Өміріңді өзгертуге арналған 20 пайдалы әдет

0
1731
Иллюстрация: Freepik.com

Егер өміріңе оң өзгерістер енгенін қаласаң, өз әдеттеріңді өзгерту керек. Ал бірінші кезекте, күнделікті әдеттерді. Оң өзгерістердің бар құпиясы да осында. Күнделікті әдеттеріңді түзедің, демек өзіңді түзедің. 

Бұл жазбада күнделікті пайдалы әдеттерді қарастырамыз. Атауынан түсінікті шығар, күнделікті әдеттер — бұл Құдайдың құтты күні істеуге болатын/керек әдеттер. Күнделікті әдеттерді енгізудің кілті тұрақтылық пен бірқалыптылық құрайды. Аз-аздан тұрақты түрде істесең, өміріңе біртіндеп оң өзгерістер енетін болады.

Сонымен, іске көшейік. Әуелі сенің денеңді сау әрі көңіліңді сергек ететін күнделікті 10 пайдалы әдетпен танысайық.

• Физикалық және психикалық денсаулық, тонус және күш-қуат

1. Ұйықтар алдында тамақ ішпе. Бұл әдет денсаулығыңды сақтайды. Соңғы тамақтану ұйықтарға дейін 2,5 — 3 сағат қалғанда дейін болуы керек.

2. Ертерек жатып, ертерек тұр. Кем дегенде 7 сағат ұйықта. Жақында «Распорядок дня великих людей» деген қызықты кітапты оқып бітірдім. Бұл кітаптан мен жасаған басты тұжырым — ұлы адамдардың шамамен 90% таңертең сағ. 4:00 — 6:00-де тұрған дұрыс деген шешімге келген. Мен де әртүрлі ұйқы режимдерін тәжірибеден өткізіп, ерте жатып, ерте тұрған анағұрлым тиімді шешім екеніне көзім жетті.

3. Күні бойы көбірек су іш. Ең кемі 1,5 л. Энергетикалық сусындардың, не газдалған сусындардың қажеті жоқ. Таза ауыз судың өзі жеткілікті!

4. Спортпен айналыс. Жаттығу залына барып тұр. Екеуі де болмаса, жай ғана күнде таңертең не кешке жүгіріп тұршы. Ең болмағанда аптасына 2-3 мәрте жарты сағаттан жүгірші, өзіңді қалай сергек сезініп қаласың! Бұл әдетті міндетті түрде енгізу керек!

5. Ашуланбауға, ғайбат айтпауға тырыс. Өз ойларыңа абай бол. Әр сөзіңді ойланып сөйле. Бұл ғаламда тартылыс заңы іске асады, сәйкесінше не ойласаң соны өзіңе тартасың.

6. Күнде оянғаннан кейін таңғы кешенді процедурадан өт. Процедура 5 түрлі кішігірім іс-әрекеттен тұрады: салқын сумен бетті жуу, тісті тазалау, тілді тазалау, кішкене лимон сусыны қосылған жылы таза ауыз суын ішу және мүмкін болса, контраст душ қабылдау.

Контраст душ қабылдаудың ешқандай қиындығы жоқ: жылы судан бастайсың, сосын ыстық суға ауыстырасың, одан соң суық суға, осылай бірнеше рет ыстық пен суықты кезектестіріп түсесің. Соңы салқын сумен аяқтайсың. Контраст деңгейін біртіндеп арттыру керек.

7. Таңертең ең болмағанда кішігірім жаттығулар кешенін жаса. Ғаламторда сан алуан жаттығулар кешенін таба аласың. Жай ғана «комплекс упражнений на каждое утро» деп жазып, іздесең болғаны.

8. Релаксацияны немесе медитацияны қолдан. Бұны таңғы кешенді процедураны аяқтағаннан кейін міндетті түрде істеу керек. Неліктен? Шын мәнінде, заманауи қала ритміне ілесеміз деп жүріп босаңсуды мүлде ұмыттық. Ал бұл өз кезегінде біртіндеп денсаулықты құртады. Жай ғана 10 минут уақытыңды релаксация немесе медитацияға бөлсең, бұның жүйке жүйесіне, тонусқа және жалпы денсаулыққа пайдасы көп.

9. Итмұрын тұнбасын немесе бал қосылған шөпті шәй іш. Мұндай шәйлар салқын болса да, ыстық болса да дәмді. Аталған сусындармен қарапайым қаптамадағы шәйлар, кофе мен газдалған сусындарды ауыстыруға тырыс.

10. Көбірек жаяу жүруге тырыс. Егер арақашықтық онша алыс болмаса, қоғамдық көліктен, жалпы көлік атаулыдан бас тартып, одан да жаяу бар. Егер айтарлықтай жоғары қабатта тұрмайтын болсаң, лифтті қолданудан бас тартып, баспалдақпен жаяу көтеріліп, түскен денсаулыққа пайдалы.

Енді сенің тұлғалық кейіпіңді түбегейлі өзгертетін күнделікті 10 пайдалы әдетпен танысайық. Бұл әдеттер ой-өрісін дамытады, есте сақтау қабілетін арттырады, сондай-ақ эрудицияңды көтереді.

• Жеке тиімділік пен өз-өзіңді дамыту

11. Шет тілін үйрен. Күніне ең болмағанда 15 минут уақытыңды шет тілін үйренуге бөл. Шет тілін үйрену сенің тіл біліміңді көтеріп қана қоймай, есте сақтау қабілетін арттырады. Бұл нағыз миға арналған жаттығу!

Күнде тым болмағанда 2-3 жаңа сөз үйреніп, грамматикалық жаттығулар орындап, шет тілінде қысқаша бейнежазба/аудиожазба тыңдауға дағдылан.

12. Күнделік жүргіз. Күнделікке күнде басыңа келетін сан алуан идеяларды түсір, cондай-ақ өміріңде орын алып жатқан қызықты оқиғаларды да түртіп қоюды ұмытпа. Мен күнделік ретінде Evernote қосымшасын қолданамын. Бұл шынында ең әлеуетті әрі ыңғайлы құралдардың бірі. Evernote арқылы сен өз ойларың мен жазбаларыңды тез әрі ыңғалй енгізіп қана қоймай, ғаламторда кездескен түрлі пайдалы жазбалар мен мақалаларды көшіріп, енгізіп, сақтап қоюыңа болады.

13. Аудиокітаптар тыңда. Қазіргі уақытта смартфонға немесе аудиоплеерге кез келген аудиокітапты жүктеп, орнатудың ешқандай қиындығы жоқ. Мен аудиокітаптарды күнде кез келген уақытта тыңдаймын: көлікпен жүргенде, көлік кептелістерінде, жаяу жүргенде, біреуді не әлденені күткенде және т.б. Қандай аудиокітаптар ұсынамын?

Менің ойымша, қандай да бір пайдасы бар кез келген аудиокітап: кәсіпкерлік, өз-өзіңді дамыту немесе сол баяғы сүйікті классика және т.с.с. Мен осылай аптасына бір-екі кітап тыңдап тастаймын. Әрине, егер кітаптың негізгі ойларын блокнотқа конспектілесең, пайдасы көбірек болады.

14. Пайдалы бейнежазбалар қара. Күнде 15-30 минут уақытыңды пайдалы бейнежазбалар қарауға бөл. Әртүрлі тематикада → ғылым, өз-өзіңді дамыту, кәсіпкерлік және т.б. Youtube-та көптеген пайдалы каналдар бар. Әрине, тек трендтегі тұрғандарға мүлде жоламаған абзал. Берері аз, алары көп.

15. Күніңді жоспарла. Маңызды істерді алдыңғы күннің кешкісін жоспарлап қойған жөнірек. Ал таңертең → ақырғы жоспарлау. Күні бойы қандай істерге үлгердің, бақылап отыр. Күн соңына жеткенде бүгінгі күнді қорытындылап, ертеңгі күнді жоспарла. Алтын қағида: «Ертеңінді» қамтамасыз еткің келсе, «бүгініңді» пайдамен өткіз [бірақ демалысты ұмытпа].

16. Тез бітіруге болатын істерді кейінге қалдырма. 10-15 минут ішінде бітіруге болатын кез келген істі кейінге қалдырмай, сол мезетте істеуге әдеттен. Мұндай істер күні бойы көптеп шығады, ал жиналып қалса, орындалуы үшін көп уақыт пен күш-қуатты қажет етуі мүмкін.

17. Мақсаттар тізімін құрып, оларды қайтала. Кез келген бағытта тезірек алға басу үшін саған өз мақсаттарыңның тізімін құрып, оны күнде қайталап отыру керек: дауыстап оқисың, не дауыстап оқығаныңды диктофонға жазып, аудио форматта тыңдайсың, соңы визуализация жасайсың.

18. Мұқият таңдалынған ресурстарда жаңалықтарды бақыла. Жаман әдеттер жайлы жазбамда жалпы жаңалықтар тұнып тұрған бәле екенін айтып өткен едім. Әсіресе Life-news форматындағы немесе ВКонтакте лентасындағы. Ал теледидарда таратылатын жаңалықтарды мүлде көрмегендерің дұрыс.

Алайда егер мұқият таңдалынған ресустардан ақпарат алатын болсаң, оның еш зияны жоқ, керісінше пайдасы мол. Ең әуелі сен өзің айналысатын не сені қызықтыратын саланың жаңалықтарын бақылауың керек.

19. Кіріс және шығыс есебін жүргіз. Мен бұл әдетке өзімді әрең үйреттім. Егер сен өз қаражатыңды бақылауда ұстап, әл-ауқатыңды тұрақты түрде арттырғың келсе → кіріс-шығыс есебінсіз болмайды. Кіріс және шығыс есебін жүргізуге арналған әртүрлі қосымшалар бар. Соны орнатып, қолдан.

20. Туған-туысқандарың мен жақындарыңа көңіл бөл. Егер студент болсаң, басқа қалада оқысаң, ата-анаңа хабарласып, хал-жағдай сұрасып тұр.

Дереккөз: ҰБТ академиясы

Басқа материалдар:

  1. Оқу сауаттылығынан мәтін тақырыбын қалай қояды?
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  9. SMM маманы деген кім?
  10. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  11. Web-дизайнер деген кім?
  12. Кофе-киоск кәсібін бастау үшін…
  13. Бизнес-профиль деген не?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ