1836–1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы көтерілістің жеңілу себептері, салдарлары және маңызы(сабақ жоспары)

0
3029

Сабақтың мақсаты.
— ұлт-азаттық көтеріліс басшыларының рөліне баға беру.

Зерттеу сұрағы
Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлын қандай ортақ идея біріктірді?

Оқулық
1836—1838 жылдардағы Бөкей Ордасындағы қазақтардың көтерілісі. 102—110 беттер.

Тірек сөздер: Ақбұлақ, Баймағамбет Айшуақұлы, Қайыпқалы Есімұлы, Шерғазы сұлтан.

Ресурстар
Халық тарих толқынында. Ғылыми серия:мақалалар жинағы.-Т.І-2. —
Астана,2013.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы: 4 кітаптан тұратын оқулық. Қазақстан
отаршылдық және тоталитарлық жүйелер қыспағында. 3-кітап. — Алматы,2016.

Көрнекілік
Көтерілістің соңғы кезеңін Ақбұлақтағы шайқасты бейнелеген карта, көтерілісті көрсететін телефильмдерден үзінділер. Оқулықтың 105, 106, 107, 109, 110 беттеріндегі суреттер.

Мақсатты айқындау
Мұғалім кіші жүзде кеңінен тарала бастаған Исатай мен Махамбет бастаған халық көтерілісінің қаһарынан қаймығып, басып тастауды көздеген шараларға барғанын, дайындығы жеткіліксіз болған көтерілісшілердің жазалаушылар отрядына қарсы күресте, Тастөбе түбінде жеңіліп қалуы көтерілістің кейінгі барысына кері әсерін тигізгенін, Ақбұлақта көтерілісшілердің соңғы шайқасы өрістегенін және ақырында көтерілістің жеңіліп қалғанын, бұл жеңілістің салдарлары мен тарихи маңызын нақты деректерге сүйене отырып, түсіндіреді.

Дамытушылық маңызы. Исатай мен Махамбет бастаған Бөкей Ордасындағы
көтерілісте орын алған қателіктер мен кемшіліктердің қазақтардың кейінгі жылдары болған басқа ұлт-азаттық қозғалыстарда да кездескенін, отаршыл империяға қарсы күрес ұйымшыл болғанда ғана жеңіске жететінін оқушыларға ұғындыру.

Тәрбиелік мақсаты. Бөкей Ордасындағы Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс халықтың ғасырлардан бастау алатын еркіндік және әділеттілік үшін күресінің жалғасы болып саналады. Бұл дәстүр мұғалімнің қызықты баяндауының арқасында оқушыларға рухтандырушы әсер беріп, оларды халықтың ерлік дәстүрлерінің тәжірибесі негізінде халықшылдыққа тәрбиелеуі тиіс.

Сабақтың деректік материалдары
Мұғалім көтерілістің біртіндеп өршіп, кіші жүз аймағында өрістегенін, жазалау үшін шыққан патшаның Гекке отрядыалғашқы кезде сәтсіздікке ұшырағанын, бірақ Исатайдың Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліске қосылмай, Ішкі Ордада дербес әрекет жасауға ұмтылғанын, мұның өзі көтерілістің сәтсіздікке ұшырауына тікелей себеп болғанын, ұрыс даласында Исатай мен Махамбеттің ерліктері жауынгерлерді рухтандыра тұрса да, ұрыс даласында, Ақбұлақта, Исатайдың қайтыс болуы көтерілістің қарқынын төмендетіп, оның әлсірей түсуіне алып келгенін, ал мұның өзі көтерілістің жеңіліп қалуына әкеліп соққанын түсінікті тілмен баяндайды.

Оқушылар үш топқа бөлініп жұмыс жасайды.

Алғашқы топ кіші жүзде көтеріліс өрістеген аудандарды картаға түсіреді.

Екінші топ көтерілісшілердің жазалаушы патша әркері мен Ақбұлақтағы ақырғы шайқасын, ондағы Исатайдың ерлігін сипаттап, эссе жазады.

Үшінші топ көтерілістің салдарларын және маңызын, Махамбет Өтемісұлының шығармаларына сүйене отырып, сипаттайды.

Сабақ түрі мен әдісі
Аралас сабақ. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабылетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы Сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей мәселелерге аударады:

1. Көтерілістің Кіші жүз аймағына таралуы.
2. Ақбұлақтағы соңғы шайқас.
3. Көтерілістің жеңілу себептері
4. Көтерілістің салдарлары.
5. Көтерілістің маңызы

Бағалау мүмкіндігі
Мұғалім өзі жасаған жопарлау негізінде төмендегідей мәселелер төңірегінде
қорытындылар жасайды:

1. Көтерілістің кіші жүзде өрістеуі және баяулау себептері.
2. Көтерілістің басшылары Исатай мен Махамбеттің ерліктері.
3. Көтерілістің жеңілуінің ауыр салдарлары.
4. Көтерілістің қазақ ұлт-азаттық қозғалысы үшін тарихи маңызы.

Бағалау мүмкіндіктері

Мұғалiмнiң алдын ала даярлап әкелген жоспары оқушылар жұмысын ұйымдастыруға негiз болады. Рефлексия. Кері байланыс. Де Бононың 6 қалпағы арқылы қорытындылау.

Қосымша тапсырма
1. Оқулықтағы сұрақтар мен тапсырмаларды орындау.
2. Берiлген жоспарды басшылыққа ала отырып, оқушылардың жұмыс
дәптерлерiне әрбiр сұрақтың нақты мазмұнын ашатын қысқаша тезистер
жазғызу.

Бағалауда БББ кестесін стикер тарту арқылы жазғызу.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ