Есім ханның Қазақ хандығының біртұтастығын сақтау жолындағы күресі (сабақ жоспары)

0
2383
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— қазақ хандарының мемлекетті нығайтудағы рөлін анықтау;

— қазақ хандарының сыртқы саясатын талдау.

Зерттеу сұрағы
Есім хан Қазақ хандығының біртұтастығын қалай сақтап қалды?

Тірек сөздер

— Шығай хан
—  Есімнің хан
— Тұрсын-Мұхаммед хан
— “Күлтөбенің басында күнде жиын”
— “Есім ханның ескі жолы”

Оқулық
Есім ханның Қазақ хандығының біртұтастығын сақтау жолындағы күресі. 196–199 беттер.

Ресурстар
Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. 5 томдық. 2-том.
Алматы:Атамұра,2010.
Омарбеков Т. Ұлы Даланың дара тұлғалары: Қазақ хандары. Алматы, 2015.
Кәрібаев Б. Қазақ хандары. Алматы. 2015.
Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. Алматы. Атамұра. 1999.
Букейхан А. Исторические судьбы Киргизского края и культурные его
успехи // избранное. Алматы. 1995.

Көрнекілік
1. “Ұлы көш” атты картина.
2. Еңсегей бойлы ер Есім(Еш Мұхаммед) ханның суреті (оқулықтың 209
беті).
3. Қазақ хандарының генеологиясын көрсететін сызба-кесте.
4.Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) ханның тұсындағы Қазақ хандығының аумағын бейнелейтін карта.

Сабақтың түрі мен әдісі
Аралас. Баяндау, пікір алмасу, ой бөлісу, сын тұрғысынан ойлау, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін дамыту.

Сабақтың деректік материалдары
Рессурста көрсетілген кітаптардағы және энциклопедиялық сөздіктер мен интернеттегі Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) ханның мемлекеттік қызметіне байланысты мәліметтерді пайдалана отырып, оқытушы оқушылардың нақты деректермен жұмыс жасауларын қадағалайды.

Оқушылар үш топқа бөлініп жұмыс жасайды. Алғашқы топ Есім (Еш Мұхаммед) ханның ататегін хандар шежіресіне сүйеніп анықтап, оны арнайы сызба түрінде көрсетеді.
Екінші топ Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) ханның Ташкентті билеген Тұрсын ханмен, Бұқара және Ташкент аймағындағы билеушілермен қарым-қатынастарын сипаттап қысқаша шығарма жазады.

Үшінші топ Есім ханның “Есім ханның ескі жолы” реформасының мәнін және оның қазақ
жерлерін Қазақ хандығына біріктірудегі маңызын айқындайтын қысқаша тезистер жасайды. Әрекетін оның әскери жорық бағыттары бейнеленген карта арқылы көрсетеді. Осындай жұмыстар оқушылардың Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) ханды қазақ мемлекетінің ірі саяси қайраткері ретінде қабылдауға бейімдейді.

Мақсатты айқындау 
Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) ханның қазақ даласын аймақтық тұрғыдан кеңейтуді және біртұтас мемлекетке біріктіруді көздеген ауыр да қанды әскери жорықтарын сипаттау, мемлекеттік әрі әскери-қолбасшылық, ұйымдастырушылық қызметін ашу арқылы бүгінде ұлан-ғайыр кең аймақты мекен етіп отырған тәуелсіз ел.

Қазақстанның жерін сақтап және қорғап қалудың аса ауыр болғанын, және мұның өзі күрделі тарихи даму кезеңдерінен өткенін, сабақтастыққа негізделген қазақ халқының тарихының Есім (Еш Мұхаммед) хан тәрізді тұлғалардың мемлекет пен қазақ халқының мүддесін бәрінен жоғары қойған отаншылдығымен тығыз байланыстылығын оқушылар сабақты оқыту барысында жақсы ұғынулары керек.

Дамытушылық маңызы.
Бүгінгі Ұлы Дала аймағындағы Қазақстан тәрізді тәуелсіз ұлттық мемлекетті қалыптастырудағы Еңсегей бойлы ер Есім (Еш Мұхаммед) ханның отан және ел алдындағы жанқиярлық еңбегін бағалай отырып, бүгінгі Қазақстанның ең алдымен Қазақ хандығының этно-саяси мұрагері болып табылатындығына, яғни қазақ мемлекеттілігінің күрделі тарихты бастан өткізгендігіне оқушылардың көздерін жеткізу.

Тәрбиелік маңызы. Мұғалім қазақтың көрнекті ханы Еңсегей бойлы ер Есімнің мемлекеттік мүддеге адал, жанқиярлық қызметін оқушыларға үлгі ретінде ұсынуы керек. Бұл оқушыларды мемлекетшіл етіп тәрбиелейді.

Қазіргі  Қазақстан қол жеткізген тәуелсіздіктің қымбатқа түскенін Еңсегей бойлы ер
Есім (Еш Мұхаммед) ханның ханның қиыншылықтар мен кедергілерге толы, зор ұйымдастырушылық қызметі айқын көрсете алады. Бұл оқушылардың мемлекеттік мүддеге берілген азамат болып қалыптасуларына көмектесе алады.

Сабаққа қатысты ескертпелер
Оқытушы сабақ өткізу барысында оқушылар назарын төмендегідей
мәселелерге аударады:

1. 1598 жылы күзде ағасы Тәуекел хан өлген соң Қазақ хандығының тағына Есім отырды. Ол Тәуекел екеуі Шығай ханның екінші әйелі Жақсым бикемнен туған еді. Ал Шығайдың әкесі атақты Әз-Жәнібектің тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтан болатын.

2. Есімнің қазаққа хан болуы Сібір арқылы Еділдің бойына ығысқан қалмақтардың орыс бодандығын қабылдап, 1599 қазақ жеріне жортуылдар ұйымдастыруымен сәйкес келді.

3. Осындайда Есімнің басты мақсаты қайда жүрсе де ата-баба жолын жалғастырып, елін жаудан қорғап, біртұтас Қазақ хандығын қалпына келтіру болды.

4. Есім ханның басшылығымен жасалған “ескі жол” реформасы бойынша батыс пен шығыстан қалмақтар анталаған қазақ даласын үш жүзге бөліп басқару жүйесі енгізілді. Бұл Тәуекел, Ақназар хандар тұсында басталған таққа таласу әрекетін жау жағадан алғанда тоқтату және қазақтың кең даласын жергілікті рулар мен тайпаларды тығыз топтастырып қорғап қалу үшін амалсыздан жасалған саяси-әлеуметтік шара еді.

Сонымен қатар “Есім ханның ескі жолы” қалмақтардың оқтын-оқтын Жетісу аймағын жаулауларына және батыста Ноғай Ордасының күйреп, кезінде оған қараған көптеген алшын руларының қазақтар қол астына өтуіне, қарақалпақтардың ноғайлардан
бөлініп шығуларына байланысты Қазақ хандығын билер арқылы басқаруды
реттеуді көздеді.

5.“Есім ханның ескі жолы” деп аталатын реформаны жүзеге асыру жолдарын талқылаған Күлтөбе басында жиында қазақ тайпалары енді жауға шапқанда өздерінің батырларының есімдерімен қатар, Алаш бабаның қасиетті есімін қазақ атанғандардың ортақ ұранына айналдыратын болып келісті.

6.Есім хан сонымен бірге қазаққа ортақ астананы да белгілеп, өзі ұзақ жылдар тұрақтаған Түркістанды рухани тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да астана етіп белгілеп кетті.

Бағалау мүмкіндіктері
Мұғалімнің төмендегідей жоспарды тақтаға жазып қоюы оқушылардың
тапсырмаларды орындауын жеңілдетеді:
— Қазақ хандарының ататек шежіресін пайдаланып, Есім ханның шығу тегін айқындаймыз.

— Есім ханның билікке қалай келгенін және Есім ханның ел басқарған кезеңінің неліктен “Қазақ хандығының өрлеу кезеңі” деп аталатынын анықтаймыз.

— саяси билік үшін күресте Есімханның Тұрсын ханмен күрделі қарымқатынастарының қалыптасу себептерін білеміз.

— хандық билік үшін күресте Есім ханның Тұрсын ханнан басым түсу себептерін анықтаймыз.

— “Есім ханның ескі жолының” мән-мағынасын және қазақ қоғамы үшін маңыздылығын түсінеміз.

Кері байланыс
Сабақ қызықты болды ма?
Нені түсінбей қалдың?
Менің сабаққа байланысты пікірім.

Қосымша тапсырма
1. Қазақ хандарының ататек шежіресін пайдаланып, Есімханның Шыңғыс ханнан бері қарайғы бабаларын таратыңдар.

2. Саяси билік үшін күресте Есімханның бақталасы болған Тұрсынханның бабаларын анықтаңдар.

3.Хандық билік үшін күресте Есім ханның Тұрсын ханнан басым түсу себептерін анықтаңдар.

4. “Есім ханның ескі жолының” мән-мағынасын және қазақ қоғамы үшін маңыздылығын түсіндіріңдер.

5.Есім хан тұсындағы Қазақ хандығының тарихи картасын жасаңдар.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (Орта ғасырлар): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім беретін мектептің 6-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Т. Омарбеков, Г. Хабижанова, Т. Қартаева, М. Ноғайбаева.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ