ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарындағы Қазақстандағы саяси жағдайдың асқынуы (сабақ жоспары)

0
1986
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:

– қазақ хандығының ішкі саяси жағдайын талдау.

– қазақ хандығының сыртқы саясатының нәтижелерін анықтау.

Зерттеу сұрағы:

Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайының шиеленісуінің салдары қандай болды?

Оқулық

ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарындағы Қазақстандағы саяси жағдайдың асқынуы. 39–41 беттер.

Тірек сөздер:

Алтай тау-кен орындары, Лама-Доржи, Әмірсана, маньчжурқытай әскерлерi

Ресурстар:

Қазақстан тарихы көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. – Т.3.
– Алматы: Атамұра, 2002. – 150-179 бб.

Сабаққа дайындық:

XVIII ғасырдың 40-жылдарынан бастап жоңғар шапқыншылығының қайта күшеюінің себептері, патша үкіметінің қазақ-жоңғар соғыстары барысындағы ұстанған саясатының сипаты туралы білім беру.

Орталық Азия аумағындағы күшті көшпелі мемлекеттердің бірі –Жоңғар хандығының мемлекет ретінде тарих сахнасынан жойылып кетуінің ащы сабақтары, бұл оқиғаның қазақ елінің геосаяси жағдайына тигізген әсері туралы пікір өрбіте отырып, оқушылардың сыни ойлау мен тұжырым жасау қабілеттерін дамыту.

Ресейдің отарлау саясатының күшейе тусуіне қазақ билеушілерінің ішкі алауыздығы қалай әсер еткендігін көрсету, Нұралыны хан сайлаудың патша тарапынан ұйымдастырылуы және бекітілуі, оны орыс патшасына толық тәуелді еткендігін көрсету арқылы оқушыларға тарихи оқиғаларды кешенді қарастыру мен олардың сабақтастығын айқындай білу қабілеттерін дамыту.

Сабақтың деректі материалдары:

Карта, тарихи суреттер, тарихи құжаттардан үзінділер берілген слайд.

Сабаққа қатысты әдістемелік нұсқаулық:

оқушылардың танымдық қызығушылығын артырып, ынталадыру үшін Жоңғар хандығының құлауы,оның себептері мен салдарларына қатысты мәселелер туралы өз көзқарастарын белсенді түрде талдауға қатыстыру, басқа жеке тұлғалық және өзінің көзқарастарының негіздерін түсінуге жағдай жасау.

Пікірсайыс әдісі өз мақсатына жету үшін оқушылардың өз ойларын анық және дәл тұжырымдау іскерлігінің болуын, дәйекті дәлелдерді құрастыра білуін талап етіп, оларды ойлауға, өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге, ой жарыстыруға жетелеу қажет.

Сабаққа қатысты ескертпелер:

Аталған кезеңдегі қазақ жүздерінің күрделі ішкі-сыртқы жағдайының, 1745 жылы Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейiн, Орталық Азиядағы саяси жағдайдың шиленісуі, Жоңғар мемлекетінің құлауы түсіндіріледі.

1756 жылдың наурыз айында маньчжур-қытай әскерлерi Iлe өзенiн бойлай Қазақстан шекарасына дейiн жетуінің тарихи салдарларын талдау арқылы оқушыларды тарихтан сабақ алуға, мәліметтерді сыни тұрғыдан талдауға бағыттау керек.

Сабақтың барысы:

Мәселені ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарындағы қазақжоңғар қатынастарының сипатын талдау барысында Орта жүз ханы Әбiлмәмбет пен белгiлi сұлтан Абылайдың жоңғар шапқыншылығына қарсы тойтарыс беру әрекеттерін баяндайды.

Осындай күрделі жағдайдағы Ресей үкіметінің қазақтарды қорғау деген желеумен Оралдан, Сiбiрден әкелiнген зеңбiректердi, әскери бөлiмдердi Ертiс, Алтай өңiрiндегi бекiнiстерге орналастырып, отарлық, әсiресе шаруашылық мүддесiн бiрiншi орынға қоюының барысы талданады.

1745 жылы жоңғар билеушiсi Қалдан Сереннің қайтыс болуына байланысты Жоңғарияда билiк үшiн iшкi бақталастық күшейiп, бұл мемлекет саяси жағынан ыдырай бастады. Ендi әлсiреген Жоңғар хандығынан қазақтар ыға қойған жоқ.

Жоңғария мемлекетiнiң құлауының барысын түсіндіре отырып, Қалдан Сереннің қайтыс болуынан кейінгі ішкі жағдай мен Жоңғар тағына үміткер Әмірсанаға Орта жүздiң белдi сұлтандары Абылай мен Әбiлпайыздың қолдау көрсетуінің себептері айқындалады.

Білімді бағалау мүмкіндіктері.

Мұғалім арнайы дайындалған сұрақтар арқылы оқушылардың аналитикалық ойлау, тұжырым жасау, жаңа фактілерді игеру мүмкіндіктерін анықтайтын арнайы тапсырмалар дайындау арқылы бағалайды.

Қосымша тапсырма

Қазақ-жоңғар қарым-қатынастары барысында пайда болған тарихи жырдастандар мен әңгімелер туралы мәліметтер дайындау.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ