Алтын туралы мақал-мәтелдер

0
3027
Иллюстрация: Freepik.com

Алтын тапсаң, санап ал.

Қолда барда алтынның қадірі жоқ.

Алтынды ала білген бөле де біледі.

Ақыл айнымас, алтын шірімес.

Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал.

Тең тартқан
Таразы — алтын.

Алтын белдік — бел сәні,
Асы жігіт — ел сәні.

Түйе алтын артып жүрсе де,
Жантақ жеуін қоймайды.

Жоғалған пышақтың сабы алтын.

Қайыптан тапқан алтыннан
Ақсақал берген бата артық
Қайыры жоқ жақыннан
Жаны жақсы жат артық.

Алтын ерің атқа тисе,
Алтынын ал да отқа жақ.

Алтын балтаның да сабы ағаш.

Алтынды еріткенмен,
Жез болмайды
Жібекті жуғанмен,
Бөз болмайды.

Жылтырағанның бәрі алтын емес.

Күміс күнге қонса,
Алтын өз аяғымен келер.

Көп сөз — күміс,
Аз сөз — алтын.

Ат тұяғы — алтын,
Алысқа алып баратын.
Адам тілі алтын,
Алысты сұрап табатын.

Таздың тарағы алтын,
Мергеннің садағы алтын.

Алтын отта сыналар,
Адам жоқта сыналар.

Алтын тыққан адам арықтап өлер.

Кестешінің бізі — алтын,
Кемеңгердің сөзі — алтын,
Көрегеннің көзі — алтын.

Алтын алма, ақыл ал.

Ақыл тозбайды,
Алтын шірімейді.

Бір жерде алтын сыйлы,
Бір жерде халқың сыйлы.

Көп жасап, күміс болғанша
Аз жасап, алтын бол.

Алтын базарында бағалы.

Алтын кемер белге сән,
Алтын қылыш ерге сән.

Сабы алтын болса да,
Көсеудің көсеу аты қалмайды.

Алтын отпен, әйел алтынмен, еркек әйелмен сыналады.

Алтын пышақ өтпесе,
Алтынын ал да отқа жақ.

Үйі жоқтың көңілінде
Алтын сарай жүреді.

Алтын алма, алғыс ал.

Алтын деген жер сыйы,
Алғыс деген ел сыйы.

Өз елің — алтын бесік.

Алтын шыққан жерді белден қаз.

Өнерлінің қолы алтын,
Өлеңшінің сөзі алтын.

Өлең — алтын,
Сөз — күміс.

Білмегенді білдір, қолына алтын жүзік ілдір.

Алтын шірімес,
Дау қалмас,
Жан сасымас.

Алтын алма, дұға ал.

Өлмеген құл алтын аяқпен су ішер.

Жақсының алтын басы еңкейсе,
Білімсіздің басы шалқаяды.

Ақылмен алтын табылар, алтынмен ақыл табылмас.

Алдағының бәрі алтын.

Алтын жерде жатпайды,
Жаман ұста суын таппайды.

Алтынды ерiте бiлмеген iрiтер,
Терiнi илей бiлмеген шiрiтер.

Өнерлiнiң қолы алтын,
Өлеңшiнiң сөзi алтын.

Таза алтын топырақсыз да тазарады.

Алтын беріп,
Ауру алды.

Аз сөз — алтын, көп сөз — көмір.

Уақыт – алтын.

Алтын басты әйелден,
Бақыр басты еркек артық.

Жинау мақсат болса –
Алтын ба, тас па – бәрібір.

Қолдағы бар – мыс,
Қолдағы жоқ – алтын.

Алтын, алтын —
Жоғалтпайды нарқын.

Аппақ алтын қаралы күнге қажет.

Алтын табылса, түйерге түйіншек табылмас.

Сабырдың түбі — сары алтын.

Ақыл ескермейді,
Алтын шірімейді.

Аштықта алтыннан жарты уыс жарма артық.

Алтын тастан шығады,
Ақыл жастан шығады.

Басқа материал:

  1. Батырлық пен қорқақтық туралы мақал-мәтелдер
  2. Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ (Бастауыш сынып арасындағы сайыс)
  3. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  4. SMM маманы деген кім?
  5. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  6. Web-дизайнер деген кім?
  7. Таргетологтың қызметі қандай?
  8. Ынтымақ, бірлік туралы мақал-мәтелдер
  9. Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдер
  10. Киім туралы мақал-мәтелдер

ПІКІР ҚАЛДЫРУ