызша сөзде адресат факторына мән берудің өзінше ерекшелігі бар, өйткені адресаттың әлеуметтік сипатына бетпе-бет сөзде ерекше мән беріледі; шаршысөзде, радио=,телехабарларда адресат факторына ерекше көңіл бөлуге тура келеді: адресат (көпшілік) айтылған сөзді ықыласпен тыңдап отыр ма, әлде сөзден жалыға бастады ма? Адресаттың сөзге деген ынта-зейіні, сөйлеушіге деген назары коммуникатордың үнемі бақылауында болып отыруға тиіс; көрермен, тыңдармандарды коммуникатор экран, қабылдағыш алдынан кетіп қалмай, қызыға тыңдау үшін сөзді диалогтендіру, интимдендіру сияқты тілдік тәсілдерді қолдануға мәжбүр болады.

Сондай-ақ іскери сөзде де адресат факторының өзіндік функциясы бар. Сөйлеуші адресаттың әлеуметтік рөліне қарай сөзді демократияландырып, я болмаса әкімшілдендіріп отырады немесе тепе-теңдікті (паритеттілікті) сақтайды.

Адресат факторы көркем әдебиет стилінде де ескеріледі. Қайсібір көркем сөз шеберлерінің шығармаларында автор арнайы тілдік тәсілдер арқылы оқырманмен сырласып отырғандай, оқырманның жанында отырғандай әсер қалдырады.

Ғылыми стильде адресат факторы “маман” – “маман” деген формулаға сай қолданылады, адресаттың білім деңгейлері шамалас болады, екеуіне де ортақ білім қоры болады.

Сөз актісінде екі сана – адресанттың және адресаттың санасы жұмыс істейді. Осы екі сананың мүмкіндігінше бір-біріне сәйкес келуі коммуникацияның сәтті болуына оң әсерін тигізеді [9, 136].

Сөз авторы өзінің санасында қорытылып, өңделген ақпаратты кодқа салады. Ал адресант кодқа салынған әртүрлі ақпаратты (мазмұндық, эмоционалдық, бағалауыштық т.б.) мүмкіндігінше дұрыс ашуға тырысады. Автордың когнитивтік санасында өңделген ақпарат пен адресаттың санасында қабылданған ақпарат мүмкіндігінше алшақ болмауға тиіс. Ол үшін автор мен адресаттың білім қорында біршама ортақтық болуға тиіс. Алайда тілдік ұжым мүшелерінің когнитивтік санасындағы білім қорының құрылымы күрделі болып келеді. Олар тілдік білім, тілдік емес білім, аялық білім деп үлкен үш топқа бөлінеді.

Тілдік білім “сөйлеушінің (жазушының) тілдік құзіреті” деген ұғымды аңғартады. Белгілі бір тілді тұтынушы тілдік таңбалардың мағынасын жақсы білуге, тілдік бірліктерді бір-бірімен байланыстырып, ой-сезімін білдіре алатындай болуы шарт. Тілдік таңбалардың мағынасы адресант-сана мен адресат-санада бірдей ұғынылуға тиіс. Бұл – коммуникацияның ойдағыдай өтуінің алғышарттарының бірі.

Автор мен адресаттың арасындағы коммуникацияның ойдағыдай болмағы тілдік емес факторларға да байланысты болады. Әсіресе “маман” + “маман” (дәрігер) арасындағы коммуникацияда бұл жағынан “қиындық” бола бермейді, өйткені арнаулы сөздер, терминдер, номенклатуралық атаулар тәрізді тілдік таңбалардың мазмұнмежесі екі санада бірдей түсініліп, бірдей ұғынылады.

Коммуникация кезінде тілдік конфликт көбіне “маман” – “маман еместің” арасында жиірек кездеседі. Мысалы, “маман” (дәрігер) мен “маман еместің” (науқастың), “сатушы мен сатып алушының” арасындағы коммуникацияда түсініспестік жағдай көбіне тілмен байланысты болады. Бұл қауіптің алдын алу үшін “коммуникатор-маман” “коммуникант-маман еместің” когнитивтік санасымен, яғни оның тілдік, тілдік емес білім қорымен санасып, сөйлеген (жазған) сөзін маман емес коммуниканттың санасына қарай бейімдеуі қажет. Мысалы, дәрігер мамандар арасындағы тарөрісті емес, жұртшылыққа танымал медицина терминдерін қолдануға тиіс. Сөз ыңғайы “дәрігер – науқас” формуласына қарай құрылуға тиіс. Олай болмаған жағдайда науқасқа берілуге тиісті ақпараттың көлемі толық болмай шығады. Дәрігердің “маман – маман” арасындағы қолданатын терминдер тізбегі мен номенклатуралық атаулар легінің бәрін науқас түсіне бермейді.

Сатып алушының көбірек қолданатын дейксистеріне (ананы, мынаны, анау тұрғанды, мына біреуді т.б.) сатушы ерекше мән беруі қажет, өйткені сатып алушы тауардың маркасының, сортының қалай аталатынын біле бермеуі мүмкін.

Зерттеудің “Сөз мәдениетінің когнитивтік және лингвомәдени аспектілері” деген тараушасы сөз мәдениетінің когнитивтік негіздері; тіл мен мәдениеттің өзара байланысы; тілдік тұлғаның мәдени-тілдік құзіреті деген тақырыпшалардан тұрады. Когнитивтік лингвистикада білім ұғымымен бірге таным, ақпарат, сана, ойлау тәрізді ұғымдық категориялар жиі қолданылады.

Ақиқат туралы білімді санада сақтау, оны игеру – күрделі процесс. Бұрын алынған білім индивид санасында тәртіпке келтіріліп, жаңа алынған білім бұрынғымен байланыстырылады. Аса маңызды, мәнді деген фактілер, деректер жинақталып, концептілік жүйеге түседі [10, 151].

Концепт индивид санасында сәулеленген сезімдік-заттық образдың (перцевтивті модус) негізінде пайда болады. Концепт негізінде сезімдік тәжірибе жатады. Сезімдік-заттық образ (код) концептің ядросы болып табылады. Осы заттық код белгілі бір объектіні терең, жан-жақты білген сайын жаңа мәндік белгілермен байи түседі. Осының нәтижесінде концептің мазмұны ұлғаяды, мазмұны кеңи түседі. Әлгі белгілердің қайсыбірінің мәнділігі күшейе түсуі, қайсыбірінің көмескіленуі ықтимал.

Концепт ретсіз нәрсе емес. Оның компоненттері (белгілері) белгілі бір тәртіпте болады. Заттық-образдық ядро нақты болады, ал ядродан алшақтау жатқан белгілер дерексіз, абстрактілі болуы мүмкін [11, 34-43]. Концептінің әртүрлі қабаттары бір-бірінен туындап жатады. Бұл жайт концепт ұғымының өзгеше сипатын көрсетеді.

Концептінің жасалуына ұғым емес, заттық образдар (заттың бейнесі) негіз болады. Мысалы, ат жалын тартып мінді (ержетті) дегенге ат, мін=, жал деген (субъект-предикат) ұғымдар емес, ақиқат өмірден алынған сенсорлық-перцептивті образ негіз болып тұр.

Ұғым мен концептінің мағынасы тепе-тең емес. Ұғым белгілі бір объектінің танылған аса мәнді белгілерінің жиынтығы болса, концепт-мазмұн межесі жағынан объект туралы барлық білімнің жиынтығы, ал тұрпат меже тұрғысынан тілдік бірліктердің (лексикалық, фразеологиялық, паремеологиялық тб.), құралдардың жиынтығы болып табылатын ментальды, ұлттық ерекшеліктерді танытатын құрылым.

Ұғымнан концептінің айырмасы, түптеп келгенде, мынаған саяды: концепт – денотат туралы бастапқы түсінік (представление). Денотат туралы осы түсінік жалпыланған инвариант-образ түрінде болады да, ол сөздің тууына түрткі, ұйтқы болады. Бұл – заттық-бейнелік концепт. Тілдік санада концепт форматына түскен бұл құрылым лингвокреативті ойлаудың негізінде әрі қарай өңдеуден өтіп, ұлттық-мәдени концепті пайда болуы мүмкін. Заттық-бейнелік концептіде (перцептивті модуста) этномәдени сипат бола қоймайды. Мысалы, қазан ошаққа, тасошаққа, жерошаққа т.б. құрылғының үстіне қойылатын, астына от жағылатын, беті қақпақпен жабылатын түбі қара күйе ыдыс. Ошақ, ошақтың үсті, от жағу, беті, қақпақ, жабу, түбі, қара күйе, ыдыс дегендер – ақпарат. Осы ақпараттардың реттелген жүйесінен заттық-бейнелік концепт жасалып тұр. Бірақ заттық-бейнелік концептісінің ономосологиялық құрылымы мәдени этностық санада әрі қарай өңдеуден өтеді де, басқа бір таңбаланушының таңбасына айналады. Ендігі жерде қазақ түсінігінде қазан отбасының, ағайын-туыстың, ауыл-аймақтың, ел жұрттың басын біріктіретін, басын қосатын, ынтымақтастыратын қасиетті мүлік болып табылады. Қазаны бүтін; қазаны қақ айырылу, қара қазан сарбаланың қамы, қазанын сындыру (кек алудың бір түрі) т.б. дегендер ұжымдық санадағы мәдени-ұлттық семантиканың тілдік таңба арқылы жарыққа шығуы қазанның ұлттық мәдени концептіге айналғанын көрсетеді. Мұндай концептілер (инферентті модус түріндегілер) этномәдениеттің тірек элементі болып, концепт-кеңістікке енеді.

Зат-бейнелік концепті (перцептивті модус) мен мәдени-ұлттық концепт (инферентті модус) когнитивтік әрекеттің екі фазасы болып саналады; бастапқы таңбаланушы мен таңбалаушы әртүрлі модификацияда сөз таңба ретінде қалыптасу кезеңінен өтеді. Аяққы кезде сөз белгілі бір этномәдени кеңістікке енеді де, сол мәдениетті түсінудің (ұғынудың) және түсіндірудің (ұғындырудың) құралына айналады.

М.Минский фреймді стереотипті ситуацияның ойбейнесі деп атайды. Осы аталған когнитивті жасалым стереотипті денотаттық ситуациямен байланысты. Мысалы, ашішектей созылды деген фразеологизм “ұзаққа созылған, бас-аяғы көрінбейтін, адамды ығыр қылатын баяу іс, әрекет туралы” айтылады. Фразеологиялық мағына ақиқат дүниедегі денотаттық ситуацияның тілдік ұжымның санасында фреймдік құрылым ретінде қалыптасуымен байланысты. Когнитивтік санада фреймдік форматқа түскен құрылымды таратып айтатын болсақ, – жаңа сойылған малдың ішек-қарны тазаланады, әсіресе аш ішек ұзын, жіңішкелеу болғандықтан, ши жүгіртіп, сумен шаю ұзаққа созылып, баяу істеледі. Ақиқат өмірдегі осы стереотипті денотаттық ситуация тілдік ұжымның когнитивтік санасында фреймдік құрылым түрінде орныққан. Ендігі тұста осы фреймдік формат “ұзақ, баяулық” сияқты басқа бір концептімен ассоцацияланып, ұзаққа созылған, баяу, адамды ығыр қылатын істі атайтын екінші реттегі номинацияға айналған.

Белгілі бір мәтінде фразеологизмдердің дұрыс/бұрыс қолданылғанын олардың ақиқаттағы денотатымен, сол денотаттың санадағы құрылымымен байланыста қарай отырып айқындауға болатыны байқалады.

Когнитивтік тұрғыдан қарасақ, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай тәрізді фразеологизмнің сөз мәдениеті тұрғысынан қазақ тіліне жат екені байқалып тұрады. Өйткені жаңбыр шелектеп жауса да, қазақ даласында саңырауқұлақ қаптап кетпейді, яғни ақиқат өмірде ондай стереотипті ситуация жоқ, денотаты болмағандықтан, ұлттық санада фреймдік құрылымы да жоқ. Диірменіне су құйды деген қолданыс та қазақша емес. “Бір нәрсені өршіте түсу” деген ұғым қазақ тілінде “Отына май құйды” деген фразеологизммен бейнеленеді, өйткені ақиқат өмірде отқа май құйып ырымдайтын стереотипті ситуация болған. Осы денотатпен байланысты тілдік ұжымның санасында фреймдік құрылым түзілген.

Сондай-ақ ақиқат өмірде болғанмен, фреймдік құрылымға түспеген денотат, денотаттық стереотиптік ситуациялар да болады. Мысалы, судың, жаңбырдың тамшысы перцептивті образ түрінде кез келген тілдік ұжымның санасында болуы ықтимал. Бірақ бәрінде бірдей “егіз тамшы” деген фреймдік құрылым кездесе бермейді. Орыс тілінде “өте ұқсас, бірінен бірін ажыратуға болмайтын нәрсені” как две капли воды деген екінші реттегі номинациямен береді. Ал қазақ тұрмысында егіз қозы біріне-бірі өте ұқсас, оларды бір-бірінен айыру, тәжірибелі адам болмаса, өте қиын. Ақиқат дүниедегі осындай перцептивті типтік ситуация ұжымның когнитивтік санасында фреймдік құрылымға айналып, соның негізінде егіз қозыдай деген екінші реттегі атау пайда болған. Қазіргі кезде баспа беттеріндегі егіз тамшыдай деген қолданысты бөтен тілдің дүниелік картинасы болғандықтан сөз мәдениеті тұрғысынан мақұлдауға болмайды.

“Тіл мен мәдениеттің өзара байланысы” деп аталатын тақырыпшада Тіл мен мәдениеттің байланысы жөнінде кейбір көзқарастарға қысқаша тоқталдық.

Ақиқат дүниедегі заттар, құбылыстар, уақиғалар т.б. адамға қалай әсер етсе, тіл де солай әсер етеді. Адамның ішкі әлемі (эмоционалдық, интеллектуальдық әлемі) мен сыртқы әлемнің аралығында тіл әлемі бар. Индивид, субъект белгілі бір тіл әлемінде өмір сүреді. Сондай-ақ тіл индивидтің, субъектінің ішкі әлемінде (санада да) орын тепкен. Тіл тек қоғамда ғана өмір сүрмейді, ол индивидтің санасында өмір сүреді. Э.Сэпир, Б.Уорф т.б. неогумбольдшылдар мектебінің теориясы осы ұстанымды негізге алады. Адамдар ақиқат дүниені өзінің ана тілі арқылы ғана тани алады, біле алады және көре алады. Ақиқат өмірді тілде бейнеленгендіктен ғана көре аламыз, тани аламыз. Тілде бейнеленбеген нәрсе ақиқатта да жоқ. Әрбір тіл ақиқат дүниені өзіне тән ерекше тәсіл арқылы бейнелейді.

Мысалы, қадамыңа гүл бітсін деген тұрақты тіркестің фразеологиялық мағынасы “жүрген жерің құт, берекелі болсын” дегенді білдіреді. Бұл фразеологизмдердің әуелдегі протосемантикасы жүрген жерің көгорай шалғын болсын деген мәнде болу керек. Өйткені қазақтың жері көбіне шөлейт шөл болып келеді де орманды алқап аз кездеседі. Жақсы тілек мәнді аталмыш фразеологизм қазаққа тән дүниенің тілдік бейнесі арқылы қалыптасқан.

Сондай-ақ қарғыс мәнді жүрген жеріңе шөп шықпасын деген фразеологизмнің ұлттық семантикасы орманды алқапты мекендейтін халықтар үшін, олардағы дүниенің тілдік бейнесі басқа болғандықтан, мүлде қисынға келмейтіндей көрінеді.

Дүниенің тілдік бейнесі эмпирикалық таныммен байланыста. Әрбір тіл, Б.Уорф-Сепирдің тұжырымдауы бойынша, дүниені өзінше жүйелеп бөледі, яғни оны концептуализациялаудың өзіне тән тәсілдері болады. Ақиқат дүниедегі заттарды, құбылыстарды, уақиғаларды белгілі бір концептіге топтастырады [12, 209].

Тілдік бейне түріндегі концептуалды жүйе этностың заттық, мәдени тәжірибесіне тәуелді. Дүниенің концептуалды бейнесі логикалық-прагматикалық позитивтік танымға, әлеуметтік тәжірибеге негізделеді. Концептуалды бейне дүниенің тілдік бейнесінің бір бөлігі болып табылады. Дүниенің тілдік бейнесінде мифологиялық, діни, логикалық-позитивті танымның бәрі де болады. Дүниенің қарапайым бейнесінде дәмбейне, иісбейне, көзбейне, тәнбейне (ыстық, суық, қатты, жұмсақ т.б.), естілімбейне, яғни сенсорлық қабылдау басым болады. Тіл әрдайым ұжымдық стереотипті, эталонды, түсінікті тіркеп, көрсетіп тұрады.

Әрбір табиғи тіл ақиқат дүниені өзінше тәсілмен концептуализациялайды. Сөйтіп сөйлеушілердің бәріне ортақ ұжымдық философиясы тәрізді көзқарастар жүйесін жасайды. Мысалы, қамшының сабындай қысқа өмір; дүниедегі ең жаман нәрсе – жалғыздық пен жаяулық; бала – бақыт, ер қанаты – ат, т.б.

Осылайша тілдік ұжымның когнитивтік санасында мағыналар кеңістігі, яғни дүние туралы тілде бекітілген дәстүрлі білімдер типі пайда болады.

Әр халық дүние алуандығын өз таным-түсінігінше таптастырып, топтастырады, дүниенің үзіктерін өздерінше атайды. Дүниенің өзіндік конструкцияланған бейнесінде индивидуалды, топтық және ұлттық тәжірибенің табы жатады. Дүниеде ең жаман – жаяулық деген тұжырым, қазаққа түсінікті, ал жер көлемі атшаптырым ғана шағын ел (тілдік ұжым) оны түсінбес еді.

Тілдік бірліктерде мәдени ақпарат мәдени семалар; мәдени ая (фон), мәдени концепт және мәдени коннотация арқылы беріледі. Мысалы, көш, айтыс қарашаңырақ, аға, батыр, би, жылқы, тары, босаға т.б. концептілік құрылымдардың қамтитын ұғымдары әр алуан әрі күрделі болуы олардың ұлттық мәдени өрістегі алатын орны мен үлесінің ерекше екенін байқатады. Өйткені “мәдени мәні айрықша объектілер мен концептілердің тілдегі сөздік қоры мейлінше бай болады” [13, 71].

Байырғы қазақ мәдениетінде қазақ қызының ең бақытты шағы оң жақта, әкенің үйіндегі кезі (құдай-ау, оң жақтағы күнім қайда?), сондықтан күйеуге ұзатылып бара жатқан қыз үшін әкенің үйі – алтын босаға, ал атастырып қойған күйеуінің үйі болашақта келін болып түсетін үй – жат босаға, келін болып түсіп, оң аяғымен аттаған босағасы – ақ босаға.

Жұмыстың “Тілдік тұлға және оның мәдени-тілдік құзіреті” деп аталатын тармағында адамды, оның жан дүниесін тілінен тыс зерттеуге болмайтынына, сондай-ақ тілді де адам арқылы, адамның жан дүниесі арқылы зерттемей болмайтынына назар аудара отырып адам өз сөзінің иесі, өз сөзінің қожасы болса, тілдің иесі де, қожасы да халық деген ұстанымды негізге алынды.

Тілді халық арқылы, халықты тілі арқылы, сондай-ақ адамды тілі (сөзі) арқылы, сөзі арқылы адамды тану идеясы әр дәуірдегі ұлы ойшылдарда да айтылған. “Адамына қарап сөзін алма, сөзіне қарап адамын ал” дейтін Абайдың философиялық ойы субъектінің сөзі арқылы оның әлеуметтік, білімдік, психологиялық тұлғасын тану жөніндегі антропоцентристік идеямен үндес екені айқын аңғарылып тұрады.

Тілдік тұлға тек тілдің ғана субъектісі емес, адресант және адресат ретінде сөздің де субъектісі. Дәстүрлі парадигма сөз мәдениеттің түп қазығы, орталық ұғым тілдік норма болса, ендігі жерде, жаңа парадигмада сөз мәдениетінің түпқазығы тілдік тұлға болуға тиіс.

Адамдар ақиқаттағы заттар мен құбылыстардың, уақиғалардың, қысқасы, денотаттар әлемінің ортасында өмір сүреді. Санада сәулеленген ақиқат өмір үзіктері адамның ой елегінен өтіп, білім дүниесіне, яғни интеллектуалдық, руханияттық, мәдени-әлеуметтік қажеттілікті өтейтін концептілерге айналады. Сөйтіп, адамдар тек ақиқат дүние ортасында ғана емес өздері жасаған идеалды дүние әлемінде де өмір сүреді.

Әрбір кезең, әрбір дәуірдің өзді-өзіне тән ақиқат дүние туралы білім жүйесі болады. Мысалы, қой, жайылу, ауыл, өріс, бытырау, изен, жусан т.б. сөздердің қандай мағынаны білдіретіні немесе қандай денотатты көрсетіп тұрғаны бізге белгілі. Бұл – тілдік білім. Ал “қой бытырап, шашырап бір-бірінен алшақ кетіп жайылса, ауыл қонған жерден тым ұзап кетсе, ол жердің оты нашар болғаны. Ауыл ондай жерде ұзақ отырмайды оты қалың, изенді, жусанды, өрісті жерге көшеді” десек, бұл – тілдік емес, дүниелік білім. Ал белгілі бір көркем шығараманы оқыған оқырманға сол дәуірдегі тілдік емес білімді білу қажет. Көркем шығармада тілдік семантикадан басқа да білім дүниесі бар. Сол білім дүниесі шығармада қалай берілді? Қазақ әдебиетінің класигі Ғ.Мүсіреповтің көркем шығармаларының оқырманды баурап алуының сыры риторикалық тәсілдерді, стильдік амалдарды шебер қолдануында ғана емес, оқырманға бейтаныс тілдік емес білімдер жүйесін ашып берумен де байланысты. Жазушының бір әңгімесінде батырдың мінген қазанаты “құлағын қайшылап, оқыранып, аяғымен жерді тарпи береді”. Атының бұл мінезіне қарап батыр не қалың жылқыға, не жылқыны қуып әкетіп бара жатқан жауға кездесетінін біле қояды. Осылайша жазушы оқырманға сол дәуірдің білім дүниесінің есігін ашпаса, оқырман сол дәуірдің ішіне кіре алмайды.

Дүниелік білім когнитивтік санада бір-бірімен ұштасып жатады. Мысалы, қауіп-қатер таянғанда жылқының әлгіндей жер тарпитын қылығы, қазақы қазанаттың тарпаң, құланмен туыстығымен байланысты көрінеді. Мысалы, құлан үйірін шақырғанда, үйіріне қауіп төнгенде алдын ала сезіп, ащы дауыс шығарады екен. Міне, осындай дүниелік білімдер оқырман-тілдік тұлғаның санасында болғанда, Махамбеттің “Құландай ащы дауыстым” деп, Исатай батырды жоқтағандағы жан-дүниесін тереңірек ұғынуға болады.

Белгілі бір тілдік таңбада екі түрлі мағына (білім) кодқа салынуы, соған сәйкес екі түрлі код болуы мүмкін. Біріншісі – тілдік код, екіншісі – мәдени код. Тілдік таңбалардың мәдени семантикасын зерттеуде осы екі түрлі мәнділікті ажырата білу қажет.

Тілдік тұлға ұлттық тілді тұтынушы ғана емес, ұлттық мәдениетті де тұтынушы. Осы тұрғыдан қарағанда белгілі бір тілдік концептінің құрылымдық түзіліміне мәдениеттің де қатысуы, “араласуы” кәдік. Олай болса, тілдік таңба мағынасының қай бөлігінде, қай тұсында мәдени мән болатынын айқындау қажет. Сөйлеуші я болмаса тыңдаушының сөз стратегиясында мәдени мәнді сезіне алатынын/алмайтынын анықтаудың [11] сөз мәдениеті үшін мәні ерекше.

Мәдени семантиканы айқындауда тілдік тұлға үшін қиындықтар да болады. Кейбір тілдік таңбаларда мәдени ақпараттар тілдік мағынаның тасасында тұрады да, имплицитті сипатта болады.

Тілдік семантика (білім) мен мәдени семантиканың (жалпы дүниелік білімнің) бір-бірімен байланысы бірде айқын, бірде көмескіленіп, кейде бір біріне жақындап, кейде бір-бірінен алшақтап тұрады. Мысалы, жұлдыздар тіркесіпті, жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркестің мәдени-ұлттық семантикасы тым көмескіленіп кеткен. Байырғы дүниелік білім бойынша төменнен жоғары тартылған түзудің бойымен жоғарыда Үркер және оның Үлпексарысы, одан төменіректе Үш Арқар-Таразы, одан төменде Сүмбіле жұлдызының бірінен кейін бірі қатар түзуін жұлдыздар тіркесіпті дейді. “Күн суытып, қыс түсер шақ” келді деген ұғымды білдіреді. Жұлдыздар қазан айында тіркесіп болады. Жұлдыздар керуеніннің басында Үркер мен оның Үлпексарысы тұрады. Ал жұлдыздар теңесіпті деген тұрақты тіркес әлгі жұлдыздардың горизонталь түзудің бойымен қатар келуін жұлдыздар теңесіпті дейді. 22-24 наурызда Сүмбіле (сол жақта), Үш Арқар-Таразы (ортада), Үлкер мен Үлпексары (оң жақта) бір түзудің бойында, күннің батысында, тізілген моншақтай болып тұрады. Жұлдыздар теңесіпті дегенді, кейде Таразы басы теңесіпті дейді, “күн мен түн теңелді” деген ұғымды білдіреді.

Тілді тұтынушыда лингвистикалық құзірет, коммуникативтік құзірет, сондай-ақ мәдени-тілдік құзірет болады. Ал тілдік-мәдени құзірет дегеніміз тілдік тұлғаның сөйлеу (жазу) мен айтылған (жазылған) сөзді қабылдау кезінде тиісті мәдени семантиканы, мәнділікті қоса меңгеруі.

Тіл мен мәдениеттің өзара ықпалдастығы, әсері негізінде тілдік таңбаның мазмұн межесінде мәдени семантика қалыптасады. Аударма, тіл үйрету, көркем мәтінге талдау жасауда, сөздіктер құрастыруда тілдік таңбаның грамматика, лексика-стилистикалық мағыналарымен бірге ондағы мәдени ақпараттарды да ескеру аса қажет. Мысалы, қазақ тілінің онтомдық түсіндірме сөздігінде жылқы сөзіне мынадай түсініктеме берілген:

ЖЫЛҚЫ з а т. Төрт түлік малдың көлік үшін пайдаланылатын тақ тұяқты түрі. Әрине, жылқының лексикалық мағынасы толық ашылған, төрт түлік, тақ тұяқты деген семалар лексикалық мағынасын жеткілікті дәрежеде беріп тұр. Басқа ұлттың тілі, мәдениеті үшін бұл түсіндірме, бәлкім, дұрыс та шығар, ал мәдени мәнділікке байланысты ақпарат қазақ тілінің сөздігі үшін толық болмай тұр. Өйткені жылқы сүтінен жасалатын қымыз – қазақ мәдениетінде астың асылы, ардақтысы. Сондай-ақ жылқының қазы-қарта, жал-жаясы да астың ең сыйлысы. Олай болса, жылқы сөзінің мәдени семантикасына қатысты негізгі ақпараттар дефиницияда мүмкіндігінше қамтылуға тиіс. Мысалы: ЖЫЛҚЫ з а т. Көлік үшін, еті, сүті тағам үшін пайдаланылатын төрт түліктің тақ тұяқты түрі деген нұсқада беру тілдік семантиканы әрі мәдени семантиканы қамти түсер еді.

Егер сөз мағынасының құрылымы денотаттық және сигнификаттық екі деңгейден тұратынын ескерсек, мәдени семантиканың сигнификаттық компоненттен орын тепкені байқалады. Халық тілінде кездесетін, этномәдени танымның мифологиялық санамен байланысын көрсететін фразеологизмдер мен паремологизмдердің өзі сақталғанмен, прототиптері, архетиптері көмескіленіп, жоғала бастады. Мәселенің қиындайтыны да осы арада. Сөзқолданыста қате-кемшіліктердің жиі кездесетін, сөз мәдениетіндегі қауіпті аймақтың бірі осы тұста деуге болады. Өйткені этномәдени лексиканың мән-мағынасын жете түсінбегендіктен, мәдени семантикаға қайшы келетін сөз қолданыстар жиі кездесе бастағаны байқалады. Мысалы, газет бетінен қайсыбір мектепте эстетикалық тәрбие мақсатында үкілі қыз байқауын өткізгені жайында айтылған. Ал шынында үкілі қыз сөзі “үкі тағылған, құда түсушілер үкітағар ырымын жасаған” деген мәдени семантиканы білдіреді. Байқау конкурсты өткізушілердің үкілі қыз сөзінің мәдени семантикасынан бейхабарлығын көрсетеді.

Тілдік тұлға үшін мәдени-тілдік семантиканың аса күрделі түрі фразеологимдер, паремологизмдер тәрізді тілдік таңбаның мазмұн межесіндегі құрылымдармен байланысты.

Этностың ақиқат дүние туралы көзқарасы, салт-дәстүрі, жол-жоралғылары әдет-ғұрпы, моралі, әдебі, тұрмыс-тіршілігімен байланысты ақпараттар жинақтаған тұрақты сөз орамдарының мазмұндық құрылымында ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрсететін ұлттық менталитетті танытатын компоненттер болады. Осыларды айқын аңғара білмеген жағдайда сөйлеуші/жазушы коммуникативтік сәтсіздікке ұшырауы ықтимал. Соңғы жылдары әсіресе радиохабарларда жылы лебізді құттықтау сөз айта келіп, мерейтой иесіне “қартаймаңыз!” деп тілек білдіреді. Қазақ мәдени қоғамдастығы “қартаймаңыз” деген тілекті қабылдай қоймайды, мұндай тілек “кәрілік жасқа жетпеңіз” дегендей сезіледі. “Адам қартаймайтын шайтан емес қой” деп қайсыбір кісілер мұндай тілекті қош алмайды. Қазақ cалтында қарттық үлкен құрмет, адамның қызметі, атақ-дәрежесінен гөрі жасын сыйлау, жасына қарай жол беру жағы мықтап ескеріледі. Үлкендердің байырғы кезде кәрілікке жеткізсін, жағың түспей, жамандық көрме; ақ сақалды сары тісті бол дейтіні сол этикалық норманы айқын аңғартады.

Сонымен, тілдік тұлғаның коммуникативтік сәтсіздікке ұшырау қаупі жиі кездесетін аймақтың бірі негізінен мазмұн межесі этномәдени семантикаға ие тұрақты сөз орамдарымен, яғни фразеологизмдер мен паремологизмдердің мәдени-ұлттық семантикасымен байланысты деуге болады.

“Сөз мәдениетінің этикалық аспектісі” тараушасында ұлттық этикалық ұстанымдардың, жалпыадамзаттық этикалық құндылықтардың этикалық нормаларды құрайтыны, ал этикалық нормалар дейтініміз қарым-қатынастың әртүрлі жағдаятына (ситуациясына) тән тілдісу ережелерінің жиынтығы болып табылатыны (Энциклопедический словарь) айтылады. Сөз этикасы – дүниетанымдық компоненттерден, этикеттік компоненттерден және эстетикалық элементтерден тұратын күрделі құрылым.

  1. Сөз этикасының дүниетанымдық бөлігі адамзаттық құндылықтар жөніндегі ұғым, түсініктерден тұрады. Тілдік тұлғаның сөз әрекеті адамгершілік, ар-ұят, жауапкершілік, парыз, ізгілік, мейрімділік, әділдік, шыншылдық, ақиқат тәрізді жалпыадамзаттық құндылық принциптеріне бағынады. Тілдік қарым-қатынаста, сөйлеушінің саптаған сөз өріміне осы принциптер негіз болады.

Қарым-қатынасқа осы принциптерді ұйытқы етіп алушылық қазақтың байырғы ұлттық сөз өнері дәстүрінде, әсіресе шешендік сөз өнерінде айрықша орын алғандығын айқын аңғаруға болады: тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ; сөзді шын тоқтатады, суды шым тоқтатады.

Сөз этикасының дүниетанымдық компонентіне тіл субъектісінің (тіл иесінің) тілге, сөзге қатысты мақал-мәтел түріндегі пайымдауларын жатқызуға болады. Өйткені ұлттық сөз этикасы өнер алды – қызыл тіл; тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады; сиыр мүйізінен байланады, адам сөзінен байланады; таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді т.б. пайымдауларды да тірек-таяныш етеді.

  1. Сөз этикасының этикеттік бөлігі байланыс орнату, байланысты жалғастыру, байланысты аяқтау тәрізді қарым-қатынас тәртібінің ережелерін білу, сол ережелерді коммуниканттың мәртебесіне сай, қарым-қатынастың ресми/бейресми жағдаятында іс жүзінде қолдануға тірек-таяныш болады. Үлкенді сыйлау, құрметтеу; сөйлеушінің сөзін бөлмеу, сөйлеуші тыңдаушыны назардан тыс қалдырмауы, өзін төмен ұстауы, мадақ сөзден қашуы т.б. тәрізді ұлттық сөз саптау дәстүріндегі талаптар сөз этикетіне ұйтқы, тірек-таяныш болады. Сөз этикетінің қатысты мұндай талаптар мақал-мәтелдерде айқын аңғарылады: сәлем – сөздің анасы; бір күн үзеңгі жолдасқа қырық күн сәлем; анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без, атасы тұрып ұлы сөйлегеннен без; сіз деген – сөздің сынығы, сен деген – сөздің анығы т.б.
  2. Қазақтың ұлттық сөз саптау дәстүрінде этикалық ұғымдарға қоса эстетикалық компоненттер де қабаттаса, қатарласа жүреді. Мысалы: құр айқай бақырған /құлаққа ән емес/ өнерсіз шатылған/ Жігітке сән емес (Абай); Аузынан сөзі түскен, қойнынан бөзі түскен (мақал); сөйлеуші желдей есілген, тыңдаушы бордай езілген (М.Әуезов); Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын (мақал) т.б.

Сонымен бірге сөз этикасының құрамына сөз этикеті деген ұғым кіреді. Ал сөз этикеті ережелері сыпайылық принциптеріне негізделген. Сөйлеуші жақтың өз әріптесіне құрметпен қарауы негізгі ережелердің бірі болып саналады. Сыпайылық, сыйластық, ізеттілік – моральдың, этиканың түп негізі. Сайып келгенде, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеу адамдардың бір-бірін құрметтеуінен, ілтипатшылдығынан (толерантность) басталады.

Жоғарыдағы айтылғандарды түйіндей келгенде, ұлттың дәстүрлі сөз саптау мәдениетінде этикалық, эстетикалық құндылықтардың мәні айрықша болады. Мейірімділік, ізеттілік, адамгершілік, жауапкершілік, дегдарлық, парыз т.б. эстетика-этикалық категориялар адамдар арасындағы тілдік қатынаста үйлестіріп-үндестіріп отырады. Сондай-ақ тілдік қарым-қатынаста дауыс көтеру, айқайлау, шәңкілдеу қарым-қатынас психологиясына кері әсер ететін, эстетикалық принципке қайшы сөз әрекеттері болып саналады. Мысалы, қазіргі кездегі сөз саптауда, тілдік қарым-қатынаста адамдардың өз дегеніне жетуді, өзіне тиімді жағын көздеуді өзара түсіністік, өзара ықпалдастықтан гөрі өзінің жеке басының мақсат-мүддесін алға тартуы, бейпіл сөздерді жария түрде қолдану (легилизациялау) қоғамдық сананы БАҚ арқылы дегеніне қарай бұрмалап отыру БАҚ арқылы өштескен адамы жөнінде жағымсыз пікір тарату; домалақ арыз жазу тәрізділер сөз этикетіне тән норманың бұзылуына саятын жағымсыз әрекеттерге жатады.

Сөйтіп, халықтың мәдени-ұлттық дәстүріндегі этикалық қатегориялар, эстетикалық, риторикалық принциптер тілдік ұжымның ішіндегі үндесім-үйлесім қызметін (гармонизациялау) атқарады.

Сөз мәдениеті деген терминге анықтама қазақ тілтанымында негізінен тілдік-нормативтік, коммуникативтік тұрғыдан берілсе, ендігі жерде бұл ұғымның құрамына этикалық нормалармен байланысты ерекшеліктері қамтуы жағынан назар аудару қажет. Олай болса сөз мәдениеті деген терминге – “белгілі бір мәдени тілдік қоғамдастықта қалыптасқан тілдік, коммуникативтік, этикалық нормалармен эстетикалық принциптерді сақтай отырып, тілдік құралдарды, амал-тәсілдерді қарым-қатынас жағдаятының (ситуациясының) ерекшелігіне сай талғап, таңдап қолдану арқылы көздеген коммуникативтік мақсатқа жетуге барынша мүмкіндік беретіндей тиімді ұйымдастыру” деп анықтама беруге болады.

“Сөз мәдениетінің лингвоэкологиялық аспектілері” деп аталатын тараушада тілдік орта мәселесі, оның өзгеру, даму динамикасы, тілдің дамуына, тілді қолдануға теріс әсер ететін себептер, сондай-ақ тілдің өміршеңдігін, қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік тәжірибелерін жетілдіру жайттары қарастырылды.

Тілдік орта лингвоэкологиялық зерттеудің түпқазығы болып саналатын қоғам мүшелерінің тілдік санасының қалыптасуына ықпал ететін, тілдік жүйенің жай-күйі мен сол тілді қолданудың қоғамдық-тілдік тәжірибесі, тілдің қоғамдағы болмысына, оның дамуы мен қызмет етуіне әсер ететін экономикалық, идеологиялық, мәдени, әлеуметтік-психологиялық, этнопсихологиялық факторлардың жиынтығы.

Тіл – адамның тіршілік ортасы, белгілі бір қоғамдастықтың, ұлттық ұжымның рухани тіршілік ортасы. Адамдардың да рухани дамуы ана тілі деп аталатын тілдік ортаның сау-саламаттылығына тікелей тәуелді. Тілдің толып жатқан мәселесін экологиялық тұрғыдан қарастырудың мәні айрықша. Тілді тұтынушының, яғни тілдік тұлғаның, тілдік субъектінің ана тіліне деген сүйіспеншілік сезімін, тілдің өткендегісі, бүгінгісі, болашағына деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеуде де лингвоэкологияның міндетіне жатады.

Қазақ тілі – қазақ халқының мәдени жадын, тарихи жадын жинақтаушы, сақтаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, оларды қайта жаңғыртушы, ұрпақ пен ұрпақтың рухани дүниесін сабақтастырушы ретінде қазақтілділердің экологиялық рухани ортасы.

Сөз мәдениетінің экологиялық аспектісінде адамгершілік, ізгілік элементтері қоса жүреді. Тілдік қарым-қатынас, коммуникацияда тілдесушілердің адамгершілік сезімі тапталмауға, қоғамдық, моральдық-этикалық принциптер бұзылмауға тиіс. Лингвоэкология тілдің дамуының объективті бет-бейнесін көрсете білуге тиіс. Оған төніп отырған қауіп жөнінде қоғамға дабыл қағып, әдеби тілдің тағдырына адамдар, қоғам тіршілік етіп отырған тілдік орта қамқорлыққа алынып, қорғалуға тиіс. Лингвоэкологияның міндеті мен қарастыратын мәселелерінің құрамына қоршаған тілдік ортаны әртүрлі ластанудан сақтау, тазалау, сондай-ақ лингвистикалық нигилизммен күрес те енеді.

Гуманитарлық білімді бағаламау, қоғамның әсіресе, прагматикашыл көңіл-күйдегі жіктерімен, технократтардың гуманитарлық білімді жоққа шығарушылық көзқарастырымен де күресу, қазіргі қоғамның барша салаларын гуманизациялауға негіз болатын, ағарту істеріне ұйытқы болатын филологиялық білім беру аса қажет.

Лингвоэкологияда қарастырылатын мәселелердің бірі – тілдік ортаның сөз тазалығы. Дөрекі, былапыт, боқтық сөздер – қоғамның, жеке адамның рухани саламаттылығына зиянын тигізетін дерттің бірі. Қазіргі қоғамда бұлардың жарыққа шығып, ашық түрде айтылу (легизациялану) қаупі жоқ емес. Телеэкранда көрсетілетін шетелдік мазмұны төмен фильмдер, видеофильмдердің әсерінен жастар арасында дөрекі, былапыт сөздер етек ала бастады.

Қоршаған тілдік ортаның сөз тазалығына нұқсан келтіретін сөздің тағы бір түрі – жаргон сөздерге орынсыз әуестенушілік. Әсіресе өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарынан бастап қазақ жастарының тілі жаргон сөздерге үйірсектене бастады.

Сөйтіп, сөз экологиясы тілдік ортаны бейпіл сөздерден, шеттілдік сөздерді уәжсіз қолданудан, жаргон сөздерден, құнтсыздықтан кететін қателерден таза ұстау үшін күреседі.

Лингвоэкологияда тіл басқыншылығы деген ұғым бар. Бөгде тіл басқындылығы ана тіліміздің тілдік ортасын тарылта бастайды. Тіл өз “үйінде”, өз “мекенінде” зардап шегеді. Бөгде тіл алдымен басқару, ақпарат, ғылым-білім саласында үстемдік етіп салтанат құрады. Мұның өзі ұлттық тілідің интеллектуалдық, танымдық, ақпараттық әлеуетін әлсірете бастайды. Ондай тілдің әлемдік қоғамдастықты былай қойғанда, өз ортасында, өз “үйінде” (“эко”-сында) абыройы да, беделі де төмен болады да өзге емес, өз ұлы ана тілін аяқ асты етеді. Сөйтіп, бөгде тіл басқыншылығы тілдік ортаны бұзып ірітіп-шіріте бастайды. Сондықтан тілдік ортаға зардабын тигізетін тіл басқыншылығына қарсы күрес негіздерін айқандау шараларын белгілеу лингвоэкологияның аса маңызды мәселелеріне жатады.

Ана тілдің өмір сүру ортасы, сол ортада оны қызмет етуіне бөгет болатын нигилистік көзқараспен күресу тіл экологиясының негізгі міндеттерінің бір болмақ.

Тілдік тұлға мәселесі лингвоэкологиялық бағыттағы іргелі ұғымдардың бірі. Ана тілін тұтынушылардың әлеуметтік сипаты, олардың саны мен сапасы, әдеби тілдің ауызша, жазбаша түрлерін меңгеру дейңгейінің жоғары болуы тілдік ортаның бекем болуына, дамуына қолайлы факторлардың бірі ретінде әсер етеді.

Сөз мәдениеті – тілдік тұлғаның ұлттық әдеби тілді, оның функционалдық тармақтарын, әр тармақтың салаларын, әр саланың жанрларын өз харекетінде, өз тәжірибесінде қолдана білу дағдысы, білімі, біліктілігі тәрізді сапалардың жиынтығы туралы ғылыми пән.

Тілдік тұлға тілде бейнеленген ақиқатты қолданып қоймайды, тіл арқылы ақиқаттың өзін реционалды, эмоционалды мақсатта қайта бейнелейді. Ол өз санасында ақиқатты “тіркеуші” пассив субъекті емес, оны санада қайта жасаушы, модельдеуші қасиетке ие белсенді харакет иесі. Осымен байланысты тілдік тұлға тілдегі барды қолданумен бірге жаңа сөздерді, абстракті синтаксистік модельдерді де жасайды.

Тілдік ортада мәдени-тілдік дәстүрдің, оның нормаларының қалыптасуына тілдік тұлға әсер етеді. Этнотілдік мәдени нормаларды ойлау харекетінде, сөз харекетінде қолданады, этнотілдік ұжымның әлеуметтік, психологиялық ерекшеліктерін игеріп, сөз қолданыста пайдаланады. М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды біртуар жазушы-ғалымдар – жұртшылық идеал тұтатын, тілдік тұлғалар. Олар әдеби элитарлық топтың өкілдеріне жатады.

“Әдеби тілдің нормаларын кодификациялаудың негіздері” деп аталатын екінші тарауда тілдік норма және олардың негіздері, нормаға тән сипат, норманың түрлері мен типтері, “норма” мен “норма емес”-ті айқындаудың жолдары мен әдістері көрсетіледі.

“Сөз мәдениеті” деген ұғым 1) тілдік норма; 2) этикалық норма; 3) коммуникативтік норма деп аталатын норманың үш типін қамтиды. Тілдік қарым-қатынастың белгілі бір жағдаятына қарай, сөз саптау этикасын сақтай отырып, коммуникативтік мақсатқа тиімді түрде жетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіндей тілдік құралдарды талғау, саралау, олардың басын қосып, біріктіруде әдеби тілдің ауызша және жазбаша нормалары негіз болады.

  1. Тілдік нормалар: орфоэпиялық норма, орфографиялық норма, лексика-фразеологиялық норма, грамматикалық (сөзжасамдық, морфологиялық, синтаксистік) нормалар. Екі немесе одан да көп вариант болғанда, олардың біреуін талғап, таңдап қолдану қажеттілігінен бірнеше варианттың біреуі ғана норма деп танылады: көбі – көбісі емес, туралы – турасында емес, т.б. Кей жағдайда екі немесе үш вариант та норма деп танылады мұны/бұны, келуімен байланысты/келуіне байланысты. Алайда бұлардың ішінде қайсыбіріне артықшылық берілетін нұсқалары болады.

Сөйлеу тілінің әдеби тілдің құрамына кіретін бөлігі болады. Сөйлеу тілінің кодификацияланған нормалардан бөлек, өзіне тән нормасы бар: саған бірдеңелерді ала кеп едім тәрізді қолданыстар жазба тіл мәтіндеріне жат болып есептеледі. Бірақ сөйлеу тілі үшін норма деп танылады. Сондай-ақ Қазақстанның экономикасы тұрақты дамуда десек, сөйлеу тілі мәтініне жат, сөйлеу тілінің нормасы емес.

  1. 2. Этикалық норма. Сөз этикасының нормасына а) моральдық принциптерге, мәдени-ұлттық дәстүрге негізделген тілдесу нормалары мен ә) сөз этикетінің нормалары жатады. Сөз этикасы, сөз этикеті белгілі бір жағдаятта (ситуацияда) тілдесудің, сөз саптаудың тәртібіне тән ережелерді сақтауды талап етеді. Сөз мәдениетінің этикалық компоненттері негізінен сөз актісінде, яғни өтіну, сұрау, ризалық білдіру, сәлемдесу, құттықтау, қоштасу, т.б. тәрізді белгілі бір мақсатқа көздеп айтылған сөз әрекетінде көрінеді.

Сөз актісі қоғамда қабылданған, лингвистикалық емес факторлармен байланысты ерекше ережелер бойынша жүзеге асады. Сөз актісіне қатысушылардың жасы, жынысы, олардың арасындағы қарым-қатынастың ресми, бейресми түрімен байланысты. Егер сәлеметсіз бе, амансыз ба, аман-есенсіз бе, сау болыңыз, т.б. жағдай таңдамайтын бейтарап реңкте болса, сәлем бердік, хал-ахуал қалай дегендерді, жасы қатарлас коммуникаторлар арасында болмаса, кез келген жағдайда қолдана беруге болмайды. Сондай-ақ кітапты әперіңізші дегенмен кітапқа қол жалғап жіберіңізші деген өтініштің сыпайылық реңкі бірдей емес.

Қоғамда қалыптасқан этикалық норма бойынша, қандай жағдайда болмасын, бейпіл сөз айтуға үзілді-кесілді тыйым салынады. Біреуге дауыс көтеріп айғайлау, зіркілдеу, т.б. жағымсыз реңктегі интонациялық құралдардың қолданылуы сөз мәдениеті үшін теріс әркеттер деп бағаланады.

  1. Коммуникативтік нормалар. Сөз мәдениеті ұғымының коммуникативтік компонентіне қатысты нормаларға ең алдымен тілдің функционалдық ерекшеліктеріне тән нормалар мен қарым-қатынастың прагматикасына тән нормалар жатады. Тілдік нормада коммуникативтік компонент сөз мәдениетін айқындауда ерекше орын алады. Қарым-қатынастың нәтижелі болуы коммуникативтік компонентпен тығыз байланысты. Мысалы, тілдік норманы сақтағанмен, этикет тәртібін бұзылмағанмен тыңдаушыны // оқырманды ескермей, көңілдегідей мәтін құрастыру мүмкін емес. Мұның өзі сөз мәдениетінің коммуникативтік жағын мықтап ескеруді қажет етеді. Бұл ретте тілдің функционалдық тармақтарға тән ерекшеліктері мен қарым-қатынас прагматикасының шарттарымен санасудың керек екенін байқатады.

Тілдің әрбір функционалдық тармақтарының өзді-өзіне тән сипаты бар. Мысалы, тілдік тұлға ғылыми дискурста көбіне “ұғымдармен” (терминдермен) жұмыс істесе, ал ресми дискурста оған дайын штамптар, дайын формулалармен жұмыс істеуіне тура келеді. Ал сондағы дайын сөз үлгілерін, штамптарды сөйлеу тілінде, көркем дискурста, уәжсіз қолдану сөйлеушінің // жазушының функционалдық тармақтардың ерекшелігін ойдағыдай меңгермегенін көрсетеді.

Сөйлеу тілінде функционалдық тармақтар болмайды. Сөз мәдениеті төмендеу адам кез келген коммуникативтік ситуацияда, ресми, бейресми қатынаста бір ғана сөйлеу тілінің нормасымен сөйлей береді, қарым-қатынас ситуациясының парқын ажырата бермейді.

Белгілі бір мәнділікті білдірудің әртүрлі тілдік, стильдік тәсілін, нормаларын меңгерген сайын сөйлеушінің // жазушының сөз саптауында шығармашылық сипат әлдеқайда күшті болады. Қарым-қатынастың барынша тиімді болуына қол жеткізу оңайырақ болады. Бұл ретте функционалды синонимдерді қолдана білудің мәні айрықша. Мысалы, Олимпиядаға Қытай Халық Республикасының спортшылары қызу дайындалуда; Олимпиадаға Қытай спортшылары қызу дайындалып жатыр; Олимпиадаға Қытайдың спортшылары өліп-тіріліп дайындалып жатыр тәрізді функционалдық синонимдердің бірі публицистикалық дискурсына тән болса, екіншісі сөйлеу тілі дискурсына тән екенін аңғару қиын емес. Дегенмен сөз мәдениетіне машықталған, шығармашылық дәстүрі әріден келе жатқан газеттерден өзі кейде сөйлеу тілі элементтері мен кітаби сөзге тән элементтердің парқына бармай, қолдана салатыны байқалып қалады: Олимпиадаға Қытай спортшылары қазір өліп-талып дайындалуда (“Егемен Қазақстан”). Мұндағы өліп-талып сөйлеу тіліне тән бірлік болса, дайындалуда кітаби элемент санатына жатады.

Коммуникативтік ситуация, тілдік емес факторлар – сөз талғауға, олардың басын құрап, сөз саптауға тікелей әсер ететін аса маңызды шарттылық. Мысалы, Алматыда жаңбыр нормадан артық жауды (ресми), Алматыда жаңбыр шелектеп құйды (сөйлеу), Алматыда жаңбыр қатты жауды (бейтарап) дегендердің айырмасы коммуникативтік ситуациямен, яғни “қандай жағдайда”, “қандай мақсатта”, “кімге” деген тілдік емес сыртқы шарттылықпен байланысты.

Тілдік норманың негізгі сипатын ашуда тілдік жүйе – тілдік норма параллеліне сүйену, әрине, жеткіліксіз, сондықтан проф. Р.Сыздық тілдік жүйе – тілдік норма – узус үшендерін бірлікте ала отырып, “узус” деген ұғымды тілдік жүйеден ауытқып кеткен, бірақ дағдыға айналған құбылыс” деп таниды [4, 11]. Мысалы, мынадай сөздерде тілдік “жүйе” мен “узус” сәйкеспейді: —тұса – тұсаула емес, ертте – ерле емес, тізерле – тізеле емес, келтір– келдір емес, қозда – қозыла емес, сөйлесөзде емес. Тілдік жүйе мен норма сәйкес болса, ерле, тізеле, қозыла болар еді [14, 46]. Бұл жерде жүйеге сәйкес болмаса да, тілдік узус норма деп танылады.

Тілдік жүйе бойынша есептік сан есімдерге қосымша -ыншы, -інші түрінде жалғанады: бесінші, алтыншы, жетінші т.б. осы сияқты жиырманшы болуға тиісті ретік сан есім дағды бойынша жиырмасыншы түрінде қолданып, норма ретінде танылды. Оралман атауы да дағды (узус) бойынша қалыптасқан норма.

“Тілдік және тілдік емес нормадан прагматикалық мақсаттағы ауытқудың түрлері мен типтері” деген тармақта нормадан уәжді ауытқудың түрлері айқындалады.

Белгілі бір нормадан ауытқудың бәрі бірдей теріс әрекет бола бермейді. Белгілі бір коммуникативтік мақсатқа, діттемеге байланысты жөн біле отырып ауытқу прагматикалық мақсатқа тән уәжді ауытқуға жатады да, коммуникативтік әсер-ықпалы ерекше болады.

Тілдік қарым-қатынас кезінде “іріктелген”, “тұрақталған”, “уақыт сынынан өткен” қолданыстағы жүйелер белгілі бір себептен “бұзылып” жатады. Сөз субьектісі реципиентке әсер, ықпал етудің тілдік, риторикалық, стильдік тәсілі мен амалы ретінде сөзді тіркеспейтін сөздермен тіркестіруі, сөзді әдеттегі, үйреншікті мағынасынан өзгеше мәнде жұмсайды, фразеологизм, паремологизмдердің тұрақты құрылымын “бұзып” қолданады, сөзді түрленбейтін қосымшалармен түрлендіреді, орфографиялық, орфоэпиялық тәртіптен ауытқиды. Сөйтіп автор реципиенттің мәтінді қабылдау үрдісіндегі (процесіндегі) автоматизмді “әлсіретуге” тырысады. Белгілі бір мақсатты көздеп, нормадан ауытқуды прагматикалық ауытқу деп аталды.

  1. Тілдік нормадан прагматикалық ауытқу. Нормадан ауытқудың бұл түрі тілдік жүйе және құрылымға тікелей қатысты. Тілдік норма дегеніміз қоғамдық коммуникация кезінде әбден іріктелген, уақыт сынынан өтіп тұрақталған тілдік жүйенің бөлігі, жиынтығы. Тілдік нормадан прагматикалық мақсатта ауытқуға сөзді тіркеспейтін сөзбен тіркестіру; сөзді түрленбейтін қосымшалармен түрлендіру; фразеологизмдердің құрамын бұзып қолдану; орфографиялық норманы бұзып қолдану; орфоэпиялық норманы бұзып қолдану.
  2. Мәтін нормасы/сөз нормасынан (норма речевые) прагматикалық ауытқу. Мәтіннің, сөздің тұтастығын мәтіннің құрылымдық бірліктерінің өзара байланысын, мәтіннің бір мәнді сипатын, белгілі бір стильге, жанрға жататынын қамтамасыз ететін жазбаша немесе ауызша сөз саптаудың, мәтін құрудың ережелері. Сөз әрекеті кезінде прагматикалық мақсатқа байланыста сөз, мәтін нормасынан әдейі ауытқу риторикалық тәсілге жатады. Тілдік норма бұзылмайды. Сөз сөйленім, мәтін нормасынан ауытқудың риторикалық тәсілдеріне амплификация, анадиплозис, антиэллипсис, т.б. жатады.
  3. Логикалық нормадан прагматикалық ауытқу – әдеттегі, қалыпты сөзде формалды логика заңдарының сақталуы логикалық норма дегенге саяды. Прагматикалық мақсатпен байланысты ауытқу паралогикалық риторикалық тәсіл деп аталады. Мысалы, бір нәрсенің бір мезгілде әрі жалған, әрі ақиқат болуы мүмкін емес. Мысалы, күн шайдай ашық кезде жаңбыр жаумайды, күн жауса, шайдай ашық болмайды. Алайда бұлтсыз күнгі найжағай деген қолданыс ешкім күтпеген, табан астында болған оқиғаға байланысты айтылады. Осылайша логикалық нормадан мақсатты түрде ауытқи отырып, ақылға қонымсызды ақылға сыйдыру сөз шеберлігінің бір қырына жатады. Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді; Қалауын тапса қар жанады дейтін мақал-мәтелдер паралогикалық тәсіл арқылы жасалған.
  4. Онтологиялық нормадан прагматикалық ауытқу. Онтология – ақиқат дүниенің тілдік бейнесі, болмыстың жалпы адамзатқа тән, я болмаса белгілі бір мәдени-тілдік қоғамдастыққа тән құрылымдары, заңдары, формалары. Мысалы, қазақ қоғамындағы мәдени, тұрмыстық санада құда “сыйлы адам”, “мыңжылдық жекжат”. Осы түсінік құрмаласқан құда, құшақтасқан дос, т.б. сөз орамдары арқылы репрезентацияланады. Тілдік ұжымның санасындағы ақиқат дүниенің тілдік бейнесін көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтің өлеңіндегі мына жолдар дәлме-дәл береді: Қазақ – осы құда бол деп қинайтын, құдаларын құдайдай-ақ сыйлайтын.

Ұлы Абай өзінің “Қыс” деп аталатын өлеңіндегі осы онтологиялық норманы прагматикалық мақсат көздей отырып бұзған. Ақын қысты әлекке түсіретін кәрі құда түрінде сипаттау арқылы, яғни параонтологиялық тәсіл арқылы оқырман зейініндегі автоматизмді бейтараптандырады.

  1. Этологиялық норма. Норманың бұл түріне сөз саптаудың, қарым-қатынастың постулаттары мен максималары жатады. Осылардың белгілі бір прагматикалық мақсатқа байланысты бұзылуы параэтологиялық тәсіл деп аталады.

Қазақтың қоғамындағы, мәдени дәстүрінде этикалық нормамен байланысты түсінік бойынша “қымыз – көптің асы”: бие байлап отырған үй келген бөгде адамға, әлеуметтік мәртебесінің жоғары/төмендігіне қарамастан, қымыз ұсынуға тиіс. Бұл – этологиялық норма. Ал осы дәстүрлі мәдениеттегі этологиялық нормадан ауытқуды жазушы Ғ.Мүсірепов оқырман зейінін тоқтату мақсатында қолданады.

Бұл жерде үй иесінің келген жандарға қымыз ұсынбауы назар аударатындай тосын көрінеді. Жазушы мұндай параэтологиялық тәсілді белгілі бір әсер тудыру үшін қолданғандығын байқаймыз. “Сол күні мырза бала үйіне таң ата келіпті ғой. Ертеңіне Қайныш келіннің де өңі кірмей жүріпті. Келген кісіге қымыз да бермепті … […]. Біздің Кенжем де “осыларда бірдеме бар” деп жүретін, айтам ғой. Бірдеме болғаны. Бұлар тегін емес …” (Ғ.Мүсірепов. Көк үйдегі көршілер. 43-б.).

Сөзді осылайша тілдік, тілдік емес норманың түрлерінен ауытқудың ыңғайына қарай құру автордың прагматикалық мақсатына бағынады. Сонымен, прагматикалық мақсатқа қарай, яғни адресатқа ықпал ету үшін, оның зердесіндегі автоматизмді бейтараптандырып айтылған/жазылған сөзге зейінін тоқтату үшін тілдік нормадан, мәтін нормасынан этологиялық нормадан, ортологиялық нормадан ауытқудың ыңғайына қарай сөз саптау тілді әсерлі, бедерлі етудің тәсілі болып табылады.

“Варианттылық және оларды кодификациялаудың негіздері” деп аталатын тараушада варианттардың түрлері мен типтері және оларды саралаудың жолдары көрсетілді.

  1. Дыбыстық ықпалдасудың барысында пайда болған варианттар.

Қазақ тілінде варианттардың кейбір типі дыбыстардың ықпалдасуымен байланысты бұны/мұны, мұнда/бұнда, бұрнағы күні / мұрнағы күні, бағана/мана, бағанағы /мағанағы, сүйінші/шүйінші, қысқаш/қышқаш т.б.

Сөйлеу тілінде еріндік ұяң [б]-ның еріндік мұрын жолды үнді [н]-ға алмасуы екінші буындағы мұрын жолды [н] үнді дауыссыздың әсері екені байқалады. Байырғы кезде дыбыстардың бұл типтегі ықпалдасуы едәуір сөзді қамтығаны байқалады: [бұрұн] > [мұрұн] мұрын; [бойұн] > [мойұн] мойын т.б. Егер бір кездердегі дыбыс өзгерістеріндегі үрдісті ескерсек, онда мұны (бұны емес), мұнда (бұнда емес), мұрнағы күні (бұрнағы емес) манағы (бағанағы емес) тәрізді нұсқаларға артықшылық беріп, оларды басым деп тануға негіз болады.

Ал сүйінші, қысқаш тәрізді сөздердің шүйінші, қышқаш болуы ызың [с] дауыссызының соңғы буындағы ызың [ш] дауыссызымен ықпалдасып салдыр жағынан игерілуі [сүйүншү] > [шүйүнші], [қысқаш] > [қышқаш]. Бірақ бұл жерде басым вариант сүйінші, қысқаш деп танылады, өйткені сөзге сүйін=, қыс= морфемалары негіз болып тұр.

  1. Ықшамдалу үрдісімен байланысты варианттар.

Тіл – өзін-өзі реттеп отыратын жүйе. Тілдің эволюциялық дамуында екі үрдіс қатарласа жүретіні мәлім: біріншісі ой-сананың күрделенуі тәрізді факторлармен байланысты тілдік бірліктердің күрделену үрдісі болса, екіншісі – ықшамдалу үрдісі. Ықшамдылық, жинақтылық тілдің қызмет етуіне қолайлы [15, 188-194]. Сондықтан аса күрделі элементтер шектен тыс көбейіп кетуіне ықшамдалу үрдісі, жол бермейді. Тіл қолданысында едәуір варианттардың пайда болуы күрделі бірліктердің ықшамдалу үрдісімен байланысты деуге болады. Тілдік нормаларда босаң аймақтардың пайда болуы тілдегі ықшамдалу құбылысының нәтижесі.

Қазіргі қазақ тілінде бір-бірімен тайталас қолданылатын жарыспа варианттардың бір сыңары ықшамдау үрдісіне сәйкес келеді. “Қысқа” варианттардың мазмұнмежесі өзгермейді де, тұрпатмежесі құрылымдық жақтан ықшамдалады. Мазмұнға зиян келмейтін жағдайда құрылымы ықшам варианттарға артықшылық беру нормаларды кодификациялаудағы негізгі принциптердің бірі болуға тиіс. Сондай-ақ сөз жұмсау дағдысында “мазмұнға зияны тимейтін” мына тәрізді ықшам нұсқаларға жіп тағу жарыспа нұсқалардың нормалану барысын жеделдете түсер еді.

Берігірек – берірек, берігіректе – беріректе, турасында – туралы; мынандай – мынадай, шындығында – шынында; тіптен – тіпті; бекерге (барды) – бекер (барды); кейіннен (білді) – кейін (білді), әуелден – әуелде; бермен (кел) – бері (кел), әрмен (кет) – әрі (кет); мұрсатана – мұрсат – мұрша; баратындығын (айтты) – баратынын (айтты); барғаннан соң – барған соң; әдейін – әдейі; шынтуайтында, шындығында – шынында; сындайын – сынайын (бағымды сынайын), үйдейін –үйдей, мандырымды – мандымды, мандыртпады – мандытпады, мандырымсыз – мандымсыз; аласылы – аласы; көресілі – көресі; әлденендей – әлденедей; әлгінде – әлгіде.

  1. Универбтену үрдісімен байланысты варианттар. Қазіргі қазақ тілінде көп-, әсіре-, бір- тәрізді лексемалар бірде бөлек, бірде бірге таңбаланады: көп балалы – көпбалалы (отбасы), бір жақты – біржақты (шешім); жек көру – жеккөру (жеккөрушілік), орыс тілді – орыстілді; қазақ тілді – қазақтілді, көп үнділік – көпүнділік т.б. бұлардың біріккен нұсқалы басым сыңар деп аталады.
  2. Қате қолданылатын дағдыға айналған варианттар: құсбегі – құсбегіші, аттестаттау – аттестациялау, инвестор – инвесторшы, бітімгер – бітімгерші; сертификаттау – сертификациялау т.б. Мұндай варианттардың екінші сығарының қате екендігі көрсетілді.

Варианттылық құбылысын динамикалық қасиетімен, семантикалық, функционалдық тұрғыдан саралану үрдісімен байланысты жарыспалы сөздерді екі типке бөліп көрсетілді:

  1. Семантикалық жақтан саралану фазасындағы варианттар:

Тамақ/тағам – тамақ (тамақ ішті), тағам (тағам әзірледі); арнаулы/арнайы – арнаулы (арнаулы оқу орыны), арнайы (арнайы келді); жоғары/жоғарғы – жоғары (жоғары оқу орындары), жоғарғы (жоғарғы кеңес); көшпенді /көшпелі – көшпенді (көшпенді ел, көшпенді өмір салты), көшпелі (көшпелі мұз, көшпелі қар, көшпелі құм); сұрау/сұрақ/сауал – сұрау (сұрақ қою), сұрақ (сұрақ алу), сауал (сауал салу); мағлұмат/мәлімет – мәлімет (мәлімет беру), мағлұмат (хабардар ету); бағана /баған – бағана (газет бағанасы), баған (элетр бағамдары); залалсыздандыру /зарарсыздандыру – залалсыздандыру; жуықта/жуырда – жуық (жуық маңда), жуыр (жуыр арада); даярлау /дайындау – даярлау (кадр даярлау), дайындау (қолжазбаны дайындау); кінәмшіл/кінәшіл – кінәмшіл (болмашыны көңіліне алғыш), кінәшіл (кінә қойғыш) т.б.

  1. Функционалдық жақтан саралану фазасындағы варианттар:

Болып/боп – болып (бейтарап) – боп (сөйлеу тілі), тең жарымы/тең жартысы – тең жартысы (бейтарап), тең жарымы (сөйл.), келді білем/келген болу керек – келді (бейтарап); келді емес пе/келді ғой – келді емес пе (сөйлеу), келді ғой (бейтарап), туралы/турасында – туралы (бейтарап), турасында (ескі кіт.), бір қайты/бірге қайтты – бір қайтты (сөйлеу), бірге қайтты (бейтарап), бекер айтты /бекерге айтты – бекер айтты (бейтарап), бекерге айтты (сөйл.) т.б.

Тілдік бірлік варианттарының тағы бір типіне сөздердің тұлғалық дереваттары жатады: алғашында – алғашқыда, жаңғыз – жалғыз, түгендеу – түгелдеу т.б. жарыспалы сөздер жатады. Бұлардың жетекші сыңарын айқындап, біріне басымдылық беруде олардың тұлғалық деривациясы, типтестігі тәрізді ерекшеліктеріне назар аудару қажет. Мысалы, алғашқыда сөзі бастапқыда-мен бір типтес. Ал жалғыз – жаңғыз, түгелдеу – түгендеу варианттарындағы жалғыз, түгелдеу тәрізділердің артықшылығы – бұлардың өзге тұлғада кездесуі мен дербес қолданылуы: жалғыз, жалқы, түгелдеу, түгел, түп-түгел. Осылардың жарыспалы сыңарлары жаңғыз (жаңқы түрінде қолданылмайды), түгендеу (түген, түп-түген деп айтылмайды) тәрізділерден мұндай ерекшелік байқалмайды.

 

Жұмыстың үшінші тарауы “Сөздің функционалдық типтері және сөз мәдениеті” деп аталады. Аталмыш тарау әдеби тілдің функционалдық типтері, көркем дискурс, публицистикалық дискурс, ғылыми дискурс, іскери дискурс сөйлеу тілі мәдениеті, шаршысөз мәдениеті деген тараушалардан тұрады.

Қазіргі қазақ әдеби тілінің бес түрлі функционалдық стильдік жүйесі қоғамдық өмірде қоғамдық әлеуметтік өмірдегі тілдік қарым-қатынастың жүзеге асатын осы бес түрлі саласына сәйкес қалыптасқан: 1) тұрмыстық-әлеуметтік салада – сөйлеу стилі; 2) саяси-қоғамдық салада – публицистика стилі; 3) эстетикалық салада – көркем әдебиет стилі; 4) құқықтық қарым-қатынас саласында – ресми стиль (ресми іс-қағаз стилі); 5) білім мен ғылым саласында – ғылыми стиль. Әр саланың талабы мен шартына лайық арнайы қызмет етуге бейімделген, маманданған тілдік құралдар мен тілдік тәсілдер функционалдық стильдердің негізгі тілдік базасы болып табылады. Әрбір функционалдық стильдің өзді-өзіне тән “басыбайлы” тілдік құралдары мен амал-тәсілдері және оларды қолданудың тәртібі мен рет жүйесін көрсететін нормасы болады.

Бұл мәселенің тілдік жағы болса, ендігі тұста тілдік емес жағына да мән берілуге тиіс. Мысалы, автор алдымен қарым-қатынастың типін ажыратуға тиіс: қарым-қатынастың жағдаятына — қарым-қатынастың түріне – субъект жеке адам ба, көпшілік пе; — байланыстың түріне – дистактілік пе, контактілік пе; — қарым-қатынастың сипатына – ресми ме, бейресми ме; — қарым-қатынастың жүзеге асу формасына – ауызша ма, жазбаша ма; — сөздің мағыналық типіне – баяндау ма, сипаттау ма, байыптау ма; — сөздің формасына – диалог па, монолог па?, – міне, осыған бағынады.

Алайда сөйлеген, жазылған сөздің қай-қайсы болмасын адресат үшін айтылады, адресат үшін жазылады. Олай болса, сөздің коммуникативтік сапасын бағалауда, әдеттегі мәтінмен шектелмей, адресат факторы назарда болуға тиіс. Коммуникативтік “уақиға” фреймі “автор”, “сөз актісі” – “адресат” және “сөз жағдаяты” (сөздің қандай ситуацияда айтылғаны) деген құрылымдардан тұрады. Осымен байланысты тараушалар әдеттегідей “көркем шығарма тілі” я болмаса “көркем шығарма стилі және сөз мәдениеті”; “публицистика стилі және сөз мәдениеті” “ресми стиль және сөз мәдениеті”, “ғылыми стиль және сөз мәдениеті” делінбей, “Көркем дискурс және сөз мәдениеті”, “Публицистикалық дискурс және сөз мәдениеті”, “Ғылыми дискурс және сөз мәдениеті” деп аталды.

Тақырыпшаларды бұлай етіп алудағы мақсат сөздің коммуникативтік сапасын айқындауда д и а л о г т і л і к т і (диалогтичность) негіз етіп алу. Сөз типі монолог болғанмен, бәрібір, автор мен оқырманның мәтін арқылы тілдесуі, автор басқа кеңістікте, оқырман басқа кеңістікте болғанмен, бір-бірімен уақыт жағынан сәйкеспегенмен, өзара тіл қатысуы сөздің диалогтілігі дегенді аңғартады.

Дәстүрлі зерттеулерде сөздің әсері, ықпалы, стильдік эффектілердің “орны” мәтінде деп білді. Шын мәнінде бұлардың “орны” оқырманның (адресаттың) сана-сезімінде екені кейіннен, адресат факторына көңіл бөлумен байланысты айқындалды. “Диалог” концепциясы бойынша адресат позициясы басымдылыққа ие болады.

“Көркем дискурс және сөз мәдениеті” тараушасында көркем дискурстың құрылымы әлдеқайда күрделі екені, мәтінге дейін де автордың санасында тілдік емес құрылымдар түзілетіні автордың ойлаған көркем идеясы, сол идеяны тілдік құралдармен берудің тәсілдері мен амалдарының ойластырылатыны, ой елегінен өткізілетіні сөз болады. Сөйтіп, автордың “нені айтсам”, “қалай айтсам”, “кімге айтсам” деген мәтіндік құрылымға дейінгі ой жүзіндегі сөзі яғни “коммуникацияның” бірінші кезеңі тілдік таңбалар арқылы объективтеніп, мәтін түзіледі, бірақ коммуникация аяқталмайды. Коммуникация мәтінді оқырман қабылдаған соң, автордың идеясын нені айтқанын, қалай айтқанын, кімге айтып отырғанын, не мақсатпен айтқанын игерген соң аяқталады. Бұл – коммуникацияның сәтті аяқталуы, ал коммуникацияның сәтсіз аяқталуы да мүмкін. Ол сөздің коммуникативтік сапасын төмендететін тілдік//тілдік емес факторлармен байланысты болуы ықтимал. Сөздің коммуникативтік сапасын төмендететін // жоғарылататын жайттарды анықтау мен себептерін көрсету; коммуникативтік сәттілік // сәтсіздік мәтінге дейінгі аймақта ма, мәтінішілік аймақта ма, мәтіннен кейінгі аймақта ма, оның орнын нақты айқындау, сөйтіп мәтіннің сапасына тұтастай баға беру сөз мәдениетінің іргелі теориялық мәселелерінің бірі болып саналады.

Көркем мәтін – айрықша тілдік код, сондықтан оқырман санасында мәтіндегі тілдік кодты аша алатындай тілдік білімнің болуы шарт, өйткені автор айтпақ ой-сезімін тілдік бірліктер арқылы кодқа салады. Ал тілдік білім дегеніміз сөзді, оның мағыналарын, сөйлем оның мағыналары мен құрылымдарын білу дегенге саяды. “Оқырман-тілдік тұлға” мен “суреткер- тілдік тұлға” – нақты бір тілдің субъектісі. Тілдің дыбыстық, лексика-семантикалық, грамматикалық бірліктерінің мән-мағынасы мен қызметі, нормасы екеуіне де ортақ. Алайда автор лексика-грамматикалық, дыбыстық т.б. бірліктерді діттеген мақсатына қарай іріктеп, ақиқат дүниеде кездесетін референттерді мәтінде өзіндік “тілмен” өзгеше атайды. Мысалы, жазушы күн қатты ыстық демейді, көлеңке бауырға кіріп кетті дейді. Осы айтылғандарды нақты көрсету үшін Ғ.Мүсіреповтің “Ананың анасы” әңгімесі талдау материалы ретінде алынды. Әңгімеде кездесетін би, батыр және барымтамен байланысты атаулар т.б. ақиқат дүниенің байырғы замандағы денотаттар әлемі. Осылар арқылы оқырманға ерте заманның “есігі” ашылады. Бір жағынан, бұл тәрізді таңбалар тілдік код болса, екінші жағынан, когнитивтік код я болмаса тіл субъектісінің санасындағы ақиқат дүниенің картинасы, ұрпақтан ұрпаққа тіл арқылы беріліп келе жатқан дәстүрлі білімдер жүйесі. Мәтіндегі әлгіндей тілдік таңбалар оқырман санасындағы ақиқат дүние туралы “тыныш” күйдегі білімді “оята” бастайды. Тілдік таңба стимул болса, оқырман санасындағы білімнің мән алуы (актуалдануы) – реакция. Бұл жайт мәтін арқылы “оқырман тілдік тұлға” мен “суреткер тілдік тұлға” арасында диалогтің басталғанын байқатады. Екі бірдей код – тілдік код пен когнитивтік код, – ашылғанда ғана сөз субъектілерінің (адресант пен адресат) арасында диалог болады.

Алайда мәтінде, тіпті орташа статистикалық тілдік тұлға үшін де, кездесетін қиын тұстар болуы мүмкін. Өйткені қайсыбір тілдік таңбаларда когнитивтік кодқа салынған мәдени-тарихи ақпараттар оқырман санасында үстірт қана ашылуы ықтимал. Тілдік таңбадағы осындай мәдени-тарихи мәнділіктерді байыптау үшін би, батыр, барымта сөздеріне контент-талдау жасауға болады.

Көркем мәтіндегі би сөзін лингвомәдени таңба ретінде алып қараудың тиімді жағы бар. Өйткені аталмыш таңбада лингвистикалық код бар да, мәдени-тарихи код бар.

1) Лингвистикалық код дегеніміз сөздің лексика-семантикалық ерекшелігін көрсетеді, яғни сөздің сөздіктерде берілетін түсіндірмесімен сәйкес келеді. Мысалы: БиҚазақ қоғамындағы бұрын-соңды қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-сананы өте жетік білетін, сөзге шешен, өзі заңгер, өзі істің ақ-қарасын айқындап үкімін шығаратын сот (судья)”.Бұл – сөздің лексикалық мағынасы

Бір кездегі мәдени-тілдік ұжымның қоғамдық санасында БИ мәдени-тарихи концепт. Мұнда би туралы әралуан ақпараттар жинақталған, жүйеленген соның нәтижесінде тілдік ұжымның санасында би туралы деректер дәстүрлі білімге айналған. Санадағы когнитивтік код тиісті ақпараттар арқылы ашылады. Мысалы: би елге – құт; би дегенің ақсары ілеуде бір болатын; қайғылы қара би; би – елдің тұтқасы; шөгел табан би т.б. Міне, мұндай ақпараттарға қарағанда би – әлеуметтік мәртебесі байдан да, батырдан да жоғары тұратын тұлға. Бұл жерде би – елге құт, би – елдің тұтқасы деген сөздердің мағына-мазмұны түсінікті, ал қайғылы қара би, шөгел табан би, байшөгел би тұрақты тіркестері қазіргі оқырманға онша түсінікті емес. Аталмыш таңбалардың тілдік кодын былайша ашуға болады: шөгел табан би “кесіп айтатын, сөзінің бедері мықты, тарлан би”; қайғылы қара би “күллі ел-жұрттың қамын ойлайтын, бүтіндігі мен тұтастығын, болашағын болжап, уайым жейтін би”. Сондай-ақ төбе би “төрелікті бекітетін би”, ара би “дауласушы екі жаққа да бейтарап би”, сөз ұстайтын би “дауласушы жақтың сөзін сөйлейтін би” деген мағынаны білдіреді. Тіпті кей жағдайда ел сұраған (билеген) ханнан да, ел қорғаған батырдан да ел құраған бидің әлеуметтік беделі жоғары тұрады. Өйткені би – тағайындалу жолымен емес, халықтың өз қалауымен таныған тұлғасы, билікке демократиялық жолмен келген қоғам қайраткері (батыс өркениетіндегі адвокаттар тәрізді).

Алайда Дулат Бабатайұлында, Абайда, Жамбылда т.б. адамдарда бидің жағымсыз мазмұнда көрсетілетін тұстары бар. Бұлай болатыны қазақ елі Ресей патшасының қол астына қараған соң, қазақ қоғамына саяси-әкімшілік реформалар жүргізіле бастады. Ендігі жерде би сайланатын, болмаса тағайындалатын болды да дәстүрлі билер институтын әлсіретті. Сайланып, тағайындалатын билердің қайсыбірінен халық теріс айналып кетті.

Ғ.Мүсіреповтің “Ананың анасы” әңгімесінде керей Бала би жағымсыз мазмұндағы тұлға ретінде алынуының, бәлкім, бір себебі әкімшілік реформамен байланысты дәстүрлі билер институтының әлеуметтік мәнділігінің төмендей бастауымен байланысты болуы ықтимал.

“Ананың анасы” мәтінінде батыр сөзін лингво-мәдени таңба ретінде қарастырып, оның мазмұнындағы лингвистикалық кодты, мәдени-тарихи кодты ашудың автормен диалог құруда мәні айрықша. Әдеттегідей алдымен лингвистикалық коды ашылады:

Батыр “жаумен шайқастарда асқан ерлік жасаған, қарсыласынан ешқашан тайсалмайтын, қаймықпайтын, өз намысын, ел намысын өзгеге таптатпайтын қаһарман, ержүрек адам; жаумен шайқаста жеке ерлік жасап, даңқы шыққан, сол үшін елдің құрметіне бөленген, ел ардақтаған тұлға”. Батыр “қолпаштау, көтермелеу, “бәрекелді” мағынасында айтылатын қаратпа сөз” (Тоқта, батыр! – деп Бала би тоқтатыпты да, былай депті; – Сауғаңа жараса, не арман бар, ал батыр!).

Байырғы мәдени-тілдік ұжымның когнитивтік санасында БАТЫР –мәртебелі әлеуметтік топтың өкілі, бірақ биден мәртебесі жоғары емес (батыр биден санкция сұрайды, бата сұрайды; би батырды жорыққа жұмсайды т.б.). Батыр өзінің ғана емес, елдің намысын жоғары ұстайтын тұлға (мақал: ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді); батыр екі сөйлемейді; батыр қолпашты, көтермелеуді сүйеді (мәтел: Батырды бәрекелді өлтіреді); батыр аңғал болады (мәтел: батыр аңғал, ер көдек); батыр кеңеске қарусыз кірмейді; жаудан түскен олжаны бөліскенде батырдың қылышына (мылтығына, садағына, найзасына т.б.) арнайы сыбаға бөлінеді; батырдың ұстаған туы, найзасының қылы, дулығасы, кісесі, қыны т.б. атадан балаға мирас болып қалады. Мирастық жол жеті атаға дейін сақталуға тиіс, батырдың мирасқа қалған затын жеті атаға толғанша бөтен біреуге бермейді.

Батыр өзіне дәреже-атағы (рангісі) теңдес қарсыласпен жекпе-жекке шығады, қарсыласының жолын сыйлап, кезегін береді; бесқарудың қайсымен жекпе-жекке шығуды қарсыласының таңдауына береді т.б. Бір кездердегі мәдени-тілдік ұжымның санасындағы батыр туралы білімдер үзігі, шамамен, осы тәрізді.

“Суреткер-автордың” санасында білім түрінде жүйеленген ақпараттардың едәуір бөлігі аталмыш мәтінде тіл арқылы когнитивтік кодқа салынған. Ал “оқырман-адресаттың” санасындағы білім көлемі жеткілікті болса, тілдік құрылым арқылы когнитивтік кодқа салынған ақпараттар толығырақ ашылады. Ал оқырман санасындағы батыр туралы білім көлемі аздау болса, яғни батыр “еш нәрседен қорықпайтын ержүрек адам” деген ақпарат көлемінде ғана болса, мәтіннің мазмұнына, суреткердің діттеген ойына тереңірек баруға реципиенттің мүмкіндігі шектеулі болып қалар еді. Міне, “автор-суреткер” мен “оқырман адресаттың” арасында диалогтің ойдағыдай болу/болмауы олардың санасындағы білім көлеміне, екеуін байланыстыратын дәстүрлі білім факторына тәуелді.

Мәтінде кодқа салынған ақпарттардың енді бір үшінші типі – эстетикалық ақпараттар. Кодқа салынған эстетикалық ақпараттар көркем мәтінде оқырманның сезіміне әсер ету үшін қолданылады. Сыртқы дүниедегі белгілі бір денотатты меңзейтін сөздер оқырман санасындағы ақиқат дүние картиналарына қозғау салады. Сондықтан көркем шығарма тілі абстракті ойлауға емес, сезім мүшелерінің деректі қабылдауына (остенсивті модусқа) сүйенеді. Күн ыстық, күн күйіп тұр, күннің көзі қайнап тұр деген сөздер көру, тері, сезім мүшелерінің қабылдауына негізделген. Сондай-ақ күн ыстық жай хабарлау болса, күн күйіп тұр сөзі сөйлеушінің объективті ақиқат жөнінде ұнату/ұнатпау сезімін, көзқарасын да білдіреді.

Соңғы кезде зерттеушілер әсер, ықпалды оның ішінде эстетикалық әсерді мәтіннің өзінен емес, мәтінді қабылдаушының санасынан іздеу, әсер ету категориясын тілдік тұлғаның санасымен байланыстыру керектігі жөнінде пайымдаулар айта бастады. Әсер автор мен оқырман арасындағы байланыстан туындайды, ал мәтін оқырманның авторға “барар жолы”. Оқырманмен байланысты күшейту үшін суреткер сөздің әралуандығына ерекше көңіл бөледі. Мәтіндегі сөз бірсарынды болып кетсе, оқырманмен арадағы байланыс әлсірей бастайды. Мысалы, күн ысып кетті, күн күйіп тұр, күннің көзі қайнап кетті дегендер екінің бірі айта беретін сөздер. Бұл – қалыпты нәрсе, норма. Суреткер сөзді бәрі айта беретіндей қолданса, яғни қалыптан, нормадан ауытқымаса, оқырманмен мәтін арқылы байланыс ойдағыдай болмас еді. Сондықтан суреткер қалыпты нормадан ауытқып отырады. Мысалы, жазушы біз сөз етіп отырған әңгімесінде “ыстық” деген ұғымды ыстық, күн ыстығы, күннің көзі күйіп тұр деген сөздермен бермейді. Аталмыш ұғымды берудің басқа тілдік тәсілдерін қарастырады: күн ұзын көлге шомылып жанын сақтады; шалқыған шаңқай түс кезінде адамның көлеңкесі де саяларға жер таппай, бауырыңа кіріп кетеді; қойшылардың өздері күнге күйіп, құрысып, кішірейіп, күпілері ғана өсіп бара жатқандай т.б.

Жазушы “ескі әңгіме”, “баяғының әңгімесі” деудің орнына тот басқан әңгіме дейді. Әйтелес ескі күндердің әңгімесін шертіп отыр. Тот басқан әңгімені жанып-жанып жаңартып, жалт-жұлт еткізеді. Бұл – эстетикалық мәнділіктерді көрсететін ақпараттары бар ерекше код.

Мұндай тұсқа оқырманның қалайда назары тоқтайды. Назары тоқтау деген іркіліп, кідіру емес. Назар тоқтату дегеніміз оқырманның әлгіндей ерекше кодты жай кодқа ауыстыруы. Көркем мәтіндегі ерекше эстетикалық бедері бар кодты жай кодқа көшіру арқылы оқырман оның мән-мағынасын ұғынады. Енді осы айтылған ерекше эстетикалық кодты оқырман шамамен жай кодқа былайша түсіреді: Әйтелес өткен күндердің әңгімесін айтып отыр. Ескі заманның әңгімесін әдемілеп нәшіне келтіріп айтты. Эстетикалық кодты осылайша жай кодқа ауыстыру, санаға азды-көпті салмақ түсіріп, мәтінді қабылдаудағы автоматизмді бәсеңдетеді. Авторға керегі де осы: автоматизм бәсеңдеген тұста санаға салмақ түседі. Алайда мәтін біркелкі, біртұтас эстетикалық кодтан құралмайды. Эстетикалық жүктемесі бар сөздер ара-тұра болмай, сөз сайын ұшыраса берсе, “жарқылдаққа” толы мәтінді қабылдау қиынға соғып, автор мен оқырман арасындағы байланыс әлсірейді. Сөздің коммуникативтік сапасы нашарлайды.

Эстетикалық бедері күшті сөздер ара-тұра қолданылғанмен, жарқылы ерекше болып, айналасына сәуле шашып тұрғандай сезіледі де оқырманды айрықша әсерге бөлейді: Артымдағы қыз еңіреп жіберді де, белімдегі білегін суырып-ақ алды. Алдыма алып анықтап қарасам, мөлдіреген бота көзінен меруерт жасы парлап-ақ кеткен еді. ..Адам баласының қызғылдақтай үлбіреген сұлуы бола береді екен, қарысып қалған білегіммен құшақтауға аядым, – дейді (Жанайдың да қолы қатты кісі еді).

Оқырман осы келтірілген мәтіннің едәуір бөлігін автоматизммен оқи береді. Тек меруерт жас парлап келеді деген тұста автоматизм бәсеңдейді. Оның себебі меруерт жас парлады деген сөз ақиқат дүниеде прототиппен сәйкеспейді. Сондықтан оқырман назар тоқтатып, әлгідей эстетикалық кодты әдемі, сұлу көзінен жас ағыл-тегіл ақты деп жай кодқа салып ашады.

Көркем мәтін – 1) тілдік, 2) танымдық, 3) эстетикалық ақпараттар кодқа салынған ерекше тілдік семиотикалық жүйе. Көркем мәтін тілінде бұлар бір-біріне байланыссыз оқшау тұрмайды, керісінше, олар өзара астасып, көркем тіл өрімін эстетикалық тұтас дүниеге айналдырады. Осы аталған кодтарды ашу арқылы оқырман автормен диалог құра алады.

Көркем шығарма дискурсын оқырманға тигізер ықпалы, оқырман реакциясы, оқырманның зерделеу әрекеті тұрғысынан зерттеудің маңыздылығы мен өзектілігі сөз мәдениеті ғылымының иманентті жүйеден антропоцентристік бағытқа бет бұруы үшін аса маңызды, аса өзекті болып отыр. Белгілі бір коммуникативтік бірлікті немесе сөз актісін адресант + мәтін + адресат тұрғысынан талдау дискурстағы ақпараттың эстетикалық мәнділігінің басым екенін байқатып, коммуникативтік біртұтас жағдаяттың табиғатын объективті түрде айқындауға мүмкіндік береді.

“Публицистикалық дискурс және сөз мәдениеті” деп аталатын тараушада антропоцентристік парадигма бағдарға алынды. Публицистикалық дискурста “аудиторияның бұқаралығы, гетерогендігі, ақпараттың әлеуметтік мәнділігі, тілдік құралдардың медиакоммуникацияға сәйкестілігі, коммуникацияға қатысушылардың сөзі, пікірі т.б. мәнділіктер” [16, 62] аталмыш дискурстың ерекшлегіні көрсетеді.

“Адресант + мәтін + адресат” “коммуникативтік ситуация” бірлігін талдау арқылы мәтіндік түзілімге дейін де автордың санасында белгілі бір тілдік емес құрылымдар түзілетінін, автордың діттемін, стратегиясы мен тактикасы, діттеген мақсатына жету үшін қолданатын тілдік, тілдік емес амалдар мен тәсілдер жүйесінің нобайын публицистикалық дискурстан байқауға болатынын көрсету үшін БАҚ-тан алынған материал талданып көрсетілді. Материалды тұтас беретіндей мүмкіндік болмағандықтан, алдымен мәтіннің, материалдың мазмұны қысқаша баяндалады. Әңгіме билік басындағы әкімнің қызметі туралы. Автордың м а қ с а т ы – әкімнің қызметіне өзінің (редакция ұжымының) бағасын беру. С т р а т е г и я с ы – оқырманды // тыңдарманды осы берілген қоғамдық бағаға иландыру; т а к т и к а с ы әсер ету. Бұл – мәтіндік құрылымға дейінгі сөз субъектісінің санасында жүзеге асатын коммуникациялық актінің бір бөлігі.

Сөз субъектісі коммуникативтік діттемін жүзеге асыру үшін (мәтін түзбес бұрын) алдымен адресаттың а) тілдік біліміне, ә) дәстүрлі біліміне сүйенеді. Тілдік білімге автор қолданатын барлық деңгейдегі тілдік бірліктер: дыбыс, морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем жатады. Ал дәстүрлі білім ақиқат дүниенің тілдік бейнесі, позитивті танымның нәтижесінде алынған ақпараттардың жүйеленіп концептілік құрылымға айналғаны. Бұлар автордың да, оқырманның да санасында бар, екеуіне ортақ білім болып табылады. Сонымен, сөз болып отырған мәтінде әкімнің зауыт салуға, газ құбырын жүргізуге жергілікті тұрғындарға уәде бергені айтылады. Зауыттың белгілі бір өнім шығаратыны, газ құбырын тарту арқылы отын-жылу жүйесінің жақсаратыны автор мен адресат санасындағы ортақ жалпы білім. Зауыт тауар шығарса, үйді-үйге жарық пен жылу келіп жатса, халықтың тұрмысы абаттанатыны да екі жаққа ортақ дәстүрлі білім. Дәстүрлі білім ортақтықтығы – адресант пен адресатты байланыстырушы фактор.

Ендігі жерде автор өзінің діттемін, коммуникативтік стратегиясын жүзеге асыру үшін алдымен фактуалды ақпараттарды таңдап, талғау арқылы адресаттың интеллектуалдық санасына әсер етуге тырысады: зауыт салынбай қалды, өнім жоқ, газ құбыры іске қосылмады, жол жөнделмеді т.б. Автор сонымен бірге әртүрлі цифрлар, беделді тұлғалардан дерек сөздер келтіруді ойластырады. Осылайша автор болашақ мәтіннің қаңқасына фактуалды ақпараттарды орналастыра бастайды. Мұндай фактуалды ақпараттар оқырманды интеллектуалдық жақтан иландырудың аса күшті тәсілі болып табылады. Бірақ фактуалды деректер адресатқа әсер етудің бірден-бір тәсілі емес. Сондықтан автор өзінің коммуникативтік діттемін жүзеге асыру үшін адресаттың сезімдік (эмоциялық) санасына әсер ету жағын көздейді. Ол үшін автор:

1) тілдік бірліктердің парадигмалық межедегі бағалауыштық мәнге ие түрлерін талғап, таңдай бастайды: уәдеде тұрмады, жұмыс алға баспай жатыр, жұртты алдаусырату, былық, кадр саясатын қожыратты т.б.;

2) автор стильдік эффект тудыру үшін синтагмалық межедегі тілдік (яғни тілдік парадигмада жоқ, автордың өзіндік сөз қолданысына тән) бірліктерді ұйымдастыра бастайды: сергелдеңде жүрген халықтың жүйкесіне ши жүгіртті; әкім екі жыл, тоғыз ай қызметінде бізді небір тәтті арманға батырды т.б.;

3) сөздің әсер, ықпал жағын күшейту үшін прецедентті мәтіндерді, феномендерді пайдалану жағын да қарастырады: Әкім болғаннан гөрі тазша бала рөлін сомдаған үйлесетін тәрізді. Мұндағы тазша бала адресатқа күллі оқырмандарға белгілі прецедентті феномен;

4) автор адресатпен байланысты күшейту үшін күнделікті өмірдегідей әсер тудыру үшін сөйлеу тілі, қарапайым сөйлеу тілі элементтерін де пайдалану жағын қарастырады: әкесінен қалған мұрадай, мәз қылып қойды, бәлду-бәлду бәрі өтірік, әкімнің пысқырмайтын болғаны-ау шамасы т.б.;

5) кітаби мәндегі сөздерді, кәсіби сөздер мен салалық терминдерді талғап, таңдайды: зауыттың қызығын көру бақыты бұйырмады.

Міне, бұл талдаудан біз БАҚ-тың коммуникативтік стратегиясында, әсіресе оппозициялық басылымдар мен теле═,радио арналарда, адресатты басты тұлға етіп алғанын байқаймыз. Ал бұрынғы кеңестік дәуірдегі БАҚ-тың стратегиясында коммуникативтік актінің басты тұлғасы адресанттың өзі болатын: сөйлеуші не айтса да // жазса да адресат (тыңдаушы//оқырман) салғырт болатын. Әсіресе партия, комсомол ұйымдарына қарасты басылымдарда автор басты тұлға болып, адресаттың өзіндік ой-пікірі, пайымдауы ескерілмейтін. Осының салдарынан автор мен адресат арасында шынайы диалог болмайтын. Жоғарыда келтірілген тілдік бірліктердің құрамында сөйлеу тіліне тән қарапайым сөздердің (бәлду-бәлду, өтірікті соқтай дейсің, пысқырмайтын болды т.б.) прагмалингвистикалық тұрғыдан мәнді болғанмен, олардың талғамсыз жұмсалуы, сөз мәдениеті тұрғысынан орынсыз. Мәтін мазмұнын төмендетіп, тұрмыстық деңгейдегі, бейресми жағдайда сөзге ұқсатып жібереді. Бұндай элементтердің күнделікті тұрмыста, бейресми ортада қолдануы орынды саналады.

Автор өзінің мақсат міндетіне жету үшін индивидуумның ақиқат дүниедегі зат, уақиға, нәрселер жөніндегі біліміне байланысты рецепторлардың біріне қозғау салуы керек, ал ондай рецептор тілдік тұлғаның тезаурусы болып табылады.

Сөз актісінің вербалданған кезеңінде реципиент адресат тарапынан тілдік құрылым арқылы кодқа салынған а) фактуальды, интеллектуальды, ә) эмоциональды, б) мәдени-әлеуметтік ақпараттарды қабылдайды, яғни кодты жоғарыда айтқан коммуникатор мен реципиентке ортақ білім өрісі негізінде ашады. Реципиент кодқа салынған ақпараттар жүйесін қабылдап, тіркеп қоятын салғырт субъект емес. Мәтіндегі ақпараттарды қабылдай отырып, оны зерделейді, ішкі белсенділігін күшейтеді. Сөйтіп, тілдік қарым-қатынасқа (коммуникацияға) белсенді қатысушы субъекті ретінде көрінеді. Реципиенттің санасында тіпті сөз субьектісінің моделі пайда болады: сөз субъектісінің білім өрісі (екі жаққа ортақ білім өрісінен басқа), әлеуметтік-мәдени бейнесі (әлеуметтік жасқа, топқа жататыны), психологиялық ерекшелігі т.б. Бұл айтылған сөз актісінің теориялық моделінің сөз мәдениетіне тікелей қатысты бірнеше жағы бар, соған сәйкес бірнеше қауіпті аймақ бар:

  1. Сөз мәдениетіндегі қауіпті аймақтардың бірі коммуникатордың когнитивтік санасында реципиенттің әлеуметтік-мәдени бейнесінің дұрыс модельденбеуі. Егер коммуникатордың когнитивтік санасында реципиенттің әлеуметтік бейнесі айқын болмаса, тілдік қарым-қатынастың этикалық нормаларымен байланысты жағында ақаулар болуы ықтимал, яғни коммуникатор тілдік қарым-қатынаста қолданылатын этикеттік формулаларды реципиенттің әлеуметтік моделіне сай қолдана алмаса, этикеттік нормалардан уәжсіз ауытқуларға әкеп саяды.
  2. Коммуникатор мен коммуниканттың ортақ білім өрісі болатыны белгілі, осымен байланысты коммуникатор коммуниканттың білім өрісін дұрыс бағдарлай білуге, яғни білім өрісінің моделін дұрыс жасай білуге тиіс. Өйткені коммуникатордың тілдік құрылымға салған ақпараттар жүйесі коммуниканттың білім өрісіне сай келмесе, онда коммуниканттың тиісті ақпараттарды қабылдап, қорыту мүмкіндігі шектеледі де сөздің ықпал ету әлеуеті төмендейді.
  3. Коммуникатордың ой-пікірі, сезімі тілдік құрылым арқылы дәл берілуге, яғни ондаған мүмкіндіктің ішінен ең тиімдісін талғай білуге тиіс. Коммуникатордың тамаша ой-пікірінің тілдік жарақталуы ойдағыдай болмаса, сөздің ықпал ету әлеуеті де төмен болады.

“Ғылыми дискурс және сөз мәдениеті” тараушасында ғылыми қарым-қатынас тілінің формалды-тілдік ерекшеліктері мен нормалары көрсетілді.

Көптеген сөз күнделікті тұрмыста кәдімгі лексикалық мағынасында жұмсалса, ғылыми қарым-қатынаста (ғылыми дискурста) арнайы ұғымды білдіру қызметіне төселіп, яғни терминдік мәртебеге ие болады. Қазіргі қазақ әдеби тілінің жаратылыстану, табиғат ғылымы мен қоғамдық ғылым салаларында мамандандырылған лексемалардың саны жүздеп, мыңдап саналады.

Жаңа пайда болған білімді атау үшін тұрмыста танылған ұғымды білдіретін сөз ғылыми дискурста ғылымда танылған ұғымды білдіретін арнайы қызмет атқарады. Сөйтіп, қазақ тілінің негізінде ғылым тілі қалыптасып, жұмыс істей бастады, ал тілдік бірліктердің (лексика, фразеология, сөзжасамдық бірліктердің) ғылыми дискурста мамандануы ғылыми стильдің пайда болуында негізгі факторлардың бірі болды.

Ғылым тілі ағылшын, неміс, орыс тіл білімінде “арнайы мақсаттағы тіл” деп те аталады. Белгілі бір ғылыми дискурста терминдер қандай да бір ғылыми ұғымды ғана білдіріп қоймай, сонымен бірге маманданғандықты білдіретін ақпаратқа ие тілдік бірлік болып табылады, сөйтіп белгілі бір мәтінді біртұтас ғылыми тіл ететіндей тоғыстырушылдық (интеграциялауыштық) қызмет атқарады.

Ұлттық тілдің функционалдық саласы болып табылатын ғылым тілінің негізгі арқауы – термин. Басқаша айтқанда термин ғылымдағы “орталық” ұғым, түпқазық ұғым. Қазіргі кезде мамандық тілінің тілдік, тілдік емес ерекшеліктері барған сайын күшейе түсуде. Мысалы, салалық ғылымдар тілінде формула, сызба, символ, схема, сурет т.б. бейвербалды таңбалардың қатары көбейе түсті. Тіпті ғылымның белгілі бір саласының өзінде әлденеше тармақтар пайда болып, олар өздерінің терминдік, терминдік элементтер жүйесі арқылы бір-бірінен алшақтай түсті. Бұл бағытты кәсібицентристік бағыт деп атауға болады.

Арнаулы кәсіби тіл – көпфункционалды сипаттағы тіл. Ал арнаулы тіл кемел әдеби тілдің функционалдық бір түрі. Оның а) ақиқатты бейнелеу; ә) білімді сақтау (эпистемалық); б) жаңа білім алу (когнитивтік); в) арнаулы ақпарат беру (коммуникативтік) қызметі бар.

Арнаулы кәсіби тілдің лексика-семантикалық ядросы терминдер болып табылады, ал оған жақын қабатта дайын құрылымдар (стандарттар); шеткері қабатта индивидуалды-авторлық ерекшеліктерді байқататын тілдік бірліктер болады. Индивидуалды-авторлық ерекшеліктер арқылы маман кәсіпке байланысты категория, ұғым, арнаулы реалийлерді сөз қолданыста дәл айқын етіп бере алмайды.

Кәсіби тілде стильдік нышаны бар сөздер (эмоционалды, экспресоид сөздер) мүлде кездеспейді деуге болмайды. Эмоционалды бағалауыш сөздердің қолданылу мүмкіндігі шектеулі. Олар деңгейі жоғары, көлемі тым үлкен, сирек кездесетін, ұшырасатын жайтты, аса ірі, тым ұсақ, қызғылықты көрініс т.б. Сондай-ақ айқын, анық, бұлдыр, құнды, құнсыз, тұрақты, тұрақсыз, мүмкін, мүмкін емес, жеткілікті, жеткіліксіз т.б. тәрізді субъективті бағалауыштар. Бұлар арнаулы емес, жалпылама лексикаға жатады. Қызметі жағынан полифункционалды элементтер деп аталады. Бұлардың қайсыбірі белгілі бір кәсіптік салада терминдік мағынада да қолданылуы мүмкін.

Ғылыми дискурс негізінен қарым-қатынастың жазба түрінде жүзеге асады, ал ғылым-білім саласындағы жаңалықтар негізінен алдымен, ғылыми мақалаларда жарияланады. Қазіргі кезде ғылыми дискурстың ауызша түрі жиналыстардың ғылыми конференция, семинар, дөңгелек үстел, симпозиум тәрізді түрлерін өтуімен байланысты бұрынғыдан гөрі жанданып, ғылымдағы ауызша сөздің рөлі арта түсті. Ғылыми мәтіннің лексика-фразеологиялық жүйесі терминдер, ғылыми атаулардан, бейтарап лексикалық бірліктерден тұрады. Жалпылама тілдегі бейтарап, көпмағыналы лексикалық бірліктер дара мәнде қолданылады. Мұндай бірмәнділікке түптеп келгенде, есептейміз, есептеймін, болып табылады, бірінен саналады, санаймыз, нәтижеге қол жеткізуге болады т.б. тәрізді штамптардың қолданылуын жатқызуға болады. Бұларды реципиент бір нәрсенің “санын”, “есебін”, “болжамын”, “табылғанын” көрсету мағынасында емес, белгілі бір нәрсе жайында тұжырымға, қорытындыға келу деген мағынада түсінеді. Осымен байланысты рецепиент ғылым саласында болмаса да, мәтіннің ғылыми сөзге жататынын ажырата алады.

Ғылыми мәтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дәлдікке ерекше мән берілді. Мұның өзі ғылыми дискурстың мамандандырылған ақпарат беру//қабылдау жағынан өзге де коммуникацияның түрінен (көркем дискурс, публицистикалық дискурстан) ерекше екенін көрсетеді.

Бірінші жақтық тұлға бейтараптанады, баяндауыш көбіне ырықсыз етіс тұлғасында болады: жасалды, көрсетілді, анықталды, айқындалды т.б. Бұлай болу себебі, ғылыми мәтіндегі сөз нақты ситуациядағы сөзден, я болмаса жалпы тілдік мағынасынан дерексіздену арқылы өзгешеленуге тырысады. Құбылыстың, заңдылықтың объективтілігін көрсету, өзінің ой-пікірін субъективті етіп көрсете үшін автор ғылыми мәтінде өзін-өзі шеттету тәсілін жоғарыда айтылған тілдік-прагматикалық құралдардың көмегімен жүзеге асырады. Сондай-ақ деп айтуға болады, деп бағаланады, осылай деуге негіз бар т.б. тәрізді тілдік құралдар автордың “тасада тұруының” өзін салғырт субъект ретінде көрсетуінің ғылыми дискурс прагматикасына тән тәсілдердің бірі.

 «Іскери дискурс және сөз мәдениеті” тараушасында іскери қарым-қатынас тілінің формалды-коммуникативтік ерекшеліктерін, тек мәтінішілік талдауға сүйеніп сөз ету жеткілікті нәтиже бермейтіні айтылады. Өйткені мәтін — тіл жүйесі, формалдық-тілдік білімдер жүйесі, ал іскери сөз мәдениетін қарастыруда тек формалды білімдер жүйесімен шектелу іскери қатынастың мәнділіктерін толық ашпайды, өйткені мәтін коммуникацияның бір ғана бөлігі. Ал іскери сөз мәдениетін дискурс тұрғысынан талдау тілдік емес жағдаяттарды да қамтиды. Ал тілдік емес факторлар мәтінтүзілімге типтік ситуацияға лайық болуын қамтамасыз ететін мәнділіктер болып табылады.

Олай болса, іскери дискурс – мәтін және мәдени-әлеуметтік, психологиялық факторлардың жиынтығы деген ұғымды білдіреді.

Кез келген тілдік коммуникацияда когнитивтік компонент болады. Ал когнитивтік компонент коммуникацияға қатысушылардың санасындағы тап сол коммуникация жүзеге асыруға қажетті білімдердің жиынтығы дегенді білдіреді. Коммуникациядағы когнитивтік компонентке коммуникацияға қатысушылардың нақты қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін қажетті әртүрлі білімдер жүйесін яғни коммуниканттар ресми сөзде отбасындағыдай сөйлеуге болмайтынын, әлеуметтік ситуацияны басқа екені жөнінде ресми қарым-қатынастың этикасы, этикеті болатынын жөнінде білім жүйесінің болуы, сонымен бірге адресанттың өз әріптесінің әлеуметтік сипаты (қай әлеуметтік жікке жататыны, жасы, интелектуалдық сипаты, темпераменті, жынысы т.б.) жөнінде білімінің болуы іскери дискурстың когнитивтік компонеттері болып табылады.

Ал ресми дискурста морфологиялық құрылымы күрделі бірліктерден (құлақтандырылмағандықтарыңыздың салдарынан т.б.), күрделі синтаксистік құрылымдардан гөрі ықшам, күрделі емес тілдік бірліктердің болуына, ойша, тыңнан құрастырылатын конструктілерден, тілдік құрылымдардан гөрі стандарт, штамптардың дайын үлгілер болуына қарай сөз үрдісінің ойысуы – іскери дискурстың прагматикалық қырлары болып табылады.

Сөз актісінде стандарт, клишелер хабарлау, бұйыру, өтіну, уәж айту тәрізді мағыналарды жүзеге асыруға қатысады. Стандарт, клишелер – ойланбастан ойға оралатын дайын күйдегі оралымдар, сондықтан іскери қарым-қатынасты жеңілдетеді. Суреткер қиыннан қиыстырып сөз “азабын” тартса, іскери қарым-қатынастағы сөздің авторы суреткер сияқты сөз азабын бастан кешірмейді, уақыт тапшылығы сөз субъектісінің дайын үлгілерді, дайын сөз орамдарын қолдануға мәжбүр етеді. Дайын үлгідегі сөз тіркесі, сөздің құрылыс материалы болып жұмсалады, бұл жағынан фразеологиялық тіркеске ұқсас, ал екінші жағынан еркін сөз тіркесіне ұқсас, өйткені олардың қайсыбір түрлерінде компоненттері мағыналарын сақтап, өзара синтаксистік байланыста болады. Мысалы: Біз төменде қол қоюшылар, … кезекті еңбек демалысы т.б. қызметке тағайындау, түсініктеме беру, алғыс жариялау, сөгіс жариялау т.б. “Қол қою”, “демалыс сұрау”, қызметке тұру үшін, қызметтен шығу үшін “өтініш жазу”, “шағым түсіру”, “түсініктеме жазу” т.б. – ақиқат өмірде қайталанып отыратын перцептивті денотаттар адам санасында фреймдік форматқа түседі. Сөйтіп “қабылдау”, “өтініш”, “арыз”, “сенімхат” т.б. вербалданады. Сөздердің дайын үлгілерінің болуы, белгілі бір әлеуметтік ситуацияда қолданылатын сөздердің дайын тұруы, іскери дискурс стилінің қалыптасқандығын байқатады. Ал номенклатуралық атаулардың (мекеме, ұйым, қызмет атаулары т.б.) жиі, тұрақты жұмсалуы іскери дискурстың өзіне тән тілдік нышаны болып табылады. Стандарт, клише, штамп, номенклатуралық атаулар сондықтан да стильтүзуші категориялық бірліктер болып есептеледі.Мұндай формальды-тілдік бірліктермен қоса іскери дискурста прагматикалық мақсатта жұмсалатын тілдік тәсілдері болады.

Ісқағаз стилінде объекті жұмыс істеді деудің орнына объекті іске қосылды, жәрдемдесті-нің орнын жәрдем көрсетеді, газ құбырларын ауыстырды деудің орнына ауыстырылды деп пассив субъекті формасына беріледі. Бұлайша белсенді субъектілер орнына салғырт субъектіні қолдану құқықтық ақпараттың ресмилік мәнін баса көрсетудің прагматикалық құралы.

Бір сөйлемге мүмкіндігінше молырақ ақпарат сыйғызуға тырысушылық ісқағаз тілінің нормасына тән сипат, сондықтан сөйлем әдеттегіден аса күрделі болуы мүмкін. Мысалы: Қаладағы ұзындығы 50 км ескірген суқұбырды ауыстыру жұмыстарына кеткен шығынға байланысты су бағасының тарифін 20%-ға көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Функционалдық стильдердің басқа түрлерінде мұндай күрделі құрылымдағы тиісті ақпаратты күрделі емес бірнеше сөйлеммен беруге болады: Қалада суқұбыры ескіріп кетті. Оның 50 км жуығын ауыстыру керек. Бұл жұмысқа едәуір қаржы қажет. Оны қайдан аламыз? Сондықтан суық судың бағасын 20 пайызға амалсыз көтеріп отырмыз. Күрделі құрылымдарды синтаксистік жаймалау тәсілі БАҚ тілінің, сөйлеу тілінің синтаксистік нормасына жат емес. Ал ісқағаз стилінің синтаксистік нормасы тиісті ақпаратты барынша күрделі бір құрылымға жинақтауға тырысады. Нормамен байланысты бұл ерекшелікті синтаксистік жинақтау тәсілі деп аталады. Мұндай қолданыстар ісқағаз дискурсының прагматикасына жатады. Синтаксистік жаймалау тәсілі мен синтаксистік жинақтау тәсілі бір-біріне қарама-қарсы қойылатын стильдік айырым белгілер.

Ісқағаз дискурсында мысалы, сот үкімі қайта қарауға жатпайды (қайта қаралмайды емес), …жауапты мекеме басшысы болып табылады (жауапты мекеме басшысы емес) деген штамптар құқықтық мәнді күшейтудің прагматикалық тәсілі.

Сөзді барынша ықшамдап, мазмұнды барынша сығымдап беруге байланысты: автомобиль, пойыз, ұшақ т.б.; ауыл, кент, қала; университет, институт, академия, он бір жылдық мектеп, бастауыш мектеп, т.б. гипонимдердің орнына көлік құралдары, елді мекен, жоғары оқу орындары, жалпы білім беретін меткеп т.б. гиперонимдік қатынастағы атауларды қолдану іскери дискурсқа тән норма болып саналады.

Сонымен іскери дискурс (әңгіме ресми қатынаста ұйымдық, ұжымдық ортада қызмет бабында қолданылатын сөздің ерекше түрі. Іскери сөздің тілдік, психологиялық тәсілдерін меңгеру, оның функционалдық ерекшеліктерін білу іскери коммуникация тиімді болуына сөз ахуалының ұнамды, жайлы жағдайда өтуіне әсер ететін алғышарттар болып табылады.

Іскери адам өзінің кәсіби құзыретімен ғана шектеліп қалмауға тиіс. Қазіргі заман кәсіби құзыреттен басқа коммуникативтік құзыретке де ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Коммуникативтік құзыретке іскери сөздің мазмұны және тілдік, психологиялық, этикалық компоненттер, сондай-ақ коммуникативтік құзыреттілікке коммуникативтік ситуация жатады. Коммуникативтік ситуацияның құрамына коммуниканттардың әлеуметтік рөлі, қарым-қатынастың түрі, қарым-қатынастың шарты т.б. жағдаяттар енеді.

Коммуникацияға қатысушылар бір-біріне беріп отырған ақпараттың жаңалығына, сенімділігіне, қолдану мүмкіндігіне, тиімділігіне көз жеткізгенде ғана ортақ істі жүзеге асыруды бастайды. Әрине, сендіру, иландыру іскери дискурстағы ерекше лингво-психологиялық компонент. Сонымен бірге іскери қатынас ситуациясында уақыт тапшы болғандықтан, коммуникация барысында сөз де ой да шашыраңқы болмай, жинақылыққа, қысқалыққа қарай ойысып отырады. Коммуникацияға қатысушылардың бір-біріне жағымды реакция туғызу үшін, өзара “келіспеген” тұста теріс реакцияны бейтараптандыру үшін этикалық, этикеттік нормаларды сақтаумен бірге “қатқыл”, “жағымсыз” жайды жұмсарту максимасын қолданып, тілдік құралдарды, риторикалық тәсілдерді, сөздің өзге де коннотативтік әлеуетін пайдаланады.

“Сөйлеу тілі және сөз мәдениеті” деп аталатын тараушада сөйлеу тілінің тілдік-құрылымдық ерекшелігі, сөйлеу тіліне тән белгілер, сөйлеу тілі нормасының кодификацияланбаған норма екендігі сипатталады. Сөйлеу тілі әдеби тілді тұтынушылардың дайындықсыз, машық бойынша бейресми жағдайда, тыңдаушымен бетпе-бет сөйлесетін сөзі, әдеби тілдің функционалдық тармақтарының бірі.

Сөйлеу тілінің нормалары грамматикада, сөздіктерде тіркелмейді, сондықтан сөйлеу тілі нормалары әдеби тілдің кодификацияланбаған нормасына жатады. Әдеби тілдің нормалары кодификацияланған стильдік тармақтарына сөйлеу тілі осы ерекшеліктерімен қарама-қарсы қойылады. Сөйлеу тілін қолдану кезінде жазбаша, яғни кітаби түрде сөйлеу сөз мәдениеті тұрғысынан дұрыс деп танылмайды. Сондықтан сөйлеу тіліне тән ерекшеліктерді жазба тілден айыра білу сөз мәдениетіне қойылар басты талаптың бірі.

Сөйлеу тілі – әдеби тілдің бейресми жағдаятта қолданылатын, адресант пен адресаттың тікелей қатысуымен диалог түрінде жүзеге асатын ауызша түрдегі (спонтанды) машықты сөз. Осы сипатына байланысты сөйлеу тілін бейресми дискурс деп атауға болады.

Қарым-қатынастың бейресмилігі, ситуацияға тәуелділігі, машықтылығы (спонтанность) сөйлеушілердің әлеуметтік рөлі, психологиясы, эмоциялық күйі сөйлеу тілінің құралымдық сипатының күрделі екенін танытады.

Сөз субьектісі, яғни сөйлеуші өзін тұлға ретінде көрсетеді. Оның сөйлеген сөзінен белгілі бір этносқа, ұлтқа тән екені, мәдениет деңгейін дүниетанымдық ерекшелігін, этикалық және құндылықтар жөніндегі түсінігін байқатып тұрады.

Сөйлеу тілі диалог формасында жүзеге асады. Диалогтің ойдағыдай болуы, ойдағыдай аяқталуы үшін қарым-қатынас жасауды қажетсіну негізгі шарттардың бірі. Бұл қажетсіну коммуникативтік мүдделілік деп аталады.

Коммуникативтік мүдделілік деңгейіндегі қатынаста диалогке қатысушылар арасында, олардың әлеуметтік мәртебесіне, әлеуметтік рөліне қарамастан, тепе-теңдік (паритеттілік) сақталады.

Әңгімелесушінің жан дүниесіне байланысты түсіністік, сөйлесушілердің, тілдесушілердің дүниетанымындағы жақындық, өмір тәжірибесіндегі ұқсастық, мүдделестік, мәдени, туыстық т.б. апперцепциялық ая диалогтің нәтижелі болуына әсерін тигізетін шарттардың бірі.

Ишара, ым, интонация, реплика, тон, дауыс тембрі арқылы өзара түсіністікке жол ашылып, тілдік қарым-қатынастың ойдағыдай болуына ықпал етеді. Тыңдаушы сөз мәніндегі тұспалды аңғаруы шарт, сөйлеушінің не аңғартқысы келетінін аңдауы керек. Сөйлеушінің коммуникативтік діттемін тыңдаушының аңғара білуі диалогтің ойдағыдай өтуін қамтамасыз етеді. Коммуникативтік интонациямәтінге, яғни вербалды деңгейге дейін, яғни сөз тыңдаушыға жеткенге дейін қалыптасады.

Әдетте тыңдаушы айтылып жатқан сөз ағымынан қалыспай, айтылған сөздің мәнін ой елегінен өткізіп үлгереді де, сөйлеушінің коммуникативтік тұспалын (интенциясын) “шешеді”. Бұл жерде тілдік, психологиялық, биологиялық, физиологиялық процестер асқан шапшаңдықпен қатарлас жүреді. Сөйлеу әрекеті теориясы бойынша әдетте а) логикалық құрылым мен тілдік құрылым толық сәйкес келмейді; ойдың сөзбен айтылмайтын құрылымдары бар; ә) мән-мағынаны айқын аңғартатын тәсілдер бар да, мән-мағынаны айқын көрсетпейтін тәсілдер бар, тікелей аңғартатын тәсілдер бар да, тұспалмен аңғартатын тәсілдер бар.

Белгілі бір мән-мағынаны тұтас күйінде емес, ішінара білдіретін тұстар да сөйлеу тілі үшін қалыпты жағдай. Бұл тыңдаушы мен сөйлеушінің арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсетеді. Сөз тұспалын түсінуде ойға “қысым” түсетін кез осы тұста. Сөйлеу тілі осынысымен қызық, осынысымен ұтымды. Олай болмаған жағдайда сөйлеу тілі тым сұрқай, бір өңкей, тыңдаушыны мезі етіп, жалықтырар нәрсеге айналар еді. Шөлдеп кеттім, пысынап кеттім десе, күннің ыстықтығын білдіреді немесе күн ыстық екен дегені шөлдеп кеттім дегенді білдіреді. Күн тымырсық екен деген сөз жел соқпады дегенді, я болмаса салқын аяжайға бару керектігін аңғартады.

Коммуникативтік құзірет тілдік қарым-қатынастағы әлеуметтік мәдени нормаларды, және стереотиптерді білу дегенге саяды. Коммуникативтік құзіреті жоғары адам әртүрлі деңгейдегі бірліктердің мағынасы мен сол элементтердің өзара тіркескендегі мағынасын білумен бірге мәтін деңгейіндегі тіл қатудың әртүрлі формаларын қолдана алады. Белгілі бір оқиғаға өзінің бағасын шынайы түрде отырып, оған тыңдаушы тарапынан жауап реакция туғыза алады. Қарым-қатынасты интимдендірудің тілдік әдіс-тәсілдерін қолданудың ретін біледі.

Сөйлеушінің әртүрлі коммуникативтік ситуацияда қолданылатын тұрақты сөз орамдарын, мақал-мәтелдерді, мәтіндік клишелерді, прецедентті мәтіндерді т.б. білуінің мәні айрықша. Бұлар тілдің әлеуметтік нормаларын меңгерудің жоғарғы көрсеткіштері.

Тілдік қарым-қатынас ойдағыдай болу үшін сөйлеуші тыңдаушыға тек жалаң фактілерді ғана айтып қоймау керек, тек ақиқатты айту жеткіліксіз, сонымен бірге жанама ақпараттар беру қажет. Сөз ішіндегі, сөз арасында айтылатын бейнелі сөз әдемі әділ, жеңіл юмор, каламбур т.б. тыңдаушыны бей-жай қалдырмайды, тілдесушілердің өзара түсіністігіне жол ашатын жанама тәсілдерге жатады.

Қарым-қатынастың тілдік дүниеліктердің қалыптасуына көп жағдайда тілдік емес факторлар ұйытқы болады. Тілдік емес факторлар көзқарас, әрекет, жай-күй, эмоция, білім, сенім т.б. мәнділіктерден тұрады. Осымен байланысты тілдік қарым-қатынастың ойдағыдай болуы немесе сәтсіз аяқталуы сөйлеушінің тек тілдік формаларды талдауына тәуелді емес. Коммуникацияның ойдағыдай өтуі лингвистикалық және лингвистикалық емес факторларға байланысты.

Диалогтегі сәттілік пен сәтсіздік а) коммуниканттардың әлеуметтік-стереотиптік ерекшеліктеріне; ә) коммуниканттардың аялық біліміне, б) коммуниканттардың құзыретіндегі жақындыққа, я болмаса алшақтыққа; в) коммуниканттардың жыныс, жас, тұлғалық ерекшеліктеріне байланысты жайттарды ескеру/ескермеуден болуы ықтимал.

Қарым-қатынастың тепе-теңдігі (паритеттілігі) сақталмаған жағдайда диалог ойдағыдай өрбімей қалады, өйткені сөйлеушілердің біреуі басым болады да тақырып тізгінін қолдан шығармайды. әріптеске сөз бермейтін үнемі өзі сөйлей беретін адам тыңдаушының қандай қабақ танытып отырғаны, дұрыс, не бұрыс түсініп отырғаны т.б. жағдаяттарға мән бермейді, сөйтіп сөйлеуші коммуникацияға қатысушының көңіл күйін аңғаруға қабілетсіздік танытады.

Диалог сөздің өрбуіне, нәтижелі болуына кесірін тигізетін нәрсе – орынсыз ескерту жасау, сөзді орынсыз бұзу, орынсыз сұрау қою, орынсыз көп сөйлеу, айтылғанды орынсыз қайталау т.б. Мұндай “орынсыздықтар” тыңдаушымен есептесудің, қарым-қатынастағы ынтымақтастықты (кооперативность) бұзып, сөздің берекесін кетіреді.

Сөйлеушінің тілді білуі деңгейі тым төмен болған жағдайда тілдік қатынас сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Мұндайда сөйлеуші жергілікті сөздерді қолдануы мүмкін. Қайсыбір сөйлеушінің тыңдаушы біле білмейтін арнаулы терминдерді орынсыз қолдануы, сондай-ақ шетелдік сөздерді орынсыз жұмсауы диалогтің сәтті өтуіне кедергі жасайды.

Стратегия кооперативті және бейкооперативті болып бөлінеді: бейкооперативті стратегияның негізіне жанжал (конфликті), ұрыс-керіс, қорқыту-үркіту, алдау, өтірікке бару, тура жауаптан қашқақтау т.б. теріс құбылыстар, ал кооперативтік стратегияның негізіне сенім, ынтымақтастық, шынайылық, қайырымдылық т.б. тәрізді жағымды құбылыстар жатады.

Сөз тактикасы, сөз стратегиясындағы амал-тәсілдердің орындалуын жүзеге асырады. Сөз тактикасы бағалау, ұнатпау, қуану, ренжу т.б. модальдық реңктерден тұрады. Мысалы, міндетіне алған нәрседен бас тарту стратегиясы қолынан келмейтіні, уақыт жоқтығы, тура жауаптан жалтару, кейінгі сілтеу, міндеттен бас тартатынан тікелей айту т.б.

Кооперативті стратегияда фатикалық қатынас ерекше орын алады. Байланыс жасауға тілдік, қарым-қатынас жасауға деген коммуникативтік мүдделілік коммуниканттардың бір-біріне деген назарын күшейтеді. Сөз тақырыбына, арқауына қызығушылық туғызады. Коммуниканттың назарын өзіне қарату мен сөзге тарту алдымен фатикалық қатынас арқылы жүзеге асып, әңгімеге қолайлы атмосфера қалыптасады.

Ақиқаттағы белгілі бір зат, құбылыс, оқиға әртүрлі айтылуы мүмкін. Ақиқаттағы белгілі бір мәнділікті тілдік амалдармен әртүрлі атауға болады. Мысалы, жұмысқа кешікпей келсе керек еді; әркім өз міндетін орындаса керек еді деген сөзді сен жұмысқа кешігіп келдің; сен өз міндетіңді орындаған жоқсың деп те айтуға болады. Бұдан ақиқаттағы белгілі бір мәнділік өзгерген жоқ, бірақ қарым-қатынас стратегиясы өзгерді. Біріншісінде сөйлеушінің стратегиясы кооперативті болса, екіншісінде бейкооперативті. Егер адресаттың тілдік құзыреті, сөз мәдениеті жоғары болса, диалогті әрі қарай жалғастыруға болатынын байқайды. Ал тіл құзыреті, сөз мәдениеті төмен адресат сөйлеушінің стратегиясын аңғара бермейді, сөз аяғы ушығуы мүмкін. Кешікпей келсе керек еді, міндетін орындаса керек еді дегендерді бейкооператив мазмұнда деп ұғады.

Кооперативті сөз стратегиясында сөйлеуші адресаттың реакциясына қарап, бақылап отырады, егер оған ауырлау, қиындау тиетін болса, сөз тактикасын дереу өзгерте қояды. Мысалы, сен жұмысқа кешігіп келдің. Сәл-пәл кідірістен (паузадан) соң, – ыңғайсыз жағдайға қаласың ба дегенім ғой деп реттеуіш репликасымен жуып-шайып отырады. Сен өз міндетіңді орындаған жоқсың, ертең аттестациялауда қиын болар ме екен. Бұл айтылымның екінші бөлігі, адресатқа ауыр тиетін сөзді жеңілдетудің тактикасы. Мұндай тактика тілдегі әртүрлі реттеуіш құрылымдар арқылы жүзеге асып отырады.

Сөйлеу дискурсының ерекшелігі экспрессивті эффект тудыру арқылы адресаттың назарын өзіне аударып, қызықтырып отыру. Сөйлеушіні, оған тыңдаушының эмотивті реакциясы диалогтің дұрыс ахуалда өтіп жатқаныдығын көрсетеді. Тыңдаушы әсіресе тосын тәсілмен, бедерлі тілмен берілген ақпаратты ден қоя тыңдайды. Сондықтан сөйлеуші әртүрлі тілдік деңгейлердегі экспрессивті мағынадағы тілдік бірліктерді, троп, фигура тәрізді стильдік құралдарды қолдануға тырысады.

Белгілі бір фактіні сөйлеуші образ арқылы жаңғыртады, жай сөзбен еш мәнерлі сөзбен береді, ал мұндай екінші реттегі тілдік бірліктер автордың көзқарасын, сезім-күйін, сөз сомдау мәнерін көрсетеді. Сөз қатынасындағы бұл жайтқа адресат та реплика арқылы, бейвербалды таңбалар арқылы қатысады. Адресат тарапынан болатын реплика-реакцияны байқай отырып, сөйлеуші сөз мәнерін жалғастыру немесе өзгерту жөнінде болжам жасай алады да сөздің құлақ күйін адресаттың ыңғайына қарай өзгертіп отырады.

Сөйлеу тілі сөздің ұзына-бойына экспрессиялық өң беретін эмотивті тіл элементтеріне қазақ тілі аса бай. Ой-сезімінің обьективтеніп, ақиқатқа айналуын әдетте сөз шығармашылығының бастамасы деуге болады. Сондықтан ой мен сезімді білдірудің эстетикалық мәні бар. Сөйлеу тілі күллі тілдік идиоматиканың бастау көзі, оккозионализм фразеологизмдердің шыңдалып шығар дүкені. Сөйлеу тілі дүкенінде әртүрлі деңгейдегі тілдік бірліктердің екінші мәрте аталымдарға айналу үрдісі үздіксіз болып жатады. Жазғыштар, осындағы мықтылар, жоғарыдағылар, атүстіндегілер, көкқағаз (доллар), желтоқсан ызғары, қаракөздер т.б. газет бағаналарындағы қолданыстар алдымен сөйлеу тілінде пайда болған екінші реттегі аталымдар.

Сөйлеу тілінде екінші реттегі аталымға жататын перифраз, аллюзия, гипербола, литота, градация, параллелизм, риторикалық сұрақ, элипсис, анафора, антитеза, сияқты риторикалық фигуралар жиі кездеседі. Сөзге өң беретін, бедер беретін тілдік құралдарға анафора, антитеза гипербола, литота, синонимдер тізбегі, градация, қайталау, эпитет, риторикалық сұрақ, метафора, метонимия, астарлы сөз, аллюзия, перифраза, субьективті модальдылық, қыстырма сөздер мен сөйлемдер т.б. жатады. Бұлар сөйлеу тіліне эстетикалық рең берудің стильдік құралдары. Однай құралдар арқылы сөйлеуші белгілі бір ақпарат беруде өзінің тіл дербестігін таныта білуі, тілдесудің ойдағыдай өтуіне әсерін тигізетін эстетикалық факторлардың бірі болып табылады.

Сөйлеу мәтініндегі кейбір грамматикалық тұлғалардың мағынасы жалпы тілдік мағынасына сәйкес келе бермейді. Мысалы, Әке мен бала арасындағы мынадай диалогке назар аударыңыз: – Әкең саған жаны ашығандықтан айтып отыр. Мұндағы Әкең тұлғасы бірінші жақтың қызметін атқарып тұр. [Мен саған жаным ашығандықтан айтып отырмын]. Сөз тұлғасын өзгерту прагматикалық мақсаттан туып отыр. Сөйлеушінің “мен” демей “әкең” деуі балаға деген жақындықты баса көрсетеді де, әлеуметтік МЕНІН бейтараптайды.

Анасы баласына: Қарның ашып кетті ме? Апаң саған дәмдеп күріш басып береді [салыстырыңыз: мен саған дәмдеп күріш басып беремін]. Бірінші жақты екінші жақпен ауыстыру сөйлеу тілі прагматикасында іштарту, жақын тартуды баса көрсету мақсатында қолданылады.

Сөйлеуші өзінің сөзі арқылы өзіндік тұлға екенін таныта алады. Коммуникативтік мүдделілік, адресатқа икемделу, сөйлеушінің коммуникативтік діттемін түсіну, сөз ситуациясына байланысты тілдік, тілдік емес қатаң талаптарды орындау диалогтің ойдағыдай болуының шарты.

Тілдік қарым-қатынастың ойдағыдай болуы – сөйлеушінің тілдік құзыретіне ғана емес, коммуникативтік құзыретіне де тәуелді. Коммуникативтік құзыретке мәдени-әлеуметтік нормаларды, сөз әдебіндегі ұлттық стереотиптерді білу, тілдік фактілерді коммуникативтік ситуацияға қарай орнымен жұмсай алу т.б. жатады.

Тілдесуде мәдени-әлеуметтік стереотиптерді білу, аялық білімнің жеткілікті деңгейдегі болуы, тыңдаушының аялық білімін ескеру т.б. жайттар тілдік қарым-қатынастың ойдағыдай өтуіне әсерін тигізеді.

Сөз этикасының нормаларын сақтау сөйлеушінің тыңдаушыға деген ілтипатын, ықыласын танытатын, диалогтің ойдағыдай аяқталуына септігін тигізетін қажетті алғышарттардың бірі.

“Шаршысөз мәдениеті” деген тараушада шаршытоп (публика) алдындағы сөздің формальды-тілдік, коммуникативтік нормалық қырлары сөз мәдениеті тұрғысынан қарастырылады. Бір есептен, шешен мен шаршытоп арасындағы тілдік қатынасы ұжымдық коммуникация деп атауға болады. Коммуникацияға қатысушылар, шешен мен аудитория арасындағы коммуникативтік байланыс, олардың ортақ білімінің болуы т.б. жайттар тілдік құралдарды, риторикалық, стильдік тәсілдерді талғап, саралап қолдануға ықпал ететін факторлар болып табылады.

Шешендік сөзді дайындау барысында, сөйлеу кезінде пайда болатын үлкен қайшылық – кітаби тіл нормасы мен сөйлеу тілі нормаларының тайталаса келуі, өйткені шешендік сөз жазба (кітаби) тіл негізінде “әзірленеді”, ал сөйлегенде, яғни ауызша сөзге айналғанда сөйлеу тілінің тәсілдерін пайдаланады. Ауызша сөзде, шаршытоп алдындағы сөздің баяндау мәнерінде шешен қатаңдығы басым кітабилыққа бой ұрмауға, еркіндігі басым сөйлеу тілінің жетегінде кетпеуге тырысады. Шешен кітабилыққа бой ұрса, сөзі қасаң, таптаурын тартып, аудиторияға әсер-ықпалы төмен болады, ал сөйлеу тілінің элементі басым болса, тұрмыстық деңгейдегі сөзге айналады, ондай сөздің қоғамдық-әлеуметтік мәні жоғары болмайды. Шешеннің сөзі оқушыға емес, тыңдаушыға арналады, сондықтан шаршы сөзде кітаби элементтер мен сөйлеу тілі элементтерінің арасалмағын теңгеріп отыру қажет.

Шешендік сөзде сөздің мағыналық типтерінің баяндау, сипаттау, байыптау контаминациясы кездесіп отырады. Мұндайда контаминацияланған сөз жаңаша реңк алады. Сөздің мағыналық реңктерінің бір-бірімен өзара жақындығы, ұқсастығы бар. Сондықтан баяндау сөз сипаттауға, ал сипаттау сөз байыптауға ұласып отырады.

Сөз типтері бір-бірімен ұласып, алмасып келеді де мәтіннің композициялық, стилистикалық құрылымы өрбіп, дамып отырады. Сөздің функционалдық-стильдік салаларымен сөздің мағыналық типтері іштей байланысты. Мысалы, академиялық шешендікте байыптау басым болады да, соттағы шешендікте сипаттау мен байыптау жағы басым түсіп жатады.

Сөздің белгілі бір мағыналық-функционалдық типін таңдау ең алдымен сөздің объектісіне, мақсатына тәуелді. Сырттай қарағанда шаршысөз сөзжарыс тәрізді көрінеді, ал шынында шаршысөз табиғаты жағынан ойжарыс болып табылады.

Ойжарыстың импилицитті және экспилицитті түрлері бар. Шешеннің өз пікірін, тұжырымын ашық қорғауы, оппоненттеріне қарсы шығып, келіспеуі ойталастың эксплицитті түрі. Ойталастың имплицитті түрінде оппоненттер қарсы шығу, айтқандарымен келіспеу ашық түрде айтылмайды. Оппонент реалды немесе ирреалды болуы мүмкін.

Пікірталас шешендіктің белгілі бір мәселе жөнінде шаршытоп алдындағы ой жарысы мен сөз жарысы. Шешен шаршытопта факт, аргумент, эмоция арқылы аудиторияға әсер етіп, иландыруды көздейді. Ал пікірталастың тілдік құралдар мен амал-тәсілдеріне жақаурату, әзіл, сықақ, кекесін, үзілді-кесілді баға беру, антитеза, теңеу, ремарка, сөздің суреттілігі, мақал-мәтелдер т.б. классикалық тәсілдер жатады.

Шаршысөз мақсаты мен мазмұнына қарай белгілі бір құрылымда айтылады. Сөз материалы осы мақсат пен мазмұнға қарай белгілі бір жүйе бойынша орналасады. Шаршысөздің классикалық схемасы, зерттеушілердің көрсетуінше, бес бөліктен тұрады: 1) басталуы, 2) кіріспе, 3) негізгі бөлік, 4) қорытынды, 5) аяқталуы.

Сөз ситуациясымен байланысты немесе шешеннің белгілі бір мақсатына қарай кейбір бөліктердің болмауы да мүмкін. Ал негізгі бөліктің болуы міндетті.

Сөздің басталу бөлігіне сөйлеуші ерекше мән береді. Бұл бөліктің мақсаты бірден аудитория назарын өзіне аудару. Бұл бөлікте дәстүр бойынша этикеттік формулалар мен этикеттік қаратпа атауыштардың қолданылуы шешендік сөзге тән этикеттік норма. Сөздің басталуында этикеттік формулалардан басқа мазмұнды білдіретін тілдік бірліктер болады.

Сөздің ұзына бойында аудитория назарын ұстап тұру сөздің басталуына байланысты. Бұл тұста тәжірибелі шешендер тапқырлық танытып, сөзді жұрт күтпеген жайдан бастайды. Ондай жайт көбіне әркімді қызықтыратын, әркімнің басында бар, әркімнің басынан өткерген мәселеге қатысты болуы мүмкін.

Сөздің кіріспе бөлігігінде сөйлеуші аудиторияны психологиялық жақтан айтылар сөздің негізгі бөлігін ұғынуға дайындап, қабылдауға икемдейді. Сөздің басталуындағы байланысты әрі қарай күшейте түседі; аудиторияның назарын бір арнаға бұрады. Бұл бөлікте тыңдаушылар сөздің негізгі тақырыбынан хабардар болады. Сөздің композициялық негізгі бөлігінде шешен айтылмақ басты мәселелерді санамалап көрсете келе оларға қысқаша талдау жасайды. Сөйтіп, мәселенің өзектілігін, қоғамдық, әлеуметтік мәнін ашады. Негізгі бөлікте ең басты деп танылатын материалдар талданып, сараланады. Шешен аса қажетті фактілерге сүйеніп, қисынды дәлелдер келтіреді. Әртүрлі аргументтерді пайдаланып, мысалдарға нақты талдау жасайды. Оппоненттермен пікірталас өрбітеді.

Сөздің қорытынды бөлімінде жоғарыда айтылғандарға қорытынды жасалады. Басты, негізгі ой баса айтылады. Негізгі идея айқындалып, белгіленеді, аудиторияның алдында белгілі бір шешімдерді қажет ететін міндеттер көрсетіледі.

Сөздің аяқталуында этикеттік формулалар қолданылады. Сөздің мазмұнына тікелей қатысты болмаса да, тілек айтылуы мүмкін. Сондай-ақ кейде шешеннің сөзі іс-қимылға шақыратын сөзбен де аяқталып жатады. Жалпы алғанда шаршысөз өзінің жанрлық түрлерімен байланысты. Мысалы, жоғары мектептердегі дәрістер, митингідегі сөз, саяси сөз т.б. әртүрлі аяқталуы мүмкін. Шаршысөздің жанрлық түрлеріне қарай мәтінде кездесетін сөздің лексикалық типтері әртүрлі болып келеді. Мысалы, ғылыми дәрістерде интелектуалдық лексика, саяси дискурста қоғамдық-саяси атаулар, митинг, жиналыстарда эмоционалды лексиканың үлес салмағы басым болады. Мұның өзі шешеннің алға қойған мақсатына байланысты: шешен интелектуалдық тұрғыдан әсер етуді көздей ме, әлде эмоционалды тұрғыдан әсер етуді көздей ме, болмаса жұртшылықты белгілі бір іс-қимылға жұмылдыруды мақсат ете ме мәселе осыған байланысты.

Аудиториямен байланысқа сөйлеуші ерекше көңіл бөлуі шарт. Тыңдаушылармен байланыс күшті болған сайын сөздің тиімділігі де арта түседі. Тәжірибелі шешеннің назары үнемі тыңдаушыда болады да, олардың “жауап” реакциясын бақылап отырады. Сөйлеуші аудиторияның жетегінде кетпей, тыңдаушыларды өзіне тарта біледі. Сонымен жұрт алдына шығып сөйлеуді әрбір шешен өзінің кәсіби қызметі деп түсінеді.

Аудиториямен байланыс орнатуда арнайы тілдік бірліктер жүйесінің ішінен шешен сәлемдесу, қаратпа атауыштар, комплимент, қоштасу тәрізді этикет сөздердің әртүрлі нұсқаларын, аудиторияның алдына шығарға дейін коммуникативтік ситуацияға олардың қайсы сәйкес келетінін, “кім, қай жерде, кіммен, қай кезде” деген формулаға сәйкес іштей, алдын-ала “даярлап” қояды. Күнделікті өтіп жататын кеңес, мәжілістерде, отырыстарда басқалармен салыстырғанда, байланыс құралдарын қолдану мүмкіндігі сәл шектеулі болады. Аудитория мен шешен бірін-бірі жаңа көргендей қауышып жатпайды.

Шешендік сөзде қолданылатын метамәтіндердің тыңдаушыларға бағыт-бағдар беріп отыратындықтан қызметі ерекше. Метамәтін тыңдаушыға сөзді жүйе-жүйесімен қабылдауға жәрдемдеседі. Мысалы, Сіздердің назарларыңызды мына мәселеге аударғым келеді; біз сөзіміздің басында…; енді келесі мәселеге көшейік; біріншіден, екіншіден, үшіншіден, қайталап айтсақ, сөзімнің аяғында т.б. метамәтін сөйлеушінің мәтінін бір жағынан дұрыс ұғынуға жәрдемдессе, екінші жағынан, мәтін бөліктерін өзара байланыстыруды қамтамасыз етеді.

Шаршысөзде коммуникативтік байланыс жасау мен байланысты күшейтудің тілдік тәсілдері әр алуан. Сөйлеуші мен тыңдаушылар арасындағы байланысты жүзеге асыруда “біз” – “сіздер” есімдігі ерекше қызмет атқарады. Біз сіздермен біріге отырып, өздеріңізбен ойласа келе, өздеріңіз көз жеткізгендей, бірге ойласып көрейік т.б. тәрізді есімдікті құрамалар белгілі бір мәселені бірлесіп ойластыру сияқты эффект туғызады. Бұл тәсіл (“біз – сіз”) сөйлеуші мен аудитория арасындағы “қашықтықты” жақындастыра түседі.

Өздеріңіз байқағандай, өздеріңізге мәлім, өздеріңіз айтқандай, өздеріңіз көз жеткізгендей т.б. тәрізді қыстырма құрамалар сөйлеуші мен тыңдаушылар арасындағы байланысты жүзеге асыруға, әрі қарай күшейте түсуге қызмет етеді. Еске түсіріңіздер, оқып көріңіздер, ой жіберіп байқаңыздар, өздеріңіз шешіңіздер т.б. тәрізді бұйрық тұлғалы етістік құрамалар белгілі бір ой-пікірге тыңдаушыларын “авторластыру” тәрізді эффект тудырады.

Сөзді диалогтендіру шешеннің аудиториямен байланысын өрістете түседі. Адамның әуел бастан ойлау табиғаты диалог іспеттес. Диалог – болмысында, жаратылысында табиғи құбылыс, ал монолог – болмысында қолтума құбылыс. Монолог қолтума дүние болғандықтан, сөйлеуші оған біраз жаттығуы керек. Тыңдаушы тарапынан монолог сөз түрін, диалогке қарағанда, қабылдау, түсіну “күшке” түседі. Тыңдаушы монологке біраз ден қойып, азды-көпті ойға салмақ салуы қажет. Тыңдаушы үшін осындай біршама қиындықты тәжірибелі шешен жеңілдету үшін дискурсқа диалог элементтерін ендіру тәсілін қолданады, яғни сөзді диалогтендіреді. Мысалы, қандай қиындық? сіздер мен біз ойланып көрейік; – жауабын айта аласыздар ма? Әрине, жоқ тәрізді “сұрақ – жауап” тәсілі сөзді диалогтендірудің ерекше тиімді тәсілі. Сөйлеуші бұл жерде аудиториядан жауап күту үшін сұрақ қойып отырған жоқ, сөзге диалогтік сипат беріп тыңдаушылардың “жай-күйін” жеңілдетіп отыр.

Сөзді диалогтендірудің тағы бір тиімді тәсілі – сөйлеуші өзін қарсы жақтың, оппоненттің, тыңдаушылардың орнына қойып сөйлейді. Бұл жерде қарсы жақтың, оппоненттердің ойын, тыңдаушылардың ойында тұрған нәрсені жұртшылық айқын аңғаратындай етіп беру керек. Бұл, әрине, шеберлікті қажет етеді. Шешен сөзге төселудің нәтижесінде шеберлікке қол жеткізеді.

Шаршысөздің ритуалдық қырлары – сөйлеушіні аудиториямен байланыстыруға қажетті, сөзге құрметтеу реңін беретін, тұрақты әрі арнайы қолданылатын қарым-қатынас орнатудың тілдік бірліктері. Бұларға құрметті қауым, ардақты әлеумет, құрметті ханымдар мен мырзалар, жолдастар, қадірлі ағайын, қадірлі бауырлар, қымбатты достар т.б. тәрізді атауыш қаратпалар жатады.

Шешендік сөзде ситуацияға қарай этикет формалардың ресми, бейтарап, эмоционалды түрлері қолданылады. Ресми формаларға жолдастар, ханымдар мен мырзалар; эмоционалды формаларға қымбатты достар, қадірлі бауырлар, қадірлі ағайын т.б., ал бейресми формаларға әріптестер, халайық, әлеумет т.б. тәрізді қаратпалар жатады.

Сөздің басталуында этикеттік қаратпалардың қандай мәні болса, назар салып тыңдағандарыңызға рахмет, ден қойып тыңдағандарыңызға рахмет деп сөзді аяқтаудың да соншалықты мәні бар. Бұлай деу бір жағынан этикеттік норма болса, екінші жағынан, аудиториямен коммуникативтік байланыстың аяқталғанын байқататын белгі болып табылады.

Тілдік қарым-қатынас әңгімелесу, пікірлесу, сұхбаттасу тәрізді жеке коммуникация жағдайында, шаршытоп сондай-ақ талас-тартыс, ой-пікір қақтығыстары, сөз жарыстыру, ой жарыстыру жағдайында да жүзеге асатын ұжымдық, коммуникация немесе, газет, журнал, радио,=телеарналар тәрізді құралдар арқылы жүзеге асатын бұқаралық коммуникацияда

Өркениетті адам тілдік қарым-қатынастың әртүрлі формаларын жете меңгеруі керек. Бұл – нарық пен демократияға бет бұрған заманның талабы. Әсіресе нарық заманының адамы тілдік қатынаста тек өз саласымен шектеліп қалмай, шаршытоп алдында айтыс-тартысқа түсудің логикалық, әлеуметтік, психологиялық жақтарынан хабардар болуға тиіс. Ал тілдік құралдарды талғау, саралау айтыс-тартыстың логикалық, әлеуметтік, психологиялық жайттарына тәуелді. Осы жайттарды дұрыс аңғарғанда ғана тілдік құралдарды, стильдік амал-тәсілдерді мүмкіндігінше тиімді пайдалануға зор жәрдемі тиеді. Әрине коммуникацияның біз айтыс-тартыс мәселесінің мәніне егжей-тегжейлі тоқталу зерттеудің тікелей міндетіне жатпайды. Сондықтан бұл тараушада күнделікті өмір тәжірибесінде жеке коммуникацияда, ұжымдық коммуникацияда, бұқаралық коммуникацияда жиі байқалатын жайттардың сөз мәдениетіне қатысты қырларына тоқталдық.

Пайдаланылған әдебиет:

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 260 б.
  2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. –581 б.
  3. Балақаев М.Б. Қазақ әдеби тілі. Алматы: Ғылым, 1987, – 272 б.
  4. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. Астана: Елорда, 2001. –230 б.
  5. Сыздық Р. Сөз құдіреті. – Алматы: Атамұра, 2005. – 272 б.
  6. Матезиус В. Избранные труды по языкознанию. М.: Едиториал УРСС, 2003. – 232 с.
  7. Головин Б.Н. Основы культуры речи: Учеб. пособие. –М.: Высш. Школа, 1980. –335 с.
  8. Скворцов Л.И. Теоретические основы культуры речи. М.: Наука, 1980. –252 с.
  9. Речевое воздействие в сфере массовой коммуникации. – М.: Наука, 1990. –136 с.
  10. Сүлейменова Э.Д. Понятие смысла в современной лингвистике. Алматы: Мектеп, 1989. – 160 с.
  11. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: Учебное пособие. Мн.: Тетра Системс, 2004. –256 с.
  12. Языки как образ мира. – М.: ООО “Издательство АСТ”, СПб.: Я41 Tezza Fantastіca, 2003. – 568 с.
  13. Вежбицкая А. Язык. Культура: Пер. с анг. –М.: Русские словари, 1997. – 416 с.
  14. Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. Алматы: Мектеп, 1984. – 107 б.
  15. Мартине Андре. Основы общей лингвистики: Пер. с франц. М.: Едиториал УРСС, 2004. – 224 с.
  16. Шарков Ф.И. Основы теории коммуникации: Учебник для вузов. М.: Издательский дом “Социальные отношения”, 2003. – 248 с.

Диссертация тақырыбы бойынша жарияланымдар

 Ғылыми монографиялар:

  1. Сөз мәдениеті. Алматы: Мектеп, 1984. 5 б.т.
  2. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. Алматы: Ғылым, 1988. 7 б.т. (авт. бірл.: А.Алдашева).
  3. Фразеология және тілдік норма //Алматы, 1998. 8 б.т.

   Оқулықтар мен оқу құралдар, көмекші құралдар:

  1. Тіл мәдениеті. Оқу құралы. //(авт. бірл.: З.Бейсембаева, Ж.Исмайлова, М.Қанабекова, Г.Қайдарова). Алматы, 2005. 112 б.
  2. Бата-тілектер (жинақ). Құрастырушы Н.Уәлиұлы. Алматы: Арыс, 2005. 88 бет.
  3. Қазақ тілі. Сөз мәдениеті. Жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған. Алматы: Мектеп, 2006.
  4. Қазақ тілі. Дидактикалық материалдар. (А.Фазылжанова, А.Кобыларновамен бірге). Алматы: Мектеп, 2006. –104б.
  5. Қазақ тілі. Сөз мәдениеті. Дидактикалық материалдар. Алматы: Мектеп, 2006.–72б.

   Сөздіктер:

  1. Жаңа атаулар. Алматы: Ана тілі, 1992. 118б. (авт. бірл.: А.Алдашева, Ш.Сарыбаев).
  2. Емлесі қиын сөздер. Мектеп оқушыларына арналған анықтамалық сөздік. Алматы: Балауса, 2000. 30 б.т.
  3. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. Алматы, 2001.-430б.
  4. Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі //(авт. бірл.: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова т.б.). Алматы: Арыс, 2005.
  5. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі //(авт. бірл.: Қ. Есенова, Н.Әміржанова, С.Жапақов, Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова т.б.). Алматы: Арыс, 2005.
  6. Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі //(авт. бірл.: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова т.б.). Алматы: Арыс, 2006.

Мақалалар:

  1. Этимологиялық этюдтер //Қазақстан мектебі. 1976. N 5. 93-95-бб.
  2. М.Әуезовтің тұрақты сөз тіркесін қолдану ерекшеліктері жайында //Қазақ ССР ҒА Хабарлары. Филология сериясы, 1978. N 1. 26-29-бб.
  3. Көркем әдебиет тіліндегі стильдік контраст //Жазушы және сөз мәдениеті. Алматы: Наука, 1983
  4. Жұмбақ жетілер //Жалын. 1988. N 3.
  5. Жұмбақ сандар //Жалын. 1988. N 4.
  6. Қ.Жұбанов және қазақ орфографиясының принциптері //Қазақстан мектебі. 1989. N12. 10-б.
  7. Ақаң жинаған асыл сөз //Қазақ тілі мен әдебиеті 1991. N4. 76-80-бб.
  8. Сөз және оның мәдени ұлттық мазмұны //М.Әуезовтің қазақ тілін дамытудағы рөлі. Алматы, 1997. 73-80б.
  9. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғышарттары //ҚР ҒА Хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы. 1998. N3. 0,5 б.т.
  10. А.Байтұрсынұлы және қазақ жазуының онтогенездік дамуы //Ұлттық рухтың ұлы тіні. Алматы: Ғылым, 1999. 268-280 бб.
  11. Профессор Қ.Қ.Жұбановтың буын теориясы //Өрлеу. 1999. N2. 43-45-бб.
  12. Кейбір этнографизмдердің лексика-семантикалық аясы //ҚР БҒМ ҰҒА Хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы. 2000. N2. 52-61-бб.
  13. Казахский алфавит на основе латинской графики //ҚР ҒА Хабарлары. 2000 N1. (авт. бірл.: К.Хұсайынов, Ә.Жүнісбеков).
  14. Бір тәуліктегі күн мен түн //ҚХР Шыңжаң дәшуе ғылыми журналы 2002. N4. 13-19бб.
  15. “Қамшы” этнографизмінің қолланылу өриси хаққында //Өзбекстан Республикасы Илимлер Академиясы Қарақалпақстан бөлиминиң Хабаршысы. Нөкис, 2003. N5. 98-100бб.
  16. Бұқаралық коммуникация және сөз мәдениеті //Қазақ тілінің орфоэпиялық анықтағышы. Алматы: Арыс, 2004. 5-23бб.
  17. Қазақ тілі – қандай тіл? //Тілтаным. Алматы, 2004. N3, 156-163бб.
  18. Қазақ тілі: советтік дәуір мен постсоветтік кезең //Тілтаным. 2005. N4.
  19. Сөз мәдениеті туралы // Қазақ тілі. Мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту. Алматы, 2005. N6. 3-4бб.
  20. Қазақ тіліндегі кейбір зоонимдердің этимологиясы туралы //Қазақ тілі.Мектепте, колледжде және ЖОО-да оқыту. 2006. N2 (14). 3-4бб.
  21. Біріккен сөз туралы // ҚР ҒА Хабарлары. 2006.
  22. Алғы сөз. Сөздіктің құрылымы мен құрылысы //Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 1-том. Алматы: Арыс, 2006.
  23. Ы.Е.Мамановтың ғылыми концепциялары // Қаз ҰУ Хабаршысы. Филология университеті, 2007, N3.
  24. Халық күн қайыруы. // Абай энциклопедиясы. Алматы: Атамұра, 1995. 590-591бб.
  25. Әлиіпби. // Қазақ тілі энциклопедиясы. Алматы, 1998. 49-50бб.
  26. Орфография. // Қазақ тілі энциклопедиясы. Алматы, 1998. 304-305бб.
  27. Орфографиялық сөздік. // Қазақ тілі энциклопедиясы. Алматы, 1998. 305б.
  28. Орфоэпия. // Қазақ тілі энциклопедиясы. Алматы, 1998. 305-306бб.

Конференцияда жасаған баяндамалар:

  1. Қазақ әдеби тілі туралы зерттеулердің түйінді тұжырымдары //“Қазақ тілінің грамматикалық құрылымының даму мәселелері және басқа тілдермен қарым-қатынасы” республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Алматы, 1998, 11-12 наурыз. 8-13 бб.
  2. Қ.Жұбанов қазақ орфографиясының негізгі принциптері хақында //“Жұбанов тағылымы” атты республикалық конференция материалдары. Ақтөбе, 1998. 38-43бб.
  3. Бір тәуліктегі шақ атаулары және олардың этимологиясы //Академик Ә.Т.Қайдар және тіл білімінің мәселелері. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Алматы: Дайк-Пресс, 2004, 143-153 бб.
  4. Тілдік жүйе – норма – узус және олардың ортақ тұстары мен айырым белгілері //Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімі мәселелері. Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалы. Алматы: Арыс, 2004. 26-30 бб.
  5. Терминология және тілдік норма //Терминология және тіл мәдениетінің мәселелері. Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Астана, 2004. 34-46-бб.
  6. “Қамшы” концептісі //Академик Ш.Ш.Сарыбаев және қазақ тіл білімі мәселелері. Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. Алматы: Дайк-Пресс, 2005, 204-213-бб.

Басқа материалдар:

  1. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасының нысаны мен міндеттері. Фонетика туралы түсінік
  2. Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы (Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде) (Дипломдық жұмыс)
  3. Қазіргі қазақ тілінің фонетикалық жүйесі
  4. Балаларды тәрбиелеудің психологиялық қағидалары
  5. Ата-ананың психологиялық құзіреттілігі – бала саулығының кепілі
  6. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы
  7. Бірінші не көрдіңіз: түлкі ме, дельфин бе? 
  8. 4-5 жастағы балаларға арналған бинарлық сабақ
  9. Ата-аналар жиналысына арналған тренинг
  10. Сөйлеудің фонетикалық бірліктері
  11. Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері (Дипломдық жұмыс)
  12. Қазақ ономапоэтикасы: сатиралық-юморлық кейіпкер аттары (Дипломдық жұмыс)

1 ПІКІР

  1. Сымбат, профессор Нұргелді Уәлидің еңбегін жариялап, автор туралы неге бір ауыз сөз, құрығанда фамилиясын жазбадыңыз? Автордан рұқсат алдыңыз ба? Қандай максатта дипломдық жұмыс ретінде ұсынып отырсыз?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ