XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы(сабақ жоспары)

0
800
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтың мақсаты:
— Қазақ хандығының ішкі саяси жағдайын талқылау;

— жоңғар шапқыншылығы кезіндегі демографиялық өзгерістерді және миграциялық процестерді түсіндіру.

Зерттеу сұрағы:
Не себепті “Елім-ай” бүкілхалықтық әнге айналды?

Оқулық
XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы. 8–11 беттер

Тірек сөздер:
Тәуке хан,
Жеті жарғы,
Күлтөбе,
Еділ қалмақтары,
Сібір казактары,
башұрттар

Ресурстар:
Қазақстан тарихы көне замандардан бүгінгі күнге дейін. 5-томдық. – Т.3. –Алматы: Атамұра, 2002. – 96–114 бб.

Сабаққа дайындық:
Қазақстанның XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі картасын, Тәуке хан және осы кезеңдегі атақты билер мен батырлардың суреттерін, “Жеті Жарғы” туралы Левшиннің кітабынан үзінді берілген және зерттеушілердің еңбектеріне сүйенген слайд дайындау керек.

XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі Тәуке ханның реформаларының нәтижесінде қазақ қоғамының одан әрі бірігуі, тұтастану үдерісінің орын алуы мен хан биілігі нығая түсуі, қоғамның көкейтесті мәселелерін шешу үшін үш жүзден құралған кеңестің тұрақты жұмыс атқарғандығына қарамастан қазақ хандығының ішкі жағдайының күрделі болып қала беруінің себептерін талқылауға мүмкіндік беретін қосымша материалдарды қамту керек.

Сабақтың деректі материалдары:
Халық аса құрметтеп, Әз-Тәуке, Әзиз Тәуке атанған Тәуке ханның ішкі қырқыстарды тоқтатып, ел ішінде тыныштық орнату жолындағы қайраткерлігі мен тарихи тұлғасын көрсететін тарихи деректердің үзінділері, мысалы Левшиннің, Ш. Уәлихановтың еңбектерінен арнайы топтама дайындау керек.

Сабаққа әдістемелік нұсқау:
Сабақтың түрін аралас сабақ түрінде өткізе отырып, интербелсенді сабақ (Ойын түрлері; Жеке және жұптық, топтық жұмыстар; Сұрақтар қоюда ынталандыру) қолдану керек.

Сабаққа қатысты ескертпелер:
Мұғалім алдын ала даярлап әкелген жоспарының негізінде оқушылардың жұмысын ұйымдастырады. Ол жоспарда мынадай мәселелер қаралуы мүмкін.

1. XVIII ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ қоғамының дамуына жалпы
сипаттама.
2. “Жеті жарғы” заңы.
3. Сыртқы жағдайдың күрделенуі.
4. “Күлтөбеде күнде жиын”.

Сабақтың барысы. Мұғалім жалпы XVII–XVIII ғасырдың ширегінде қазақ қоғамының одан әрі бірігу, тұтастану үдерісінің орын алғандығын баяндайды. Хан биілігі нығая түсуін, осы кезеңдегі көшпелі аймақтармен қатар Ташкент жазирасымен бірге 32 қала және олардың маңындағы аймақтардың қазақтарғаь бағынуының тарихы маңызын әңгімелейді.

Тәуке ханның ел бірлігін нығайту жолындағы еңбегіне баға береді. “Жеті Жарғы” заңы туралы дайындалған слайд арқылы қосымша материалдарға (Левшиннің, Ш.Уәлихановтың және т.б. еңбектері) сүйене отырып, қазақ хандығының ішкі бірлігі мен қуатының артқандығын көрсетуге ұмтылуы қажет.

Мұғалім сабақ барысында аталған кезеңдегі қазақ хандығының ішкі дамуының жетістіктеріне қарамастан жағдайдың күрделене түсуінің себептеріне тоқталады.

Әсіресе, сыртқы қауіптің ішкі жағайға қалай әсер еткендігін, Тәуке хан билігінің соңғы
жылдарындағы ішкі алауыздықтың күшеюі елді болашақта қандай қауіпқатерге алып келгендігіне баса назар аударуы қажет.

Бағалау мүмкіндіктері: Мұғалім оқушыларды үш топқа бөліп, төмендегі белсенді ойын түрлері арқылы сабақты түйіндейді.

1-топ: “Он сұрақ!” әдісі бойынша дайындалады. Олар басқа екі топ мүшелеріне сабақ тақырыбы бойынша “ИӘ” не “ЖОҚ” деп қана жауап беруге болатын он сұрақ дайындайды.

2-топ: “9 ромб” әдісі бойынша дайындалады. Топ мүшелеріне бүгінгі сабақта талқыланған мәселенің айтарлықтай маңыздысын анықтап, талқылау үшін тізім беріледі. Тізімнің әрбір тармағын үлкен ромбылы торға орналастыру қажет. Маңызды тармақтарды әдетте ромбының жоғарғы жағына, ал оншалықты маңызды еместерін төменгі бөлігіне орналастырады.

Әр қатарда орналасқан тармақтардың маңызы бірдей. Кейбір топтар ең маңызды карточкаларын орталықта орналастыра алады (екі нұсқасы сәйкес келеді, себебі тапсырманың маңызды элементі топтағы талқылау үдерісі болып табылады). Ромбының нысаны топқа бірқатар басымдықтар мен перспективаларды қамтуға мүмкіндік береді.

3-топ: “Лездеме!” әдісі бойынша дайындалып, жауап береді. Топтың бір мүшесі алдын ала дайындалған карточкадағы бүгінгі сабақтың негізгі сөздерін топқа сөздің өзін атамай бір минут ішінде түсіндіруі керек. Сөзді тапқан бірінші адам конверттен келесіні таңдайды және қалғандарына түсіндіреді.

Қосымша тапсырма:
Тәуке хан тұсындағы қазақ қоғамы ел аузында “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” бейбіт заман ретінде сақталған. Дегенмен елдің ішкі ауызбіршілігі Тәуке хан тұсында-ақ бұзыла бастауының тарихи себептерін талдап, оны нақты тарихи фактілермен, оқиғалар желісімен негіздеуге арналған жазбаша тапсырма.

Дереккөз: Қазақстан тарихы (XVIII — XIX ғғ.): Әдістемелік нұсқау. Жалпы білім
беретін мектептің 8/7-сынып мұғалімдеріне арналған құрал. Омарбеков Т., Хабижанова Г., Қаратаева Т., Ноғайбаева М.

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ