Дәстүрлі жыраулық мұра және ақындық поэзия

0
1055
Иллюстрация: Freepik.com

Қазақтың ақындықпоэзиясының бастауында тұрған,  өзі осы дәстүрдің әрі төлбасы болып, әрі көшбасы болып танылған, арғымақ мүсін, алау жырлардың иесі Шал ақын Құлекеұлы-ұлы ғалымымыз Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың жазуынша, қазақтың шығу тегі жайлы барлық аңыздардың басын қосып жыр еткен-үлкен эпопеяның авторы, терең ой, биік парасат-пайымның иесі.

Өзіне дейінгі сан ғасырлық жыраулық поэзияның бесігінде тербеліп,   ұстаханасында шыңдалған, әлеуметтің құрмасына түсіп, әруағы тасып құрсанған кезде ежелгі баба жырауларша ғибратты ойларын толғау жанрымен жырлап кететін, ақпа-төкпе ағын жырдың иесі Шал ақын ең алдымен өзі өмір сүрген ортасының деңгейімен қарағанда білімнің дәмін молынан татқан оқымысты адам. Әйтпесе ол, “Молдадан сабақ алсаңыз, алуа-шекер, балмен тең” деген сөздерді айтпаған болар еді.

Сондай-ақ, сол молда атанғандардың бәрінің бірдей терең білімдар кісілер емес екендігін де жақсы түсініп: “Молда есімін алғандар толып жатыр, не керек ғылым бойға жұға алмаса”, — деп жырлаған. Ал, өзін ғылымды бойына сіңірген шаһбаз деп есептеп: “Шаһбазды нағыз біздей ерім” деп біл”,-деп бейнеленеді.

Оның шынында да өзіне дейінгі қазақ сөз зергерлерінің мұрасын  ғана емес, сонымен қатар мұсылман өркениетінің ғылым-білімін де молынан игергенін автордың: “Жаратқан Мұхамедтің нұрын құдай, ғаламнан он сегіз мың бұрын құдай,өз қандасын өзіне досты қылып, Мұндай артық сүйер ме құлын құдай”,-деп басталатын жырынан анық көреміз. Онда он сегіз мың ғаламның жаратылуы жайлы, сегіз ұжмақ, Адам-ата мен Хауа-ананың жайы, тозақ мәселесі туралы толымды сөз қозғалады.

Ақын адамның жас ерекшелігіне, өмірдегі кедейлік, байлыққа байланысты мәселелерді жырлау барысында кәріліктің физиологиялық болмысын, кедейліктің экономикалық қалып тұрғысынан, тек бірдің ғана емес, бүкіл қоғамдық ортаның сиқын алар тұрпатын жеріне жеткізе суреттейді.

Адам баласының ержету, қартаю процесі кезіндегі әрбір пенденің басынан кешетін толысу солудың мәнін өзі көрген Бұқар жырау да біраз жырлаған. Бірақ, өмірдегі көкейтесті мәселелер қаншама кісі жырласа да келесі буын арқылы сөз болмай тұрмаған. Шал ақынның үш жастан жүзге дейінгі адам күйіне қайта-қайта оралып соғуы да соның салдары.

Бәлкім, бұл тарапта оған Бұқар атасының ықпалы да болған шығар. Ал, Шал ақын жырлаған осы тақырыпты Әбубәкір Кердері, Нарманбет ақын жырлағанда,  тегінде оларға да Шал  Шал творчествосының әсері молынан тиді деп ойлауға болады. Шалдың: “Күн санап ойға қарай еңбектейміз, енді бізге шығар төрге”,-дейтін өлең жолдары Ұлы Абайдың “Келдік талай жерге енді” деп басталатын туындысын еске түсіреді. Демек, бұл тұрғыдан келгенде ХVІІІ ғасырдың тарлан ақыны өзінен кейінгі қазақ поэзиясының қай өлеңіне де ой саларлықтай кемеңгерліктен құралақан болмаған деп батыл айтуға негіз бар.

Шал ақынның әдебиеттегі басты жаңалығы не дегенде, тек әйел-ананы емес, сол дәуірдің тілімен айтқанда қатардағы “төмен етектіні” барынша беріле жырлап, кейін қазақ әдебиетінің ең бір өзекті, ең бір өрісті тақырыбы болған, осы мәселеде жол салған алғашқы ізашары болғандығы деп білеміз. Міне, осы арқылы ол үлкен өзенге ұласқан қайнарлы бұлақтың көзін ашып, көздеген қазақ әдебиетінің мұрабы, гидрогеологы секілді бағалануға лайықты ақын.

Сондай-ақ, ол тек мұсылманның парызы, оның діні туралы ғана жырлап сопы сияқты өмір сүрмеген кісі. Ол-қазақ поэзиясында айтыскер ақын ретінде бірінші болып кейінгілерге сөзі жеткен, кедейлік тақырыбын алғашқы болып жеріне жеткізе жырлаған, лирикалық қаһарман-көркем сөз өкілінің белгілі мөлшерде бейнесін тұңғыш сомдаған ақындық дәстүрдің бірінші өкілі. Ол-перзентсіз кісінің көкірегі қарс айырылған қайғылы образын жасаған алғашқы ақын.

Рас, бұл тақырып-қазақтың ауыз әдебиетінде көп жырланған, көп айтылған мәселе. Бірақ, жеке авторлар туындысында елдің назарын аударардай, кейіпкеріне таңдарманы мен оқырманының аяушылықсезімін тудырардай болып Шал ақынға дейін осыншалық дәрежеде жырланбаған жай.

Әрине, ұрпаққа зар болған шығармашылық тұлғаның қазақ әдебиетінде көрініс табуы бір ғана Шал ақын туындысымен бітпейді. ХІХ ғасырдағы Аралбай мен кейінгі Кенен ақындардың мұрагерлерінен айырылған тұста зарланған өзекжарды шығармалары да ХVІІІ ғасыр туындыгерінің еңбегіне ұқсас. Олардың туындылары да естіген жанның сай-сүйегін сырқырататын қастерлі жырлар. Бірақ, уақыт жағынан алып қарағанда Шал ақын туындысы ілгергі замандікі, сонымен бірге бұл әлі перзент көтмей біраз жасқа келіп қалған жанның зары болғандықтан, онда жыр кейіпкерінің мұңы басқашалау болып орын орындалғандығы назар аудартады.

Ақын өзінің өлеңдердің кейбіреуіне кезінде әнде шығарған. Бұл тұрғыда ол-сазгер, композитор ақын. Сондай-ақ, ол эортикалық тақырыпты қазақ әдебиетіне әкеліп қосқан санаулы авторлардың бірі.

Ақын туралы алғашқы дерек Шоқан Уәлиханов еңбегінде кездескенмен,оның бүкіл творчестволық болмысын танытарлық туындыларының негізінен хатқа түсуі,-1929 жылғы “Жаңа әдебиет” журналының 5-ші санында жариялануынан басталады. Бұл ретте 1958 жылғы 28-ші қарашада “Қазақ әдебиеті” газетінде  “Шал ақын кім?” деген беташар мақаламен сегіз өлеңін жариялаған белгілі қаламгер Ғалым Малдыбаевтің ақын шығармашылығына ел назарын аударудағы еңбегі атап айтуға тұрарлық. Ақынның жырларын жатқа соғатын-сол атыраптың Молдағұл, Қошан секілді қарттарынан ақын шығармаларын хатқа түсірген Мариям Хакімжанова, Фатима Ғабитова, Айқын Нұрқатов, Әйтім Әбдірахманов секілді қазақ әдебиеті мен ғылымына үлкен еңбек сіңірген, көбі кейін осы саланың мақтаныш етерлік өкілдеріне айналған жандардың еңбектері де ерекше.

Әсіресе, Хасен Шаяхметұлы Ғали сынды өткен ғасырдың басында Шал ақын туындыларын хатқа түсірген сырт жерлік азаматтың, бертінгі кездегі өзіміздің Сейтен Сауытбеков, Мұхтар Мағауин секілді белгілі әдебиет жанашырларының жасаған еңбектері айырықша айтуды қажет етеді. Соның ішінде қазіргі Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің ақын туралы зерттеу жазып, өлеңдерін аузынан теріп алып, ақын-жыраулардың мәнді де мағыналы жинағы болып саналатын “Алдаспанға” енгізуі кезінде бұл салада атқарылған істің белгілі бір нәтижесін көрсеткендей болған-ды.

Ал,  жалпы ақын туралы зерттеу жұмыстары 1960 жылғы Ұлттық академияның мүшесі Ысқақ  Дүйсенбаевтің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалар жинағына жазған алғысөзінен басталады. Онан бергі мезгілде Х.Сүйіншәлиевтің, М.Мағауиннің, Ғ.Әбетовтің, Әнуар Дербісәлиннің, Р.Бердібаевтің, Р.Сыздықтың, К.Салықовтың, А.Қошанотың, Ө.Күмісбаевтің, Ж.Тілеповтің, Ш. Ыбыраевтің, А. Акматалиевтің, Ө.Айтбайұлының, Н.Сағындықұлының, Е.Зікібаевтің, Г.Бельгердің, У.Латановтың, т.б. ақын мұрасының қадір-қасиетін танытатын салиқалы еңбектері жарық көрді.

Соның ішінде 1998 жылы ақынның өмірге келгеніне 250 жыл толуына орай өткізілген Халықаралық конференция тұсында да жасалған баяндамалардың орны ерекше.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. ХVІІІ ғасырдың ақырғы ширегіндегі дала жыршылары
  2. Сыпыра жырау туралы мәлімет
  3. ХІV–ХVІІІ ғасырлардағы ұлттық әдебиетіміздің жыраулары мен ақындары шығармашылығының негізгі ерекшеліктері
  4. Көркем троптар, олардың түрлері
  5. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  6. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  7. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  8. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  9. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  10. Қазақ әдебиеті бойынша тақырыптық тест жинағы
  11. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  12. «Бесатар» повесі немесе қызыл империяға қарсы атылған оқ
  13. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  14. ХV ғасырдағы қазақ хандығы және қазақ әдебиеті. Асан қайғы Сәбитұлы шығармашылығы
  15. Ел аңыздары және жыраулық мұра
  16. Қазақ хандығының құрылу дәуірінен дерек беретін жыраулық мұра

ПІКІР ҚАЛДЫРУ