Адамның уақытты қабылдауы және жас ерекшеліктер динамикасы

0
1128
Иллюстрация: Freepik.com

Кеңістік пен уақыт – материяның өмір сүруінің негізгі формалары. Сондықтан, кеңістік пен уақытты материядан бөлектеу, оларды материядан аулақ өмір сүреді деу шындыққа сай келмейді.

Бүкіл әлемдегі барлық заттар мен құбылыстар кеңістікте белгілі тәртіппен орналасып қана қоймайды, сонымен қатар материя қозғалысының нәтижесінде уақыт арқылы үздіксіз өзгеріске ұшырап, қайта жаңғырып, дамып отырады.

Материядан тәуелсіз, оның қозғалысынан тыс жеке-дара ешбір кеңістік те, уақыт та жоқ.

Кеңістікті қабылдау – заттар мен құбылыстардың көлемін, тұрқын, түрін, аумағын, алыс-жақындығын, тайыз-тереңдігін, бағыт-бағдарын қабылдау деген сөз. Кеңістікті қабылдау өте күрделі процесс.

Мәселен, заттың көлемі мен түрін қабылдау – көру, сипай сезу, қимыл қозғалыс түйсіктерінің күрделі үйлесімі арқылы ғана жүзеге асады.
Тек адамның нақтылы тәжірибесі жан-жақты білімі арқылы ғана кеңістікті дұрыс қабылдауға болады. Адам заттардың бірінен-бірінің қашықтығын, бет алысын, көлемін, рельефін, бағдарын және формасын қабылдау арқылы ғана кеңістікті дұрыс қабылдайды.

Дүниедегі заттардың барлығы да кеңістікке орналасқан. Олардың әрқайсысының белгілі тұрқы (ұзын,қысқа, енді, енсіз, биік не аласа т.б.) болады. Сондай-ақ, олар бізден түрлі қашықтықта тұрады.

Кеңістікке орналасқан заттардың көлемін қабылдауда екі көзбен көрудің (бинокулярлық көру) маңызы зор. Ал бір көзбен көру (монокулярлық көру) терендік жөнінде дәл мағлумат бере алмайды. Мұны бір көзді жұмып, екі қолды бір-біріне тигізбей, инеге жіп сабақтаудың қиын екенінен де байқауға болады.

Бинокулярлық қарауда екі көзге түсетін кескін қосылып кетеді де, нәрсенің бедері айқын сезіліп, бір ғана кескінге айналады. Нәрсенің көлемдік қарамын қабылдау үшін оның бірігіп, қосылып көрунуі маңызды роль атақарады. Екі көзбен көруде түрлі заттардың тұтасып көрінуі, оның қашықтығы мен қоршауын, шамасы мен түсін, рельефін жан-жақты қабылдауға мүмкіндік туғызады.

Қашықтық пен заттардың көлемін қабылдауда көздің конвергенциясы, яғни екі көздің көрілетін затқа бір көздей болып әрекет етуі қажет болады. Бұл құбылыс жақындағы нәрсені ажыратуда байқалады. Көз тіккен нәрсе неғұрлым жақын тұрса, конвергенция да сонша күшті болады да, көз ішке бұрыла береді.

Көздің түрлі қашықтықтағы заттарды көруге бейімделу қабілеттілігін аккомодация деп атайды. Көздің аккомодациясы хрусталь дөнестігінің өзгеруіне байланысты жақын заттарды көргенде жиырылады да, алыстағы заттарға қарағанда ашыла түседі.

Қабылдаудағы индивидуалды даму, жас ерекшелік динамикасы.

Адамдардың барлығы біркелкі қабылдай бермейді. Мұнда топ адамға тән типтік өзгешеліктер де болады. Кейбір адамдар қабылдау кезінде заттың өзіне, жеке тұрқына, сырт көрінісіне көңіл аударуға бейім болады, олар көргенін баяндауды ғана мақсат етеді. Енді біреулер сол заттың мән-мағынасына көз жібереді, қабылдағанын жан-жақты түсіндіріп беруді қажетсінеді.

Осы айтылғанға орай бірінші топтағы адамдарды қабылдаудың баяндаушы типіне, ал екіншілерін түсіндіруші типке жатқызуға болады.

Қабылдау саласында адамдар объективтік және субъективтік типтер болып та бөлінеді. Бірінші типтің өкілдері заттар мен құбылыстарды дәл, айқын, ешбір қоспасыз, сол қалпында қабылдайды, өз жанынан еш нәрсе қоспайды. Ал субъективтік типтегі адамдардың қабылдауында долбарлау, қиялдап жаңа образдар қосу адамның сезім күйлері (үміт, үрей, елжіреу, алдану т.б.) ерекше әсер ететін болады. Субъективік типті кейде қабылдаудың эмоциялық типі деп те атайды.

Қабылдау синтездік (сыртқы дүние заттары мен құбылыстарын үнемі тұтастай қабылдап, бірақ оның ұсақ-түйегіне жөнді мән бермейтіндер), анализдік (мұндайлар керісінше заттардың ұсақ-түйектерінен шыға алмағандықтан, оны тұтастай қабылдауға шорқақ болады) типтері де кездеседі.

Халық осылардың біріншісі «көрмес түйені де көрмес» десе, екінішісін «түймедейді түйедей» ететіндер дейді. Қабылдаудың өмірге өте икемді типі – анализдік-синтездік тип. Қабылдау саласындағы типтік ерекшеліктер бұл айтылғандармен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, бұлардың қай-қайсысы да тұрақты, өзгермейтіні қажет емес. Тұрмыс, дағды-әдет, іс-әрекеттің мақсаты мен мазмұны, адамның жас және дара ерекшіліктері т.б. белгілі жағдайларда қабылдау саласындағы типтік ерекшеліктерді өзгеріске түсіріп отырады.

Балаларда қабылдаудың дамуы түйсік, ойлау процестерінің дамуымен бірге жүріп отырады. Қабылдаудың дамуында тілдің шығуының маңызы зор. Өйткені қабылдаған нәрсенің ата-жөнін атап отыру – оның мағынасын ұғынуға жәрдем етеді. Мағынасын ұғыну арқылы ғана затты жақсы қабылдауға болады.

Басқа материалдар:

  1. Балаларды тәрбиелеудің психологиялық қағидалары
  2. Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері
  3. Педагогикалық үдеріс — әлеуметтік жүйе, белгілері мен сапа-қасиеттері
  4. Тәрбие теориясы. Тәрбиенің заңдылықтары мен ұстанымдары. Оның міндеттері мен қызметтері.
  5. Терминге қойылатын талаптар
  6. Көркем троптар, олардың түрлері
  7. Абстиненция, абстракция, абулия туралы мәлімет
  8. Психологиялық түсінік. Абазия, аббревиатура, абдикация, аберрация деген не?
  9. Абиотикалық факторлар, абсолюттік есту, шкала, табалдырық деген не?
  10. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ