ХVІІІ ғасырдың басына дейінгі қазақ-орыс қатынастары. Ресейдің әскери отарлау әрекеттерінің басталуы (сабақ жоспары)

0
1617
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
– қазақ хандығының ішкі саяси жағдайын талдау.

– қазақ хандығының сыртқы саясатының нәтижелерін анықтау.

Зерттеу сұрағы: Неліктен Ресей Қазақстанды Азияға шығудың “кілті мен қақпасы” деп санады?

Оқулық
ХVІІІ ғасырдың басына дейінгі қазақ-орыс қатынастары. Ресейдің әскери
отарлау әрекеттерінің басталуы

Тірек сөздер: әскери отарлау, әскери шептер, Омбы бекінісі, Бухгольц экспедициясы.

Ресурстар:
Қазақстан тарихы: көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. –
Т.3. – Алматы: Атамұра, 2002. – 150-179 бб.
Абдиров М. История казачества Казахстан. – Алма-Ата: Казахстан,
1994.

Сабаққа дайындық: Ресейдің қазақ жерлерін әскери отарлауының басталуы мен оның себептерімен, қазақ жеріндегі әскери отарлауда маңызды рөл атқарған Бухгольц экспедициясымен, Омбы бекінісінің салыну тарихымен таныстыра отырып, қазақ жерлеріндегі әскери бекіністер мен шептердің салынуының одан әрі күшеюінің барысын Ресей патшалығының отарлау саясатының негізгі тірегіне айналғандығын көрсету.

Ресейдің қазақ жерін отаулау саясатының негізгі бағыты әскери отарлаудан басталғандығын, қазақ жеріне әскери бекіністер мен шептердің салынуының бағыттарын талдай отырып, оқушыларды оқиғаларды сабақтастықта қарастыруға, кешенді ойлауға, шығармашылыққа баулу.

Сабақтың деректі материалдары: Қазақ жерлеріндегі орыс бекіністері мен шептерінің салынуының картасы, Бухгольц экспедициясының маршруты, көркем суреттер.

Сабаққа әдістемелік нұсқау: Сабақты ұйымдастыруда тарихи сараптау, интербелсенді тапсырмалар, картамен жұмыс түрлерін пайдалану керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер: Қазақ жерлерін отарлау саясатының кең көлемді жүргендігін, соның ішінде оның үш негізгі бағытының (әскери отарлау, қоныстандыру саясаты, рухани отарлау) бірінші кезеңінің ерекшеліктерін ашып көрсету керек.

Әскери бекіністердің қазақ жерін шеңберлеп қоршай түскендігін, орыс-казак жасақтарының құрылу тарихымен бірге қарастыру керек.

Сабақтың барысы. Мұғалім XVIIІ ғасырдың басында патшалық Ресей қазақ даласында әскери бекіністерді салу арқылы өзінің әскери – отаршылдық әрекеттерін бастағандығын әңгімелейді.

Ресейдің әскери отарлау саясаты империялық сананы басшылыққа орыс өкiметiнің І Петрдің тұсында “қырғызқайсақ ордаларын” өзіне қаратуды ойластыра бастауынан туындағандығын және қазақ даласының Ресейден шығып, Орталық Азия хандықтары мен қалаларына апаратын сауда жолдарында жатуы да отаршылдық пиғылды күшейте түскендігін түсіндіреді.

Аймақтық географиялық тұрғыдан қазақ даласын Ресейден бөліп жататын тау жоталарының болмауы да орыстардың қазақ жеріне дендеп енуін жылдамдатқандығын картадан көрсетеді. Қазақ жерін билеуші топтардың солтүстіктегі көршісімен сауда-экономикалық, әскери-стратегиялық байланыстарға ұмтылуы да Ресейдің Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра түскендігін түсіндіреді.

Осындай ахуалды пайдаланып қалуға тырысқан орыс билеушілері қазақ жерiн және Орта Азия арқылы өтетiн барлық керуен жолдарын өзiнiң қол астына бағындыруды
көздеген әрекеттердi қолға алуға итермелегендігін және өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін арнайы экспедияциялар жабдықтап, Жайықтың бойында қамалдар салуды және башқұрт-қазақ халықтарын өзара жауластыруды қолға ала бастағандығын тарихи фактілермен, көрнекілік құралдарды пайдалана отырып баяндайды.

Білімді бағалау мүмкіндіктері: Мұғалім оқушыларды екі топқа бөліп, оларға арнайы тапсырма береді.

1-топ Ресейдің қазақ жерлеріне салған әскери бекіністері мен шептерін картадан белгілей отырып, әскери отарлаудың бағыттары туралы өз пікірлерін айтады.

2-топ Бухгольц экпедициясының маршрутын сызып, бұл экспедицияның қазақ жерлерін әскери отарлауда атқарған рөлі туралы өз пікірлерін айтады.

Қосымша тапсырма.
Оқулықта берілген тапсырмаларды орындау. Хрестоматияда берілген тарихи құжаттармен таныса отырып, әскери отарлаудың салдарлары туралы эссе дайындау.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ