Күйзеліске түсудің себебі неде?

0
829
Иллюстрация: Freepik.com

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Америкада күйзелістен 15 миллион адам зардап шегеді екен. Нақты саны келтірілмегенімен, біздің елімізде де күйзеліске түсетіндер аз емес. Оған әртүрлі жағдайлар себеп болады.

Тұқым қуалаушылық, басынан өткізген зорлық, созылмалы кеселдер, тіпті күтпеген тосын жағдай да күйзеліске түсіреді екен. Жақында «FYІ» атты интернет-басылым депрессияның әдеттегіден тыс 7 себебін атап көрсетті.

1. Шектен тыс пысықтық

Американың Педиатрия академиясы уақытының көбін түрлі ортада, көпшілік орындарда өткізетін жасөспірімдерде күйзелістің классикалық белгілері байқалатынын анықтаған. Оқымыстылар мұны балалардың тек мектепте ғана емес, одан тыс жерлерде де пысық болып көрінгісі келуімен түсіндіреді.

2. Интернет

Онлайнда ұзақ уақыт отыру да адамды күйзеліске түсіреді екен. Аталмыш дертке негізінен 16 жастан асқан жасөспірімдер тез шалдығатын көрінеді. Интернет оларды шын өмірден алшақтатып жіберетіні тағы бар.

3. Ұйқы қанбау
Ұйқының қанбауы да күйзеліске түсудің бір себебі. 6 және 7 сағаттық ұйқының арасында да адамның психикалық жағдайына әсер ететін үлкен айырмашылық бар.

4. Ертеңге қалдыру

Зерттеушілер бүгінгі істі ертеңге қалдыратын адамдардың да белгілі бір уақыттан кейін күйзеліске түсетінін айтады. Негізі көбіне өзіне сенбейтін адамдар бүгінгі істі ертеңге қалдыратын көрінеді. Ал адам күйзеліске түскен кезде өз қабілетіне, табысқа жететініне сенбей қалады. Нәтижесінде атқарылмаған шаруаларының тізімі көбейіп, ол күйзеліске түсіреді.

5. Балалар арасындағы бақталастық

Балалар арасында ата-ана назары үшін бақталастықтар болып тұрады деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Доктор Роберт Уолдинджердің зерттеулеріне қарағанда, бала кезінде туған бауырларымен көп жанжалдасқан адамдар есейгенде күйзеліске көп түсуі мүмкін екен.

6. Қалалық өмір

Әдетте қалалықтар күйзеліске түсуге бейім тұрады, психикалық ауруларға төзімсіз болатын көрінеді. Зерттеушілер оның себебі экология немесе қаланың қарбалас тіршілігінен емес, көпшілік арасында өзін жалғыз сезінуден болады дейді. Себебі кейбіреу қалада өзін көпшіліктен бөлініп қалғандай жалғыз сезінеді екен.

7. Витамин жетіспеушілігі

Кейде тамақ құрамында В6 және В12 витаминдері жетіспесе де адамдкүйзеліске түседі. Сондықтан тамағыңыздың құрамында осы витаминдердің жеткілікті болуын қадағалаңыз. Бұл, әсіресе, егде жастағы адамдарға өте қажет.

Дереккөз: «Ауырмаңыз!» газеті.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ