Сүйікті ұстаз (Шығарма)

0
7770

Жаңа оқу жылы. Алтыншы сыныпқа өткен оқушыларының алдында жас мұғалім. Оқушыларға мұқият қараған ол қайта жүздескеніне қуанып, барлығын бірдей жақсы көретінін айтты. Бірақ бұнысы барып тұрған өтірік еді. Өйткені, алдыңғы парталардың бірінде оған аса ұнамайтын бір бала отыратын.
Онымен былтыр танысты. Осы сыныпқа жетекшілік еткелі бері. Бұл баланың сыныптастарымен ойнамайтынын, үнемі кір-қожалақ болып жүретінін сол кезден-ақ байқаған. Уақыт өткен сайын мұғалімнің осы балаға қатысты пікірі нашарлай берді. Оның жазғандарын тексергенде, қызыл шимайға қарап, қолын бір сілтеп бір деген баға қойғысы келетін.
Бірде завуч барлық оқушының мектеп табалдырығын аттағаннан бергі мерзімдегі мінездемелерін сараптап беруін өтінді. Ұнамайтын оқушының ісін ең соңына қалдырып, барлық оқушының мінездемелерін оқып шықты. Соңғы мінездемені зерттей бастағанда, ол таң қалды.
Бұл балаға бірінші сыныпта сабақ берген мұғалім ол туралы былай жазыпты: «Керемет бала, күлкісі де ғажап. Үй тапсырмасын мүлтіксіз орындайды. Еш қатесіз. Сабақты оңай түсінеді. Жанында отырудың өзі жағымды».
Екінші сыныптағы мұғалімі бала туралы бүй депті: «Өте қабілетті оқушы. Достары оны қатты бағалайды. Бірақ отбасында қиындықтар бар. Анасы бейдауа дертке шалдыққан. Оның үйдегі басты мақсаты өліммен күресу болса керек».
Үшінші сыныптағы мұғалімі мыналарға тоқталыпты: «Анасының қазасы қатты әсер еткен. Ол бар күшін салып оқуға тырысып жүр. Бірақ әкесі оған еш көңіл бөлмейді. Егер осылай жалғаса берсе, үйдегі өмірі оның сабағына әсер етері сөзсіз».
Төртінші сыныпта сабақ берген мұғалімнің жазбасы: «Жауапкершілігі жоқ бала. Сабаққа ынтасы жоқ. Жанында ойнайтын достары да жоқ. Көбіне сыныпта отырып ұйықтап қалады».
Мына мінездемелерді оқыған соң жас мұғалім өзінен өзі ұялды. Жаңа жыл мерекесіндегі жағдай есіне түсіп, одан бетер қысыла түсті. Басқа оқушылары әсемдеп безендірілген сыйлықтарын әкеліп берген де, осы бала сыйлығын жай қағазға орап ұсынды. Сол орамадан жартылай қолданған әтір мен бірнеше тасы түсіп қалған білезікті алған кезде өзгелері қыран-топан күлкіге басқан.
— О! Неткен әдемі білезік! – деген бұл оқушылардың күлкісін тыю үшін. Ашылған әтірді үстіне сеуіп оқушыларына отырыңдар деген белгі берді. Сабақтан соң бала үйіне асықпай, мұның жанына келіп, «Бүгін сізден менің анамның иісі шығып тұр» деп еді.
Мына мінездемелерді оқыған соң мұғалима пора-порасы шығып жылады. Сол күннен бастап ол тек әдебиет пен жазу, математикадан сабақ беретін мұғалім ғана емес, балаларға мейірімділік, жақсылық, аяушылық туралы көбірек үйрететін ұстаз бола бастады.
Азғантай уақыттан соң ұнамайтын оқушысы өмірге қайта орала бастады. Жыл соңында ол ең жақсы оқитын оқушылардың қатарын толтырды. Мұғалім барлықтарыңды бірдей жақсы көрем деп айтқанымен, іштей осы баланы ғана ерекше жақсы көріп, бағалайтынын мойындайтын. Оның аз уақытта қол жеткізген жетістіктерін көріп, шын қуанған еді.
Бір жылдан соң ол басқа сыныпқа сабақ бере бастады. Бірде жаңа сыныптың есігіне қыстырылған хатты көрді. Онда өзі жақсы көретін оқушысы «өмірімде болған мұғалімдердің арасында сіз ең сүйікті ұстазымсыз» деп жазыпты. Бес жылдан кейін ол шәкіртінен тағы хат алады. Ол колледжді бітіріп, өз тобында білімі бойынша үшінші орынға шыққанын жазыпты. Мұның ең сүйікті ұстазы болып қала беретінін жазуды да ұмытпапты. Төрт жылдан соң сол шәкіртінен тағы хат келеді. Университетті үздік тәмамдап, барлық қиындықтарды жеңіп, сүйікті ұстазына алғыс айтыпты.
Тағы төрт жыл зымырап өте шығады. Бұл жолы ұстазы ол білімін жетілдіре түскенін, енді есімінің алдында доктор сөзі жазылғанын байқады. Әлі де болса «сүйікті ұстазым сіз» деген сөздердің жазылғаны қуантты.
Уақыт өтіп жатты. Бір хатында жақсы бір қызбен танысып, соған үйленгісі келетінін айтыпты. Әкесі екі жыл бұрын қайтыс болып, ұстазына анасы ретінде тойға келуін өтініпті. Ұстазы келіседі.
Той күні тасы түсіп қалған баяғы білезікті тағып, балаға анасының иісін еске салатын дәл сол кезде сыйланған әтірдей әтір сатып алады.
Олар кездесіп, құшақтасты. Шәкірті таныс иісті сезіп, қатты қуанады.
— Рахмет, сізге. Маған сенгеніңіз үшін. Мен сіздің арқаңызда өзімді мына әлемге керек сезіндім. Өзіме, қажыр-қайратыма сенуді үйрендім. Сіз жақсы мен жаманды ажыратуды үйреттіңіз. Өмірден өз орнымды табуды, азамат болуды үйреттіңіз. Сол үшін сізге рахмет!
Мына сөздерге жылап қалған ұстазы былай деп жауап берді:
— Қателесесің. Қайта бұл дүниені дұрыс көзбен көруді маған сен үйреткен едің. Сені кездестіргенше, адамгершілікті қалай үйрету керектігін білмеген едім…

Аударған Шынар Әбілдә

 

Martebe.kz ақпараттық білім порталының мақсаты Ұстаздар мәртебесін көтеруге бағытталған. Сондықтан біздің сайтымызда Ұстаздар тақырыбының жиі қозғалуы заңдылық. Оқырмандардың назарына сайтымыздағы «Ұстаз» тақырыбындағы таңдаулы материалдарды ұсынамыз.

  1. Ұстаздар туралы 10 таңдаулы қанатты сөздер
  2. Ұстаз — ұлы тұлға (шығарма)
  3. «Менің ұстазым» тақырыбында шығарма
  4. Ұстаздар күнінің шығу тарихы
  5. Ұстаздар туралы өлеңдер топтамасы
  6. Ұстаздар күніне құттықтау сөз
  7. Әлемдегі ең керекті мамандық (Ұстаз туралы шығарма)
  8. Сүйікті ұстаз (Шығарма)
  9. ҰЛТ боламын десең, ұстазыңды түзе
  10. Ұлы ұстаз өнегесі
  11. Өмірқұл Айниязов: Ұстаздың үстінен шағым айту — біздің санамызда болған емес…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ