«Ақ Жайық. Ақ желең. Ақ шағала» (Сыныптан тыс шара)

0
2536

Түйіндеме: Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты
мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті.

Бұл әдеби — сазды кеш «Туған жер» бағдарламасы аясында оқушылардың өз өлкемізден шыққан ақындарымыздың бірі – «Жайықтың Ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өмірі мен шығармашылығымен таныстыру, жыр шумақтарын, әңдерін айта отырып, оқушылардың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру бағытында жүргізілген.

Мақсаты: Біліктілік дағдыларын ұштай отырып, шығармашыл тұлға қалыптастыру. Өз ойларын көркем тілмен жеткізетін, поэзияны сүйетін тұлға тәрбиелеу. Оқушылардың сөздік қорларынарттыру, дүниетанымдарын кеңейту.

1- жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар! Гуманитарлық пәндер апталығының қорытындысы аясында өткізіліп отырған ақын Ақұштап Бақтыгерееваға арналған «Ақ жайық. Ақ желең. Ақ шағала» атты әдеби-сазды кешке қош келдіңіздер!

2 – жүргізуші: Ақұштап Бақтыгереева «өлең» деп киелі өнерді серік етіп, сыршыл да нәзік үнімен, кестелі әсем тілімен, «жасық өлең емес, асыл өлең» жазуды мұрат тұтқан ақын.Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрайымы, Алаш сыйлығының лауреаты.

1 – жүргізуші: Қазақ поэзиясында өзіндік тұлға болып қалыптасқан, жырлары ойлылығымен, образдылығымен, көркем тілімен, нәзік сезімімен оқырман жүрегін баулитын көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылы 23 тамыз күні Орал облысының Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген.

2 – жүргізуші: Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы № 11 мектепті жақсы аяқтап, таудай талап арқалап, астанаға арман қуып, қиял жетегінде кете барды. Асқақ арман жетегіндегі ерке қызын ата-анасы қимай шығарып салды. Ақ Жайықтан түлеп ұшқан талабы таудай талапкер, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің студенті атанды. Кезінде қазақтың талай тарландарының тұсауы кесілген қасиетті қара шаңырақтан Ақұштап Бақтыгереева да үлкен
өнерге қадам басты.

1 – жүргізуші: Еңбек жолын 1966-1971 жылдар аралығында «Орал өңірі» облыстық газетінде бастаған. 1971-1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер және «Қазақ әдебиеті» газеті редакцияларында, «Жазушы» баспасында қызметтер атқарды.

2– жүргізуші: Бұлбұл сайрамай, тұлпар шаппай тұра алмайды. Гауһар тастың қыры –асылдығы.Ал ақын жырларының көп қырлылығы оның тарланбоз тұлпар екенін танытқандай. Иә, тарланбоз шаппай — желмей тұра алмайды. Ақынның «Өрімтал», «Наз», «Қуаныш», «Іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақжелең», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Сүмбіле», «Ақ шағала», «Аққанат» атты жыр жинақтары бар. Өлеңдері орыс тіліндегі «Песня. Мечта. Любов», «Чудесный сад»,«Лебединная верность» топтамаларына енді. «Советская женщина», «Огонѐк» журналдарының жүлдесін алған. ТМД елдері ақындарының өлең — жырларын қазақ тіліне аударды.

1-жүргізуші: Ақұштап Бақтыгереева М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетін, Жәңгір хан атындағы аграрлық техникалық университетінің құрметті профессоры. 2004 жылы «Орал қаласының Құрметті азаматы» атанды. Облыс мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін Ақұштап Бақтыгереева бірнеше рет алғыс хаттармен және 2005 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған. 2007 жылы «Алаш»  сыйлығының лауреаты, 2008 жылы «Тіл жанашыры», «Астанаға-10» медальдарымен марапатталды.

2- жүргізуші: Ақұштап Бақтыгерееваның шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің
шұрайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді. Ақын өлеңдері атына заты сай өршіл рухта жібектей төгіліп тұр. Ақын лирикасынан туған ел мен жерге деген шексіз махаббат, тазалық пен пәктікті байқаймыз. Ақұштап Бақтыгереева –көптеген ән мәтіндерінің авторы. Оның өлеңдеріне Ө.Байділдаев, Ш.Қалдаяқов, Т.Бақтыгереев, Б.Оралұлы, С.Жолбарыс т.б. композиторлар ән жазған.

Ән: «Жайықтың ерке самалы»

1 – жүргізуші: «Біреуде жас та болса, даналық бар, Біреу де қарт та болса, шалалық бар», — деп ақындар жырлағандай, Ақұштап Бақтыгереева кеңпейілді аналарға, маңдайы кере қарыс ақылгөй даналарға ұқсатасың. Ақынның жыр жинақтары көкірек көзінің қырағылығын танытқан, ормандай ойлы өлеңдерге толы.

Ақұштап өмірден көргендері мен түйгендерінен түйіндер түюге шебер. Жағадан суға бойлаған сайын мағынасы тереңдей беретіні секілді, төрт жол жырдың әр жолынан баспалдақтап әр аттаған сайын мағынасы да күрделеніп отырады. Ақынның жалғыз шумақ өлеңінен терең мағыналы ой өрбиді. Өрелі ойларына көз жүгіртсек.

2 — жүргізуші: Қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева ойындағысын іркіп қалмайтын, тіке қарап, тура тартатын, кесек-кесек ойларын көсіп-көсіп айтатын кісі . Баласының бүгінінен сыр аңдып, немересінің ертеңіне алаңдаған, қоғамның қабағын бағып күн кеше жүріп, әсте өзінің әйел екенін ұмытпаған. Баяғы аналардың, әжелердің өзінен аумаған жәдігері ме дерсің. Ақұштап туралы қаламдастары өз лебіздерін, ой – толғамдарын білдіреді. Назар салайық.(Слайдтан көрсету)

1- жүргізуші: Ақынның туған жері — алтын аймағы. Талай рет ақын туған жерге деген
сағынышын жыр жолдарымен өрнектеді.Оған ақындық Ақжайықтың асау толқынымен, ақ қайың тоғайының ерке де әсем сыбдырымен дарыған. Сондықтан да ақынның жауқазын жырлары туған жерімен тамырлас, талбесікпен бірге өріліп жатыр.
Келесі кезекті ақынның өлеңдеріне берейік.

Ән: «Жосалы»

2 – жүргізуші: Анамын бөбегін сағынған,
Ақынмын жыр болып, ағылған.
Көңілмен екіге бөлінген,
Жүрекпін екіге жарылған.
Осы өлеңді оқи отырып сүйсінесің, оқи отырып ерисің. Ақындығына тәнті боласың, аналығыңа басыңды иесің.

Ақұштап жырлары кім-кімнің де анасына деген сағыныш мұңын қозғап, жанарына жас
үйірілтеді. Әр өлеңінен өз анаңның аяулы бейнесін, асыл қасиеттерін көресің, «құлыным» деген ыстық сөзі құлағыңа келеді. Аналарымыз «құлыным» деген жалғыз сөзге жан –жүрегінің бар жылуын құйып, ұл-қызына деген барша сағынышын сыйғызып, аналық махаббатын төгіп, ыстық леппен айтады екен-ау!

Келесі кезекті ақын өлеңдеріне берейік. (Оқушылар ақын жырларын мәнерлеп оқиды)
Ән: «Асыл ана»

1 – жүргізуші: Пейілдің ақтығы мен сезімнің пәктігін жырлап ғұмыр кешкен Ару Ақын.
Шалқардың шалқи бергей, айдында жүзген Ақ Желкен. Ақұштап Бақтыгереева – тума талант, халқымыздың құрметі мен махаббатына бөленген еркебұлан қыз ақындарымыздың бірегейі. Кешімізді ақынның өлең жолдарымен аяқтайық: Туған
жер, не тең келер саған тағы,
Таңына ұқсамайды Арал таңы.
Өзіңнен артық мекен таба алмадым.
Аралап Жетісуды, Сарыарқаны.

Мен саған ораламын тағы да мұң,
Тыңдауға күй кернеген ағын әнім.
Жүрсем де сұлу Көрпеш Баян тауда,
Жайығым сені жиі сағынамын!
Міне, құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар, оқушылар «Ақ Жайық. Ақ желең. Ақ
шағала» атты әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Назарларыңызға рахмет!

Дереккөз: «Ұстаз» ғылыми әдістемелік журналы

Басқа материалдар:

  1. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  2. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)
  3. Дәстүрлі рухани мәдениет (салт-дәстүр) (сабақ жоспары)
  4. Абылай ханның қайраткер ретінде қалыптасуы (сабақ жоспары)
  5. Абылай хан және біртұтас Қазақ хандығының қайта нығаюы (сабақ жоспары)
  6. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  7. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  8. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  9. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  10. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ