“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманы (сабақ жоспары)

0
4154
Гомотетия және оның қасиеттері

Сабақтың мақсаты:
— жоңғар шапқыншылығының қазақ халқының шаруашылығына тигізген зардаптарын анықтау;

— халық ауыз әдебиеті мен музыка өнері туындыларының тарихи дереккөзі ретінде құндылығын бағалау.

Зерттеу сұрағы:
Не себепті «Елім-ай» бүкілхалықтық әнге айналды?

Оқулық
“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманы. 12–14-беттер.

Тірек сөздер:

жоңғар хандығы
әскери-көшпелі мемлекет
шапқыншылық

Ресурстар:
Қазақстан тарихы көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. — Т.3.
— Алматы: Атамұра, 2002. – 121-150 бб.

Сабаққа дайындық:
Қазақстан тарихының ауыр да қасіретті беттерінің бірі болып табылатын “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасы мен жоңғарларға қарсы Отан соғысының басталуының тарихи маңызы туралы білім беруге ұмтыла отырып, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдары туралы тарихи және әдеби шығармалардан арнайы үзінділер дайындау керек.

Бұл тарихи оқиғалардың халықтың әдебиетінде көрініс табуы қасіртті кезеңдерге қарамастан халық әрқашан өзінің болашағы мен тәуелсіздігі жолында күш біріктіре алатындығын, бұл оқиғаның халықтың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуында үлкен рөл атқаратындығын түсінуге көмектеседі.

Сабақтың деректі материалдары:
Жоңғар әскерлерінің Қазақтан аумағына басып кіруінің сызбасы берілген карта, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдары бейнеленген фильмдерден (мысалы “Жаужүрек Мың бала”) үзінді, суреттер, “Елім-ай” жырының үзіндісі жазылған слайд, Ықылас атындағы ұлт-аспаптар музейінің экспонаттары, күйлер.

Сабаққа әдістемелік нұсқау:
Сабақты аралас сабақ түрінде ұйымдастыра отырып, сабаққа әдебиет пәнінің мұғалімін шақыруға болады. Мүмкіндік болса, музыка тарихымен айналысатын маманды да тартуға болады. Пікір алмасу, баяндау, ой бөлісу, ақпараттық технологияны қолдану, оқушының шығармашылық қабілетін арттыру әдістерін пайдалану керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер:
Сабақты Ш.Уәлиханов, А.Затаевич сияқты ғалым-зерттеушілер кезінде жазғып қалдырған Абылай ханның “Қайран елім” күйін ойнату немесе Қожаберген жыраудың “Елім-ай” дастанынан үзінді оқу арқылы бастауға болады.

Одан әрі сабақты “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама басталуы” мен оның зардаптарын, әдебиет пен музыкадағы көрініс табуымен байланыстыру керек.

Сабақтың барысы. 
Мұғалім 1723 жылы қазақ билеушiлерi арасындағы өзара алауыздықты пайдаланған жоңғардың қалың қолы қазақ жерiне тұтқиылдан баса көктеп кiруі әйгілі “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасына әкеліп соққандығын әңгімелейді.

Одан әрі Қожаберген жыраудың “Елім-ай” жыры арқылы халық басына түскен қасіретті жеткізуге ұмтылады. Мұғалім қазақ халқы қаншалықты қасіретті басынан өткеріп, жойылудың аз-ақ алдында тұрғанымен, ел мен жері үшін, болашақ үшін қайтадан бас қосып басқыншыларға қарсы тiзе қосып, бас біріктіруінің маңыздылығына баса
назар аударады.

Білімді бағалау мүмкіндіктері:
Жоғарыда көрсетілген негізде білім алған оқушылар 3 топқа бөлініп жұмыс жасайды.

1-топ “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” оқиғасының барысын әңгімелей отырып, қазақтың Үш жүзінің жауға шыдамай босуының бағыттарын картадан белгілейді.

2-топ “Ордабасы” жиынының тарихи маңызы туралы жаза отырып, оның өткен орнын картадан белгілейді.

3-топ Бұланты шайқасының өткен орнын картадан көрсете отырып, шайқастың тарихи маңызы туралы қорытынды жасайды.

Мұғалім топқа бөлінген оқушылардың білімдерін бекіту үшін төмендегідей сұрақтар қояды:

1. Неліктен 1723 жылғы оқиға “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама”
деп аталды?
2. Қазақ жүздерінің 1723 жылғы қасіретке ұшырауының себептері неде?
3. Қожаберген жыраудың “Елім-ай” жыры несімен құнды?

Қосымша тапсырма:
“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” жылдары туралы ауыз әдебиеті үлгілері мен қосымша материалдарды пайдалана отырып эссе жазыңдар.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ