Ұстаздардың ұстазы. Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың өмірі мен қызметі

0
1362
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

XX ғасырдың алғашқы жылдары қазақ елінің рухани өркендеуіне, оқу-ағарту ісінің ғылыми дұрыс жолға қойылып, жемісті нәтижелерге жетуіне аянбай еңбек еткен көрнекті қайраткерлердің бірі — Әбікей Зейінүлы Сәтбаев.

Ол Сәтбай атаның төрт ұлының бірі Зейіннен туған немересі. Әбікей Зейінүлы Сәтбаев 1881 жылы Павлодар облысының (ол кезде уезд) Баянауыл ауданының Шадыра (кейін Сәтбаев совхозы) ауылында туған. Шешесі туралы мәлімет сақталмаған. Әкесі Зейін көп балалы, орта шаруалы, арабша сауатты болған. Атасы Сәтбай бұл немересін де көрген.

Әкесі Әбікейді әуелде ауыл мектебінде оқытып, кейін Омбының  мұғалімдік семинариясында білімін тереңдетуін, жақсы маман болуын ұнатқан. Омбы семинариясын 1905 жылы тәмамдаған соң, Әбікей Зейінұлы алғашқыда Баянауылдағы орыс-қазақ мектебінде мұғалімдік қызмет атқарады. 1909 жылдан Керекудегі екі кластық орыс-қазақ училищесінде орыс тілі мен әдебиеті, тарих, география пәндерінен сабақ береді. Осы жылдары екі кластық орыс-қазақ училищесінің мұғалімдері ішінде Әбікей аға түскен фотосурет сақталған.

1910-1917 жылдары Әбікей Зейінұлы осы училищенің директоры қызметін атқарған. Сол кездегі алай-дүлей саяси қоғамдық өзгерістерден, ірі оқиғалардан, рухани ізденістерден, ел даму жолдарын анықтауды мақсат еткен топ-топ ұйымдардан, зиялылардан оқу-ағарту тетігін жақсы меңгерген жас маман тыс қала алмаса керек. Басқалармен бірге алғашқыда «Алаш» ұйымының бағыт-бағдарына, ізгі мақсаттарына
сеніп, Әбікей Зейінұлы оның мүшелігіне сайланады.

Далалық округтың «Алаш» партиясының ұйымының №5 тізімінде он тоғыз мүшелерінің 16 санында Сәтбаев Әбікей аталған. Ол тізім мынау:

1. Ғалихан Бөкейханов,
2. Айдархан Түрлыбаев,
3. Әлімхан Ермеков,
4. Халел Ғаббасов,
5. Асылбек Сейітов,
6. Боштаев Мұқаш,
7. Исабаев Ережеп,
8. Ақпаев Якуб-мырза,
9. Жанайдаров Сейілбек,
10. Мәрсеков Райымжан, П .Тілеулин Жұмағали,
12. Ерсенов Биахмет,
13. Дүйсенбаев Рахым,
14. Қозыбағаров Ахмет,
15. Жұмабаев Мағжан,
16. Сәтбаев Әбікей,
17. Мешенбеков Садық,
18. Өскенбаев Бәзікен,
19. Күсемісов Салмақбай.

Осы көрсеткендей запискеге ешбір нүкте қойылмай, бүзу, түзеу, кісі атын өшіру, өшіріп тастау, бөгде сөз жазуға болмайды». Осы тізім Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» еңбегінде де, 1929 жылы шыққан «Алашорда» атты қүжаттар жинағында да келтірілген.

Алайда, Әбікей Зейінұлының «Алаш» партиясының ұйымының жұмысына қатысу дәрежесі қаншалық болғаны анықталған емес. Осы тізімде көрсетілгеннен басқа Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың саяси ұйымдарға қызметі туралы деректер аз. «Шураи-Ислам» (арабша Исламкеңесі) Түркістандағы буржуазиялық ұлтшылдық ұйымға (1917-1918)
одан Бүкілроссиялық мұсылмандар құрылтайына қазақ өкілдері қатысуы керектігі айтылып, 1917 жылғы 21-28 шілде Орынборда болған бүкілодақтық құрылтайында сайланған сегіз адамның тізімінде Семейден Сәтбаев Әбікей бар. Ол тізім мынау:

4. Выбранные съездом на Ислам следующие лица:
1. от Акмолиской — Турлыбаев Айдархан
2. Семипалатинской — Сатбаев Абикей
3. Тургайской — Байгурин Альжан
4. Уральск — Досмухамедов Джанша
5. Букеевск — Танашев Валидхан
6. Семиреченск- Маметов Назарбай
7. Сырдарьинск- Чокаев Мустафа
8. Ф ерганск- Узакбаев Габдрахман.

Енді бір маңызды дерек сақталған. Ол 1919 жылдың 14 сәуір күні Семей облысы земство басқару төрағасы Марсеков, Семейлік облыс земство басқару төрағасының орынбасары Ғаббасов, облыстық земство басқару мүшесі Ә.Сәтбаев деп қол қойған докладная записка баяндамалық қағаз. Бұл деректің көлемі үлкен — «Алаш Орда » кітабының сегіз бетінде орысша жазылған.

Осы баяндамалық қағазда — докладная запискада Әбікей Зейінұлы Сәтбаев өмірінің қыры — Семейде қоғамдық құрылыстардың бірі — земство-жергілікті басқару ұйымы құрамында істегені айқындалады.

Алайда, Әбікей Зейінұлы саясатпен, ел басқарумен көп шұғылданбаған сияқты, бірыңғай оқу-ағарту ісімен айналысқан. Оның өнімді еңбек еткені оқу-ағарту саласы. 1920-1921 жылдары Әбікей Зейінұлы Губерниялық халық ағарту бөлімін басқарды. Семей мемлекеттік архив-қорында Семей Халық ағарту институтының орыс және қазақ бөлімдерінің 1921 жылғы 15 қараша күні болған мәжілісінің протоколында «мәжіліске
губоно төрағасы Сәтбаев келді», — деп жазылыпты .

Қазақстандағы мұғалімдер даярлайтын тұңғыш оқу орындарының бірі — Семей педагогикалық техникумы 1922 жылдың 4 желтоқсанында салтанатты түрде ашылғанда тұңғыш директоры болып тәжірибесі мол, зор беделді Әбікей Зейінұлы тағайындалған. Директорлық қызметті ол 1927 жылдың соңына дейін атқарады. Әбікей Сәтбаев басқарған Семей қазақ педагогтық техникумы қысқа мерзімде ұйымдастыру кезеңін басынан өткізеді де, республикадағы алдыңғы қатарлы оқу орнына айналды.

Ауылдан келген жастар қажымай, талмай мүғалімдік өнердің құпиясын танып білді, ғылым шыңына өрледі. Әбікей оқу процесінде оқушылардың теория мен практиканы ұштастыра білуіне, зерттеу ісіне баса назар аударды. Техникум түлектері оқып жүрген кездерінің өзінде губерниядағы мектептердің бейнесін де өзгертті, олар каникулдар
уақытында ауылдарда ашылған мектептерде қызмет етіп, халық арасына білім, ғылым, мәдениет, прогресс идеяларын таратушылар болды.

Техникум қазақ жеріндегі тұңғыш педагогикалық орталық ретінде ағарту ісінің барлық жұмыстарына қатынасты. Қаладағы және оның маңындағы ауылдардағы оқу-ағарту мекемелерін, мектептерді тексеріп, ондағы оқу, тәрбие жұмысының дұрыс ғылыми жолға қойылуына жәрдемдесті. Техникум жанындағы сауатсыздықты жою комитетін
басқарған Әбікейдің бастамасымен техникумның оқушылары жазғы каникул кезінде ауылдарына жіберілді. «Олар 1925 жылдың жазында ғана 3.502 адамның сауатын ашты» .

Өз өмірін ұстаздық жолға арнаған Әбікей Зейінұлы 1928-1931 жылдары Омбы қаласында рабфакта сабақ берген. Сол жылдардан бастап ғажап педагогтың өзінің сүйікті білім-ғылым, оқу-ағарту саласында тыныш жұмыс істеуіне мүмкіндік болмайды, нақақтан қудалаушылық көбейе түседі. Үлкен үй жайымен туысқандарымен Әбікей Зейінүлы көрші ел Қырғызстанға сол кезде Фрунзе аталатын астанасына көшуге
мәжбүр болады. Онда Әбікей Зейінұлы Қырғыз педагогикалық институтына қызметке орналасады, орыс тілі мен әдебиетінен, басқа да пәндерден студенттерге сабақ береді.

Алайда, мұнда да оның тыныш та, жемісті еңбек етуіне сол кездегі қудалаушылық, күдікшілдік маза бермейді. Ақыры зұлымдық, зобаландық бел алған уақыт оны да іздеп
табады. Нақақтан ұсталады, түрмеге жабылып, 56 жасында атылып кете барады. Қай жерде атылғаны, мүрдесінің қайда екендігі — белгісіз. Сөйтіп, есіл ер, ұлы ағартушы қайғылы, қиын жағдайда дүниеден өткен.

Әбікей Зейінұлы Сәтбаев ел көркеюіне бағытталған игі істерімен артына бай мұра да қалдырған. Сол кезде Ташкентте 1923 жылдың  қаңтарынан 1924 жылдың қараша айына дейін шыққан «Сана», Семей қаласында 1924—1925 жылдары басылған «Таң» журналдарында Әбікей ағаның да «Оқытушы деген кім?», «Ағарту жұмысында не шара қолдануымыз керек?» т.б. мақалалары жарық көрген. Онда қазақ елінің өркендеу жолдарын іздестіру, оқу-ағарту, білім-ғылымның қыруар проблемалары мен мәселелері қамтылған.

Әбікей Зейінұлы қазақ жастарының ой-өрісінің биіктеуіне, мәдениет игілігіне, адамгершілігіне, әлемнің рухани қазынасын, тіл мен әдебиетті меңгерудің мән-мазмұнына қоса әдістемелік мәселелерді де қозғаған, педагогиканың өзекті
проблемаларын сөз еткен.

Осыған орай оны кезінде қазақтың көптеген зиялылары ардақ тұтқан. Мәселен, Әбікей Зейінұлы Сәтбаев ұсталып кеткеннен кейін де көп жылдар оның атын атау да қауіпті болған кездердің өзінде де Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалар да өзінің сүйікті ұстазын естен шығармай, қадір түтқан. Осы арада тоқтала кететін бір жай Әбікей аға
ұсталып кетісімен көп ұзамай оның екінші қызы Раушанға Әлкей Марғұлан үйленген.

Раушан апай Әлкей ағадан он үш жас кіші . Бірақ екеуінің жас мөлшерлері едәуір алшақ болса да екеуі де әдемі, жарасымды өмір сүрді. Раушан Әбікейқызы медицина ғылымының докторы, профессор, көптеген онколог дәрігерлердің ұстазы болған.

Әбікей Зейінұлы Сәтбаев туралы алғашқы жазғандардың бірі -Сәкен Сейфуллин. Дарынды жазушы және қоғам қайраткері Сәкен мен Әбікей замандас, жас шамалары да жақын, бір кезде қоғам жұмыстарында бағыттас, мақсаттас, пікірлес болған.
Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» деректі романында келтірілген «Алаш» ұйымының № 5 тізімінде 19 адамның қатарында № 16 ретте Әбікей Сәтбаев атын атайды» деген. [27]

Әбікей Зейінұлын жазушы осы романның Баянауылға арналған беттерінде оның інісі Кәрім Сәтбаевты Далба тауының бөктеріндегі бір ауылда кездестіруіне байланысты: «…1917-1918 жылдары Ақмола Семинариядағы Кереку уезі осы Баянауыл ауданының қазағы Сүйіндік, Қаржас Кәрім Сәтбайұлы деген жігіт оқыған. «Алашорда» партиясы атынан Семей, Ақмола облыстарынан учредительное собраниеге сайлауға салынатын
белгілі Әбікей Сәтбайұлының … інісі », — деп жазды [28].

Бұл деректерден анықталатыны: Сәкен Сейфуллин Әбікей Зейінұлын білген, жүздескен, оның елге пайдалы еңбектер жасап жүргенінен хабардар болып, жоғары бағалаған. Әбікей Зейінұлы Сәтбаев туралы бірсыпыра жазба деректер 1920 жылдары шығып түрған газет беттерінде басылған. Әсіресе, Семейде тұңғыш техникум ашылуына, оның тұңғыш директоры Ә.З.Сәтбаевтың жемісті еңбектеріне, қызметіне байланысты мақалалар баршылық.

Кезінде көп тараған беделді «Степная правда» (кейін «Иртыш») газеті 1922 жылғы 6-шы желтоқсан санында Семейдегі қазақ педтехникумы ашылысымен хабарлағанда сол кезде Губоно бастығының орынбасары Әбікей Зейінұлы Сәтбаев осы техникумның директоры етіп тағайындалғанын, оған зор сенім мен үлкен міндеттер жүктелгенін: «Согласно постановлению 3-го Губернского съезда Советов, организованный в городе Семипалатинске Киргизский педагогическии техникум приступил к своим занятиям, — деп жазады.

Сейчас насчитывается в техникуме 90 смежных слушателей, преимущественно из киргизской бедноты. Заведует техникумом зам. зав. Губоно тов. Сатбаев, на долю которого выпадает весьма сложная задача организации школы и интерната», — деп ашып көрсетеді [29].

Әбікей Зейінұлы Сәтбаев туралы енді бір қымбат мәліметтер мен деректер Абдолла Асылбеков мақалаларында бар. Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков (1896-1938) мемлекет және қоғам қайраткері, 1916 жылғы үлт-азаттық қозғалысына қатысушы, халықтың азаттық, әділеттік жолында күресушілердің бірі. Қазақстан облыстық партия
комитетінің секретары және Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты саяси ағарту басқармасының бастығы қызметінде болған. Ол Семейде болып, қаланың, аймақтың жағдайларымен танысқан, сол кезде жаңа ғана ашылған педагогикалық техникумның жайын да қадалаған.  Қорытынды нәтижелер жоғарғы басшы орындарға жеткізілген, газетте үлкен мақала жарияланған [30].

Тағы бір қүнды дерек — Семей педтехникумының директоры Ә.З.Сәтбаев, маңайында мұғалімдер қатарында М.О.Әуезов және осы оқу орнын 1926 жылы бітіріп шыққан он бір адам бейнеленген фотосурет сақталған. Бұл сирек те қымбат фотосуретте педтехникумды тұңғыш бітірген шашы қалың, бұйра, жап-жас Әлкей Марғұлан — кейін атақты ғалым, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының толық мүшесі — академик. Ол кезде Әлкей ағаның фамилиясы Марғұланов болған. Суретте де солай жазылған. Кейін «ов»-ты қолданбай бұрынғы түркі қалыптас «Марғұлан» деп жазған-ды.

Ол кісімен техникумды бірге бітірген Мұсатай Ахынжанов кейін көрнекті тарих маманы, тарих ғылымының докторы, Семейдің байырғы тұрғыны, әрі мұғалім, әрі артист болған Сейфолла Мұхамеджанов, бірсыпыра жыл оқу-ағарту саласында еңбек етіп, филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алған Темір Беисов, оқу-ағарту саласында көп жыл қызмет еткен Әйтікен Айманов, Семейде еңбек еткен Фаизова. Осылармен бірге Асылханов, Асқаров, Балтабаев, Дүйсекин — Семейдің педтехникумын тұңғыш бітіргендер.

Осы оқу орнын әр жылдарда талай мамандар бітіріп шығып, республикаға танымал болған. Олар: белгілі қоғам қайраткерлері, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінде ұзақ жыл қызмет істеген генерал — Шырақбек Қабылбаев, белгілі ғалым-тілші Жұмат Досқараев, соғыс жылдары Қазақстан Республикасының оқу министрі болған, педагогика ғылымының докторы, профессор, СССР педагогика Академиясының
мүшелілігіне сайланған Ә.Сембаев, филология ғылымының кандидаты
Мұратбек Бөжеев, белгілі журналист Ғайса Сармұрзин, Кәрібай Барманқұлов, Масығүт Бегалин тағы басқалар.

1922 жылдан бері 70 жылдан аса уақытта бұл оқу орнынан талай мың мұғалімдер даярланып, олардан көптеген жас ұрпақтар тәрбиеленіп, оқу-ағарту немесе басқа
да салаларда еңбек етті және етуде.

Дереккөз: Бір туар дара тұлғалар, Қ.М. Алдабергенов, Е.М. Арын, Б.Т. Баткеева

Басқа материалдар:

  1. Торайғыр би өмірінен деректер
  2. Қарадан шығып хан болған — Шоң мен Шорман би туралы
  3. Ел мен жердің намысын қорғап қалған батырлар (Қалқаман батыр, Сәти батыр, Сүйіндік батыр, Бөкенбай батыр, Шотана батыр)
  4.  Қара қылды қақ жарған (Айдабол, Едіге би)
  5. Шорман бидің өмірі туралы
  6. Әке жолын қуған ұл. Мұса Шорманов туралы
  7. Ғасырлық туынды. Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы туралы
  8. Зейін Шашкиннің өмірі туралы очерк
  9. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  10. Асқар Сүлейменовтың өмірі мен қызметі
  11. «Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ