Рухани мәдениет және отбасылық салт-дәстүрлер ерекшеліктері (сабақ жоспары)

0
1840
Freepik.com

Сабақтың мақсаты
– салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың құндылықтары мен маңыздылығын анықтау

Зерттеу сұрағы: Неге XIX ғасыр қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінің гүлденген дәуірі деп саналады?

Оқулық
Рухани мәдениет және отбасылық салт-дәстүрлер ерекшеліктері. 164–167 беттер.

Тірек сөздер: қонақжайлылық, шілдехана, бесікке салу, ат қою, бата алу,
асар жасау.

Ресурстар
1. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының
дәстүрлі жүйесі. 5 томдық. Алматы, 2011-2014.
2. Матыжанов К. Қазақтың отбасы фольклоры. Алматы: Арыс баспасы,
2007. 332 б.
3. Арғынбаев Х. Қазақ отбасы. – Алматы: Қайнар, 1996.

Көрнекілік
Фотослайд. Ұлттық ойындардан деректі фильмдер үзіндісі. Мектеп кітапханасының тақырыпқа сай кітап көрмесі.

Мақсатты айқындау
Сабақ барысында қазақ халқының үйленуге қатысты дәстүрлерімен, байырғы кезеңде құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру рәсімдерінің қалай өткендімен оқушыларды таныстыру. Ау-жар, аушадияр сияқты құз ұзату кезінде айтылған фольклорлық мұраларымыздың болғандығын айту. Сыңсу әнін қай кезде орындағанын айту. Беташар әнінің мәні мен мағынасына түсінік беру.

Дамытушылы және тәрбиелік мақсаты. Қазақтың ұлттық ойын түрлерін талдай отырып, оқушыларды отансүйгіштікке, алғырлыққа, ептілікке баулу. Оқушылардың ұлттық құндылықтарды құрметтеуге деген сеніміне жігер беру.

Сабақтың деректік материалдары
“Жар-жар” жырының қыз бен жігіттер тобының кезектесіп айтатын бір нұсқасын Сырдария экспедициясы кезінде ХІХ ғасырдың соңында Ә.Диваев Шымкент уезі, Ноғайқора болысының қазағы Еркімбек Ақынбековтан жазып алып жариялаған.

Қара насар, қара насар,
Қара мақпал сәукеле, шашын басар, жар-жар-ау!
Мұнда әкем қалды деп, қам жемегін, жар-жар-ау!
Жақсы болса қайын атаң орын басар, жар-жар-ау!

Ақ қоян қашар жоталап, жар-жар-ау!
Ақ тайлақ өсер боталап, жар-жар-ау!
Неге мұнша жылайсың, жар-жар-ау!
Артыңнан інің барады, апалап, жар-жар-ау!

Көне “Беташар” жыры:
“Келін келді, көріңіз, көрімдігін беріңіз!
Беретұғын малыңның түсін айтып қойыңыз.
Нар берсеңіз, мая бер, үстіне кілем жая бер…
Жылқы берсең биеден, кем болмасын түйеден…

Сиыр берсең қызылдан, шұбалаң құйрық ұзыннан.
Қой берсең, үлкен ағынан, егіз болсын қозысы,
Болмасын жалқы тағынан”
(Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 2-том. Дүниеге келгеннен
озғанға дейін (отбасылық әдет-ғұрыптар ертеректегі авторлардың еңбектері
бойынша. Алматы: “Арыс” баспасы. 2006. 56 б.)

Деректерді оқи отырып, қазіргі кезде байырғы “тұрмыс-салт” жырлары нұсқаларының қолданыстан шыққанын, қазіргі кездегі бұл жырлардың жаңа нұсқаларының қолданыста екенін айту керек.

Сабақ түрі мен әдісі
Диспут. Интербелсенділік, ақпараттылық. Сыни ойлау әдісі арқылы байырғы отбасылық дәстүрлер мен қазіргі кезеңдегі отбасылық дәстүрлердің арасындағы айырмашылықтарды ажырата білуін ұйымдастыру.

Сабаққа қатысты ескертулер
Байырғы қазақ қоғамында құда түсу, үйлену мәселесі қалай шешілгендігін “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты көркем фильмдерден мысал келтіре отырып түсіндіруге болады.

Бағалау мүмкіндігі
Оқушылар құда түсу, қалың мал, қыз ұзату, келін түсіру, беташар, ұлттық ойындар туралы өз ойлары мен көзқарастарын айтуы керек. Ау-жар, аушадияр, сыңсу, беташар жырларының мәні мен мағынасы туралы сұрап, өз ойларын еркін білдіруі керек.

Қосымша тапсырма
Көкпар ойыны туралы деректі фильмдерді көріп, өз ойыңды айт. Ұлттық ойындар туралы өз сауалнамаңды құрастыр.

Білімін шыңдауға берілген тесттен 3 дұрыс жауабын тап!

1. Бесікті құрайтын бөліктерді табыңыз:
А) Шүмек, түбек; Е) Белағаш, бөген;
В) Уық; F) Кереге, басқұр;
С) Жорға, шабақ; G) Шаңырақ;
Д) Орама, сабау; H) Тұтқа

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. Ертеде туыстар арасында көмек сұрау, көмек жинау, көмек көрсету
түрлерін табыңыз:
А) Немеурін; Е) Жылауық;
В) Сұраныс; F)Жылу жинау;
С) Жылулықан; G) Көпшілік;
Д) Жаурауық; H) Асарлату.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

  1. «Зар заман» әдебиет ағымы өкілдерінің саяси көзқарастары (сабақ жоспары)
  2. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті (сабақ жоспары)
  3. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  4. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)
  5. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  6. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  7. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  8. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  9. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ