Қазақстанның жер асты сулары. Алмаарасан минералды суы мен Мыңжылқы құдығы

0
3198
Иллюстрация: Freepik.com

Минералды сулар. Табиғатта түрлі ауруларға шипа болатын минералды сулар болады. Мұндай суларды ішу, шомылу арқылы емге пайдалану ертеден-ақ белгілі болған.

Судың шипалық қасиеті ондағы еріген заттардың мөлшеріне қарай анықталады және олар салқын, жылы, ыстық күйінде кездеседі. Минералды сулар денедегі ісіктерге қарсы, жүйке жүйесін нығайту, қан тамырын кеңейту, өт пен ішті тазалау, тамақтың қалқанша безінің, өкпе-бауырдың қызметін жақсарту және т.б көптеген ауруларды емдеу үшін қолданылады.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстанда 100-ден астам минералды су көздерінің шипалық қасиеттері анықталып, көпшілігі пайдаланылуда. Мысалы, «Алмаарасан», «Қапаларасан», «Сарыағаш», «Мерке», т.б көптеген емдеу-сауықтыру орындары жұмыс істейді.

Алмаарасан минералды суы. Алмаарасан минералды суы — жерасты ыстық суы. Алматы облысы Қарасай ауданында орналасқан.

Құрамында кремний көп, яғни емдік қасиеті бар суларға жатады. Судың өзіне тән иісі бар.

1951-53 жылдары бұрғыланған 5 ұңғымадан су өздігінен атқылап шыққан. Судың температурасы +33-38 градус. Алмаарасан минералды суы негізінде  1932 жылдан бері бұл шипадай жұмыс істеп жатыр. Онда аяқ-қол, буын, тері және асқазан ауруларын емдейді.

Артезиан сулары. Жер астынан артезиан суын пайдалану үшін құдық қазған немесе бұрғыланған ұңғымалар жасаған. қазақстанда артезиан құдығы ХІХ ғасырдан бастап қазылды.

Артезиан құдығының қабырғасы берік болса шегенделмейді. Ал қабырғалары қиыршық тас, құм, малта, тас, т.б борпылдақ, сусымалы болса таспен , ағашпен шегенделген.

Қазіргі кезде арнаулы қондырғылармен жүздеген метр тереңдікке дейін бұрғыланып, темір немесе құйматас құбырлар орнатылады.

Су арыны әлсіз болып, өздігінен шықпаса, артезиан құдығына сорғы орнатылады. Су лай болса тазарту үшін артезиан құдығының түбіне түрлі сүзгілер қойылады.

«Мыңжылқы» құдығы. «Мыңжылқы» құдығы.  — шамамен XVIII ғасырда қазылған құдық. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы  Тарбағатай ауданының Қурайлы даласында орналасқан. 

«Мыңжылқы» құдығы — қазақ даласындағы теңдесі жоқ құрылыс үлгісі. Құдықтың кіреберіс кеңдігі  20-25 м арық ретінде қазылып, әр метр сайын 10 см-ге тереңдей беретін каналға айналған.

Каналдың ұзындығы 400 м  жерді төмендете қаза келіп, 40 м тереңдегенде жерасты суына жетеді. Құдықтың айналасын мал су ішіп, айналып шығатындай етіп, кеіейте қазған. Түбін тереңдете тазартып, кішкене көлшік жасаған. Суға баратын канал жолы кең.

Оған 5-6 жылқы қатарынан емін-еркін түсіп, көтеріліп өз бетімен су ішіп, кіріп-шыға алады. Ел аузындағы аңыздарда бұл құдықты Қабанбай батырдың жасағы жорық алдында аялдау үшін қаздырғандығы туралы айтылады. Осы шөл даладағы  құдықтан түз тағылары мен жыртқыш аңдар да бір-біріне зиян тигізбей, шөлдерін қандырады — мыс.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ