Егіншілік және қосалқы кәсіптердің дамуы (сабақ жоспары)

0
1130
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— көшпелілердің шаруашылық өмірінің ерекшеліктерін анықтау.

Зерттеу сұрағы
Көшпелілердің дәстүрлі шаруашылығының ерекшелігі неде?

Оқулық
Егіншіліктің дамуы және қосалқы кәсіптердің дамуы. 233–238 беттер.

Тірек сөздер
— Егіншілік
— Ашаршылық
— Саятшылық
— балық аулау

Ресурстар
1. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Алматы. Атамұра, 2010.
2. Роль степных городов в цивилизации номадов. Астана. 2008
3. Средневековые города Казахстана. Алматы. 2006
4. Райымхан, К.Н.. Музей жәдігерлері тарихи дереккөз ретінде (Қазақстан
музейлері негізінде). Астана. 2010

Көрнекілік
Кәріз жүйесінің, астық сақтайтын ұралар мен хұмдардың суреттері.

Мақсатты айқындау
Егіншіліктің дамуы мен оның халықтың тіршілікқамы жүйесіндегі маңызын оқыту; Аңшылық, балық аулау кәсіптерінің даму ерекшеліктерімен таныстыру.

Сабақтың деректік материалдары
Егіншілік, балық аулау, аңшылыққа қатысты қызықты деректер беру оқушылардың тарихи-танымдық қабілеттін арттыра түседі. Сабақ тақырыбын деректермен жұмыс жасауға негіздеп, факультатив сабаққа кеңейтуге болады.

“Қазақстанның оңтүстiгiнде егіншiлiктiң қалпына келуi Сыр бойы қала өмiрiнiң өркендеуiмен тығыз байланысты. Мәселен, Ақ Ордада ХIII ғасырдың аяғында байқалған шаруашылықтың жандану процесi ХIҮ ғасырдан кең құлаш жая бастады.

Сығанақ, Ясы, Сауран, Отырар, Сайрам және басқа қалалар қалпына келтiрiлiп, егiншiлiк пен қолөнер кәсібi өркендеп, онымен бiрге сауда айналымы да өстi.

Ақ Ордада қала және отырықшы — егiншiлiк өнердiң дамуына мемлекет орталығының осында ауысуы, оның iрi егiншiлiк ошақтарына жақын орналасуы мен билеушiлерiнiң моңғол хандары үстемдiк еткен Алтын Орда, Шағатай мемлекеттерiне тәуелсiз өз билiгiн орнатуға ұмтылуы қолайлы  жағдай қалыптастырды.

Сонымен қатар Шығыс Дештi Қыпшақ халқының Түркiстан қалалары, елдiң оңтүстiгiмен экономикалық байланыстарының маңыздылығы барған сайын күшейе түстi. Дала тұрғындарының ұлғайып келе жатқан мал шаруашылығы өнiмдерiн өткiзуге, өз кезегiнде өздерiнiң де қолөнер мен егiншiлiк өнiмдерiне деген сұранымын қанағаттандыруға ұмтылуы малшаруашылықты аудандарының отырықшы-егiншiлiктi аудандармен экономикалық байланыстарын берiк орнықтырып, Оңтүстiк Қазақстанның
қала мәдениетi мен егiншiлiктiң жандануына алып келдi”.

Аңшылыққа қатысты “Қазақта ер серiгi саналатын жақсы ат, қыран бүркiт, алғыр тазы, бес қарулар жетi қазынаға жатады (қалған үшеуi — ер-азамат, сұлу әйел және
ақыл). Құс салып, саятшылық құру үлкен мәртебе саналды. Егер еуропалықтар
сұңқар салумен көп шұғылданса, Орталық Азия көшпелiлерi бүркiт пен қаршыға, сұңқардың 10 шақты түрiн аңшылыққа пайдаланды. Алғырлығы мен айласы, ептiлiгi мен күшi сәйкескен қыран бүркiттiң орны айрықша болып, әдебиетте қыран сөзiмен жоғарыда аталған қасиеттердi бейнелеп айтты.

Жақсы бүркiттiң құны 5-6 түйеге бағаланатын едi. Құсбегiлер бүркiтi негiзiнен түлкi, қарсақ, қоян алатын болса, кейбiр қыран бүркiттер қасқыр, арқар сияқты аңдарға да түсетiн. Бiр сонар мезгiлiнде (қараша соңынан ақпанға  дейiн) тәжiрибелi бүркiтшi 30-60 дейiн түлкi, 20-25 қасқыр алатын болған. Құсбегiлер бүркiт баптау, баулу сияқты бiлiмдi жақсы меңгерген мамандар саналады. Олар өз шеберлiгiн балаларына мирас етiп қалдыратын.

Қыран құспен саятшылық құрудың сыртында алғыр тазы-итпен аңға шығу да ерекше саналды. Орталық Азияда көп ғасырлық тұқым жетiлдiрудiң нәтижесiнде аңды тез қуып жететiн өте ұшқыр, қырағы көздi тазы тұқымын пайда болғызады. Тазымен көбiне күзде және қыста аң аулауға шығатын және аңшылықтың бұл түрi ауа райын таңдамайтын. Тазыны қоян, борсық, қасқыр және тұяқты жануарларға салатын. Дегенмен, ең пайдалы да тиiмдi кәсіп — түлкi алу едi, өйткенi, оның алдын орап жүрмей-ақ тазыны iзiне салып жiберу ғана жеткiлiктi едi. Аңшы келiп жеткенше iзiне түскен аңын қуып ұстап алымдап басып жатқан тазыдан олжасын аңшы келiп ажыратып алатын.

Тазы мен бүркiттi қатар салудың ұтымды жақтары көп болды. Мұндай жағдайда, ит бұғып алған аңды тасадан ашыққа қуып шығарған кезiнде аспаннан жар етiп, бүркiт бүрiп түсетiн.  Ұлы ақын Абайдың “Қансонарда бүркітші шығады аңға” деп аталатын
өлеңінде аңшылық өнердің өзіндік ерекшелік сыры мен сынын қолмен қойғандай поэзиялық көркемдікпен ерекше бейнелеген:

Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен қыран бүркіт бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға — деген өлең жолдарында аңшының киімі қандай болу керектігі туралы айтады”. (Этнограф Досымбек Қатранның музейлік экскурсынан)

Сабақ түрі мен әдісі
Тақырыптан алған білімді толық қалыптастыру, алған білімді сұрақ-жауап арқылы бекіту мақсатында топтық жарыс сабақ.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Егіншілік пен балық аулау шаруашылықтары дамыған аймақтарды картадан көрсету. Балық аулау кәсібі туралы айтқанда теңіз, өзен, көлдерді картадан көрсету керек. Егіншілік, балық аулау, аңшылық кәсіптері туралы айтқанда, осы кәсіптерді жүргізу үшін қолданған құрал-жабдықтардың суреттерін көрсетіп отырып, түсіндіру. Құрал жабдықтар аттарын нақты айту. Музейлердегі құрал-жабдықтар суреттерін көрсету.

Бағалау мүмкіндігі
Егіншілік, балық аулау, аңшылықтың адам өміріндегі, халықтың тіршілік қамы жүйесіндегі орны туралы талқылау үшін сауалнамалар беріп отыру. Талқылау сұрақтары нәтижесінде — ауызекі тілдегі, жұмыстағы жіберген қателерін арнайы талдау. Қорытындысын жариялау.

Қосымша тапсырмалар
Егіншілік құралдары. Аңшылық құралдары. Балықшылық құралдары. Осы тақырыптарда балалардың сурет салуын немесе құралдар кестесін жасауын
ұйымдастыру.

Білімін шыңдауға берілетін тест
Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!

Қазақ қоғамында егіншілік құралдарын белгілеңіз:
А) Соқа Е) Сырғауыл, ашамай
В) Оқтық F) Дән үккіш, оттық
С) Тырма, айыр, кетпен G) Сүргі, сүймен
Д) Қол арба H) Орақ, тас диірмен

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
1. Қазақ аңшыларының аң аулау әдістерін анықтаңыз:
А) Құс салу, тазы ит қосу
В) Суға батыру, су қойма жасау
С) Өрт қою, айғайлап қуу
Д) Қақпан құру, ұрып алу, тор құру
Е) Інге қол сұғу, інге от қою немесе су құю
F) Тұзақ құру, ор қазу, атып алу
G) Балық аулау, таспен ұрып алу
H) Мылтықпен ату, найзамен қаумалау, өртеу.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ