Әділдік — ізгіліктің ірге тасы

0
4969
Иллюстрация: Freepik.com

Әділдік, Әділеттілік (арабша әдл) —әділдік, әділқазылық, шыншылдық;
турашылдық, адалдық, дұрыстық; әдәләт — 1) әділқазылық; 2) юстиция — дәстүрлі құқықтық мәдениетте адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастың белгілі тәртібіне тікелей қатысты принцип, адамның қоғам алдындағы ғана емес, сонымен бірге қоғамның тұлға үшін де жауаптылығын көрсететін, адамның өмір сүру жағдайлары мен сапасын білдіретін әлеуметтік-этикалық категория.

Әділдік — ізгіліктің ірге тасы. “Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ” (Абай). Әділдік уақыт ағынында өзгеріп отырады. Оның алғашқы түріне көне қоғамдағы “жазалаушы әділеттілік” деген жатады. “Қанға қан, жанға жан”, талион, кек алу принциптері ілкі санада әділдік саналды.

Қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелері әділдіктің осы түсінігімен түбірлес. Қоғамдағы меншіктік қатынастардың қалыптасуына байланысты жазалаушы әділдіктің орнына оны тепе-теңдік тұрғыдан түсіну алдыңғы қатарға шықты. Қоғамдық байлықты барлығына бірдей үлестіру идеясы әділдік талабына айналды. Бұл ұран желеуімен талай қантөгістер, революциялар, бүліктер жүріп жатты.

Әлеуметтік әділетті орнатамыз деген желеумен бір ғасырға жуық коммунистер өз халықтарына бақытсыздық әкелді. Социолизм қоғамы “байлық — бұл әділетсіздік, ол кісіні аздырады, адам неғұрлым кедей болса, оның руханилығы жоғарылай түседі” деген жаңсақ пікірді құлаққа құйып келді. Шын мәнісінде, қабілеті мен білігі тең емес адамдарға мүлікті бірдей үлестіріп беру әділетсіздіктің айқын көрінісіне жатады. Мұндай түсінік әлеуметтік енжарлыққа әкеп соғады. Алайда, әлеуметтік теңдік — өркениетті қоғам құрудың басты шарты. Адамдар құдай алдында, әдеп, құқық, заң алдында тең және бірдей мүмкіндікке ие.

Нарықтық қоғамда “мүмкіндіктер теңдігі мен әділеттілігі ” деген өмірлік принцип кең етек жайған. Қоғамдық қатынастар әрбір адамның өзіндік мақсатына жету мүмкіндіктерін шектемеуі керек. Әділдіктің басты өлшемі — адам құқықтары теңдігінің жүзеге асуы. “Нәтижелер теңдігі” қоғамдық байлықты өмірде табысқа жете алмаған адамдардың пайдасына қайта бөлуге әкеледі. Бұл экономиканың даму ынталылығын азайтады. Мысалы, дәрігер мен санитардың, профессор мен ассистенттің еңбегін тең бағалау әділетсіздікке жатады. Алайда қоғам мүліктік теңсіздікті тым шарықтатып жібермеуге тырысуы қажет. Қоғам үшін пауперлер мен люмпендердің, кедей адамдардың қатары көбеюі қымбатқа түседі. Ол қоғамдық ынтымақтастық пен тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді.

Адалдық — адам мінезіндегі бағалы қасиет; жеке тұлғаның сана-сезіміне, ар-ұжданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат-мүддесін көздйтін, тарихи шындықпен, прогреспен ұштасып жататын іс-әрекеттер. Әрбір қоғамның адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі бар. Қарапайым халық әрқашан да адалдық қасиеттерін кіршіксіз таза ұстауға ұмтылады. “Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі — қазақтың әулиесі сол”, — дейді Абай. Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның өнегелі тәрбиесіне, оқып білім алуы мен адал еңбектену процесінде қалыптасады. Адалдық жеке тұлғалар мен адамдардың абырой-атағын арттыратын ізгі қасиет.

АДАЛДЫҚ — адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжданына қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы. Қазақ пайымында адам бойында адалдық пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді қасиеттердің қалыптасқан нормаға сай болуы керек. Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктерінде көп айтылады.

Қазақтың адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі туралы Ұлы Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол», — дейді. Адамгершілік ұжымдық ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбектенуге байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды .

Шәкәрім қажы адалдық турасында: Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен пен адалдық ар үшін жи, — деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөледі. Адалдық қорғау қажеттігін, ол үшін адам бойындағы асыл қасиеттердің бірлікте болуын ашып көрсетеді.

Басқа материал:

  1. Батырлық пен қорқақтық туралы мақал-мәтелдер
  2. Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (Бастауыш сынып арасындағы сайыс)
  3. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  4. SMM маманы деген кім?
  5. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  6. Web-дизайнер деген кім?
  7. Таргетологтың қызметі қандай?
  8. Ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер
  9. Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер


ПІКІР ҚАЛДЫРУ