«Қазақтың қаны бір, жаны бір жол басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі», — деген қазақтың кемеңгер ақыны Мағжан Жұмабаев.
Ертеңгі күннің бүгінгіден гөрі жарқынырақ болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән. Демек, қай елдің болсын өркендеуі, өркениетті дүниеде өзіндік орын алуы білім саласының даму бағытына тікелей байланысты.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында», — дегені бәрімізге белгілі. Еліміз өркениетті елдердің қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл – ұстаздардың еңбегінің жемісі. Олай дейтін себебіміз ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да ұстаз тәрбиелейді. Мұғалімі қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде-ақ белгілі болды. Адамзат өркениетінің даму тарихында жақсы мектебі мен мұғалімдері бар мемлекет қана озып шыққан.
Қазіргі мектеп балалары болашақ қазақ азаматтары. Ал сол ұрпаққа біздің қоғам толық жауап бере алып жүр ме? Ақырын сөйлеп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, — деп Абай атамыз айтпақшы, еңбегін далаға емес балаға шашар, ұрпақтың көзін ашар үлттың ұлы ұстазы Ахметтердің бүгінгі іні-қарындастарының ілімі мен білімі қалай? Ұрпаққа берер өнегесі қаншалық? Дарыны мен жалыны, айлығы мен байлығы ше? Ұстаз деген ұлы ұғымды сан-саққа жүгіртіп ақпаратты ақтарып отырсаң, аптасына кемінде бір мәселе көтеріліп келеді. Мұның өзі ұстаз орнының маңызын дәлелдесе керек.
Бұрынғы ұстаздар қандай еді? Кешегі өткен ғасырдың аяғына дейін ұстаздардың дені, тәрбие мен тәлімді қолға алғандар ұлттың сорпа бетіне шығар қаймағы еді.
Ахмет Байтұрсынұлының: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастау керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та – оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктер түзелгенде оқумен түзеледі. Оны түзететін – білім мен білікті ұстаз» деген сөзінен-ақ оқыту ісін Алаш қайраткерлерінің басты бағытта ұстағаны көрінеді.
Солардың заңды жалғасы бүгінгі ұстаз кімдер? Олар кешегі қоғамдағыдай ұлт зиялысы міндетін атқара ала ма? Өзгелер зиялы деп қарай ма? Мектеп ше? Ойланып көрелік.
Білімсіз халықты басқару және айтқанға көндіру ең оңай жұмыс санаған өзгелердің отарлық саясаты келгелі білім ордасы да азды, аздырды. Ұстаздың ұлағаты азайды. Ұрпақтың ұяты әлсіреді.
Ұстаз деген аттан мұғалім деген есімге қарай сырғыған тәрбие мен тәлім иесі тәрбиені бере алмастай күйге түсті. Қоғамның тұлғасы болу емес, қара басының қамынан аспайтын дәрежеге жетті.
Ұстазының алдын кесіп өтпейтін кешегі қазақ қоғамынан ұстазын адам қатарына санамайтын санасыз күйге жеттік. Ұстаздың мәртебесі мен мәні кетті.
Бұл іске кінәлілердің алғашқысы, айтуға оңай жүйе, келесісі қоғам, соңғысы ұстаздардың өзі.
Себебін ізделік:
Жүйе дегеніміз:
— Ұстаз мамандығын ұлықтай алмаған, басты назарда ала алмаған, қоғамдағы мәртебесін анықтап бере алмаған білім саласының біліксіздігі.
Қоғам дегеніміз:
— Өзі болған бала әкесін танымайды дегендей толып білімін жинағандар, қоғамның әр саласындағы ат тізгінін ұстаған игі жақсылар ұстаз туралы ұмытты. Өскен мектебі туралы ойлануды азайтты. Ұлт зиялылары мектеп өмірінен алыстады. Ұстазды көзге ілмейтін күйге жеттік, мектепте таяққа жықсада елемейтін болдық. Қосылып жамандайтын болдық.
Ұстаздардың өзі дегеніміз:
— Қадірі қашқан мамандыққа білікті бармайтын болды. Қарынның қамын ойлағандар ақшаны кім жақсы төлесе, кім жұмсақ орындық сыйласа соған қарай жүгірді де, ұстаздар дегеннің көп сандысы біліксіз, білімсіз күйге жетті. Өзі оңала алмай жүрген мамандықтың одан әрмен құты қашты.
Сонымен бүгінгі қоғамның ұстаздар мамандық иелерінің ең төменгі сатысы болып, ең нашарлар, сырттай білім алғандар, әйтпесе сатып алғандар мен танысы барлар ұстаз атанып, ұлт болашағын ұсақтатып барады. Қат-қабат қағаздардан ғана бас алмайтын бүгінгі оқыту жүйесінің шындығы мынаған келіп тіреледі:
— Бүгінгі күні ең үздік ұстаз — ештеңе сөйлемесе де бәрін жазып қоятын ұстаз; ең үздік сабақ беруші, ол — қағазда сабақ даярлаушы. Яғни, ең үздік ұстаз, ол өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп қағазға түсіруші. Баланың тағдыры емес, басқарманың тексерісі ойландырады. Ал бүгінгі мектеп – керексіз қағаздардың мұражайы екендігі даусыз.
Осы күні ұстаз деген ұғым кімді ойлантады? Ұстаздыққа кімдер барады деген сұраққа жүгінейікші. Осы жерде мектепте болған мына бір оқиғаны кірістіргім келеді.
Бірде бір апай өзіне көп көмектескен бір оқушыға:
— Балам, мұғалім бол, — деген еді. Әлгі оқушы шошынғандай:
— Апай, қарғамаңызшы, — дейді. Сонда біз ұстаз бол деген ұлағатты сөзді қарғыс деңгейіне түсірдік. Осыдан барып ұстаздық құн әлсіреді.
Бүгін кімдер ұстаздық мамандыққа түседі?
Бірінші: Байқамай, ақыл беретін адам болмай ұстаздық мамандыққа түсіп кеткендер, бұлар біршама жақсы оқығандар, бірақ өз ақылы толғанда дипломы бойынша мамандығын жалғастырмайды көп сандысы.
Екінші: Басқа мамандыққа ҰБТ-да алған ұпайы жетпей ұстаздықты амалсыз 3-ші не 4-ші мамандыққа таңдағандар (ең төмен балмен түсуге болатын мамандық болғандықтан). Ал, енді күтіңіз. Сіз өзі үшке немесе екіге оқығандар балаңызды беске оқытады деп.
Дамыған кез-келген елде ұстаз мамандығы нөмірі бірінші мамандық. Мысалы, Жапонияда мұғалім мен министрдің жалақысы бірдей. Ең үздік мектеп түлегі сол мамандыққа түседі, ең жоғары жалақыны ұстаздар қауымы алады. Ең жақсы жағдай ұстаздардікі. Сол үшін де сол елдердің оқу-ағарту ісі қарыштап дамып, ғылым техникасы бізге қуып жеткізбей барады.
Ұлт болам десең ұстазыңды түзе деген ұранды ұстанып, ұстаздың беделі мен біліктілігін арттыру үшін төмендегідфей шешу жолдарын ұсынар едім.
Бірінші: ұстаздық мамандығын бірінші жоғары деңгейдегі мамандық дәрежесіне көтеру керек. Бұл үшін ұстаздардың жалақысын жоғарылату керек, әрі университеттегі ұстаздық мамандықта тәрбиеленіп жатқан мамандық иелеріне баса назар аудару керек.
Екінші: ұстаздарды жаппай сынақтан өткізу керек. Мұнда жинаған және жазған қағазымен жылына бір рет әділ түрде өз мамандықтарынан емтихан алу керек. Мұнда қазіргі дәрежеде ҰБТ-ны ұстаздардың өзіне жүргізе салу жеткілікті. (Соның өзінен сүрінетіндер жетіп артылады. Қорқатындар мектепке жоламай-ақ қойсын.) Сүрінгендер мамандығын ауыстырсын немесе қайтадан кемінде бір-екі жыл даярлаудан өтуі керек.
Үшінші: қағазбастылықты азайтып мүғалімдердің шығармашылық жұмысына мән беру керек. Мұғалімдерді өтірікке толы қалың қағазына қарап емес, шәкіртінің нәтижесімен бағалайтын күйге жетуіміз керек.
Төртінші: қазіргі кездегі, айлық, күндік, тоқсандық курстарды жойып орнына мұғалімдерді өз мамандығы бойынша кешенді дайындайтын бағдарлы жылдық курстарды ұйымдастыру керек.
Бесінші: мемлекеттік бақылауды күшейтіп, мұғалімдердің оқушыға өзі қойған бағасы арқылы мұғалімдерді бағаламай әр деңгейдегі әкімшілік бағалауларды жандандыру керек. Мұның өзі өтірік қағаз болып кетуі үшін жұмыс жасалып жүр бұл күні.
Алтыншы: мұғалімдерді марапаттауды және тұрмыстық қамтамасыз етуді ұмыт қалдырмау керек. Республикалық, Халықаралық олимпиада үздіктерін тәрбиелеген және басқа да жетістікке ие шәкірттер тәрбиелеген ұстаздарды қомақты сыйлықтармен немесе тұрғын үй сияқты мәселесін шешіп жас ұрпақтың ұстаздыққа деген қызығушылығын арттыруға және ұстаздар арасындағы бәсекелестікке ұмтылуға жол ашылуы керек. Әрине, бұл жерде жемқорлыққа жол бермеу маңызды.
Жетінші: мұғалімдікке жұмысқа қабылдауды департамент немесе әкімдік арқылы тікелей қадағалап, мұғалім боламын деген білікті мамандардың жас деген желеумен жұмыссыз қалып орнына таныстықпен кірген шала мамандарды жою керек. Әрі мемлекет бойынша сырттай бітірген әр қандай адамды ұстаздыққа жолатпаған абзал.
Ұстаз – ұлт болашағының айнасы. Сондықтан бұл істі ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды. Ұстаздарымыздың ұлағаты кемімесін, ұлтымыздың рухы әлсіремесін, ұяты кемімесін, ұлылығы артсын десек бұл істі қоғам болып қолға алайық.
Martebe.kz ақпараттық білім порталының мақсаты Ұстаздар мәртебесін көтеруге бағытталған. Сондықтан біздің сайтымызда Ұстаздар тақырыбының жиі қозғалуы заңдылық. Оқырмандардың назарына сайтымыздағы «Ұстаз» тақырыбындағы таңдаулы материалдарды ұсынамыз.
- Ұстаздар туралы 10 таңдаулы қанатты сөздер
- Ұстаз — ұлы тұлға (шығарма)
- «Менің ұстазым» тақырыбында шығарма
- Ұстаздар күнінің шығу тарихы
- Ұстаздар туралы өлеңдер топтамасы
- Ұстаздар күніне құттықтау сөз
- Әлемдегі ең керекті мамандық (Ұстаз туралы шығарма)
- Сүйікті ұстаз (Шығарма)
- ҰЛТ боламын десең, ұстазыңды түзе
- Ұлы ұстаз өнегесі
- Өмірқұл Айниязов: Ұстаздың үстінен шағым айту — біздің санамызда болған емес…