Педагогикалық үдеріс — әлеуметтік жүйе, белгілері мен сапа-қасиеттері

0
16030
Иллюстрация: Freepik.com

Мақсаты: студеттерді педагогикалық үдерістің белгілері, сапа-қасиеттері, заңдылықтары, ұстанымдары мен құрылымымен таныстыру.

Жоспар:
1. «Мұғалімнің іс-әрекет объектісі» және «педагогикалық үдеріс» ұғымдары.
2. Педагогикалық үдерістің белгілері мен сапа-қасиеттері.
3. Тұтас педагогикалық үдерістің қызметтері.
4. Тұтас педагогикалық үдеріс құрылымы.

1. «Мұғалімнің іс-әрекет объектісі» және «педагогикалық үдеріс» ұғымдары.

«Педагогикалық үдеріс» ұғымын ғылымға алғаш рет 1904 жылы П.Ф. Каптерев ендірді.
«Педагогикалық үдеріс – өзінің табиғатында өзіне-өзі әрекет жасай алатын қоғамдық жеке тұлғаның жан-жақты жетілуі». П.Ф. Каптерев педагогикалық үдерісті әртүрлі қырлар мен құралдардан тұратын біртұтас құбылыс ретінде түсіндіріп, оның оқыту, білім, тәрбие беру, үйрету, дамыту, бағыт беру, жандандыру, жазалау кезеңдері болатынын атап көрсетті.

Педагогика ғылымында ХХ ғасырдың 20-жылдарында тәрбиенің заңдылықтары зерттеле бастады (Н.К. Гончаров, А.Г. Калашников). Педагогикалық үрдерістің құрамдас бөлігі оқыту үдерісі заңдылықтарын В.И. Загвязинский, Г.И. Щукина, Н.И. Болдырев және т.б. өз еңбектерінде нақты ашып көрсетті. ХХ ғасырдың соңғы жылдарында біртұтас педагогикалық үдеріс заңдылықтарын М.А. Данилов, Ю.К. Бабанский, Б.Т. Лихачев, В.А. Сластенин сияқты ғалымдар педагогика
әдіснамасы жетістіктеріне сүйеніп, зерделеді.

М.А. Данилов «Педагогикалық үдеріс – көптеген үдерістердің ішкі байланысқан жиынтығы, оның мәні тәрбие арқылы адамның әлеуметтік құнды сапасына айналатындығы» деген анықтама береді. Педагогикалық үдерістің негізгі сипаттамасы оның біртұтастығында. Оның  барлық құраушылары бір мақсатқа бірігеді: білім берушілік, дамытушылық, тәрбиелік.

Педагогикалық үдерістің тұтастығы жеке тұлғаны тәрбиелеу, оқыту, дамыту мақсаттарының бірлігімен және нақты оқу-тәрбие үдерісінің барысымен сипатталады
Педагогикалық үдеріс — әлеуметтік жүйе. И.П. Подласыйдың пікірінше, педагогикалық
үдеріс — әлеуметтік тәжірибе адамның сапасының қалыптасуына айналатындай өзара іштей байланысқан әлеуметтік жүйе ретінде «педагог-оқушылар» — мұғалім іс-әрекетінің объектісі ретінде қарастырылады.

Оның барлық құрамаларының бір мақстақа бағынатынын айқындайтын тұтастық,
ортақтық, бірлік – педагогикалық үдерістің басты сипаттары.

1. Педагогикалық үдерістің белгілері мен сапа-қасиеттері
Ғалымдар тұтас педагогикалық үдерістің бірқатар қасиеттерін былайша сипаттайды:

1) педагогикалық үдеріс әлеуметтік жүйе, оның өмір сүруі, қызмет істеуі оған
қатысушылардың өзара іс-әрекеттерінің алмасуымен анықталады;

2) ынтымақтастық (тек қана ұстаздармен ғана емес, оқушылар бір-бірімен де) оқушы үшін әр түрлі іс-әрекеттердің тәсілдерін тезірек меңгерудің, яғни педагогикалық үдерістегі іс-әрекет субъектісінің қалыптасуының шарттарын бейнелейді;

3) «ұстаздар-оқушылар» жүйесінің біртұтастығы педагогикалық үдеріс ішіндегі әртүрлі
деңгейдегі жүйелердің өзара әрекеттесуі барысындағы мақсат пен нәтижелердің бірлігімен анықталады;

4) педагогикалық үдерістің негізгі интегративтік қасиетін әртүрлі тетіктердің бірлігі деп
қарап, ондағы өзара байланысқан жүйелердің оқушылар тұлғасының қалыптасуына әсері іс-әрекет субъектілерінің (ұстаздар мен оқушылардың) қайта құру белсенділігімен сипатталады.

Білім берудің гуманитарлық парадигмасы. Бұл парадигма аясында кәсіби педагогиканың құндылық негізі – нақты адам, оның ішкі әлемі, танымының ерекшелігі болып табылады.

Мұндағы басты басымдылық – оқушыны адам, жеке тұлға деп қабылдау, оның көзқарасымен, пікірімен санасу, адами қарым–қатынас жасау. Мұғалім мен оқушы арасындағы субъект субъектілік қатынас.

Педагогикалық үдерісті нәтижеге қарай бағыттау өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады:

– белсенділік пен қатынастың бірлігі, үрдіске қатысушылардың барлық субъектілерінің
ұйымдастырылған бірлескен дербес іс-әрекеттері;
– әр түрлі сатыдағы жүйе қызметінің арнайы мамандануы;
– субъектілердің өзара әрекеттері нәтижесінде пайда болатын әртүрлі қарым-қатынастарының  жиынтығы.

2. Тұтас педагогикалық үдерістің қызметтері
Оқыту мен тәрбие үдерісін ажырамас бірлікте қарау идеясы XIX ғасырдың ортасында өмірге келді. Қазіргі кезеңде педагогикалық үдеріс немесе жалпы оқу тәрбие үдерісі біртұтастықта қаралады.

Біртұтастық дегеніміз – оқу мен тәрбиенің олардың мақсаты, міндеті, мазмұны, әдісі, құралы, түрі, ұстаз бен шәкірт, шәкірт пен ата-ана, сынып жетекшісі мен сынып ұстаздары, қоршаған орта, тәрбиенің мазмұны және т. б біртұтастықта алынып, жеке-жеке қаралады.  Ғалымдар М.А. Данилов, В.С. Ильин, В.В. Краевский, Б.Т. Лихачев, Н.В. Кузьмина, Ю.П. Сокольников, Н.Д. Хмель педагогикалық үдерістің тұтастығын алуан түрлі әдіснамалық тұғырлар тұрғысынан түсіндірді.

Педагогикалық үдерістің оқу және оқудан тыс аймақ бірліктерінің қажеттігі туындады, ал ол  оқушылар үшін тұлға қалыптасуының басты жағдайы болады және сол үдерістің біртұтастығын көрсетеді. Педагогикалық үдеріс өзін біртұтастық ретінде субъектілердің өзара әрекеттегі арнайы ұйымдастырылған іс-әрекеттерін бөле көрсете алады. Егер әрбір субъектінің жетістіктері болса, онда «ұстаздар-оқушылар» жүйесінің тұрақтылығымен өзін-өзі дамыту мәселесі шешіледі.

4. Тұтас педагогикалық үдеріс құрылымы Тұтас педагогикалық үдерістің негізгі бір бөлігі — оқыту үдерісі.

Оқыту құбылысының әртүрлі деңгейде: жалпы педагогикада, дидактикада, әдістемеде,
психологияда бейнеленуінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Педагогика деңгейінде оқыту – қоғамдық тәжірибені өскелең ұрпаққа беру әрекеті —
педагогикалық әрекеттің тұтас қыры.

Дидактика деңгейінде оқыту – білім беру мазмұнын үйрету мен үйренудің бірлігі.
Әдістеме деңгейінде оқыту – оқыту (сабақ беру) әрекеті мен нақты оқу пәнінің
материалдарын оқып–үйренудің бірігуін жүзеге асыру формасы.

Психология деңгейінде оқыту – мұғалім мен оқушының нәтижесінде оқушының
интеллектісін байытып, психикалық дамуы жүзеге асатын өзара іс-әрекетінің жиынтығы.

Оқыту оқушы мен мұғалімнің әрекеті ретінде көрсетілген: «Оқыту – оқушы мен мұғалім
жүзеге асыратын екі жақты үдеріс»; «Оқыту үдерісі мұғалімнің, сол сияқты оқушының да әрекеті»;

«Оқыту – мұғалімнің материалды балаға түсіндірудегі, пәнді оқыту барысындағы оқушының әрекетін бақылаудағы, оқушының материалды оқып–үйренуі мен алған білімдерін қолдана білуіне басшылық жасаудағы, олардың білімдері, біліктері мен дағдыларын тексерудегі іс- әрекеті.

Оқу(үйрену) – оқушылардың белгілі бір пәнді және оқытушының түсіндіргендерін қабылдаудағы, өтіліп отырған фактілер мен құбылыстарды, олардың арасындағы байланыстарды ойға тоқудағы, білімді бекіту мен қолданудағы мұғалім басшылығымен жасайтын саналы қызметі».

Тәрбие үдерісі. Орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі – еліміздің болашағының біртұтас іргетасын және жалпыазаматтық біріктіруші мақсат жүйесінің негізін құратын жаңа идеологиялық тұжырымдама «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен Патриоттық Актісін жүзеге асыру болып табылады.

Педагогикалық үдерістің психологиялық құрылымы: танымдық үдерістер (қабылдау, ойлау, еске сақтау, ақпарат сіңіру), оқуға қызығушылық (оқуға қызығуды, қабілетті ынтаны айқындау), қуат (көтеріңкі не түсіңкі дене мен күш-қуаты, белсенділік, еңбекқорлық не шаршау динамикасы) деп педагогикалық үдерістің құрылымын жан-жақты ашуға тырысқан.

Бұл ,  сонымен қатар, педагогикалық үдерістің тұтастығы, педагогикалық үдерістің заңдылықтары, педагогикалық үдерістің кезеңдері, педагогикалық инновациялар, қазіргі мектеп мұғалімі сияқты жүйе ретінде де қарастырылады .

Педагогикалық үдерістің қозғаушы тетіктері (құралдар, формалар, әдістер мен тәсілдер
немесе технология).

Педагогикалық үдеріс – мақсат пен мүддені анықтаудың жалпы әдіснамасы негізінде
мемлекеттің қазіргі таңда білім беру саласына қойып отырған талаптарына сәйкес анықталып, іріктеліп, реттелген оқытудың мазмұн, түр, әдіс-тәсілдерінің, дидактикалық талаптарының педагогикалық-психологиялық нұсқауларының жиынтығы.
Педагогикалық үдерістің тәрбиелік тетіктері – педагогтар мен оқушылар арасындағы,
ұжым ішіндегі қарым-қатынастар. Тұтас педагогикалық үдерістегі тәрбиенің негізгі қағидалары бүгінгі күнде тәрбиеленушінің өз күшімен жетістікке жету мүмкіндігіне басшылық жасау тәрбие берудің басымдық рөлін арттыруда.

Ол жас ұрпақтың қоғам өміріне қосылуына, тұрмыс- тіршілікке, қоғамдық өндірісте  қызметке араласуына, шығармашылық пен рухани-мәдени игіліктерді игеруіне, қоғамдық болмыстың негізін игеріп, жеке тұлға ретінде дамып, азамат ретінде қалыптасып жетілуіне негіз болады. Тәрбие қоғамдық прогресті дамытып, ұрпақтар жалғастығын қамтамасыз етеді. Ол әрбір жеке тұлғаның, қоғамның маңызды өндіргіш күшінің бөлшегі ретінде өз бақытын өзі құруға көмектеседі.

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды, білім мазмұнын дамытудың бүгінгі жағдайын есепке ала отырып, Қазақстан Республикасындағы 12 жылдық орта білім беру стандартында қабылданып отырған негізгі құзыреттіліктерді мәселенің шешімін табу (өзіндік менеджмент), ақпараттық және коммуникативтік құзыреттіліктерді қалыптастырып дамыту көзделіп отыр. Олай болса, аталған құзыреттіліктерді оқушылар бойында қалыптастыруды болашақ маман жоғары оқу орны қабырғасында меңгеріп шығады.

Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Педагогикалық үдеріс ұғымының мәнін ашыңыз.
2. Мұғалімнің іс-әрекет объектісі дегеніміз не?
3. Педагогикалық үдерістің белгілері мен сапа-қасиеттеріне тоқталыңыз.
4. Білім беру парадигмасы дегеніміз не?
5. Педагогикалық үдерістің субъект-субъектілі қатынас ұғымының мәнін ашыңыз.
Әдебиеттер:
6. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. – Алматы, 2012.- 68 б.
7. Әлқожаева Н.С. Педагогика (оқу құралы)-Алматы, 2016.
8. Бабаев, С. Б. Жалпы педагогика [Текст] : оқулық / С. Б. Бабаев. — Алматы : NURPRESS,
2013. — 227, [1] б.
9. Таубаева Ш.Т., Иманбаева С.Т., Берикханова А.Е. Педагогика. Оқулық. – Алматы: 2017.
10. Иманбаева С.Т., Майғаранова Ш. Тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі. Оқу
құралы. Абай атындағы ҚазҰПУ –нің РОӘК ұсынған. –Алматы: «Онон». -2017. – 336 б.
11. Касымова Р.С., Шағырбаева М.Д. Педагогика курсы бойынша тапсырмалар жинағы. Оқуәдістемелік құрал.Алматы: ҚУ.,2016ж, 192 б.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Педагогикалық зерттеудің әдіснамалық негіздері мен әдістері
  2. Терминге қойылатын талаптар
  3. Көркем троптар, олардың түрлері
  4. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  5. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  6. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  7. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  8. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  9. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  10. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ