Бүйректе тас пайда болуының 7 себебі

0
620
Иллюстрация: Freepik.com

Әлемнің әрбір 10-шы тұрғынының несеп шығару жолдарында тас пайда болады екен. Олардың басым бөлігі 20-40 жас аралығындағы еңбекке жарамды қауым. Деректер осылай дейді.

Дегенмен, бұл ауру егде жастағы адамдарды да айналып өтпейді. Зерттеушілер жасы 70-ке жақындаған адамдардың 12%-ы осы дерттің зардабын тартатынын айтады. Бүйректе тас пайда болуының басты 7 себебі бар екен.

Сұйықтық жетіспеуі. Бүйректе тас түзілуіне зәрдегі кальций, оксалат несеп қышқылдарының көбеюі әсер етеді. Ағзадағы су жетіспеушілігі бұдан басқа да көптеген проблемаларға шалдықтырады.

Тамақтану тәртібінің дұрыс болмауы. Бүйректегі келеңсіздікке тұзды тағамдар және тәттіге тым әуестік те әсер етеді деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Сол сияқты қақталған ет, консервілер, шыжғырылған ас пен тұзды дәмдеуіштерді жиі пайдалану бүйректе тұз түзілуіне алып келеді. Ал құрамында кальцийі көп сүтті өнімдерді қанша көп ішсеңіз де, бүйрекке ешқандай зияны жоқ. Ірімшік, сыр, йогурт секілді тағамдарды қорықпай пайдалана берсеңіз болады.

Ішектің созылмалы ауруы. Мәселен, Крон ауруы, ойық жаралы колит, созылмалы диарея. Бұл аурулар ас қорыту жүйесін бұзатындықтан, кальций мен судың сіңуі нашарлап, зәрде кристалл тәрізді заттар көбейіп кетеді. Нәтижесінде тас пайда болуы мүмкін.

Семіздік. Яғни дене салмағының индексі 30-дан жоғарыны көрсететін адамдарда несеп-тас ауруының қауіпі екі есе артады.

Тұқымқуалаушылық. Бүйректің тас түзуге бейімділігі генетикалық фактордан да туындап жатады. Егер туған-туысыңыздың біреуінде осындай дерт кездескен болса, денсаулығыңызға аса сақтықпен қараңыз.

Дәрілік препараттарды жиі қабылдау. Кейбір антибиотиктер, адамның иммун тапшылығы вирусы (ВИЧ) мен жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы (СПИД) секілді аурулардан емделу үшін қабылданған кейбір дәрілер, несеп айдатқыш дәрілер, қан қысымы жоғары терапияда қолданатын дәрілер – бұлардың барлығы тас түзілуіне әсер етеді.

Бүйректегі тас төмендегі аурулардың жағымсыз әсерінен туындап жатады:

Белгілі бір гинетикалық аурулар, мысалы, медуллярлы ауру: бүйрек ұлпасын ісікке алып келетін туғаннан пайда болатын дефект.

Екінші түрдегі диабет. Бұл зәрді қышқылдандырады, ал ол өз кезегінде тастың түзілуіне ықпал етеді.

Тұз байлану ауруы. Бұл сырқатқа шалдыққан адамдардың қанында зәр қышқылы көбейеді.

Бүйректе тас пайда болуының алдын-алу үшін күніне 8-10 стакан су ішкен дұрыс. Оның бірін апельсин немесе лимон шырынына алмастыруға болады. Себебі олар тас түзілуін тежеулетеді.

Тұзды көбірек пайдаланудан сақтану керек. Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздегідей, қызыл ет, қақталған шұжық, консерві секілді тағамдарды азайтып, артық салмақтан арылған абзал.

Дереккөз: «Ауырмаңыз!» газеті.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ