Табу мен эвфемизмдер туралы мәлімет

0
3701
Иллюстрация: Freepik.com

Этнографиялық лексиканың  көлемді бір саласы — табу мен эвфемизмдер.  Қазақ тіл білімінде бұл мәселеге нақты назар аударып, ғылыми негіздерін қарастырған Ә.Ахметов «Түркі тілдеріндегі табу мен эвфемизмдер» (1995) атты салыстырмалы этнолингвисткалық еңбегін жазды.

Кітапта  түркі тілдеріндегі табы мен эвфемизмдердің этнолингвистикалық және этномәдени жүйесі, негіздері, тақырыптық топтары, жасалу жолдары, тіл байлығын дамытудағы орны, тіл мәдениетіне қатысты әсерін сараптаған.

Табу мен эвфемизмді этнографиялық лексикаға жатқызатын себебін автор: «…Кез келген этнографиялық лекиканың сыртында белгілі бір этнографиялық ұғымдардың тұратыны сияқты табу мен эвфемизмдердің сыртында да олармен ұштасып, астарласып жататын этнографиялық ұғымдар, атап айтқанда, дәстүрлі наным-сенімдер, мифтер, әдет-ғұрыптар,  салт-дәстүрлер, қоғамда қалыптасқан тіл мәдениетімен байланысты этикалық нормалар тұрады» дейді. [20,4]

Cонымен табу мен эвфемизмдер  өзіндік мазмұндық, тақырыптық ерекшеліктеріне қарай  әлемдегі кез келген ұттың тілінен орын алатын этнографиялық лексика.

Табу терминінің қазақша түсінігі — т ы й ы м  сөздер. Т а б у полинезияның тонга тілінен тарағанымен, қазір әлем тілдерінің бәріне таралған халықаралық термин. Табудың шығуын, таралуын және түрлерін этнографиялық тұрғыдан бүкіл әлем деңгейінде зерттеушілердің бірі – Эдуард Тейлор бастаған  антропологиялық мектептің ірі өкілі Джеймс Фрезер. Ол табу түрлерін үлкен 4 топқа:

  1. Тыйым салынған іс-әрекеттер;
  2. Адамдар;
  3. Заттарға;
  4. Тыйым салынған сөздер деп бөледі. [Frazer J. The Golden Bough, part 2: Taboos and Perils of the Soul. Third Edition. London, 1922.(Алғашқы басылуы – 1922) деп сілтеме жазған Ә.Ахметов, 20,12].

    Табу мен магияның ара қатынасы. Магиялық нанымның негізінде сөздерге салынатын тыйым немесе табу, эвфемизмдердің қалыптасуына түрткі болады. Ертеректе табу атаулының барлығы дерлік діни наным-сенімдеррдің негізінде қалыптасқандықтан, оны теология тұрғысынан қарастыратын еңбектер басым.

Магиялық наным бойынша, кесірі тиетін киелі қасиет өлі табиғатқа да, тірі табиғатқа да тән. Сондықтан табу заттарға да, адамдарға да, іс-әрекеттерге де, сөз бен тілге де салынады. Сөз магиясына сенуден туындайтын лингвистикалық табу мифологиялық кейіпкерлердің, тотемдер мен кәсіптік аңдардың, жан-жануарлардың, қатерлі аурулардың есімдері мен атауларына салынады. Сондықтан олардың бәрі эвфемизмдермен алмастырылып отырады.

Басқа халықтардың тыйымдары секілді түркі халықтарының тыйымдары о баста діни нанымдардың негізінде қалыптасқн қорқыныштан туындаған. Өлім, сәтсіздік, бақытсыздық т.б.адамдар тарапынан белгілі бір тыйымды бұзудан деген сенім жатады.

Тарихи этнографиялық материалдадың ішінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, магиялық нанымның салдарынан адам мен оның есімінің арасында материалдық байланыс бар деп топшылау түркі тілдес халықтарда,  оның ішінде қазақтарда да кездесетіні байқалады.  Мысалы, нәресте кезінде шетінеп, немесе балалары өліп, тоқтамай жүргенде қазақтар туған баласын әлдекімнен сатып алған кейіппен есімін  Сатыпалды –сатып алған бала деп атайды. Тұрсын, Тоқтасын, Тоқтабай, Ерсін т.б.  есімдер кездеседі.  Кейде  кілең қыз балалар дүниеге келсе,  онда Ұлбала, Ұлжалғас, Ұлбосын, Ұлмекен, Ұлтуар, Ұлтуған т.б. аттарды қояды.

Күнделікті тұрмыста  зат атауларын, адамдар  есімін тура атамай басқа сөздермен алмастырып атау түркі халықтарының арасында, әсіресе қазақтар да жиі  кездеседі. Бұл қазақтардағы ат тергеу салты деп аталады. Келінге айтуға тыйым салынғандықтан,  атасының немесе қайнағасының, қайнысы мен қайынсіңлісінің атын тура атамай ат тергеу салтымен атаған.  Мысалы:  Сегізбай – екі төрт; Еламан – халық есен, Асаубай – Тарпаң. Қайнысына  — мырза жігіт, тетелес, еншілес, төре жігіт т.б.,  қайынсіңлісіне —  шырайлым, бикеш, еркежан т.б.

Қазақтардағы ат тергеу салтының  ең озық үлгісі ретінде келтірілетін мына мысал: «Ата! Сылдыраманың арғы жағында, сарқыраманың бері жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр, Жаныманы білемеге білеп алып, келе қойыңыз»  деген тапқыр да ақылды келіннің табуға тапқан эвфемизмдері зерттеуші, Ә.Ахметовтың айтуына қарағанда, Британия эңциклопедиясында  көрсетілген екен. [Encyclopedia Britanica, vol.21. London, 1946. P.732].

Мұндағы сылдырама – Қамысбай, сарқырама – Өзенбай, маңырама – Қойшыбай, жаныма – Пышақбай, білеме – Қайрақбай  есімдеріне табылған эвфемизмдер.

Табу мен эвфемизмнің тақырыптық топтары мен мысалдар:

Тілдік қарым-қатынаста сыпайы әрекет пен жағымды әсер көбінесе эвфемизмдердің семантикасы мен формасына байланысты. Бұл ретте қазақ сөздерінің табулық өрісі жан-жақты, ал эвфемистік метафора мен метонимия, перифраза т.б. қызметтері де әр алуан.

Ауру атауларына байланысты: өкпе ауруы (құрт, туберкулез),  қатерлі дерт, жаман ауру (рак), жіңішке ауру (сифилис, гонорея), құлағы мүкіс,(керең), зағип, табан астын көру (көзі соқыр), мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) т.б.

Тотемдік нанымдар (ырымдар мен тыйымдар): қасқырдың эвфемистік балама атаулары — бөрі, ит-құс, тік құлақ, қара құлақ, серек құлақ, салпаң құлақ,  қара ауыз, ұлыма, көкжал, теріс ауыз, жиен;  арыстан —  шер (парсы тілінен),  түз тағысы, құстың төресі (аққу), т.б.

Аңшылық пен саятшылық  кәсібіне байланысты: қанжығаға байлау – қазақтың аңшылық дәстүрінде атып немесе аулап  алған аңды (құсты)  сұраушы адам «байлансын» десе олжа ретінде  сұраған адамға сыйға береді.

Өлім-жітімге  байланысты:

         Теңіз бастан былғанды, 

        Кім тұндырар, ей ханым,

       Терек түптен жығылды

       Кім тұрғызар ей, ханым? (Жошының өлімін естірту).

      Миуалы Отанның дарағы едің;

     Жел соғып бір бұтағың жерге түсті.

(Кенен ақынның Жамбылдың ұлы Алғадай соғыста өлгенде естіртуі),

дүние салу, дүниеден өту, келместің кемесіне міну (Мұқағали), мәңгі ұйқыға кету, иманы саламат болсын, арты қайырлы болсын т.б.

Этносқа тән ұлттық дүниетанымның бір ерекшелігі қазақтың салтында өлім-жітім, қазаға байланысты  табулық тыйымдар қатаң сақталады. Бұл естірту мен көңіл айту сөздеріндегі мол эвфемистік қолданыстар эмоционалды, психологиялық және жалпы мәдени  қызметтерімен ерекшеленеді. Мұнда этикеттік формулалар мен этикеттік белгілер қалыптасқан. Мысалы:

  • Ақсұңқар ұшты ұядан, қол жетпейтін қиядан;
  • Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қияғы бүтін сұңқар жоқ;
  • Теректен бұтақ, теңізден көбік, ақсұңқар әуелеп аспанға ұшты;
  • Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті т.б.

        Анатомиялық атаулар мен физиологиялық жағдайларға байланысты: дәрет, дәрет сындыру, үлкен, (кіші) дәрет, несеп, аяғы ауыр, құрсақ көтеру, 

Қазіргі кездегі саяси табу мен эвфемизмдер:

Табу мен эвфемизмдер қоғамның дамуына орай, адамдар санасының өзгеруіне, түрлі әлеуметтік  топтардың жіктелуіне, адамдар қарым-қатынасындағы этикалық  нормалар мен қағидаттардың жаңаруына қарай сипатын өзгертіп отырады. Сөйлеу мәдениетінде сөз әдебін  ескеріп отыру, қарым-қатынас жасаушылардың ішкі тәрбие мәдениеті мен сөз салмағының әсерін пайымдау мен түсіну маңызды нәрсе.  «Шал – ақсақал, кемпір – кәрия» сиқты үлкен-кішілерге айтылатын  сөз реті эвфемизмді қажет етеді. Бүгінгі заманның адамдары, әсіресе, өзге тіл арқылы басқа ұлт мәдениетімен «көз ашқан» жандар ежелден келе жатқан қазақ сөз әдебін үнемі ескере  бермейді.

Ал қазіргі кезде  қазақ қоғамында бұқаралық ақпарат құралдарының пәрменділігі артып, әсіресе, қоғамдық пікір қалыптастыруда ерекше рөлге ие болғандықтан, қазіргі табудың  эвфемистік үлгілері публицистикалық мәтіндерде жиі кездеседі.

Өткен ғасырда қолданыста жиі көрінетін «партияның жасампаздық саясаты,   қарышты еңбек қадамы, партияның бел баласы, саяси сенім, бесжылдықтың амшырағы, съезд шешімдерімен қарулану, империалистердің шашабауын көтерушілер, ат төбеліндей билеуші топтар» т.б. эвфемистік тіркестерге жатады.

Ал осы күнгі эвфемистік троптар: қара алтын, жаһандық экономикалық тайталас, жасампаздық жоспары, Елбасы,  Жаңа Жібек жолы, елулікке ену, жасыл көпір, рухани азық, дүбірлі дода бәсекесі т.б.

Саяси эвфемизм –  жазасын өтеушілер, жазаға кесілгендер, бас бостандығынан айырылғандарғ  (сотталғандар), еңбекпен түзеу мекемелері (түрме), қызмет бабын жеке басының мақсатына пайдалану, жеке басының мүддесін жоғары қою, мемлекет мүлкіне қол сұғу,  (пара алу, қылмыстық іс істеу) т. б.

Эвфемистік қолданыстар қазақ тілінің лексика-фразеологиялық қорында аса жиі кездеседі және эвфемиялық троптар түрінде көрініс табады. Мысалы, қалтасы тесік, қалтасы жұқа (кедей) – метафоралық қолданыстар.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ