1836–1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы қазақтардың көтерілісі (сабақ жоспары)

0
1912
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты
– қазақ халықының отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресінің себеп-салдарын анықтау;

Зерттеу сұрағы
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын қандай ортақ идея біріктірді?

Оқулық
1836–1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы қазақтардың көтерілісі. 90–98 бет.

Тірек сөздер:
Бөкей Ордасы, Ішкі Орда, Бөкей хан, Жәңгір хан, Исатай Тайманұлы

Ресурстар
Халық тарих толқынында. Ғылыми серия: мақалалар жинағы. – Т.І-2. –Астана, 2013.История Казахстана. Энциклопедический справочник. – Алматы, 2010.
Елтұтқа. Ел тарихының әйгілі тұлғалары: оқу құралы” (М.Жолдасбекұлы,
Қ.Салғараұлы, А.Сейдімбек). – Астана, 2001.

Көрнекілік
Бөкей Ордасының хандары Бөкейдің және Жәңгірдің, Нұралының суреттері, А.И.Левшиннің суреті, Бөкей хандығының орналасу аймағын көрсететін карта, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының суреттері, Исатайдың Жәңгір ханға жазған хатының фото көшірмесі, Махамбеттің Жәңгір ханға жазған хатының көшірмесі, көтерілістің Тастөбе аймағында болған шайқасының картасы, көтерілістің соңғы кезеңін Ақбұлақтағы шайқасты бейнелеген карта, көтерілісті көрсететін телефильмдерден үзінділер. Оқулықтың 102, 103, 104 бетіндегі суреттер.

Мақсатты айқындау. Бөкей Ордасының құрылуын, оның шаруашылықтық және саясиәлеуметтік ерекшеліктерін түсіндіру.

Шаруалар көтерілісінің басталу себептерін және оның барысын, көтеріліске басшы болған Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының басшылық рөлін, патша өкіметінің көтеріліске қарсы қолданған шараларын, көтерілістің өрістеуін және жеңілу салдарлары мен маңызын баяндау.

Дамытушылық маңызы. Бөкей Ордасының құрылу тарихын түсіндіру арқылы патша өкіметінің қазақ жеріндегі хандық билікті қалай талқандағанын және өзінің билігін орнықтыру үшін қандай саяси айла-шарғыларға барғанын түсіндіру.

Бөкей Ордасындағы 1836–1838 жылдардағы көтерілістің барысын және салдарларын айту арқылы оның қазақтардың кейінгі ұлт-азаттық қозғалыстарына жасаған әсерін және маңызын әңгімелеу. Отаршыл империяға қарсы күрес ұйымшыл болғанда ғана жеңіске жететінін оқушыларға ұғындыру.

Тәрбиелік маңызы. Отарлаушы империяның кейде наразы халықтың қарсылығын жаныштау үшін мемлекеттік құрылыста қуыршақ басқару аппараттарын ұйымдастыратын, оның өзі шын мәнінде халықтың тәуелсіздікке қол
жеткізуіне үлкен кедергі жасайтынын Бөкей Ордасын құру тарихы негізінде
оқушыларға ұғындырып, оларды халықшылдық сезім рухына тәрбиелеу.

Бұл дәстүр мұғалімнің қызықты баяндауының арқасында оқушыларға рухтандырушы әсер беріп, оларды халықтың ерлік дәстүрлерінің тәжірибесі негізінде халықшылдыққа тәрбиелеуі тиіс. Көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен атақты ақын Махамбет Өтемісұлының шаруалар көтерілісіне басшылық жасаудағы рөлін көрсете келе, олардың халық мүддесіне берілген адалдығы және ержүректігі мен батырлығы негізінде жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру.

Сабақ түрі мен әдісі
Аралас сабақ, баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы сабақ барысында оқушылар назарын төмендегідей мәселелерге
аударады:

1. Бөкей Ордасының құрылуы. Бөкей сұлтан және оның қызметі.
2. Бөкей Ордасының шаруашылығы және әлеуметтік өмірі. Бөкей Ордасының саяси құрылысы.
3. Жәңгір ханның саяси-мәдени қызметі.
4. Шаруалар көтерілісінің басталу себептері, Кіші жүз аймағына таралуы.

5. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының көтерілісті басқарудағы ерекшеліктері мен ерліктері. Ақбұлақтағы соңғы шайқас.
6. Патшаның көтеріліске қарсы шаралары
7. Көтерілістің жеңілу себептері, тарихи маңызы.

Бағалау мүмкіндіктері
Мұғалім сабақта Кіші жүзді бөлшектейтін Бөкей Ордасын құрудағы отаршылдардың мақсатын, Орданың алғашқы ханы Бөкей сұлтанның қызметін, Ішкі ордадағы халықтың шаруашылық жағдайын, дәстүр салтын, Бөкей Ордасының саяси құрылысын және Жәңгір ханның іс-әрекетін жан-жақты түсіндіреді.

Мұғалім оқушыларға шаруалар көтерілісі неліктен басталғандығын нақты мысалдар негізінде түсінікті де, тартымды тілмен ұғындырады. Көтерілістегі Исатай мен Махамбеттің ерліктерін әңгімелейді.Көтерілістің барысын баяндай отырып, оған қарсы патша өкіметінің қолданған шараларын ашып көрсетеді.

Оқушылар үш топ болып жұмыс жасайды.

Алғашқы топ көтерілістің басталуын сипаттайтын, оның себептерін көрсететін тезистер жазады.

Екінші топ Махамбет Өтемісұлының шығармаларын және Исатайдың ханға және отаршыл орыс билігіне жазған хаттарын пайдалана отырып, көтеріліс басшыларының мақсатын, халыққа берілгендігін және ерлігін ашып көрсетеді.

Үшінші топ Кіші жүздегі көтерілістің өрістеуін және ол таралған аймақтарды картада белгілейді.

Мұғалім өзі жасаған сабақ жоспарына сәйкес сабақты төмендегідей мәселелер төңірегінде қорытындылайды:

1. Бөкей Ордасының құрылуының алғышарттары. Бөкей Ордасының саясиәлеуметтік ерекшеліктері.
2. Бөкей Ордасындағы шаруашылық мәселесі. Бөкей Нұралыұлының қызметі.
3. Жәңгір ханның саяси-ағартушылық жұмыстары.
4. Көтерілістің барысы, Кіші жүзде өрістеуі, баяулау себептері.
5. Махамбет Өтемісұлы шығармасындағы Исатай Тайманұлының образы.
6. Патшалық биліктің көтеріліске қарсы ұстанымы.
Мұғалiмнiң алдын ала даярлап әкелген жоспары оқушылар жұмысын
ұйымдастыруға негiз болады. Рефлексия. Кері байланыс. Де Бононың 6
қалпағы арқылы қорытындылау.

Қосымша тапсырма
1. Оқулықтағы сұрақтар мен тапсырмаларды орындау.
2. Берiлген жоспарды басшылыққа ала отырып, оқушылардың жұмыс дәптерлерiне әрбiр сұрақтың нақты мазмұнын ашатын қысқаша тезистер жазғызу7

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ