Оғыз-қыпшақ жазба ескерткіштері (сабақ жоспары)

0
1488

Сабақтың мақсаты:
— 6.2.3.3 — “Кодекс Куманикус” сөздігінің халықаралық байланыстардағы рөлін анықтау.

Зерттеу сұрағы
Әлем өркениетінің дамуына түрік мәдениеті қандай үлес қосты?

Оқулық
Оғыз-қыпшақ жазба ескерткіштері. 103–106 беттер.

Тірек сөздер
— Эпостық жырлар
— Оғыз тілі
— Қыпшақ тілі

Ресурстар
1. Қоңыратбаев Ә. Оғыз-қыпшақ ұлысы және шамандық культі. Қазақ
эпосы және туркология. Алматы. 1987. 115-121-б.
2. Қоңыратбаев Ә., Қоңыратбаев Т. Көне мәдениет жазбалары. Оқу құралы.
Алматы. Қазақ университеті. 1991.
3. Қорқыт Ата энциклопедиялық жинақ. Алматы. “Қазақ энциклопедиясы”.
1999. 799-б.
4. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы. Аруна.
ЖШС. 2010.
5. Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы. Ана тілі. 1991.

Көрнекілік
“Қорқыт Ата кітабы”, “Кодекс Куманикус”, “Оғызнама” дастаны оқиғаларын қамтитын графикалық туындылар суреттері. “Қорқыт Ата кітабы”, “Кодекс Куманикус”, “Оғызнама” жырларынан үзінділер жазылған слайд дайындау.

Мақсатты айқындау
“Қорқыт Ата кітабының” маңыздылығын, жыр желісін, жыр аттарын қамту. “Қорқыт Ата кітабының” байырғы түркілердің салт-дәстүрін қамтыған бөлігін үзінділер оқу арқылы, оқушылардың қазіргі заманғы салт-дәстүрмен салыстырмалы, сараптау жасау мақсатындағы ой-танымын қалыптастыру.

“Кодекс Куманикус” сөздігінің халықаралық байланыстардағы рөлімен таныстыру. “Оғызнама” дастаны желісін баяндау.

Сабақтың деректік материалдары
“Қорқыт Ата кітабы”, “Кодекс Куманикус”, “Оғызнама” жырларынан үзінділер дайындау. Мысалы “Қорқыт Ата кітабынан” оқушыларға салтдәстүрге қатысты тұстары туралы айтып беруге болады. Мысалы:

“Адам аттары тарихи дәуірлердің ауысына қарай қалыптасып отырды. “Қорқыт Ата кітабын” негізге алсақ, ерте түркілер дәуірінде Қорқыт, Байындыр, Оғлан, Бұқаш, Дерсе, Ұлаш, Қарашық, Қазан, Қиян, Ерен, Бижан, Икенек, Домрұл, Ұлан, Торалы, Бәрік, Бұрла, Бану Шешек т.б. түркіше есімдермен қатар, жыр желісінде Мәлік, Ораз, Фатыма, Мелек, Рүстем, Аруз, Әлмүш деген ислам аттары кездеседі. Ерекше қасиетке ие болып, халық арасында танылған адамдардың аттары өзгеріске ұшырап, ол
халыққа халық берген атымен, яғни кейін қойылған атымен танымал болып
қалады.

Қорқыт Ата кітабының “Дерсе хан ұлы Бұқашхан” баянында Оғлан 15 жасқа келгенде Байындар ханның тасқа мүйізін сүзсе ұндай қылып үгететін бұқасымен айқасып, бұқаны басынан жұдырығымен ұрып құлатып, бұқаның басын кесіп алады. Сонда Қорқыт ата келіп “Байындыр ханның алаңында бұл ұлың бұқа өлтірді, балаңның аты Бұқаш болсын, атын мен қойдым, жасын Алла берсін”, — деген.

Содан кейін баланың Оғлан аты ұмытылып Бұқаш атанып кеткен (“Қорқыт Ата” энциклопедиялық жинақ. 131 б.). Оғыз тайпасында ұл туылғанда берілген атынан бөлек ерлік көрсеткенде қайта атберу дәстүрі болған. Қорқыт асқан даналығымен адамға ат қою құрметіне ие болып отырған”.

“Қорқыт Ата кітабы” баянына сүйенсек оғыз тайпасында бала тіліген адам аттан айғыр, түйеден бура, қойдан қошқар сойдырып құрбандық шалған, аш көрсе тойдырған, жалаңаш көрсе киіндірген, борыштыны борышынан құтқарған, ұлы той жасап тілек тілеген (“Қорқыт Ата” энциклопедиялық жинақ. 131 б.). Құрбандық шалып, тілек тілеу ұрпақтан ұрпаққа берілген ғұрып”.

“Құдаласу шешімі қабылданған соң ұл әкесі қыз әкесінің ауылына “жаушы” жіберген. Жаушының міндеті — қыз әкесін көндіріп, келісімін алып, қызға құда түсуге келер күнді белгілеп қайту, әдетте жаушыға өз ағайындарының ішінен жөн-жосықты білгіш, сөзге шешен, әзіл-қалжыңға жүйрік адамды таңдайды.

“Қорқыт Ата кітабы” баянында Бай Бурабек ұлы Бәрікке Бану Шешекті айттыруға Қорқыт Атаны жіберген, себебі Бану Шешектің ағасы Дели Қаршар қарындасын айттыра келген жаушының бәрін өлтірген” (“Қорқыт Ата” энциклопедиялық жинақ. 146 б.).

Сабақ түрі мен әдісі
Оқушыларды іздендіру, білімді меңгеру деңгейін байқау мақсатында —зерттеу сабағы.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Қорқыт айтты деген нақыл сөздерді, байырғы түркілердің салт-дәстүрі, соның ішінде қазіргі заманға дейін өзгеріссіз жеткен дәстүрлерді қамтыған жыр-дастаннан үзінді оқу.

Бағалау мүмкіндігі
Оғыз-қыпшақ дәуірі және бұл немен, қандай тарихи оқиғалармен ерекшеленетіндігі туралы жалпы түсініктерін айту үшін логикалық сұрақтар дайындау.

Қосымша тапсырмалар
“Қорқыт Ата кітабы”, “Кодекс Куманикус”, “Оғызнама” жырларынан бірінен үзінділер оқу.

Білімін шыңдауға берілетін тест.
Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!

1. Қорқыттың күйлерін анықтаңыз:
А) “Ұшардың ұлуы”  Е) “Ел айырылған”
В) “Елім ай”                F) “Күннің баяны”
С) “Ақсақ құлан”         G) “Қорқыт”
Д) “Желмая”            H) “Оғызнама”

Тесттен 2 дұрыс жауабын тап!

2. “Кодекс куманикус” еңбегінің жазылған көшірілген жылдарын көрсетіңіз:
А) 1218 ж.    Е) 1330 ж.
В) 1294 ж. F) 1198 ж.
С) 1303 ж. G) 1270 ж.
Д) 1465 ж . H) 1389 ж.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:

  1. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  2. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  3. “Ұлы Жібек жолының” халықаралық қатынастардағы орны (сабақ жоспары)
  4. Наймандар, керейттер және жалайырлар ( сабақ жоспары)
  5. Қыпшақ хандығы (ХI ғасырдың басы — 1219 ж.) (сабақ жоспары)
  6. Ислам дінінің орнығуы (сабақ жоспары)
  7. Түркітілдес халықтардың миграциясының Еуразия тарихына әсері (сабақ жоспары)
  8. Ертеортағасырлық сәулет ескерткіштері (сабақ жоспары)
  9. Әл-Фараби — әлемнің ұлы ойшылы (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ