Шаһардағы ұлы той (мерекелік кеш)

0
610

Мақсаты: Наурыз айының шығыс халықтарында жыл басы саналатындығын сәбилер санасына жеткізу. Наурыздың 22-сінде күн мен түннің теңелетіндігін, одан кейінгі күндері күннің ұзарып, түннің қысқаратындығын айтып түсіндіру. Ұлттық салт — дәстүрлерді құрметтеп, оларды мақтан етуге тәрбиелеу.
(Үнтаспадан дауыс естіледі)

Ұлан ғайыр  қазақ жерінде,

Сарыарқаның төрінде,

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын қарсы алуға шақырамыз!

Шалқытып ән салғызып,

Толқытып  би  билетіп, қызыққа  батырамыз!

Барша  ұлттар мен ұлыстарды  бейбіт еткен  ордамызға шақырамыз, келіңіздер, келіңіздер!

Ұлы тойды көріңіздер!

Жүргізуші:

Армысыздар   құрметті  тойшы қауым! Жер жаһанға  шуағын ала келген  наурыз мейрамы  елімізге  береке мен құт болып дарысын.  Дүниені   жандандырып  жарқыраған  Ұлыстың  ұлы  күнімен  барша  адамзатты  қуана  құттықтаймыз.

Көктем мерекесі  баршаңызға  бақыт,  мол табыс, еңбектеріңізге жеміс,  отбасыларыңызға амандық әкелсін. Сылдырлаған сәбилеріңіздің  күлкісіне бөленіп аман-есен жүре беріңіздер.

Ендеше көп  күттірмей  бүгінгі  «Шаһардағы ұлы той» атты ертеңгілігімізді   бастауға  рұқсат  етіңіздер.

Жүргізуші:

Наурыз күні той-думан,
Ортамызды ашайық.
Әнімізбен халыққа,
Інжу-маржан шашайық.

Ұлыстың ұлы күнін, яғни төл мейрамымызды әдемі әнмен ашқымыз келіп отыр.

Ортаға Маржанның анасын шақырайық.
Ән: «Наурыз жыл басы»

Жүргізуші:

Ал келіңдер қонақтар
Досқа құшақ ашайық
Өлең жырға басайық
Қазақтың бір салты деп
Тойға шашу шашайық!
Әжелер шашу шашады.
Жүргізуші:

Күлімдеген мына көктеммен бірге қазақ даласына жаңа жылда келіп жетті.

Әр адам осы наурыздан  үлкен үміт күтіп,  жақсы тілекпен қарсы алады. Ән айтылып, күй  тартылып  би билейді.

Ендеше қыздарымыздың  орындауындағы «Қазақ биін» тамашалаңыздар.

Би: «Қамажай»

(Қолында домбыра әндетіп тазша бала келеді)

Тазша /иіліп/:

Ассалаумағалейкум  халайық.  Наурыз құтты болсын. Мені танымай қалдыңдар-ау сірә, мен халқыма  жақын Тазша бала баламын.  Бүгінгі тойды өздеріңмен бірге тойламақшы боп кеп қалған жәйым бар.

Жүргізуші:

Қош келдің, Тазша келіңіз, төрге шығыңыз тойдың құрметті қонағы болыңыз.

Наурыз қазақ халқының ұлттық мейрамы. Сондықтан да халқымыздың ұлттық аспаптарына тоқталып өткен жол болар.
Соның ішінде бәрімізге жақсы танысы Тазшаның қолындағы домбырасы. Домбыра қазақ халқының мақтан ететін киелі аспабы. Сондықтан да халқымыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп бекер айтпаса керек.

Ислам:
Домбырасыз сән қайда
Домбырасыз ән қайда
Ән мен күй бар өмірде
От та лаулап жанбайма
Құрманғазы Тәттімбет
Домбырамен сайраған
Жүрекке от жақсын деп
Елге күйін арнаған
(Ортаға Алдар көсе әндетіп шығады)

Алдар көсе:

Мен, Алдармын, Алдармын,

Сайтанды да арбаймын.

Сараңдарға  қаттымын,

Кедейлерге  балдаймын.

Жүргізуші:

О, Алдар аға қош келдіңіз. Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын. Келіңіз, төрлетіңіз.

сығып аптығып Шығай бай мен кемпірі келе жатады)

Шығай бай:

Әй, бәйбіше бол енді, наурыздан кешігіп қалатын болдық.

Бәйбіше:

Қазір, қазір байеке, мына ыстық күлшені наурызға пісіргем.

Ойбай-ау мынау әлгі Алдар ғой, енді қайттік,  мына күлшені  қайда тығам?

Шығай бай:

(қойнын көрсетіп) Мында тық. (кемпір күлшені қойнына тығады)

Алдар:

Ассалаумағалейкум  байеке, наурыз құтты болсын. Ұлыста ойдағы, қырдағы құшақтасып көріседі емес пе? Кел бізде  құшақ жая көрісейік.

Шығай бай:

Ойбай күйдім-күйдім. Жібере көр Алдареке, осыны сен-ақ алшы.

Жүргізуші:

Алдар ата, Шығайбай  ақсақал Наурызда  араз ағайын татуласып, ренжіскендер  келісіп жатады емес пе?  Ендеше Сіздер де татуласып, тойымыздың  құтты қонағы  болыңыздар. (төрге жайғастырады).

Алдар:

Ағайын тойға келіңдер,
Мерекені көріңдер.
Тауық жылы келді еліме,
Той көрімдік беріңдер!

Тазша бала:
Алдар аға, бүгінгі тойға тіпті өлеңдетіп, сықиып киініп келіпсіз ғой. Жел бір жағынан кіріп, екінші жағынан шығып кететін шұрық тесік әйгілі шапаныңыз қайда?

Алдар көсе:
Биыл тауық жылын үлкен табыстармен қарсы алып жатқанда жыртық шапан менің теңім бе?

Шығай бай:
Тотыша тақылдаған мұның кім?

Алдар көсе:
Байеке, танымадыңыз ба? Бұл Тазша бала ғой.

Шығай бай:
Тазша баламысың, ей. Келші балам сеніде  құшақтасып көрісейін.
Екеуі құшақтасып, Наурыз мерекесімен құттықтайды.
— Наурыз құтты болсын! Тауық жылы елімізге бақ — береке әкелсін!

Алдар көсе:
Уа, бәрекелді, алыстан ат артып, атты шаршатып, етікті тоздырып жеткенде мынадай мейрамға тап боларымды кім білген?

Халқымыз ұлыс күнді «жыл басы» деп санайды. 21 наурыз түні даланы Қызыр ата аралайды екен. Қызыр — адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейіпінде көрінетін қиял ғажайып адам.
(Әсем әуен үнімен  ортаға Қыдыр ата  келеді)

Жүргізуші:

Қуаныш — бақ тілеп еліме,

Мереке — құт тілеп жеріме.

Әлемді аралап, шарқ ұрып,

Келдің бе Әз бабам төріме!

Қыдыр ата:

Армысыңдар халайық.

Наурыз құтты болсын.

Көктем келді, Наурыз  келді,

Жер  көгерді, тал гүлдеді.

Дастарханын жайып  дархан,

Жақсылық пен  бақыт  шашқан,

Наурыз келді тойға ұласқан.

Наурыз тойы  құтты болсын,

Жер  көгеріп  малға  толсын.

Жүргізуші:

Қыдыр ата қош келдіңіз, рахмет. Тілегіңіз қабыл болсын. Бүгінгі осы мерекенің  қадірменді қонағы болып төрге жайғасыңыз.

Тағы да бір топ қонақтар келе жатыр. Бұлар мен білсем табиғатты дүр сілкіндірген Наурыз ару және Наурыз күні теңелетін Күн мен Түн болса керек.
(Наурыз ару және Күн мен түн келеді)

Күн: Сәулесі көп күнмін,

Түн: Жұлдызы көп түнмін.

Бірге: Бірдей болып біздер,
Теңелерміз бүгін.

Күн: Ұзарамын мен енді,

Түн: Қысқарамын мен енді.

Бірге: Гүлмен жерді жайнатып,
Гүлден, Наурыз сен енді.

Наурыз қыз:
Айналайын, балалар!
Жаса жаңа заманда,
Бақыт тілеп адамға.
Қудым жерден суықты,
Қырдан салқын бу шықты.

Жайнатамын гүл-гүлді,
Сайратамын бұлбұлды.
Гүл жайнаған көктемде,
Гүлден сыйлық көп менде.

(Қонақтарға гүл шоқтарын тартады.) Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы,адам баласымен табиғат ана қайта жаңғырып ,түлейтін –әз Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын!

(Үшеуі жоғардан орын алады)

(Залға ақ  жаулықты Ақ әже келеді)

Жүргізуші:

Армысыз ақ әже қош келдіңіз.

Ақ әже:

Бар бол балам. Наурыз құтты болсын, қайда барсаң жол болсын.

Жүргізуші:

Рахмет ақ әже. Наурыз мерекесіне орай  мына балаларға өз тілегіңізді айтып жіберіңіз.

Ақ әже:

Боталарым бауыр ет құлындарым

Білесіңдер өздерің мұның бәрін.

Барлығыңның  мен дағы ақ әжеңмін,

Барлығыңның  мен дағы ақ әжеңмін.

Сендер өссін ер жетсін деп

Бесіктерді  тербеттім  көп

Наурыз тойы  құтты болсын

Денсаулығың мықты болсын.

Жүргізуші:

Ақ әже балаларға қандай сый әкелгенсіз?

Ақ әже:

Адал астан бұйырған,

Дәм татсын деп ел жыйылған.

Бидай  салдым көжеге,

Мол болсын деп биыл нан.

Осы ақ дәмнен ауыз тиіңдер қарақтарым.

(Наурыз  көже дастарханға қойылып, балалар мен көрермендерге ұсынылады)

Жүргізуші:

Әже, Наурыз көже өте дәмді екен. Оны қалай дайындадыңыз?

Әже:

Қарақтарым. Наурыз көже Наурыз мейрамының негізгі тамағы.

Оған 7 түрлі тағам қосылады. Олар: қыстан қалған сүр, айран, сүт, тұз, құрт, тары, бидай. 7саны киелі сан. Ал наурыз көже тоқшылық белгісі.

Жүргізуші:

Ақ әже  дәміңізге  рахмет.  Қыдыр ата,  Ақ әже және құрметті қонақтар  келесі кезекті біздің  балалардың  тақпақтарына берейік, қабыл алыңыздар.

(Балалардың тақпақтары тыңдалады)

Жүргізуші:

Қасиет еткен халқымыз,
Жаңғыртар дәстүр салтымыз.
Сән салтымен ел көрікті,
Салт дәстүрді сыйлау үлкен міндет.
Әжелер, Халқымыз Жаңа жыл табалдырықтан аттағанда жалғыз сәуле жарық болмас деп төрге қос шырақ жаққан екен. Жыл бойы «ақ мол, дән таусылмасын, жауын шашын көп болсын» деген ниетпен Қыдыр күні ыдыс атаулыны ырысқа (тары, бидай), аққа (сүт, айран), кәусар бұлақ суына толтырады екен.

Біздің халқымыз осындай тамаша, тәрбиелік мәні зор салт дәстүрге бай халық.
(Әжелер ортаға шығып шырақ жағып көрсетеді, алдын ала дайындаған ыдыстарға қажетті тағамдар мен суға толтырады).

Жүргізуші:

Наурыз мерекесі ұлттық мерекеміз болғандықтанда өз ұлтымыздың салт-дәстүрін айтпай кетпеске болмас.  Салт-әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне,ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып,өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізі. Қазақтың  салт-дәстүрінде базарлық деген ұғым бар.

Базарлық(дәстүр) -алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына (жерлес,көрші-көлем,жас балалар, сыйлас адамдарына) әкелген сыйлығы болып табылады. Олай болса сіздерде бүгінгі тойымыздан базарлық ала кетіңіздер деген ниетпен өздеріңізге сыйлығымызды таратып берейік.
(Келген қонақтарға сыйлықтар тарату)

Жүргізуші:

Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар, деп Қыдыр ата өзіңізден бата сұраймыз.
(Қыдыр ата  бата береді)

Айналып келіп ай мен жыл,

Аман есен көруге жазсын.

Наурыз тойы  құтты болсын,

Жер  көгеріп  малға  толсын.

Ақ мол болсын!

Ұлыс  оң  болсын!

Әумин!

Ал, балаларым, мен енді басқа ауылға барып ақ дастархандарына бата берейін. Наурыз қыз, Күн, Түн жүріңдер бірге ел аралап, жақсы тілек айтайық.
(Қыдыр атамен бірге Наурыз қыз ,Күн мен Түн шығып кетеді)

Жүргізуші:
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын,бақыт әкелсін!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің,ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген.Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы –көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке.

Наурыз –көктемгі жаңарудың,махабаттың,ақ пейіл мен татулықтың мерекесі.Ол –өткенді саралап,болашағымызды болжайтын ерекше кезең.

Отанымызға –береке, халқымызға –игілік, мемлекетімізге –молшылық,ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз! Осымен бүгінгі «Шаһардағы ұлы той» атты мерекелік ертеңгілігіміз аяқталды.

Алтын уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге мыңда бір алғыс!
Еліміз өркен жайып ,Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін!

Құрметті қонақтар, баршаңызды «Наурыздың» ақ отауына шақырамыз!!!
Наурыз дастарханынан дәм татыңыздар.

Дереккөз: internet-konkursy.com

Ұқсас материал: 

  1. «Қош келдің, Наурыз!» /Тәрбие сағатының сценарийі/
  2. Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған?
  3. Ашық сабақ: Наурыз — Ұлыстың ұлы күні
  4. 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні! балабақша мерекелік ертеңгілігі
  5. «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» тәрбие сағаты
  6. 22- наурыз «Ұлыстың ұлы күні» мерекесіне арналған сценарий
  7. Қош келдің, әз Наурыз! (балабақша ертеңгілігі)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ