Драмалық тек, драмалық бейнелеу

0
3751
Freepik.com

Әдебиеттің ең қиын жанры – драма екендігі. Драмалық туынды мен театр байланысы. Драмалық тектің жанрлық түрлері (комедия, трагедия, драма), олардың жанрлық ерекшеліктері. Комедиядағы күлкі, трагедиядағы қайғы, драмадағы тұрмыстық жайлар сипаты.

Драма (грекше drama – қимыл, әрекет) — әдебиеттің үшінші тегі, шындықты айрықша тәсілдермен синтез қалпына келтіріп, шиеленіскен тартыстар үстінде жинақтап, оқиғаға қатысатын адамдардың сөзі мен ісі арқылы көрерменнің көз алдында қолма-қол көрсететін күрделі жанр – «әдебиеттің ең қиын түрі». Драматургия мәселесін қозғағандар оның қиындығын айтады.

Себебі драма өзге жанрлардай емес, онда шарттылық көп. Алдымен, драматургиялық шығармаларға көлемі жағынан шек қойылады. Қандай пьеса болсын, бәрібір, жетпіс-секесен беттен аспауы шарт. Ал бұдан екі жарым мың жыл бұрын Эллада жерінде туған трагедия Дионис театрында ұзақ ойналған; гректерден Римге ауысқан комедияларды да жұрт ұзақ уақыт тамашалайтын болған; ал орта ғасырда Батыс Европа елдеріне кең тараған шіркеу драмалары тәулігіне сегіз сағаттан ойналып, кем дегенде үш күнге, тіпті, он, жиырма, отыз, қырық күнге дейін созылатын болған. Бірақ мұның бәрінің себебі бар және мұның бәрі – тарих.

Бүгінде екі жарым, үш сағаттан аса жүретін пьесаны жұрт онша құмартып қарамайды. Сондықтан ең көп перделі пьесалардың көлемі де белгілі мөлшерден аспайды; драматург барлық шындық пен образды сол белгіленген мөлшерге қалай да сыйғызуға тиіс. Бұл – бір қиындық.

Екіншіден, драматургиялық шығарма тек қана қатысушылардың сөздерінен құралады. Шындық пен образ тек диалог пен монологқа негізделген. Сахнада сөйлейтін тек персонаж ғана; автор сахна сыртында, залда қалады. Автор үнсіз, тілсіз; қай сөзді қалай айту керек екенін режиссер мен актерлерге жақшада жай көрсеткені болмаса, дәл спектакль үстінде автор дәрменсіз, әр қаһарманның не айтып қойғанын немесе неге олай дегенін түсіндіріп, залда отырған әр көрерменнің құлағына сыбырлап жүру автор қолынан тағы келмейді. Демек, драмадағы, ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе – тіл.

Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жерге дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа түйінді болады. Міне, осындай шығарманың тек қана кейіпкер сөзіне құрылуы – драматургиядағы екінші қиындық.

Үшіншіден, драма деген терминнің мағынасы қимыл екені тегін емес, қимыл-әрекет жоқ жерде драматургиялық шығарма жоқ. Қаһарман сахнаға шықты ма, болды, дереу іске, әрекетке көшуі қажет. Үнсіз-қимылсыз үш сағат түгіл үш минут отыра алмайды. Сырғып перде ашылды ма, болды сахнада бірін-бірі ауыстырған суреттер, эпизодтар, оқиғалар тұтасып, дами бастауы шарт және ешбір эпизод тек қана қажеттіліктен туған қалаулы, қастерлі құбылыс болуы керек. Көрерменнің сана-сезімін бірнеше сағат баурап, көзін сахнаға қадалтар әрекет табу, оның жан-дүниесін тебіреніске түсірер қақтығыс табу – қиынның қиыны. Сөйтіп драмаға шымыр шиеленіс, шиыршық атқан тартыс табу, яки драманы драматизмге жеткізу – үшінші қиындық.

Төртіншіден, драмадағы шындық көркемдік шешімін тек сахнада табады, драмадағы образ тек сахнада жасалады. «Драма сахнада ғана тіршілік етеді,-дейді Гоголь,-сахнасыз драма – денесіз дем». Пьесаны драматургтың жазып бітіруі, жаурналда жариялауы, тіпті, кітап қып бастырып шығаруы – жеткіліксіз. Істі түгел тындыру үшін пьеса театрға көшуі керек. Пьесаны сахнаға шығару жолында енді режиссердің, актерлардың, суретшінің, композитордың, түрлі саладағы (жарық түсірушіден етік тігушіге дейінгі) жұмысшылардың – бәрінің еңбегі жұмасалады. Бұл – төртінші қиындық.

Драмадағы ең шешуші нәрсе – тартыс. Драматургия үшін орасан қажет нәрсе – тәсіл. Мұның түрлері тіпті көп: тартысқа адамдарды еселеп кіргізу тәсілінен зат тәсіліне дейін ондаған типін тізіп көрсетуге болдаы. Бірақ, бұларда да сахна жоқ, әр драматургтың өз тәсілдері бар, сондықтан әр тәсілді жеке-жеке мінездеу артық.

Эпос пен лирика сияқты драманың да бірнеше жанрлық түрлері бар. Драмалық жанр трагедия, комедия, драма болып үшке бөлінеді. Соның бірі – трагедия (грекше tragodia – текенің әні) – құдіретті күш иесі, ғаламат қайсар, ақиық ер де әр тұлғалардың жаратылыстағы, жалпы өмір, тіршіліктегі адам жеңіп болмас асыңқы, асқақ кедергілермен кескілесіне, оның жан-дүниесіндегі терең тебіреністерге, өзімен-өзінің іштей арпалыстарына құрылған күрделі сахналық шығарма. Дүниежүзілік драматургияда трагедияның тұңғыш классикалық үлгілерін көне Грецияның ұлы драматургтері Эсхил, Софокл, Еврипид туғызған.

Драматургияның тағы бір түрі – комедия (грекше комадиа – күлкілі қызық ән) — өмірдегі келеңсіз, керексіз құбылыстарды, адам бойындағы қасиетсіздікті, оспадарлықты, мінездегі мінді сықақпен сынап, келекеге айналдыратын күлдіргі пьеса. Жазушы өз ұғымынша керексіз деп тапқан бір өмір құбылысын не мінез, іс-әрекеттерді күлкі ету мақсатымен сахнаға лайықтап жазған драмалық жанр. Комедия трагедияға керісінше, «өмірдің биік поэзиялық сәттерін» суреттемейді, қарапайым «күнделік прозасын», ұсақ-түйегін, кездейсоқ жәйттерін суреттейді. Комедия мінездігі кемшілікті, істегі қателікті, өмірдегі әр алуан сорақылықтарды сынау, шенеуде ең күшті құралдардың бірі саналады.

Жайшылық өмірдің өзінде көп адам бір адамға күлсе, жынды қылып жібере жаздайтыны тәрізді, халық, көпшілік күлген сыйымсыз мінез, іс-әрекетті кім де болса қайталамауға тырысады. Комедияның тәрбиелік мәні де осында. Комедияның күші күлкіде, күлкінің күші – шыншылдық пен табиғилықта. Шыншыл, табиғи күлкі терең мазмұнды тартыстан утып, толыққанды юморлық, не сатиралық образдарға көркем жинақталып, парасатты биік идеяға шебер бағындырылғанда ғана комедия жалаң водевиль, жеңіл фарс, арзан мелодрама сипаттарынан аулақ, бұл жанрдың шын мәнісіндегі шынайы шығармасына айнала алады. Комедия авторына талап осы тұрғыдан қойылуға тиіс.

Драма – сахнаға қоюға лайықталып жазылатын драмалық жанрдың бір түрі. Драмаларда әлеумет өмірінде кездесетін үлкен, ауыр халдермен қатар салт-тұрмыста күнбе-күн кездесетін күлдіргі жайттар да ұштастырыла, араластырыла көрсетіледі. Егер трагедияда күлкінің кездесуі шартемес болса, комедия түгел дерлік күлдіргі оқиғаға құрылады, өлім мүлде болмайды.

Драмада бұл екі элементтің екеуі бірдей кездесе береді. Сондықтан бұл трагедия да, комедия да емес, өзінше бір түр болып есептеледі.тарихи жағынан алғанда драма трагедия мен комедиядан кейін туған.

Драманың тағы бір ерекшелігі – ондағы адам басына түскен қиыншылық мезгілмен, белгілі жағдаймен байланысты болып келеді. Мысалы, М.Әуезовтің «Түнгі сарынында» байларға қарсы шаруалардың көтерілісі көрсетіледі. Сол көтерілістің негізгі себептері ашық айтылады. Байлардың еңбекшілерді қанаушылығы еңбекші бұқараның революцияшыл қозғалысын туғызды деп дәлелдейді.

Тартыстың белгілі бір мезгілде, осы сықылды жағдайда болғанын айтады. Бұл тартыста екі таптың өкілі етіп бірнеше адамдарды алады. Езілген еңбекші таптың өкілі Жантас, Тәнекелер; езуші таптың өкілі Кәрім, Майқан т.б. бұл тартыста Жантас және сол сияқты бірнеше адамдар құрбан болады.

Міне осы секілді белгілі бір мезгілде, белгілі жағдайда болған ауыр халді суреттейтін, сахнаға арналып жазылған шығармаларды драма дейді.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Мақпыров С. Әдебиеттің тектері мен түрлері. Алматы, 1994.
  2. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
  3. Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. Алматы, 1969.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ахметов К. Әдебиеттану әліппесі. Алматы, Қазақпарат, 2000.
  2. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004.
  1. Джуанышбеков Н.О. Введение в литературоведение. Алматы, 2005.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ