Қазақ тілі мен әдебиеті мұғаліміне керек 10 дағды

0
3564
Иллюстрация: Freepik.com

Заман өзгеруде, заманмен қатар адам өзгеруде. Бір кезде адамдардың санасында жоғарғы, маңызды, әдемі болған тіл білімінің қажеттілігін қазір көп адам сезіне бермейді.

Ал оқушысы тіл білімін маңызсыз деп есептер тұрған ұстаздың қолынан не келуі керек? Әр түрлі тәсілдермен осы ғылымға еліктіре алу. Сол сияқты, барлық әлемде адамзаттың өмір сүру деңгейі өсті. Соған байласты олар өздеріне тіл меңгеру деген хобби таңдайды. Сонымен қатар, өздерін «шала қазақпыз» деп есептейтін бір толқын қазақтардың қазақ тілін меңгеруге қажеттілігі туындап жатыр. Оны себебі де түсінікті – Қазақстанда қазақ тілді тұрғындардың санының көбеюі. Қысқасы, осы мәселелердің бәрін шеше білу қазіргі қазақ тілі ұстазының бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші болмақ. Сол үшін қазіргі қазақ тілі мұғаліміне қандай дағдылар керек екен?

1. Сөйлей алу.

Бұл тек оқушылардың алдына шығып, қандай да бір әңгімені мазмұндап беру емес. Бұл – оқушылармен сөйлесе алу, олардың жан-дүниесін түсінуге қадам жасау. Бұл – әр адамға жеке назар аударып, олардың интеллектуалдық, психологиялық, т.с.с. ерекшеліктеріне, тіпті лексиконына байланысты сөйлесу.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Күн сайын 1 әр түрлі жастағы адамдармен танысу, сөйлесу;
2) Адам психологиясын сәл де болсын түсіну;
3) Тыңдауға үйрену;
4) Оқушылардың пікірлеріне толерантты болу.

2. Ел алдында сөйлей алу.

Бұл да тағы әдемі әдеби сөздерді қолданып, лекция оқып шығу емес, аудиториямен жұмыс жасау, эмоционалды-экспрессивті сөздерді пайдалана алу, өзіңнің артыңнан ерте алу. Қарапайым тұрғыдан алсақ, айтып жатқаны өзіне қатысты емес болып жатқан мұғалімнің сөзін оқушы тыңдағысы келмейді. Сол үшін сол жерде отырған адамдар жайлы да сөйлей алу керек. Сонымен қатар, сабаққа немқұрайлы қарап отырған оқушыны да өзіңе қаратып, қазақ тілін оқыту үшін осы дағдының шеберлігі қатты керек болады.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Ел алдында сөйлеу мүмкіндігінің әрқайсысын қалт жібермеу.
2) Шешендік өнерге үйрену.
3) Мықты спикерлердің елді ұйытып тыңдай алу құпияларын зерттеу.

3. Сауаттылық.

Қай замандағы қазақ тілі мен әдебиеті маманы болмасын сауаттылық – өте қажетті дағды. Әсіресе, қазақша кітап оқымайтын, әлеуметтік желіде қалай болса солай хат алмасатын толқынды сәл де болсын жөнге салып, дұрыс жазуын, сөйлеуін, сөз қолдануын үйрете алу, үйрету үшін де өзің де сауатты болу маңызды. Бірақ сауаттылық тек оқу һәм жазу сауаттылығымен шектелмейді. Оның ішіне функционалдық(білімді өмірде қолдана алу), қаржылық(ақшаны жарата алу), құқықтық(өз құқықтарыңды білу, қорғай алу), саяси(болып жатқан саяси жағдайлармен таныс болу, керек кезде анализ жасай алу) жатады. Ал әрқайсысынан сауатты болу ұстазды оқушылары мен әріптестерінің алдында бір табан алда қылдырады.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Пунктуация, емле, қазақ тілі ережелерін жақсы білу;
2) Сөз қолданыстары жайлы білімді толықтыру;
3) Сауаттылықтың функционалдық, қаржылық, құқықтық, саяси деген сияқты түрлерінен курстарынан өту, кітап оқу немесе ютуб-каналдарға жазылу.

4. Шет тілдерін білу.

Шет тілдерін білу дағдысы тек айти мамандары немесе шетел филологиясында оқитын студенттерге керек емес. Ол әсіресе қазіргі кезеңде сұранысқа ие болғысы келетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының иелеріне да керек. Не үшін? Барлық әдемдегі қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға, шетелдік студенттерге, орыс тілінде білім алатын студенттерге (оларға қазақ тілі міндетті), өз ана тілін дамытқысы келетін адамдарға қазақ тілін оқыту үшін.

Ал олардың саны аз емес. Немесе тіпті 100 кітап сияқты жобалар бойынша кітаптарды аударғанда аудармашы болып, қазақ аудармас ісіне үлесіңді қосуға кім кедергі? Иә, кім көп ақша табуы үшін өз саласында шебер болғысы келмейді? Ешкім деп ойлаймын. Қазір ақша бәріне керек. Бірақ сенің қазақ тілі мен әдебиеті арқылы жұмыс істеудің тек мектепте сабақ беру деген нұсқасы бар деп ойлағаның және дамудан бас тарқаның жарамас! Өсуге орын бар! Әсіресе, өзге тілдерді білсең.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Күн сайын орыс не ағылшын тілінде 5-10 сөз жаттау;
2) Сөйлесу клубтарына бару;
3) Курстарға қатысу.

5. Тез және көп оқи алу дағдысы.

Бұл дағды ақпараттық технологиялар, өте көп ақпарат заманында тасбақа болмау үшін керек. Тез-тез оқып, керек нәрсені алып, керек емесін тастап, оқушыларыңа дәнін алып беру, барлық сабақтан оқу керек әдебиеттерді тез оқып үлгеру, басқа салаластардан 1 кітапқа болса да артық оқыған адам болу артық етпейді.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Жылдам оқу курсына бару;
2) Көп оқу.

6. Креативтілік.

Бұл дағды – заман талабы. Әр ақпаратты қызықты, ұтымды, оңай және тартымды түрде жеткізе алатын ұстаздың ғана сабағына оқушылар дұрыс қарым-қатынас көрсетеді. Онсыз да көп нәрсені білетін, көретін оқушылардың жүректерін дір еткізіп, көңілдерін бұру үшін сабақтың түрлі формаларын меңгеру және ойлап табу, назар аудартудың тәсілдерін пайдалану және қызықты адам болу маңызды.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Әрқашан өзіңе «басқаша қалай істеуге болады екен?» деген сұрақ қою; 2) Білім берудің түрлі технологияларын жақсы меңгеру;
3) Жаңа идеяларға ашық болу.

7. Жақсы жаза алу.

Бұл да қай кезде болмасын өзектілігін жоймайтын дағды. Ал қазіргі уақытта оның қажеттілігі тіпті айқын. Әлеуметтік желілерде «пв», «слм» деп жаза салатын, өмірде, телефон қоңырауымен сөйлесуге я жасқанатын, я ерінетін ұрпаққа қазақ тілін оқытқанда, қалай жазылу керектігін де үйрету керек. Бұл енді ең қарапайым деңгей. Бірақ қазақ тілін дұрыс пайдалана білетін, дұрыс жаза білетін адам қосымша копирайтер, блогер, журналист мамандықтарында өзін сынап, тек бір салада емес, бірнеше салада сұранысқа ие маман бола алады!

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Күнделік жазу;
2) Эссе, мотивациялық хат, шығарманы жиі жазу;
3) Мақала жазып, редакцияларға жіберіп тұру;
4) Жазғандарыңды ұстаздарға тексертіп тұру.

8. Концентрация.

Клиптік сана белең алып тұрған кезеңде кім жетістікке жетеді деп ойлайсың? Әрине, бір мақсатқа немесе белгілі бір іске бар назарын аудара алатын адам. Онсыз кез келген салада шебер бола алмайсың. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетінде концентрация оқу мақсатын қойып соған жету жолында, кітап оқығанда, сабақ уақытында, т.с.с. – бәрінде керек.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Мақсатты ұмытпау;
2) Әлеуметтік желіде аз отыру;
3) Көп кітап оқу;
4) Концентрацияға қатысты ойындар ойнау.
5) Шахмат ойнау.

9. Өзгерістер мен жаңалықтарды қабылдай алу.

Мысалы, жаңа оқу жүйесі, жаңа оқу технологиялары, жаңа оқыту әдістері – т.с.с талаптарды «бұрын жақсы еді» деп қарсы алмай, «заманың түркі болса, тазы боп шал» деп қарсы алып, жаңа нәрселерді оңай қабылдап, түсініп, қолданып кетсең, әріптестеріңнен оқ бойы алда болатының анық.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Күн не апта сайын комфорт зонаңнан шығатындай іс-әрекеттер жасау.;
2) Күн сайын жаңа нәрсе оқу, білу, көру.

10. Заманауи технологияларды түсіну және қолдана алу.

Қазір қай пәннің мұғаліміне болмасын оқулықты алып, тек сол бойынша ақпаратты түсіндіріп, тек сол бойынша тапсырма орындату жарамайды. Интерактивті тақта болса, оны пайдаланып, қызықты презентациялар жасау, ойындар ұйымдастыру, электронды пошталарды пайдалана білу, әлеуметтік желілерден ақпарат іздей алу, skype арқылы сабақ өту, google classroom арқылы үй тапсырмасын беру – осының бәрін заманауи мұғалім білуі керек.

Бұл дағдыны дамытуға кеңестер:
1) Word, PowerPoint, Google Disk, Yandex деген сияқты бағдарламалармен танысу, көбірек функцияларын біліп алу;
2) Сабаққа дайындалғанда технологияларды тиімді пайдалануға үйрену.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы қазіргі уақытта тек осы екі пәнге деген шексіз махаббатты талап етпейді, әр түрлі пайдалы дағдыларды шыңдауды талап етеді.

Басқа материалдар:

  1. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  2. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  3. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  4. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  5. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  6. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  7. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  8. SMM маманы деген кім?
  9. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  10. Web-дизайнер деген кім?
  11. Кофе-киоск кәсібін бастау үшін…
  12. Бизнес-профиль деген не?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ