Менің сүйікті Отаным! Тәрбие сағатының сценарийі

0
2544

Тақырыбы: Менің сүйікті Отаным! 

Мақсаты: Оқушыларды Отанды сүюге, қазақ елінің рәміздерін қастерлеуге, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Көрнекіліктер: Қазақстан картасы, Қазақстанның әнұраны, көк байрағы, Елтаңбасы, әнұранның авторларының суреттері.

Барысы:
Құрметті мұғалімдер, ұстаздар!  «Менің сүйікті Отаным!» атты тәрбие сағатымызға  қош келдіңіздер!

1-жүргізуші: Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Құшақ жая таныстым сан тіліммен.
Жаман үйді қонағы билейді деп,
Қала жаздап айырылып өз тілімнен.
Өзге тілге еліктеп ел болмалық,
Қазағымның артық жоқ өз тілінен…..
1986 жылы 16-шы желтоқсанда бүкіл қазақ жастары тоталитарлық режимге ашық қарсылық көрсетті. Міне осындай ұмытылмас оқиғадан бері 21 жылдан асты. Өмір — өзен, толқындары сол кезден бізді алыстатып бара жатса да, жүрегімізде мәңгі ұмытылмас бір нәрсе қалды.  Ол сол үш күнде, дүниені дүр сілкіндірген қазақ қыздары мен ұлдарының рухына, ерлігіне деген тағзым, құрмет. (1 минут үнсіздік)

1-оқушы:   Әнұраным – жан ұраным,
Айтар әнім – сөйлер сөзім.
Туған жерім сағынарым,
Мәңгі бақи шырқалады,
Республика әнұраны.

2-оқушы:   Елтаңбасы елімнің,
Неткен көркем әдемі.
Тұнығындай көңілдің,
Ортада аспан әлемі.

3-оқушы:     Өзіңдікі – елің де,
Өзіңдікі – жерін де.
Өзіңдікі — өзіңе екен бақ,
Тәуелсіздік төрінде!

4-оқушы:    Өзіңдікі – Туың да,
От пен ауа суында.
Жаса Қазақстаным,
Белді бекем буын да.

5-оқушы:    Көк аспандай туларың,
Желбірейтін күні бұл.
Елім деген ұлдардың,
Елжірейтін күні бұл.

2-жүргізуші: «Қанша ғасыр өмір сүрсе бұл қазақ, сонша ғасыр ұмтылды ғой елдікке», — деп Төле би бабамыз айтқандай 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды. Егеменді ел атандық.
Міне, енді өз Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Туымыз бар. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік ағайын.

1-жүргізуші: Желтоқсанда шындық жырын
Шырқаймыз деп шарқ ұрдық.
Желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындық,
Кеудеде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның,
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.

6-оқушы:   Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар.
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Атам десең, атыңдар!

7-оқушы:   Желтоқсанның ызғары – ай,
Кірпікке қатқан мұз зары — ай.
«Елім-ай» деп егілген,
Ұлдары мен қыздары — ай.

8-оқушы:   Отан – осы достарым,
Көңілге мұны түйе біл.
Оттан деп өсіп жас жаның,
Оны ардақтап сүйе біл.

9-оқушы:    Отан – тарих, Отан – тіл,
Жасаған елің, өз халқың.
Отан — өлең, Отан – жыр,
Көтерер көкке ел даңқын.

10-оқушы: Отан – сенің ата-анаң,
Отан – досың, бауырың.
Отан – аудан, ауылың,
Отан — өлкең астанаң.

11-оқушы:    Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер атамекен –
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

12-оқушы:    Отан дейміз кең байтақ Астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ, өз үйіңнен басталады.
Магуфаров Ерзат пен Асинов Даниярдың орындауында «Ерке сылқым» күйі.

2-жүргізуші: Туған елдің азаттығы мен тәуелсіздігі жолында Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Е. Спатаев сияқты көптеген қазақ жастары желтоқсан оқиғасы кезінде қайсарлықпен ерлік көрсетіп, құрбан болды.

1-жүргізуші: Өсер елдің қай сәтте де бірлік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы.
Өздеріңдей өр намысты жас өркені бар елдің,
Ешқашан да еңкеюге тиісті емес жалауы.

13-оқушы: Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкіммен түн тірілген.

14-оқушы:    Мен қазақпын, биікпін байтақ елмін,
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мыңда бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім.

15-оқушы:    Егемен болмай ел болмас,
Етек-жеңі кең болмас.
Терезесі кең болмас,
Енді қазақ тең болмас.
Заманбекова Айгерімнің орындауында «Қазақ» биі.

2-жүргізуші: Хандардың қайталамай қателігін,
«Ұлт бол деген нығайтып қатарларын».
Мағжан мен Мұхтар, Жүсіпбектің,
Ұмытпа ешқашанда баталарын.

1-жүргізуші: Абылай сынды ақылгөй ханы бар қазақта қара қылды қақ жарған үш кемеңгер билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің шешендік сөз үлгілеріне құлақ салайық.

Төле би:    Уа, халайық, сөз қадірін білсең,
Жаңбыр жаумаса – жер жетім,
Басшы болмаса – ел жетім.
Сөз танығыш жастарға он түрлі жұмбағым бар.

Әйтеке би:    Биікке шықсаң – көзің ашылады,
Жақсы мен жолдас болсаң, көңілің.
Айтыңыз ұлы аға!

Төле би: Айтсам он түрлі жұмбағым мынау – 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10.
1-оқушы: Бұл не деген жұмбақ? Осындай да жұмбақ бола ма?

Қазыбек би:
1 дегенім – бірлігі кеткен ел жаман,
2 дегенім – егісіп өткен ер жаман,
3 дегенім – үш бөлінген ағайын жаман,
4 дегенім – тұрақсыз дос жаман,
5 дегенім – белсеніп шыққан жау жаман,
6 дегенім – асқынған дерт жаман,
7 дегенім – жас келіншек жесір қалса, сол жаман,
8 дегенім – серпілмеген қайғы жаман,
9 дегенім – торқалы той, топырақты өлімде бас көрсетпес, сол жаман,
10 дегенім – оңалмас кәрілікке дауа болмас деген.

Төле би: Рахмет дәл тауып шештің. Ойы да, тілі де жүйрік тұлпарым менің.

Әйтеке би: Тамыры суда тұрса да уақыты жеткенде қурамайтын құрақ жоқ. Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.

Төле би: Дұрыс айтасың, Әйтеке. Ал, қаз дауысты Қазыбек би мына жиналған халайыққа не айтасың?
Қазыбек би: Өркенің өссін десең кекшіл болма –
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең, өршіл болма –
Өркеніңді өшірерсің,
Аллаһуакбар.

Төле би: Уа, халқым!
Көсіле шабар жерің бар!
Ту көтерген елім бар.
Атадан қалған сара жолың бар,
Сөз қадірін біліңдер.

2-жүргізуші: Көшеде тулар самсаған,
Көктемнің қызыл гүліндей.
Қазақстан тойын қарсы алам,
Өзімнің туған күнімдей!

1-жүргізуші: Қуаныштан қалай кеуде кермесін,
Бұл күнімді бір ғасырға бермеспін.
Ақ түйенің қарны міне жарылды,
Тәуелсізбін, егеменмін, дербеспін.

2-оқушы:    Туған тілім – бабам тілім — өз тілім!
Туған тілім – анам тілі — өз тілім!
Туған тілім – далам тілі — өз тілім!
Туған тілім – адам тілі — өз тілім!
Туған тілде сыры терең жаны бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер,
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!
«Менің елім» әні.

2-жүргізуші. Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің,
Ал, екінші бақытым – тілім менің,
Жас жүректі тіліммен тілімдедім.
Бақытым бар үшінші – Отан деген.
—    Кім мықты? – десе біреу «Отан» дер ем!

1-жүргізуші: Біздің Елбасы былай деген: «Бізге азаттық азаппен, арпалыспен келген. Тәуелсіздік тәуекелге түскен. Сондықтан да бұл бақытымыз баянды болады, ұзағынан сүйіндіреді деп сенеміз».
«Менің Қазақстаным» әні хормен орындалады.

Қорытынды: Өз отанымыз Қазақстанды болашақта гүлденген, дамыған елдердің қатарына қосу үшін, үлгілі, тәртіпті болу, үлкенді сыйлау, іздену мен талаптану мақсатын ұстануымыз керек.

Басқа материал:

  1. Батырлық пен қорқақтық туралы мақал-мәтелдер
  2. Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (Бастауыш сынып арасындағы сайыс)
  3. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  4. SMM маманы деген кім?
  5. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  6. Web-дизайнер деген кім?
  7. Таргетологтың қызметі қандай?
  8. Ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер

ПІКІР ҚАЛДЫРУ