Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман –Мамыр» поэмасындағы Қалқаман мен Мамыр бейнесі

0
2848
Иллюстрация: Freepik.com

Жоспар

I. Кіріспе
а) Дәуір тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы

II. Негізгі бөлім
ә) «Қалқаман-Мамыр» поэмасы – халықтық шығарма
б) «Қалқаман-Мамыр» поэмасындағы Қалқаман бейнесі
в) «Қалқаман-Мамыр» поэмасындағы Мамыр бейнесі

III. Қорытынды
г) Ерлікті емес, махаббатты, шайқасты емес, сүйіспеншілікті дәріптеген дастан – «Қалқаман-Мамыр»

IV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

Дәуір тұлғасы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы

Шәкәрім Құдайбердіұлы – Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Қазақ ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы. Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбаевтың қолында тәрбиеленді. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердиевтің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білді. Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстады.

Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19ғ. — дың аяғы мен 20ғ.-дың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты.

«Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» (1877) өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» (1879) өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.

Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді. «Жастарға» (1880), «Арман», «Насихат» (1881) атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сө з етеді. Ш.Қ.- қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан ақын. Бірақ кейбір өлеңдерінде («Бай мен кедей», «Бай мен қонақ») мәселенің әлеуметтік мәнін ашуға бара бермейді.

Үстем таптың озбырлығын, қиянатын айтумен шектеліп, «еңбек ет, бөтенді қанама, ісіңе арың басшы болсын» деп уағыздайды. «Жуандар» деген өлеңінде байларды сынайды, бірақ таптық көзқарасты санасына терең сіңіре алмай, ағартушылық көзқараста қалып қояды.[5, 196]

Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына ,мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман — Мамыр» дастанын жазды. (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік — Кебек» дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Айсұлу — Нартайдың» поэмасы жамандықты жазаласа, «Әділ — Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Шәкәрім Құдайбердиев — «Қодардың өлімі», «Крез патша» дастандарының авторы . [1, 55]

Қазақ халқының бай ауыз әдеби қорындағы ең мол саланың бірі – лиро эпостық жырлар. Лиро-эпостың негізгі мінездемесі жайында да құнды пікірлер айтылған. Бұл топтағы жырлардың негізгі ерекшелігі – ғашықтықты мадақ еті, халықытың тұрмыс салты, өмірдің реалистік суреттері, жеке қаһармандардың психологиясын ашуға бағытталады.

Р.Бердібаев эпос жайында : «Халқымыздың ғасырлар бойы жаратқан эпикалық мұрасының бір саласы – романдық немесе ғашықтық эпостар. Ғашықтық эпостарда отан қорғау есем, адамның жеке басының мүддесі, махаббат мәселесі қарастырылады және осылар алға қойылады. Романдық эпостарда – адам арасындағы түрлі байланыстың достық, өшпенділік, ата-ана, бала арасындағы түрлі мәселелер қарастырылады. Бұл эпос түрінде драмалық, лирикалық ағым көп орын алады. Романдық эпостарда ауыз әдебиетінің түрлі жанрларының үлгілерін кездестіруге болады.

Көптеген жырларда жар-жар, көңіл айту, қоштасу, жоқтау, жұбату, айтыс жанрларын байқауға болады»[4,325] . Романдық эпостар — кіршіксіз сүйіспеншілік, адамның ең асыл сезімдерінің тәңірі тұтып жырлауымен, адамзатты пәктік, адалдық үлгісінде тәрбиелеумен ғана емес, көркемдік қасиетімен де құнды рухани мұра. М.Жолдасбеков, С. Қасқабаев ғашықтық эпос жайында: «Ғашық эпостың басты мақсаты – ерлікті емес, махаббатты жырлау, шайқасты емес, сүйіспеншілік үшін күресті дәріптеу, сол себепті мұнда ел ішіндегі бейбіт өмір, халықтың тұрмысы әдет-ғұрпы молырақ көрініс табады». [4,325]

«Қалқаман-Мамыр» поэмасы – халықтық шығарма»

«Бұл әңгіме 1722 жылы біздің Орта жүз қазағы Сырдария бойында жүргенде болған анық іс. Біздің қазақ қалмақтан жеңіліп, «Ақтабан шұбырынды» болғаннан бір-ақ жыл бұрын. Қалқаман- Мамырдың ісіне ескі қазақтар теріс көзімен қараса да, осы күнгі көңілінің көзі ашықтар жазасыз екенін біліп, дұға қылса керек. Өлгенді тірілтпесем де, өшкенді жандырғандай болсын деп, биыл жүз тоқсан жыл болып, ұмытылған істі алдыңызға қойдым. Бұл әңгіме ақсақал аузынан да қалып бара жатыр. Сол асықтардың өзі кетсе де, ізі жоғалмасын дедім – біздің де ізіміз жоғалатынын ойлап ». [2, 280]
(Ш.Құдайбердіұлы )

Халықтық шығармаға айналған дастан сюжеті феодальді-патриархалдық дәуірдегі озбырлық пен әдет-ғұрыпты әшкерелейді, еркіндікті аңсаған халық идеясын паш етеді. «Қалқаман-Мамыр» дастаны алғаш рет 1912 жылы Семейде кітап болып басылып шыққан. «Қалқаман-Мамырдың» түрлі нұсқалары бар.

«Қалқаман — Мамыр» поэмасы – жастардың мөлдір махаббатының дәлелі. Қазақ халқы – негізінен, сөз өнеріне, өлең — дастандарға көп мән берген халық. Сонау V — VI ғасырлардан — ақ дамыған сөз өнері шығыс түркі тілдес елдерге қанатын кең жайып, жыр — толғаулар, өлең — дастандар ауыздан — ауызға халық жадында сақталған. Осындай халық ауыз әдебиетінің жыр — дастандары, батырлық жырлар, ғашықтық, не тұрмыс — салт жырлары болсын Шығыс елдерінің сөз өнерінде тереңірек қалыптасқан. Әсіресе, ғашықтық жырлар, лиро — эпостық жырлар халық жырларын ұрпаққа таныстырған жыршылар арқылы қазақ қауымында ғасырлар бойы сақталып келеді.

«Ләйлі — Мәжнүн», «Жүсіп — Зылиха», «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу», «Қалқаман — Мамыр» сияқты лиро — эпостық жырлардың ең негізгі тақырыптары сүйіспеншілік, махаббатқа адалдық, мөлдір махаббатқа жету жолындағы ізгі істер, халықтың тұрмыс — салты, тіршілігі, дәстүрі, таза махаббат жолындағы қайғы — қасірет, күйініш — сүйініші болып табылады.

Бұл ескі қазақ өмірін суреттеу арқылы трагедиялық тағдырлар туралы сыр шертетін бұл поэма Ш. Құдайбердіұлының атын бүкіл қазақ даласына жария етті. Бұл поэма қай халық болса да сүйіп тыңдайтын, қайғылы — қасіретті, трагедиялы поэма болғандықтан екі жас өз мақсаттарына жетуге ұмтылды. Менің ойымша, қос ғашық өздерінің ең негізгі мақсаты таза махаббатқа жетті. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңіндегі халықтың хал — ахуалы, тұрмыс — тіршілігі де анық көрсетілген.
«Қалқаман – Мамыр» поэмасының басты кейіпкерінің бірі – Қалқаман. Бойында ер жігітке тән батылдық та, ақыл-ой да, өр мінез, сүйіктісіне деген толассыз махаббат та тоғысқан нағыз қазақ жігітінің бейнесі.

Қалқаман – поэманың басында батыр күйінде кездеспейді.Оның бойында толысқан ақыл мен ерекше батылдық барын мына жолдардан анық байқаймыз:

«Қалқаман қыз айттырмай жүреді екен,
Мамырды жас күнінен біледі екен.
Асықтығын айта алмай іштен жанып,
«Құрбымыз» деп құр ойнап-күледі екен ». [2, 281]

Тек шын ғашық адам ғана, тек пәк, кіршікіз сезім иесі ғана өз сезімін құрықтай алады. Осы шумақтың өзінен-ақ Қалқаманның ер жігітке тән ұстамдылық танытқанын байқауға болады.

Қалқаманның ой ұшқырлығы, тапқырлығы кім-кімді де таң қалдырады:

«Ей, Мамыр, адамды Алла жаратыпты,
Хауа ананы адамға қаратыпты.
Бірін еркек, біреуін әйел қылып,
Екеуінен көп жанды таратыпты.
Құдай неге қылмаған адамды тақ,
Балаларын өзінен өстіріп — ақ.
Хауа ананы жаратуда мақсұты не?
Сол арасын білуге ақылым шақ ».[2, 281] Әрине, поэма тақырыбы махаббат, сүйіспеншілік болса сырлы жыр болмауы мүмкін емес. Қалқаманның айтқан сөзінен-ақ оның астарлап сөйлеуінен шешендік өнер белгілерін аңғарамыз.

Поэмадағы Қалқаман бейнесі ойға жүйрік, ұшқыр, тапқыр жігіт бейнесі:
«Қалқаман оймен шешті қыздың сөзін,
«Таптым» деп шешуінің анық өзін:
Бүрсігүні күн бата сол қамысқа
Келіп кірді «сол ғой,– деп,– айтқан кезің». [2, 283]

Қыздың жұмбақ сөзін тапқырлықпен шеше білгені оның сегіз қырлы, бір сырлы сері жігіт екенінің дәлелі.

«Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер» – Мамырдай қыздың Қалқаманды таңдауы жай емес екені белгілі, Қалқаманның қайтпас қайсар мінезі қыз жүрегін жаулап алғаны анық. Қалқаман тек сауатты ғана емес, иманға да берік азамат ретінде бейнеленген:
«Мамыр-ау, мені сүйсең, кетпе жатқа,
Құдайға хақ, ісім жөн шариғатқа.
Басы – бабаң, аяғы – шала молда,
Бәріне анық оқыған жамағатқа.» [2, 284]

Қалқаманның Мамырды алып қашуы адал махаббат, шынайы сезім нышаны. Олай болмағанда, қай ер жігіт өз еліне қыз үшін қарсы шықсын. Демек, Қалқаман бейнесі нағыз ер жігіттің, сөзін ісімен дәлелдеуге даяр батыр бейнесі.

Тобықты елі өз бауырын өлтірмекке бел байлағанда, Қалқаманның ерлік танытып, неге де болса көніп, өлімнен қорықпай, ажалмен бетпе-бет келуі өр мінезді ер тұлғаны бейнелейді.

Қалқаманның Мамырға деген шынайы пәк сезімін тіпті Мамырдың о дүниеге аттануы да өшіре алмады:

«Белгілі Мамырдан соң көп жүрмесім,
Тұз-дәмін Орта жүздің жеп жүрмесім.
Жалғыз-ақ Тобықтының дұспандары
Рахымсыз, бауырсыз ел деп жүрмесін.» [2, 289]

Қалқаман бейнесі елін, жерін қорғаған батыр бейнесі ретінде суреттелмесе де, өз сезіміне қорған болған батырдай суреттелген. Елінің озбырлығы мен әділетсіздігіне шыдай алмай, өз туған жерін, жақындарын тастап кетуі – сол кездегі әділет жолындағы күрестің бір түрі. Шарасыздықтан туған қарсылық әрекет:

«Ел қылып Тобықтыны тұра алмаймын,
Ешкіммен ойнап-күліп жүре алмаймын.
Өлерде аямады, қайда аяйды,
Сендерге енді мойын бұра алмаймын». [2, 289]

Сонымен, Қалқаман бейнесі – қайсар мінезді, сегіз қырлы, бір сырлы, сезімге адал, сөзге берік, нағыз қазақтың өр мінезі ерінің бейнесі.

«Қалқаман — Мамыр» поэмасындағы Мамыр бейнесі де, әрине, айрықша маңызды. Өйткені, Мамыр – поэмадағы басты қаһарман. Ол шынайы бейне, ауылда еркекшора болып өскен байдың қызы. Әйтсе де ол әке даңқымен бой түзеген ақылсыз да жан емес. Өзін қаншалықты еркін ұстап, қарына құрық іліп, жігіттермен қатар жылқы бағып жүрсе де, оның бойында қазақ қыздарына тән нәзіктік те, ибалық та, саналылық та байқалады. Мамыр – сүйкімді, сұлу, өр мінезді өжет қыз.

«Сол байдың он бес жасар қызы Мамыр
Әрі сұлу, әрі есті, еркекшора» [2, 281],- деп эпитет арқылы поэмада берілген бұл тармақтар аса бір сұлулықты көрсетеді. Қыз балаға тән қасиет – сұлулық. Ал Мамыр қандай сұлу болғанымен ер мінезді қыз болған:

«Мамыр жылқы бағады күндіз барып,
Тымақ киіп, қолына құрық алып.» [2, 281]
Бұл поэмада Мамыр өзінің нағыз қазақ елінің қызы екенін дәл, анық көрсетеді. Мамырдың ақылына көркі сай қыз екеніне дау жоқ. Ол Қалқаманды өзінің тапқырлығымен сүйсіндірді:

«Жоқ болса махаббатты бір сүйгенің,
Ойлашы, керегі не дүниенің.
«Сүйсін, жолдас болсын» деп жаратты Алла,
Бұл туралы білгенім осы менің.» [2, 282]

Мамыр бейнесінен сөз өнерін құрметтеген қазақтың сұлу қыздары да сөз өнерінің мәнін түсінгені, қадірлегені көрініп — ақ тұр.
«Ауылымның күнбатысы қалың қамыс,
Бүрсігүннен арғы күн болады алыс.
Жас кісіде бар болса жігер — намыс,
Болып кетіп жүрмесін жатпен таныс.» [2, 283] деген Мамырдың бұл шумақтары сөз өнеріне деген аса құрметтілігін көрсетеді. Дәстүрге берік, әрқашан үлкеннің айтқанын екі етпейтін Мамырдың елінен қашуы – таңғаларлық іс. Әрине, бұл Қалқаманға деген таза махаббат, адал сүйіспеншілігінен өрбіген іс:

«– Қалқаман, рас болса айтқан сөзің,
Сен үшін келіп тұрмын, көрді көзің.
Сүйген жарым, сүйенген жаным – сенсің,
Не қылсаң да біле бер, мейлің өзің». [2, 284]
Мамырдың сұлулығы толықтырып отыратын қасиет – ақылдылық, сабырлылық:

«Алдандырдым мен Сізді сөзбенен құр,
Тәуекел деп Аллаға тез, жылдам жүр.
Заман қандай болар деп дайындап ем,
Боз жорға атым белдеуде ерттеулі тұр.» [2, 285]

Мамырдың алдын ала дайындалуы оның ақылдылығының, көрегендігінің белгісі.
Сұлу Мамырды сұлуландырып көрсету үшін ақын адамгершілік, сезім, махаббат, әділет – дүниедегі ең қымбат, ең асыл нәрселер деп атап көрсетеді.

Қазақ халқына тән ұстамдылық, инабаттылық, сабырлылықты Мамыр өз бойына жинақтай білген. Өз басын қатерге тігіп еліне қайтып келуі осы адамгершілік қасиеттерге толық ие екенін көрсетеді.

«Көкенай, қарғамаймын, сөзіме бақ,
Ісім жөн, бір құдайға көңілім хақ» [2, 286] — деген жолдар тағы да Мамырдың ақылдылығына тәнті етеді. Жұрты жазықсыз қызға ренжісе де, ол жұртына ренжіген емес. Туған елге деген, қаны бір бауырға деген сүйіспеншіліктің нағыз көрінісі:
«Мойныңа менің қаным халал болсын,
Болма енді Қалқаманның қанына ортақ.» [2, 286]

Мамыр бейнесі өзімшілдіктен аулақ. Тіптен, ажал құшып бара жатса да, сүйгенінің қамын ойлауда. Оның амандығын, уайымсыз жер басып жүруін қалаған Мамыр:
«Кешікпей мен өлемін, сен тірісің,
Іс емес құдай кешер қылған ісің.
Өлтіртпе, тілегім сол, Қалқаманды,
Барасың тәңір алдына, білемісің?» [2, 287] – деп өлер алдында жұртынан Қалқаманға әділетті болуын сұрайды. Таза махаббат үшін күрескен Мамырдың өлімінің өзі – әділетсіздікке айтқан лағынеті, қарсылыққа шыққан күресі деп ұғынамыз.

Мамыр бейнесі – ибалы да инабатты, сұлу да ақылды, адал да пәк, қыз балаға тән ұяңдық пен ер балаға тән ерлік пен еркіндіктің тоғысқан нағыз қазақ қызының бейнесі. Мамыр – тағдырдың ағысына қарсы жүрген жан.

Ол − Қалқаманның алғашқы сәттегі шолақ ойдан туған арзан ойынының құлы емес, керісінше жігіттің өмірді өзгеше түсініп, сезімнің ұлы күшін мойындатуға бет бұруына жөн сілтеуші. Яғни аңғал жігіттің ақылына жолбасшы, сезіміне көшбасшы. Шәкәрім сомдаған Мамыр бейнесінің тағы бір таңғаларлық тұсы – қайсар мінезі, өлімді қаймықпай қасқайып қарсы алуы. Езбен өткен өмірден, сүйіктісімен бір болуды арман еткен Мамыр бейнесі адалдықтың, бар адамда табыла бермейтін өжеттіліктің нағыз үлгісі деп білемін.

Қорытындылай келе, айтарым «Қалқаман – Мамыр» поэмасының қазіргі жастарға берер өнегесі мол. Бұл поэмада қазақтың әдет-ғұрпы, дәстүрі, екі ғашықтың сиқырлы сезімі, жанашырлық сюжет, тарихи оқиға, заман шындығы, шынайылылық пен жасампаздық, еліктірер кейіпкерлер бейнесі керемет суреттелген. Шығарманың тәрбиелік мәні өте зор.

Бір жағынан, тағдырға қарсы келмеу, ата-ана қарғысына қалмауды дәріптесе, екінші жағынан махаббатқа адал болуға, басыңа не іс түссе де сезіміңнен теріс айналмауға үгіттейді. Үшінші жағынан, қазақ халқының атадан келе жатқан салт-дәстүрінен аттап өту үлкен қателік екенін де тайға таңба басқандай санамызға жеткізеді. Әрине, сол кездегі жастар мен қазіргі заманғы жастардың заманын салыстыруға келмейді. Заман өзгерді, адам өзгерді.

Қазіргі жастар өз махаббаттарын қайғы — қасіретсіз, сүйініш — күйінішсіз елестете алады. Бірақ ертедегі замандағы махаббаттың ұлылығы сонша, ғашықтар махаббат үшін жанын қиған. Ал бұл – қазіргі жастар үшін үлкен ұлағат.

«Шын сүйген жан тайынбас ұлы сыннан,аруға жүрегі мен жыр ұсынған» — демекші, Қалқаман мен Мамыр бейнесі тағдырдың сынын күліп қарсы алып, қиындыққа мойымай, қайсар мінезбен тағдырдың дайындаған ешбір сынынан тайынбай, мүдірмей, шынайы сезімді қорғап қалған нағыз қос ғашықтың бейнесі.

Адамзаттың өткен ұзақ өміріне көз салсақ, оның өнері мен поэзиясында махаббаттан, ғашықтықтан асқан тақырып болмапты. Махаббатты жыршы да, жазушы да, ақын да көп. Соның ішінде оқырманның жүрегінен орын таба алғандары санаулы-ақ. Десе де, Шәкәрім Құдайбердіұлының қара сиясы жүректі елжірете де, сүйсіндіре де білді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
  1. Мұхаметханұлы Қ. Шаһкәрім // Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. 1-том.-Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006.-48-65б.
  2. Шәкәрім Құдайбердіұлы, шығармалар жинағы, Алматы, 2009.-280-291б.
  3. Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – Қарағанды: «Болашақ», 2010. – 325б.
  4. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна» 2010 -190-203б.

Басқа материалдар: 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ