Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)

0
3828
Гомотетия және оның қасиеттері

Сабақтың мақсаты:
— ежелгі және ортағасырлар тарихының оқиғалары арасында байланыс орнату арқылы қазақ халқы қалыптасуының негізгі кезеңдерді анықтау.

Зерттеу сұрағы
Қазақ халқы қалыптасуы қандай тарихи кезеңдерден өтті?

Тірек сөздер
— Үш сан Алаш мыңы — Алты сан Алаш — Он сан Алаш
— “Өзбек-қазақ” атауы
— “Қазақ” этнонимі
— “Қазақстан” атауы

Оқулық
Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы. 174–178 беттер.

Ресурстар
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 3-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
Омарбеков Т. Ұлы Даланың дара тұлғалары:Қазақ хандары. Алматы. 2015.
История Казахстана с древнейших времен до наших дней (Очерк)
Алматы.1993.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра. 1999.
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы. Оқулық. 1-кітап. Алматы. Қазақ университеті. 2016.
Букейхан А. Исторические судьбы Киргизского края и культурные его
успехи // избранное. Алматы. 1995.

Көрнекілік
1. Сабақта мұғалім “Қазақ шежіресі” бейнеленген қазақтың гениологиялық таралуын көрсететін кесте — сызбаны экранға шығарады. Осы сызбаны пайдалау барысында мұғалім оқушылардың бұл сызбадағы аңыз деректерді тарихы шындықтан ажыратып алуларына көмектесуге міндетті.

2. Шежіре деректері тарихи әдебиеттердегі қазақ халқының қалыптасу кезеңдеріндегі деректермен салыстырыла қарастырылуы тиіс. Мұндайда З.Сәдібеков, Х.Арғынбаев тәрізді шежірені ғылыми тарихпен байланыстырып жасаған генеологиялық сызба шежірені мұғалім сабақта пайдалануы керек.

Мұғалім әрбір тарихи кезеңдегі қазақтың халық ретінде қалыптасуына үлес қосқан тайпалар мен елдердің орналасу карталарын да сабақта пайдалануы керек. Мұның өзі бұл маңызды мәселеде этно-әлеуметтік тарихи сабақтастықты айқындауға көп көмек көрсете алады.

3. Оқулықтағы 187, 188 беттердегі қазақ жауынгерлерінің суреттерін пайдалану керек.

Мақсатты айқындау
Бүгінде мемлекет құрушы халыққа айналған қазақ халқының халық ретінде қалыптасу тарихы аса күрделі тарихи даму кезеңдерінен өткенін, сабақтастыққа негізделген қазақ халқының тарихының тамырлары тереңде жатқанын оқушыларға түсіндіру.

Дамытушылық маңызы
Сандаған ғасырларға созылған этно-әлеуметтік және этно-саяси өркендеу барысында қалыптасқан қазақтардың бүгінгі Үлы Дала аймағының байырғы автохтонды тұрғындары екендерін дәлелдеу арқылы бүгінде Қазақстанда өмір сүріп отырған барлық халықтардың қазақтарға деген құрмет сезімін ояту.

Мұны оқушыларға ұғындыру. Қазақстан ең алдымен қазақтардың жалғыз тарихи отаны болып табылатыны қазіргі замандағы көрші елдермен қарымқатынаста әрқашан  ескерілуі тиістігін де оқушылар ұғып алулары керек.

Тәрбиелік маңызы. Қазақ халқының Ұлы Дала аймағында қалыптасуы аса қиын да күрделі тарихи кезеңдерден өткені және мұның өзі жатжерлік басқыншылардан туған жерді үздіксіз қорғау барысында қалыптасқан тарих екендігі әрқашан да оқушылардың есінде сақталуы керек.

Мұның өзі қазіргі тәуелсіздіктің бағасы мен қадырын оқушылардың дұрыс түсініп, патриот болып қалыптасуларына көмектеседі.

Сабақтың деректік материалдары
Мұғалім экранда көрсетілген қазақ халқының негізгі қалыптасу кезеңдерін көрсететін жазбаға сүйеніп, оқушыларды тарихи деректермен жұмыс жасауға жұмылдырады. Бұл үшін аталған тарихи кезеңдер санына сәйкес оқушылар да төрт топқа бөлінеді.

Алғашқы топ арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі туралы қытай жылнамаларындағы ғұндар, үйсіндер және қаңлылар туралы жазылған деректерді қайталап, естеріне түсіреді және бұл халықтардың өзара ұқсастықтары және ерекшеліктері туралы төмендегі кестені толтырады:

Ғұндар, Үйсіндер және Қаңлылар

Әдет-ғұрыптарындағы, шаруашылықтарындағы және рухани өмірлеріндегі ұқсастықтар: Әдет-ғұрыптарындағы, шаруашылықтарындағы және рухани өмірлеріндегі ерекшеліктер:
   

 

Оқушылардың екінші тобы тарихи деректерге және ұсынылған әдебиеттерге сүйене отырып, “түркілік кезең” деп аталатын тарихи кезеңдегі түркі тайпаларының және олардың мемлекеттерінің аттарын кестеде көрсетеді:

Түркілер және олардың қағанаттары

Түркі тайпаларының аттары: Түркітілдестердің қағанаттары:
   

 

Оқушылардың келесі тобы “арғы қазақтар (протоқазақтар)” кезеңіне тайпалар мен олардың мемлекеттерін анықтайды: “Арғы қазақтар (протоқазақтар)” және олардың мемлекеттері

арғы қазақтар: тайпалар мен рулар олардың хандықтары
   

Оқушылардың төртінші тобы Алаш деген тарихи тұлға туралы деректерді пайдаланып, мұғалімнің көмегімен Алаш қауымын құраған алғашқы тайпалар туралы қысқаша сипаттама тезистер жазады. Әр топ өз тапсырмалары бойынша постер жасап, оны қорғау.

Сабақтың түрі мен әдісі
Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей мәселелерге аударады:

1. Арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі дегеніміз не?

2.Қазақ тарихын оқытуда түркілік кезең деп аталатын тарихи кезеңге неліктен ерекше мән беріледі?

3.Қазақ тарихын оқытуда “арғы қазақтар (протоқазақтар)” деген атау неліктен қолданылады?

4. Мемлекет құрушы қазақ халқының тарихын оқытуда Алаш қауымдастығының қалыптасу кезеңі деп аталатын тарихи кезеңді нақтылап оқыту неліктен аса маңызды.

5.”Көшпелі өзбектер” деген Ұлы Даладағы халықтардың жалпылама атауымен аталып кеткен Алаш қауымына кірген тайпалар неліктен қазақ аталып кетті?

Бағалау мүмкіндіктері
Мұғалімнің төмендегідей жоспарды тақтаға жазып қоюы оқушылардың
тапсырмаларды орындауын жеңілдетеді:

1-кезең — арғытүріктер (прототүріктер) дәуірінің қазақ халқының қалыптасуы үшін маңызын анықтау; Бұл б.з.д. ІІ мыңжылдықтан VI ғасырдың ортасына дейінгі уақыт;

2-кезең — түркілік кезеңнің (түрік Дулулардың, Телелер одағының, Сіренда бірлестігінің және қағанаттар құрылымындағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақыты) қазақтардың арғы бабаларын айқындаудағы рөлін түсіну. Бұл VІ ғасырдың орта шенінен ІХ ғасырдың орталарына дейінгі тарихи кезеңдерге қатысты.

3-кезең — арғы қазақтар (протоқазақтар) кезеңіндегі (Қыпшақ, Найман, Дулат, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу, және т.б. тарихи этнонимдердің елге кеңінен танылуы) қазақты құрайтын рулар мен тайпалардың этникалық негіздері қалай қалыптаса бастағанын білу. Бұл ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи кезеңнің мәселелері болып табылады.

4-кезең — Алаш қауымдастығының қалыптасу кезеңін (Түргеш Алаш шор ұлысы — Үш сан Алаш мыңы — Алты сан Алаш — Он сан Алаш) анықтау — ХІІІ ғасырдың орталарынан ХV ғасырдың соңына дейінгі уақыт.

Кері байланыс
Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім

Қосымша тапсырма
1. Оқулық мәтінімен жұмыс. Оқулықтағы қазақ халқының қалыптасу
кезеңдері туралы айтылғандарды мұғалім оқушыларға түсіндіріп, нақты
тапсырмалар береді.

2. Оқулықта көрсетілген қазақ халқының қалыптасуының төмендегідей
кезеңдерін оқушылар картада бейнелеулері керек:

1. Арғытүріктер (прототүріктер) дәуіріндегі тайпалық одақтарды картада бейнелеу. Бұл жерде мұғалім оқушылардың өткен оқу жылындағы 5-сыныптағы тарих пәнінен
алған білімдерін естеріне түсіріп, картаға байырғы сақтардың, сарматтардың,
ежелгі ғұндардың, үйсіндердің және қаңлылардың Ұлы Даладағы орналасу
аймақтарын сызып көрсетулерін талап етеді.

2. Түркілік кезеңді картада көрсету. Мұнда оқушылар Теле тайпалық одағының, Сіренда тайпалық бірлестігінің, Түргештерді құраған бес түрік дұлулардың, бес нүшебилердің, олардан кейін билікке келген қарлұқтардың, оғыздардың Ұлы дала
төсіндегі тарихи отандарын картада сызып, анықтайды.

3. Арғы қазақтар (протоқазақтар) кезеңіндегі Алаш қауымдастығының қалыптасу кезеңі Қыпшақ, Найман, Дулат, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу,
және т.б. кейініректегі қазақ халқын құраған тарихи этнонимдердің тарих сахнасына шығу кезеңі екендігі оқушыларға тағы да түсіндірген мұғалім, осы тайпалардың Ұлы Даладағы мекендерін картаға түсіруді оқушыларға тапсырады.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ