ҰБТ-ға дайындықты күшейтуге көмек беретін кеңестер

0
1851
Иллюстрация: Freepik.com

1. Мүлде түсінбейтін пәндерге емес, азды-көпті білетінің бар (негізің бар), жақсы түсінетін пәндеріңе дайындыққа ден қой. Мысалы: сен физикадан келетін есептерді шемішкідей шағасың, теорияны жетік білесің, ал байқау сынақтарында тұрақты 35-40 балл жинап жүрсің, ал математика пәнінен білімің төмен, тригонометриялық, геометриялық есептерді шешу саған қиындық тудырады, байқау сынақтарынан 15-20 баллдан асыра алмай жүрсің делік. Бұл жағдайда сен қабылдауың мүмкін ең дұрыс шешім: физика пәнінен дайындықты одан әрі үдетіп, ҰБТ-да кемі 40+ балл алатындай дәрежеге жеткізу.

Ал математикаға келетін болсақ, қалған уақытта саған оны өз бетіңмен меңгеру үшін күні-түні оқып, басқасын толықтай ысыра тұруға тура келеді, бірақ сен олай істей алмайсың, неге десең, күнделікті істер бар, мектеп сабақтары бар, негізгі пәндерді де назарсыз қалдырмау керек, сондықтан дайындығың төмен пәндерден гөрі, дайындығың жоғары пәндерге баса көңіл бөлген тиімдірек.

2. Дайындығың төмен пәндерден аз уақыттың ішінде меңгеріп алуға болатын негізгі деген тақырыптарды, есептердің шешу алгоритмдерін, формулаларды үйренуге уақытыңды бөл. Сенің ҰБТ-да алатын баллың тек дайындығың жоғары 1-3 пәннен емес, толық 5 пәннің баллдарынан құралады. Физикадан 40+ балл алып, математикадан 5-10 балл алып тұрсаң, физикадан қанша мықты болып, тіпті ҰБТ-ның өзінде 45 балл алып тұрсаң да, сенің соңында шығатын жалпы баллың бәрібір төмен болады, себебі екінші таңдау пәнің, не негізгі пәндердің бірі құлатады. Бұл жағдайда сен қабылдауың мүмкін ең дұрыс шешім: дайындығың төмен пәндерден аз уақыттың ішінде меңгеріп алуға болатын формула болсын, теория болсын, уақыт бөліп, үйреніп алу.

Мысалы: математика пәнінен – алғашқы 20 сұрақтың ішінде жиі келетін көпмүшелерді жіктеу, қарапайым теңдеулер, теңсіздіктер, прогрессия, мәтіндік есептер, мат. сауаттылық пәнінен – ықтималдықтар теориясы мен комбинаторика негіздерін түсініп алу, планиметрия негіздерін түсініп алу, пайызбен жұмыс істеп үйрену және т.б. Бұл әдістің мәні: сен меңгеруге аз уақыт жұмсайсың, бірақ нәтижең біршама жоғарылайды.

3. Аз-аздан дайындалсаң да, күнде дайындал. «Болдым. Мен артық нәрсенің барлығын тастадым. ҰБТ-ға дайындықты күшейтемін» деп қырып-жоятындай көңіл-күймен бастап, таңертеңнен түннің ортасына дейін дайындалып, ертесі күні бойы ештеңе істемей, «овощ» болып үйде жатқанның қажеті жоқ, одан да күнде мүмкіндігінше 2-3 сағат болсын дайындалған абзалырақ, есесіне жүйке жүйеңді құртып алмайсың, алдағы уақытта дайындығыңды тұрақты түрде жүргізе бересің.

4. Күні бойы әлдебір пәннен қарық қылып дайындалмасаң да, кешке дейін әншейін жатып қалсаң да, кешкісін алдыңғы жылғы ҰБТ-да келген 2-3 нұсқа талдайтын бол. Есіңе сақта: мен күнде кемі 2-3 нұсқа талдауым керек! Нұсқа талдау ізденіске бағыттайды. Сен биологиядан нұсқа талдап отырып, бұрын-соңды кезіктірмеген бір сұраққа тап боласың, оның жауабын табу үшін мектеп оқулықтарын және басқа да ақпарат көздерін ақтара бастайсың.

Дұрыс жауабын тапқаннан кейін оны өз дәптеріңе түртесің. Кейін соған ұқсас сұрақ ҰБТ-да «именно» саған келіп қалуы мүмкін ғой, солай емес пе?! Нұсқа талдағанның пайдасы осында. Физикадан нұсқа талдағанда шығарған есептерге ұқсастары ҰБТ-ның өзінде келуі мүмкін және т.с.с. Сондықтан күнде кемі 2-3 нұсқа талдауға әдеттен, күні бойы ештеңе бітірмесең де, ең болмағанда нұсқа талда.

5. Дайындығың аз-аздан қарқындырақ жүрсін десең, демалысыңды дұрыс ұйымдастыра біл. Иә-иә, қарапайым кеңес болып көрінгенімен, көбісі жүзеге асыра алмай жатады, себебі дұрыс демала білу дегеннен жұрдай. Күлме, адамға нені үйрену керек десеңші, білмейтіні көп, тіпті дұрыс демала да білуі керек. Ол қалай десең, айтайын: демалудың басты заңы – іс-әрекетті ауыстыру. Еңбек пен демалыстың арасында айырмашылық болуы тиіс. Әйтпесе, еңбек ететін уақытта еңбек ете алмай, тынығатын уақытта тыныға алмай жүретін боласың.

Түсіндіре кетсем, 2-3 cағат бойы ҰБТ-ға дайындалдың да, тынығу ретінде дораманың кезекті сериалын көруді таңдадың. Бұл жағдайда еңбек пен демалыстың арасында ешқандай айырмашылық болмайды. Сен отырсың бір бөлмеде, экранға шұқшиып. Сол себепті оқу/дайындықтан кейін айналадағы жағдайды түгелімен ауыстыру керек. Мысалы: спортзалға бару; велосипедпен өзіңе ұнайтын жерлерге барып қайту; «таза ауада» достарыңмен әңгімелесіп, серуендеу; тамақ дайындау, шығармашылықпен айналысу және т.c.c. Ең бастысы: дайындықтан кейін де телефон, компьютерге телміріп отырмасаң болды.

Бұл жазбада  саған ҰБТ-ға дайындықты күшейтуге көмек беретін кеңестермен бөлісіп өттім. Бұл кеңестерді жай оқып қоя салмай, тап ертең өміріңе енгізіп бастайтын болсаң, ҰБТ-ға дайындығың күшейтесің, алдағы ҰБТ-да өзің қалаған нәтижеге жетесің.

Дереккөз: ҰБТ академиясы

Басқа материалдар:
  1. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  2. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  3. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  4. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  5. SMM маманы деген кім?
  6. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  7. Есте сақтау қабілетін арттырудың 7 құпиясы
  8. Зейгарник эффектісі. Есте сақтауды қалай арттыруға болады?
  9. Математика формулаларын қалай тез есте сақтауға болады?
  10. Физика пәнінен формулаларды қалай есте сақтауға болады?

ПІКІР ҚАЛДЫРУ