ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері (сабақ жоспары)

0
2244
Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
– халық ауыз әдебиеті мен музыка өнері туындыларының тарихи дереккөзі ретінде құндылығын бағалау.

Зерттеу сұрағы: Неге XIX ғасыр қазақ халқының дәстүрлі музыка өнерінің
гүлденген дәуірі деп саналады?

Оқулық
ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі халық ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері. 171–173 беттер.

Тірек сөздер: Махамбет Өтемісұлы, Сүйінбай Аронұлы, Әбубәкір Кердері.

Ресурстар
1. Қазақтың халық творчествосы. – Алматы: Ғылым, 1989. – 416 б.
2. Бабалар сөзі. 100 томдық. – Астана, Фолиант, 2011 – 2014.
3. Он ғасыр жырлайды. – Алматы, 2006. – 408 б.
4. Бес ғасыр жырлайды. 1-2 томдар. – Алматы: Жазушы,1989.

Көрнекілік
ХХ ғасырдың бас кезіндегі халық ауыз әдебиеті өкілдерінің суреттерінен слайд-шоу. ХХ ғасырдың бас кезіндегі халық ауыз әдебиеті өкілдерінің өлеңдері жарияланған жинақтар, басылымдардың кітап көрмесі.

Мақсатты айқындау
Оқушылардың тарихи-әдеби танымдылығын, ойлау, талдау, сараптау қабілеттерін арттыру.

Махамбет Өтемісұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Нысанбай Жаманқұлұлы, Сүйінбай Аронұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Қашаубай жырау шығармаларының өзегі болған тарихи оқиғалар мен қоғамда орын алған оқиғаларды ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетімен байланыстыра баяндау.

Қазақ әдеби шығармашылығының ертеден, атадан балаға мұра болып келе жатқан түрі – ақындар айтысында суырып салма сөздің шебері айтыскерлер де күнделікті тұрмыс аясындағы тірлікпен заманның ащы шындықтарын ортаға салып отырғанын, Жанақ, Шөже, Шортанбай, Орынбай, Түбек, Сүйінбай, Шернияз, Біржан, Бақтыбай, Сара, Ырысжан, Ұлбике, Тәрбие, Ақбала айтыскер ақындардың есімдері сөз тапқырлықтарымен, айтыстағы шешендік өнерлерімен халық арасында даңққа бөленгенін жеткізу.

Сабақты өту барысында басты назарда ұсталатын мәселелер:
1. Махамбет Өтемісұлы шығармаларының негізгі арқауы болған оқиғалар
2. ХІХ ғасыр ақындарының патша үкіметінің отаршылық саясатына наразылық білдірген шығармалары.

Сабақтың деректік материалдары
ХІХ ғасыр жорық ақындарының шығармалары: Мысалы Шортанбай Қанайұлы (1819–1881) “Алдаушы жалған” дастанында отаршылдарға қарсы сөз арнаған:

”Пітіне толды осылай,
Момын жатқан еліме,
Кәр түскендей бұзылды
Дария шалқар көліме.
Осы күнде заманың
Осылайша болып тұр!”

Шортанбай ақын тәуелсіздігінен айырылған халық тағдырына қатты қайғырып, өлең-жырлары арқылы елді бірлікке шақырады.

Мұрат Мөңкеұлы (1843–1906) шығармашалығы Батыс Қазақстанда болған оқиғалармен тығыз байланысты өрбіген. “Үш қиян” атты өлеңінде халықтың отарлау жағдайындағы жай-күйін жеткізеді:

”Еділді тартып алғаны,
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны,
Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны,
Ойындағысының болғаны,
Маңғыстаудың үш түбек,
Оны-дағы алғаны.

Үргеніш пен Бұқарға
Арбасын сүйреп барғаны,
Қоныстың бар ма, қалғаны?!
Мал мен басты есептеп,
Баланың санын алғаны.

Аңғарсаңыз, жігіттер,
Замананы тағы да,
Бар қырсықтың шалғаны!”

Мұрат Мөңкеұлы отаршылдық саясат қазақтардың ежелгі жерлерін басып алып қана қоймай, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеуге де кесірін тигізеді деген алаңдаушылығы мен қорқынышын жасырмайды. Ол Асанқайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шора, Исатай сияқты туған өлкесін қорғай алмай, арманда кеткен батырлар туралы толғанады.

Дамытушылық маңызы: тарихи көзқарас пен дүниетанымын кеңейтіп,есте сақтау, пікірталасқа түсе алатын қабілеттерін арттыру.

Тәрбиелік маңызы: тарихи дәуірлерде елін қорғаған, елін, жерін, халқын жырға қосқан тарихи тұлғалардың өмір жолдары мен еңбектері арқылы оқушыларды өз елінің тарихына, тарихи тұлғаларына деген құрметін арттыру, ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың түрі мен әдісі
Қазақ әдебиеті, қазақ тілі сабақтарымен пәнаралық байланыс. Талдау, сараптау сабақ.
Сабаққа қатысты ескертпелер.

Мектеп кітапханасымен бірлесіп сабақ басталмас бұрын аладын-ала кітап көрмесін ұйымдастырып, сабақты “оқырмандар конференциясы” ретінде өтуге болады.

Бағалау мүмкіндігі
Осы кестені толтыр

Тұлғалар Өмір сүрген жылдары, өңірі Шығармалары
Махамбет Өтемісұлы    
Сүйінбай Аронұлы    
Әбубәкір Кердері    

 

Білімін шыңдауға берілген тесттен 3 қате жауабын тап!
1. Бөкей Ордасындағы көтеріліс Махамбеттің осы өлеңдерінде көрініс
тапты:
А) «Желмая»; Е) «Тайманның ұлы Исатай»;
В) «Ереуіл атқа ер салмай»; F) «Қызғыш құс»;
С) «Азау да азау дегенің»; G) «Мұнар да мұнар, мұнар күн»;
Д) «Соғыс»; H) «Аттан халқым, аттан».

Тесттен 3 дұрыс жауабын тап!
2. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы халық ауыз әдебиетінің өкілдері:
А) М.Қашқари; Е) Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы;
В) Құрманғазы; F) Махамбет;
С) Баймағамбет; G) әл Идриси;
Д) Сүйінбай; H) Әубәкір Кердері.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

  1. «Зар заман» әдебиет ағымы өкілдерінің саяси көзқарастары (сабақ жоспары)
  2. ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті (сабақ жоспары)
  3. ХІХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы қазақтардың ортаазиялық хандықтармен қарым-қатынастары (сабақ жоспары)
  4. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс (сабақ жоспары)
  5. Қазақ халқының қалыптасу процесінің аяқталуы (сабақ жоспары)
  6. Ноғай Ордасы (сабақ жоспары)
  7. Әбілхайыр хандығы (сабақ жоспары)
  8. Түрiк қағанаты (552—603 жж.) тақырыбы бойынша сабақ жоспары
  9. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына жалпы шолу (сабақ жоспары)
  10. Қазақ халқының ұлттық ойындары (сабақ жоспары)


ПІКІР ҚАЛДЫРУ