Табиғат саябақтары. Баянауыл, Алтынемел, Көкшетау ұлттық табиғат саябағы туралы

0
3360
Freepik.com

Баянауыл ұлттық табиғат саябағы. Баянауыл ұлттық табиғат саябағы Павлодар облысының Баянауыл ауданында орналасқан. 

Бұл — Қазақстандағы тұңғыш ұлттық саябақ, 1985 жылы ұйымдастырылған. Баянаула тауларының етегінде көптеген бұлақтар, суы мөлдір көлдер (Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр) ағады.

Саябақта жиырмадан аса археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен сақталған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлер («Әулиетас», «Құмыра», т.б) бар. Ұзақ жылдар бойы жел мен судың әрекетінен әртүрлі мүсіндерге айналған жартастар («Найзатас», «Жұмбақтас», «Көгершін», «Атбасы», т.б) саябақ табиғатына ерекше көрік береді.

Саябақтың өсімдіктер мен жануарлар әдемі өте бай. Өсімдіктердің 400-ден астам түрі кездеседі. Сондай-ақ, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген жабысқақ қандыағаш, көктем жанаргүлі де осында өседі.  Мұнда арқар, елік, қасқыр, түлкі, сілеусінғ борсық, тиін, т.б мекендейді. Ал құстардың 50-ден астам түрі  (аққу, қаз, үйрек, құр, шіл, бүркіт, т.б)  ұялайды. Балықтың 8 түрі (шортан, сазан, оңғақ, алабұға, т.б) бар.

Саябақ аумағы қорықтық, қорықшалық және демалыс белдемдеріне бөлінген.

Алтынемел ұлттық табиғат саябағы. Алматы облысы Кербұлақ ауданының аумағында, Іле өзенінің оң жағалауында орналасқан. Саябақ 1996 жылы ұйымдастырылған. Оның құрамына Жоңғар Алатауының сілемдері: Шолақ, Дегерес, Матай, Алтынемел, Қояндытау таулары, Үлкен Қалқан, Кіші Қалқан, Ақтау жоталары және өте сирек кездесетін табиғат ескерткіштеріні бірі — «Әнші құм» (жергілікті тұрғындар (Айқай құм» деп атайды) енеді.

Саябақ ежелгі таңбалар , суреттер салынған үңгірлер мен жартастарға , ескерткіштерге бай. Шоқан Уалихановтың тарихи — мемориалдық мұражайы да осында орналасқан.

Саябақта өсімдіктердің 1800 түрі бар: балқаш сексеуілі, баялыш, шырша, үйеңкі, тораңғы, қызылтал, жиде, жыңғыл, сексеуіл, қылша, т.б өседі. Саябақтың жануарлар әлемі де алуан түрлі: құлан, қарақұйрық, арқар, түлкі, сусар, қоян, т.б. Құстардың 15 түрі бар: бүркіт, тезқара, ителгі, кекілік, қырғауыл, бұлдырық, т.б; балықтардан — сазан, көксерке, ақмарқа, табанбалық, т.б кездеседі.

Саябақта қазіргі кезде жан-жақта жабдықталған 17 қорықша бекеті жұмыс істейді.

Көкшетау ұлттық табиғат қорығы. Көкшетау қаласынан оңтүстік — батысқа қарай 60 шақырым жердегі қорықтық аймақ. Ақмола облысының Айыртау, Зеренді аудандары аумағында орналасқан. Құрамына Шалқар, Зеренді көлдері, айыртау шоқылары, қалың қарағайлы орман кіреді.

Саябақта 200-ге тарта ескерткіштер, қола дәуірі қорғандары мен ежелгі елді-мекен орындары бар. Сырымбет тауының етегінде ХІХ ғасырда тұрғызылған ағаш үй сақталған. Сырымбет даласы — Шоқан Уалихановтың өмірімен байланысты тарихи жерлердің бірі.

Саябақта жануарлардың бұлан, елік, борсық, түлкі, орман сусары, қасқыр, орқоян, ақтиін, құр мекендейді. Оларды аулауға қатаң тыйым салынған.

Саябақтың бір бөлігінде ағаш кесуге, жануарлардың санын реттеу үшін аң және балық аулауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ, мұндай жабайы аңдарға арнап пішін әзірлеу, ағаш жапырақтары мен бұтақтарын дайындау жұмыстары жүргізіледі және алаңдарға тұз сеуіп қояды.

Пайдаланылған әдебиет:
«Сен білесің бе?» энциклопедиясы. Құрастырған: Райымбеков Қ.Ж, Байғабылова Қ.Т
Басқа да материал:

ПІКІР ҚАЛДЫРУ