ХV-ХVІ ғасырларға ортақ әдеби мұра авторы

0
798
Иллюстрация: Freepik.com

Асанқайғы мен Қазтуған  жыраулар Ақорда мен Алтын орданың, Ноғайлы ордасының іргесі шайқалып, қазақ жұртының өз алдына дербес ел болуға талпынып жүрген кезінде өмір сүрген дуалы ауыз иелері екені белгілі.

Олардың негізгі ата қонысы- Еділ мен Жайық бойы. Өмір кешкен ортасы-«төскейде-мал, төсекте-басы» күнде қосылып мидай араласып жатқан қазақ, ноғай сынды туысқан жұрттың іші.

Сондықтан да бүгінгі күнде іргесін аулақ салып кеткен осынау екі халық та оларды өздерінің төл әдебиетінің , ұлт тарихының бел баласы санайды. Және сонан келіп жатқан екі халыққа да зиян жоқ. Қайта туысқандықты, жекжаттықты еске салар ежелгі жәдігерлік сияқты бұлардың мұраларына деген құрмет айырықша. Сондай ерекше сөз иесінің бірі–Шәлгез (Шалкиіз) жырау Тіленшіұлы.

Шәлгез (Шалкиіз) жырау революциядан бұрын туындылары ең көп баспа бетін көрген авторларымыздың санатына жатады. Және шығармалары біршама тиянақты зерттелген кісілердің бірі болып есептеледі.

Бірақ, жыраудың барша шығармасы өмір сүрген кезеңі түгелдей ашылып болды десек, артық айтқандық болар еді. Ең ақыры дуалы ауызды қариямыздың аты Шәлгез бе, Шалкиіз бе деген мәселеден бастап, оның туған, өлген жылдарын шамамен болса да, мөлшерлеп, межелеудің өзінде де әрқилы болжамдар айтылып келеді. Бірақ, оған бола жырауды зерттеп жүрген мамандарды кінәлаудың қисына жоқ. Өйткені, революциядан бұрынғы, революциядан кейін Ахмет Байтұрсынов енгізген араб графикасы қабылданғанға дейінгі біздің қадім (ескі) жазуларымызда и мен е, ы мен ё дыбыстары бір ғана таңбамен берілетін-ді.

Сондықтан жырау есімін Шәлгез, Шалгез, Шалкиз, Шалкиіз деп, әр кім әр түрлі оқуға қақылы. Оның үстіне В.Радлов Шалкіз деп башқұрттар Шалкииз деп жазса, 1875 жылы «Императорлық орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімшесінің жазбаларына» берген Т.Сейдалин мен С.Жантуриеннің орысша аудармасында (Жырау шығармасын жолма-жол тәжімәдан өлеңге айналдырған И.Н.Распопов) «Певец Шалкииз» деп таңбаланса, Шалкиізді тек қана Шәлгез деп жазған дұрыс деп отырып алуға болмайды. Сондықтан біз осы екі атауды да қатар алып отырмыз.

Есімінің әр түрліше оқылу себептерін шығармашылық бет-бейнесін де анық та, айқын елестететіндей дәрежеге түсіндіруге болатындығын дәлелдейміз.

Темір биді Шәлкездің хаж сапарынан тоқтатуы туралы, оның алдында Темірді жұрттың сөзіне еріп, қасынан кетіруі жырау творчествосында айқын бейнеленеді. Сондай-ақ, ол осы жырында «Тебінгінің астынан ала балта суырысып, тепсінісіп келгенде, тең атаның ұлы едің: дәрежеңді артық етсе, тәңірі етті» деп, Темір биге айбат шегеді.

Демек, Шәлгезді айбынды әулетке жиен етіп көрсету, көңілшектік жасап, кейінгі заман адамының қосқан сөзі емес, ертеден бері айтылып келе жатқан әңгіменің сарқыны.Жыраудың Би Темірмен араздасу себептері қырым ноғайлары арасынан жазып алынған В.В.Радловтың 1886 жылғы  7-ші томында айтылған.

Әрине, Шәлгез Темір би бұ дүниеден өткеннен кейін де халқының араласып, әрқилы билеушілермен әрқалай қатынаста бола жүріп, тірлік кешкен кісі. Арыстанғали Беркалыұлының «Ақын» жинағыда «Шағырмақ бұлт жай тастар» атты ұзақ толғауына  байланысты берген түсініктемесінде, жырау ноғайлы жұртының бес-алты ханның тұсында өмір сүрген адам.

Жасы ұлғайған тұсында Мамай ханның жанына келіп өмір сүреді. Бірақ, мұнда да оны ноғайлының өзге билері күндеп, өлтірмек болады. Мамай оларға: «Сендер өлтірмей-ақ қойыңдар, ертең елге жау тигенде жалғыз өзін жаман торымен жіберейік. Сонда өзі-ақ жау қолынан өледі» дейді. Айтқанындай ертеңіне елге жау тиеді. Шәлгезді жаман торыға мінгізіп, жауға қарсы жібереді. Бірақ, Шәлгез батыр жаудың қолбасы батырын өлтіріп, өзге әскерін қуып тастайды. Мұнан кейін тау басында осының қызықтап тұрған Мамайға келген жырау «Шағырмақ бұлт жай тастар» ,-деп басталатын жырын айтып одан іргесін аулаққа салады.

Шәлгез-батыр жырау ретінде ерлік жырларының басында тұрған санаулы саңлақтарымыздың бірі. Оның кейінгі толқындарға жарық жұлдыздай құбылнама секілді қастерлілігі де творчествосының тот баспас асылдығында. Сөз жоқ, ол батыр мінезділікті паш етер толғаулардың ғана емес, көлемді эпостарды да қолынан өткізген кісі. Ал, оның өзінен тікелей болмаса да, сөзінен рухани тәлім-тәрбие алған жандардың  мықтылығы сонда, олар Шәлгез атымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан жыр арнасын үзбей, кейінгілерге жеткізуге  ақындық қуатын аяған емес.

Шәлгездің әруағын тірілту үшін сол кісінің жыры еді деп, толғаулар толғаған шабытты тұстарда шамырқанған «мінезді сөздер» аузына түссе «мынау менің өз сөзім еді» деп пенделік ұсақтыққа бармаған. Өйткені, олар өздерінің абыройын ойлаудан гөрі ата жыраудың әруағын қабырғалы елдің көбірек, тереңірек сыйлағанына мүдделірек болған. Шәлгездің де, Шәлгез секілді ерте дәуірдің басқа да дуалы ауыздылардың жырау ретіндегі бақыттылығы осында.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Сыпыра жырау туралы мәлімет
  2. ХІV–ХVІІІ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздің жыраулары мен ақындары шығармашылығының негізгі ерекшеліктері
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  5. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  6. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  7. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  8. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  9. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  10. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  11. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  12. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  13. ХV ғасырдағы қазақ хандығы және қазақ әдебиеті. Асан қайғы Сәбитұлы шығармашылығы
  14. Ел аңыздары және жыраулық мұра
  15. Қазақ хандығының құрылу дәуірінен дерек беретін жыраулық мұра


ПІКІР ҚАЛДЫРУ