Қазақ тілі дыбыстарының Ахмет Байтұрсыновқа дейін зерттелуі

0
1719
Freepik.com

Алғашқы зерттелулерде қазақ тілі дыбыс жүйесі туралы, қазақ тіліндегі дыбыстардың саны мен сапасы туралы бірізді пікір де, қазақша терминдер де жасалған жоқ.

Қазақ тілі дыбыс жүйесінін белгілі бір мәселесі бойынша арнайы зерттеу жүргізілгендіктен орыс түркологтары еңбектерінде фонетика таза практикалық мақсатта болды. Сондықтан олардың зерттеулері қазақ тілі дыбыс жүйесі жөніндегі алғашқы мәлімет деңгейінде ғана еді. оны төмендегі шолуымыздан байқауға толық болады. Демек, нағыз ғылыми зерттеу А. Байтұрсынов пен Қ. Жұбанов еңбектерінен басталады деп білеміз.

Қазақ тілінің дыбыс жүйесі жөнінде алғашқы мәліметті Н.И. Ильминскийдің 1860 жылы Қазан қаласында шыққан «Материалы к изучению киргизского наречия» («Ученые записки Казанского университета») деген еңбегінен кездестіре аламыз. Ильминский қазақ тіліндегі дыбыстарды екі топқа жіктеп, дауыстылардың сегіз түрін (а-ä, е, ы, і, о-ö, у-ÿ), дауыссыздардың он тоғыз түрін (п, м, w; т, д, н; ж, з, ш, с; р, л, j; k¨, ѓ, к, г, ң) атап өтеді (дыбыстарды өзара артикуляциялық жуықтығына қарай жіктеп көрсеткен).

Н.И. Ильминский тіл алды ашық ä (ә) дауыстысын дербес фонема түрінде қарамай, а дауыстысының варианты ретінде түсініп, оны негізгі дауыстылардың тобынан шығарып тастайды.

Дауыссыз дыбыстардың құрамында дж, ч аффрикаттары мен Һ спиранты кездеспейді. Шамасы, Н.И. Ильминскийдің еңбегі батыс қазақтарының тіл материалдары негізінде жазылса керек. Еңбекте кейбір дыбыстардың артикуляциясы, комбинаторлық жағынан алмасуы (б-м, н-д-т, н-ң, к-г, т.б.), қолдану ерекшелігі және екпін жайынан қысқаша мәлімет берілген.

Одан соң М.Терентьев жазған «Гармматикада» [1] қазақ фонетикасы жөнінен айтарлықтай жаңалық байқалмайды. Онда кейбір дыбыстардың айтылуы мен комбинаторлық түрде алмасуы (ч-ш, ш-с, м-б, л-д, к-г) жайында, сөздің екінші буынында келетін ы қысаң дауыстысының редукциясы жайында азын-аулақ мәлімет береді.

Түркі тілдерінің фонетика мәселесін зерттеу жайында В.В. Радловтың сіңірген еңбегі аса зор. В. Радлов тұңғыш рет түркі тілдерінің салыстырмалы фонетикасын [2]жасап, онда қазақ фонетикасының едәуір мәселесін сөз етті. Түркі тілдері фонетикасының сан алуан мәселелері, лингвистиканың сол кездегі компаративистика бағыты бойынша түсіндіреді.

В.Радловтың «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» атты еңбегі күні бүгінге дейін өзінің ғылыми мәнін жоғалтқан емес, мұнда қазақ фонетикасының едәуір мәселелері, атап айтңанда: дыбыс құрамы, сөзде дыбыстардың қолдану ерекшелігі, дыбыстардың дистрибуция кезеңі, ол дыбыстардың әр түрлі өзгеру заңдылықтары, сингармонизм   құбылысы, екпін категориясы сияқты өзекті мәселелер өзге түркі тілдерінің материалдарымен салыстырыла отыра әңгіме бола­ды. Сонымен қатар қазақ тіліне тән кейбір фонетикалық құбылыстарға аса назар аударған.

Қазақ вокализмі тоғыз дауыстыдан (а, ä, е, о, ö, у, і, и, ü),  консонантизм саласы жиырма дауыссыздан құралатынын атап, дауыссыздарды қатаң (q, k, t, р, s, š), ұяң (γ, g, d, b, z, ž), үнді (n, m, η, r, l, Ι) және аралық немесе жарты дауысты (w, j) деп төрт түрлі акустика-артикуляциялың топқа жіктеген. В. Радлов ұсынған мына екі мәселені мақұлдай алмаймыз: оның бірі — w, j дыбыстарын  аралық  дыбыстар деп сонор дыбыстардың тобына енгізбеуі, екіншісі -бүйір (латераль) л сонорының сөзде жуанды-жіңішкелі түрде айтылатын вариантын дербес фонема (сөз мағынасын ажырата алатын қасиеті бар) деп тануы. Қазіргі  тәжірибе фонетикасының берген мәліметіне қарағанда түркі тілдерінде оның ішінде қазақ тілінде w (у), j (й) дыбыстары  акустика-артикуля­циялық табиғаты бойынша сонор немесе үнді дыбыстардың тобына жатады.

Түркі тілдерінде дауыссыз дыбыстар сөздегі дауыстылардың ыңғайына қарай әр түрлі вариантта айтыла береді. Мәселен, ал, ел, ол сөздерін алайық, мұнда «л» соноры дауысты дыбысқа байланысты бірде жуан (ал), бірде жіңішке (ел), бірде ерінмен (ол) айтылып тұр, олар атқаратын қызметіне қарай бір ғана фонеманы құрай алады. Фонема сөзде әлденеше фонетикалық-комбинаторлық вариантта кездесе береді. Демек, В. Радлов л сонорының фонематикалық қасиетін теріс түсінген.

В. Радлов «Фонетикасын» сөз еткенімізде мына үш мәселе есте болуы қажет: оның бірі — екпін мәселесі, екінші мәселе — дыбыстардың дистрибуциясы,  үшіншісі — түркі тілдерінің үндестік заңы. В. Радлов көп буынды сөздерде сөз аяғына түсетін негізгі екпінн басқа көмекші екпіндердің болатынын, көмекші екпіннің фонетикалық табиғаты үнді (музыкалық) екпін екенін айтады. Сонымен қатар дыбыстардың, әсіресе, дауыссыз дыбыстардың, дистрибуциялық ережелеріне едәуір көңіл аударып, дыбыс тіркесімдері жайында біраз мәлімет берген.

В. Радлов түркі тілдерінде сингармонизмнің екі түрі бар екенін атап (палаталды — езу, лабиалды — ерін), ерін үндестігі әлсізденіп бара жатыр деп қорытады.

П.М. Мелиоранский екі бөлімнен құралатын қазақ тілінің грамматикасын жазып, оның алғашқы бөлімін фоне­тика мен морфология мәселесіне арнаған болатын. Фонетика тарауында дыбыстардың артикуляциясы (жасалуы), дыбыстардың комбинаторлық түрде алмасуы, сөз шенінде қолдану жайы, үндестік заңы мен екпін мәселесі қысқаша түрде сөз болады. Дауыстылардың протеза, элизия, редукция құбылыстары жайында да азын-аулақ мәлімет беред. [3]

П. М. Ме­лиоранский дыбыстардың құрамына тоқтай келіп қазақ во­кализмі тоғыз дауыстыдан (а, ä, е, ы, і, о, ö, у, ÿ), консонан­тизм саласы жиырма бір дауыссыз дыбыстан (б, п, м, т, д, н, ж, з, ш, с, p, л, к, г, ч, 1, қ, ғ, ң, й, ǐ-дж) құралатынын атап өтеді. Дауыстыларды жуан-жіңішке, ашық-қысаң деп жіктеп, графикаға қатысын да анықтайды. «Қу, ту, би» сөздерінде айтылатын «у, и» дыбыстарын  естілуіне қарай созылыңқы дыбыстар деп таниды.

П.М. Мелиоранский, В. Радлов айтқан пікірді қуаттай отырып «л» сонорының жуанды-жіңішкелі түрде айтылатын вариантын дербес фонема деп түсінеді. Тіл ортасы «к, г» және тіл арты «қ, ғ» дыбыстарын көмей дыбыстары деп, олардың артикуляциялық-жасалу орнын теріс көрсеткен. [4, 28-32]

Октябрь революциясына дейін казақ тілі жайында жазылған еңбектерден — В. Катаринскийдің. «Грамматика кир­гизского языка» (Фонетика, этимология и синтаксис. Орен­бург, 1897), И. Лаптевтың «Материалы по казах-киргизско­му языку» (Москва, 1900) және Н. Созонтовтың «Записки по грамматике киргизского языка» (Ташкент, 1912) деген кітаптарын атап өтуге болар еді.

Аталған еңбектердің фонети­ка тарауында айтарлықтай жаңалық жоқ, көбіне, бұрынғы айтылған мәселелерді қайталап отырады. Н. Катанов «Опыт исследования урянхайского языка» (Казань, 1903) атты еңбегінде қазақ тілі дыбыстарын өзге түркі тілдердің материалдарымен салыстыра, қазақ тіліне тән кейбір заңдылықтарды көрсетеді. Октябрь революциясына дейін қазақ тілі жайында жазылған шағың еңбектерде фонетика мәселелері грамматиканың құрамына еніп, соған байланысты әңгіме болып келді.

Қазақ тілінің дыбыс құрылысы белгілі жүйеге салынып әржақты талданған емес. Фонетика құбылыстары жай ғана артикуляциялық фонетика тұрғысынан қаралды да, зерттеу әдістері анықталмай қалды.

Қазақ тілі дыбыс құрылысының арнаулы жүйемен жан-жақты зерттелуі — совет дәуірі тұсынан басталды. Совет дәуірі кезінде жаңа ғылым — қазақ лингвистикасы туды, оның фонетика, грамматика, лексикология, диалектология, стилистика сияқты бірнеше салалары пайда болды. Қазақ тілін зерттейтін дербес Институт ұйымдасты және көптеген маман-кадрлар шықты. қазақ тіл білімінің арнаулы бір тармағы болған — фонетика саласында едәуір жұмыс істелді. фонетика мен фонологияның зерттеу әдістері, тәсілдері анықтала түсті.

Фонетика саласы фонология, эксперименттік (тәжірибе) фонетика, салыстырмалы фонетика, тарихи фонетика тәрізді тармақтарға жіктеле бастады. Республикамыз өзінің даңқты елу жылдық тойын тойлағалы отыр. Осы даңқты елу жыл ішінде қазақ фонетикасы жайында нелер істелді, қандай табыстарға жеттік, алдағы кезде қандай шұғыл міндеттер тұр — осылар жөнінде өз пікірлерімізді ортаға салмақпыз.

Мектептерде қазақ тілін оқыту және жазу ережелерін (алфавит, графика, орфография) жетілдіру ісімен байланыс­ты әуелгі кезде қазақ фонетикасы жөнінде біраз шағын ең-бектер— мақалалар жарың көрді. [5-6]

Г. В. Архангельский жазған «Грамматикада» қазақ тілі дыбыстарының жіктелуі, дыбыстардың өз ара алмасуы, кейде дыбыстардың сөзде айтылмай түсіп қалуы (редукциясы), үндестік заң мен екпін мәселесі қысқаша түрде сөз болады. Бұл ғалым қазақ тілі дыбыстарын дауысты, шала дауысты және дауыссыз деп үш топқа жіктеп көрсетеді. Ауыздың ашылу түріне қарап дауыссыздарды ашық (а, ә), жарты ашық (е, о, ө), қысаң (ы, і) және жарты қысаң (ұ, ү) деп төрт топқа жіктеп өтеді.

Қазақ фонетика мәселелерін арнаулы жүйеге салып зерт­теу кезеңі проф. Құдайберген Жұбановтан басталады. Проф. Қ. Жұбанов қазақ лингвистикасының ірге тасын қалаушылардың бірі болды. Ол қазақ фонетикасының бір топ мәселелері (атап айтқанда — тіл дыбыстарының фонологиясы мен жіктелуі, дыбыстардың өзгеру құбылысы, үндестік заң, сөздің буын құрылысы және акцентуация саласы) жөнінде зерттеу жүргізіп, олар туралы белгілі шешімге келеді. [7, 169 б.]

Өз зерттеулерінде ол А, Байтұрсыновтың тұжырымды талдауларын дамыта түсті.

А. Байтұрсыновқа дейінгі еңбектерде қазақ тілі жүйесі түрде зерттеледі, жоғарыда аталған орыс ғалымдарының еңбектеріндегі зерттеулердің ғылыми дәрежесі төмен болды, қазақ тілінің өзіндік табиғи қасиеті көп жағдайда ескерілмеді, бір жақты байымдаулар мен үстірт пікірлерге құрылды, көбіне фиктивті құрылымды тілдердегі ережелерге сәйкестендірілді. Мысалы, Санкт-Питербургте 1875 жылы жарық көрген М.А. Теретьевтің «Грамматика турецкая, персидская, киргизская» деп аталатын кітабында қазақ тілі, оның дыбыс жүйесі мен грамматикалық құрылысы жайында азды- көпті ғана, қазақ тілінің қасиетін, мәнін т.б. ерекшеліктерін аша алиайтын мағлұмат берілген.

Ы. Алтынсариннің 1871 жылы Оринборда жарық көрген «Начальное руководство к обучению киргиз-русскому языку» атты еңбегі қазақтарға орыс тілі грамматикасын түсіндіретін ең бірінші оқу құралы ретінде зор қзмет атқарды. Қазақ тіл білімінің іргетасын қалаушы ғалым  А. Байтұрсыновтың ағартушылық жолға құлшына кірісіп, сауаттылықты жою жолында қазақ тілін жан-жақты талдауына Ы. Алтынсариннің осы еңбегі де үлгі болған сияқты. Ташкентте, Орынборда, Алматыда жоғары орындарында профессор қызметін атқару. Қазақ тілі мен әдебиетін терең зерттеуге ғалымға мүмкіндік жасады, ұстаздық пен қоғамдық жұмыстарда жүріп, ол зерттеу жұмыстарын тоқтатпаған.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Терентьев М. «Грамматика турецкая, персидская, киргизская и узбекская».-Книга І, СПб., 1875.
  2. Радлов В.В. «Фонетика северных тюрксих языков» (Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы). Неміс тілінде жазылған. – Лейпциг, 1882.
  3. Мелиоранский П.М. «Краткая грамматика казак-кингизского языка». Часть І. Фонетика и этимология. – СПб., 1894.
  4. Аралбаев Ж.А. «Қазақ тілі фонетикасының зерттелуі жайында»// Кітп: Фонетика казахского языка. – Алматы, 1969. – 27-42 б.
  5. Байтұрсынов А. «Қазақ тілінің дыбыстары»// «Жаңа мектеп» журналы, №2; «Дыбыстардың жіктелуі». «Төте оқу» 1936, желтоқсан айы, №30; «Сөз үндістігі». «Төте оқу» 1937, 5 март, №7. (Байтұрсынов А. Шығармалары, Алматы, «Жазушы», 1989; «Қазақстан әйелдері», №4, 1989).
  6. Бегалиев Ғ. «Әріп, дыбыс, буын».- Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1935; «Сингорманизм деген не?»// «Халық мұғалімі», №3-4, 1941.
  7. Жұбанов Қ. «Қазақ тілі жөніндегі

Басқа материалдар:

  1. Қазіргі қазақ тілінің фонетикасының нысаны мен міндеттері. Фонетика туралы түсінік
  2. Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы (Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде) (Дипломдық жұмыс)
  3. Қазіргі қазақ тілінің фонетикалық жүйесі
  4. Балаларды тәрбиелеудің психологиялық қағидалары
  5. Ата-ананың психологиялық құзіреттілігі – бала саулығының кепілі
  6. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы
  7. Бірінші не көрдіңіз: түлкі ме, дельфин бе? 
  8. 4-5 жастағы балаларға арналған бинарлық сабақ
  9. Ата-аналар жиналысына арналған тренинг
  10. Сөйлеудің фонетикалық бірліктері
  11. Қазақ лексикографиясы: біртілді оқу сөздігін түзудің ғылыми негіздері (Дипломдық жұмыс)
  12. Қазақ ономапоэтикасы: сатиралық-юморлық кейіпкер аттары (Дипломдық жұмыс)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ