Біртұтас қазақ мемлекетінің құрылуы: Керей мен Жәнібек хандар (сабақ жоспары)

0
1034

Сабақтың мақсаты:
-Қазақ хандығы құрылуының тарихи маңызын анықтау;
-М.Дулатидің “Тарихи-Рашиди” еңбегінің маңыздылығын
түсіндіру.

Зерттеу сұрағы
Неліктен Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығы Орталық Азиядағы алғашқы ұлттық мемлекет деп саналады?

Оқулық
Біртұтас қазақ мемлекетінің құрылуы: Керей мен Жәнібек хандар. 180–184
беттер.

Тірек сөздер
— Қазақ хандығы
-Керей мен Жәнібек
— Әбілқайыр
— Мұхаммед Хайдар Дулати
— “Тарихи Рашиди”

Бұл сабақта
— Қазақ хандығының құрылу себептерін анықтаймыз.

— Керей ханның Қазақ хандығын құруға байланысты күрделі саясиұйымдастырушылық қызметімен танысамыз.

— Көшпелі Өзбек ұлысы мен Қазақ хандығын қарым-қатынастарын анықтаймыз.

— Қазақ хандығының тарихын оқып-үйренудегі Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тaрих-и Рaшиди” атты тарихи-өмірбаяндық шығармасының маңызын айқындаймыз.

Ресурстар
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2- том. Алматы. Атамұра.2010.
Омарбеков Т. Ұлы Даланың дара тұлғалары: Қазақ хандары. Алматы. 2015.
Кәрібаев Б. Қазақ хандары. Алматы. 2015.
История Казахстана с древнейших времен до наших дней (очерк)
Алматы.1993.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра. 1999.
Букейхан А. Исторические судьбы Киргизского края и культурные его
успехи // избранное. Алматы.1995.

Көрнекілік
1.”Ұлы көш” атты картина;

2. М.Х.Дулатидің суреті; Жәнібек пен Керей хандардың портреттері (оқулықтағы 193, 194, 195 беттердегі суреттер);

3. Қазақ хандығының алғашқы кезеңдегі аумағын бейнелейтін карта;

4. Қазақфильмнің “Алмас қылыш” атты картинасынан үзінділер көру.

Мақсатты айқындау
Қазақтың алғашқы ханы Керейдің батыл да табанды ұйымдастырушылық қызметін ашу арқылы бүгінде мемлекет құрушы халыққа айналған қазақ халқының халық ретінде қалыптасу тарихы аса күрделі тарихи даму кезеңдерінен өткенін, сабақтастыққа негізделген қазақ халқының тарихының тамырлары тереңде жатқанын оқушыларға түсіндіру.

Дамытушылық маңызы
Сандаған ғасырларға созылған этно-әлеуметтік және этно-саяси өркендеу барысында қалыптасқан қазақтардың бүгінгі Ұлы Дала аймағының байырғы автохтонды тұрғындары екендерін дәлелдеу арқылы бүгінде Қазақстанда өмір сүріп отырған барлық халықтардың қазақтарға деген құрмет сезімін ояту.

Мұны оқушыларға ұғындыру. Қазақстан ең алдымен қазақтардың жалғыз
тарихи отаны болып табылатыны қазіргі замандағы көрші елдермен қарымқатынаста әрқашан ескерілуі тиістігін де оқушылар ұғып алулары керек.

Тәрбиелік маңызы
Қазақтың алғашқы ханы Керейдің халық мүддесіне адал берік ұстанымын сипаттап оқушыларға үлгі ету керек, қазақ халқының осындай тарихи тұлғаның басшылығымен Ұлы Дала аймағында қалыптасуы аса қиын да күрделі тарихи кезеңдерден өткені және мұның өзі жатжерлік басқыншылардан туған жерді үздіксіз қорғау барысында қалыптасқан тарих екендігі әрқашан да оқушылардың есінде сақталуы керек.

Мұның өзі қазіргі тәуелсіздіктің бағасы мен қадірін оқушылардың дұрыс түсініп, патриот болып қалыптасуларына көмектеседі.

Сабақтың түрі мен әдісі
Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1. Керей Ақ Орданың тағына және біраз уақыт Алтын Орданың да тағына отырған Орыс ханның шөбересі. Ол Орыс ханның баласы Тоқтақиядан туған Болаттың жалғыз ұлы болып табылады. Орыс хан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның үлкені Орда Еженнен тараған хандар әулетін жалғастырушы.

2.Қазақтың алғашқы ханы неліктен Жәнібек емес, Керей болды?

3. Керей тағына отырған хандық неліктен Алаш хандығы деп аталмай, Қазақ хандығы аталып кетті?

4. Қазақтың алғашқы ханы Керейдің үш бaлaсы болды. Олaр: Бұрындық хaн, Қожa Мұхaммед және Сұлтaн Әлі. Олaрдың ішінде Бұрындық хaн ғана әке жолын жалғастырып, Қaзaқ хaндығын Жәнібектен соң көп жыл басқарып, хандықтың дербес мемлекет болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді.

5. Қазақ хандығының нығаюында Бұрындық ханның еңбегі зор.

6.Бұрындық хaннaн соң хандықтың тaғы түпкілікті түрде Жәнібек хaнның ұрпaқтaрының қолынa көшу себебі неліктен?

Сабақтың деректік материалдары

1. Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” атты шығармасынан Керей ханға қатысты және оның баласы Бұрындық хан туралы үзінділер оқу.

2. Жазушы І. Есенберлиннің “Көшпенділер” атты шығармасынан осы мәселелер туралы үзінділер оқу.

Мәселені айқындауда оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс жасайды: алғашқы топ Керей ханның көшпелі Өзбек ұлысындағы Әбілқайыр ханға қарсы бағытын ұстанады; ал екінші топ Керейдің ұлы Бұрындық ханды қолдайтындардың көзқарасын ұстанады.

Осылайша, Қазақ хандығын қалыптастыруға осы тұлғалардың қосқан зор үлестері анықталады. Әр топ өз тапсырмалары бойынша постер жасап, оны қорғау.

Сабақтың деректік материалдары
Оқытушы “қазақ” атауының шығуы мен түп-төркіні, мәні мен мағынасы
жөніндегі пікірлерді тұжырымдайтын төмендегідей әдебиеттерден оқушыларға
үзінділер оқып пікір білдіруді ұсынады:

1. Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” атты шығармасынан “қазақ” атауына байланысты айтылған үзіндіні оқу;

2. Жазушы І. Есенберлиннің “Көшпенділер” атты шығармасынан үзінділер оқу.

Мәселені айқындауда оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс жасайды: алғашқы топ көшпелі Өзбек ұлысындағы Әбілқайыр ханды жақтайтындардың бағытын ұстанады; ал екінші топ Жәнібек пен Керейді қолдайтындардың көзқарасын ұстанады. Өзара айтыста осы екі топ шындық кімнің жағында?-деген сауалға жауап іздейді.

Бағалау мүмкіндіктері
Мұғалімнің төмендегідей жоспарды тақтаға жазып қоюы оқушылардың
тапсырмаларды орындауын жеңілдетеді:

1. Өзбек ұлысынан бөліне көшкен Алаш қауымы алғаш көрші елдер тарапынан “өзбек-қазақтар” аталды;

2.ХV ғасырдың екінші жартысынан бастап “қазақ” атауы этникалық мәнде,
яғни халықтың аты ретінде айтылатын болды.

3.Қазақ хандығының нығаюына байланысты Ұлы Далада мемлекет құрушы Қазақ елі Қазақстан деген атпен әлемге әйгілі болды.

Кері байланыс
Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

Қосымша тапсырма

1. Қазақ хандығының құрылуына қандай этно-саяси алғышарттар ықпал
жасады? Мұндағы Керейдің рөлі қандай?

2. Жәнібек пен Керей неліктен бұрынғы аталары құрған Ақ Орда мемлекетінің орнына мүлде жаңа мемлекет – Қазақ хандығын құруды қолға алды?

3.Көшпелі Өзбек ұлысының ханы Әбілқайыр неге Қазақ хандығына жаулық бағыт ұстанды?

4. Қазақ хандығының алғашқы аймағын, Моғолстан мен көшпелі өзбектер
мемлекеттерінің орналасу аймақтарын картаға түсіріңдер.

5. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тaрих-и Рaшиди” атты тарихиөмірбаяндық шығармасынан алғашқы қазақ хандары туралы үзіндіні тауып, оқып шығып, оған пікірлеріңді білдіріңдер.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ