Қазақ хандығының XVI — XVII ғасырлардағы дамуы. Қасым хан (сабақ жоспары)

0
1514
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:

— қазақ хандарының мемлекетті нығайтудағы рөлін анықтау;

— қазақ хандарының сыртқы саясатын талдау.

Зерттеу сұрағы

Не себепті Қ. Жалайыр: “Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді…” деп жазды?

Оқулық

Қасым хан. 186–189 беттер.

Тірек сөздер

— Қасым
— Бұрындық
— Мұхаммед Шайбани
— Ұлытау
— “Қасым ханның қасқа жолы”

Ресурстар

Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2-том. Алматы.
Атамұра. 2010.
Омарбеков Т. Ұлы Даланың дара тұлғалары: Қазақ хандары. Алматы. 2015.
Кәрібаев Б. Қазақ хандары. Алматы. 2015.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра. 1999.
Букейхан А. Исторические судьбы Киргизского края и культурные его
успехи // избранное. Алматы. 1995.

Көрнекілік

1.”Ұлы көш” атты картина;
2. Қадырғали Жалайырдың суреті;
3. Қасым ханның портреті оқулықтың 199 беті;
4. Қазақ хандығының Қасым хан тұсындағы аумағын бейнелейтін карта
(оқулықтың 198 беті);
6. Қазақфильмнің “Алмас қылыш” атты картинасынан үзінділер көру.

Сабақтың түрі мен әдісі
Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау,
ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін
дамыту.

Сабақтың деректік материалдары
1. Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” атты еңбегіндегі Қасым хан туралы мәліметтер.

2. Қадырғали Жалайырдың “Жылнамалар жинағындағы” Қасым ханға берілген баға.

4. Энциклопедиялық жинақтардағы Қасым ханның өмірбаяны.

5. Интернеттегі Қасым ханға қатысты мәліметтер. Деректер негізінде оқушылар екі топқа бөлініп жұмыс жасайды: бірінші топтың мақсаты Қасым ханның бейнесін ашатын Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарихи Рашиди” атты еңбегіндегі Қасым хан мен моғол Сайд ханның қарым-қатынасына байланысты айтылғандарды басшылыққа алу.

Яғни оқушылардың бірі Қасым ханды бейнелесе, ал екіншісі Сайд ханның бейнесіне еніп, үшіншісі- Мұхаммед Хайдар Дулатидің кейпіне еніп, осы екі ханға байланысты пікір білдіруші болады; оқушылардың екінші тобы жазушы Ілияс Есенберлиннің “Алмас қылыш” романындағы Қасым хан образына енсе, ал екіншісі-Мұхаммед Шайбани
болып өзара пікір таластырады.

Мұндай диалогтар оқытушының көмегімен сыныптағы оқушыларды мынадай қорытындыға алып келуі керек. Қасым хан өзінің ішкі және сыртқы саясатында қашанда халық мүддесін алғашқы орынға қойып, біртұтас Қазақ елін қалыптастыру жолында жанаямай күрескен ұлы тұлға!

Мақсатты айқындау
Қасым ханның батыл да табанды ұйымдастырушылық қызметін ашу арқылы бүгінде мемлекет құрушы халыққа айналған қазақ халқының халық  ретінде қалыптасу тарихы аса күрделі тарихи даму кезеңдерінен өткенін, сабақтастыққа негізделген қазақ халқының тарихының тамырлары тереңде жатқанын оқушыларға түсіндіру.

Дамытушылық маңызы
Қазақтың дербес ел болуында Қасым хан қалыптастырған Қазақ хандығының территориясының этно-тарихи негіз болып табылатынын, ең бастысы бүгінгі Қазақстан бір кездері Қасым ханның басшылығымен қазақтар мемлекет құрған аймақтың тікелей мұрагері болып табылатынын оқушыларға түсіндіру арқылы олардың Қасым ханға деген ерекше құрмет сезімін ояту.

Тәрбиелік маңызы
Қазақтың Қасым ханының халық және мемлекет мүддесіне адал берік ұстанымын сипаттап оқушыларға үлгі ету керек, қазақ халқының осындай тарихи тұлғаның басшылығымен Ұлы Дала аймағында қалыптасуы аса қиын да күрделі тарихи кезеңдерден өткені және мұның өзі жатжерлік басқыншылардан туған жерді үздіксіз қорғау барысында қалыптасқан тарих екендігі әрқашан да оқушылардың есінде сақталуы керек.

Оқушылар сонда ғана қазіргі тәуелсіздіктің бағасы мен қадірін түсініп, ел үшін, мемлекет үшін белсенді қызмет жасайтын азамат болып қалыптаса алады.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1.Мұхаммед Хайдар Дулати Қасым ханды Шыңғыс тұқымдарының ішіндегі Жошы ханнан кейінгі мықты хан ретінде бағалады.

2. Қ. Жалайыр: “Жәнібек ханның ұлдарының арасында аса белгілі болғаны Қасым хан еді…” деп жазды?

3.Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани бастаған Өзбек ұлысы Қасым хан басқарған Қазақ хандығының басты жауы болды.

3. Қасым хан билік жасаған тұстағы Қазақ хандығының аймағы қазіргі Қазақстан аймағына шамалас келеді.

4. “Қасым ханның қасқа жолы” аталған реформа бір орталыққа бағынатын
мемлекеттік жүйені қалыптастырды.

Бағалау мүмкіндіктері
Мұғалімнің төмендегідей жоспарды тақтаға жазып қоюы оқушылардың
тапсырмаларды орындауын жеңілдетеді:

1.Қасым ханның шығу тегін анықтаймыз.

2. Қасым хан билік жасаған тұстағы Қазақ хандығының аймағын білеміз.

3. “Қасым ханның қасқа жолы” аталған реформаның мән-мағынасын түсінеміз.

Қосымша тапсырма

1.Шыңғыс тұқымдарының ататек шежіресіне талдау жасап, Қасым ханның бабаларын анықта.

2. Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани бастаған Өзбек ұлысының орналасқан аймағын анықтап, Мұхаммед Шайбанидің Қазақ хандығы аймағына жасаған жорықтарын картаға түсір.

3. Қасым хан билік жасаған тұстағы Қазақ хандығының аймағын картада белгіле.

4. “Қасым ханның қасқа жолы” аталған реформаның мәнін түсіндір.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ