Зейгарник эффектісі. Есте сақтауды қалай арттыруға болады?

0
1243
Иллюстрация: Freepik.com

Зейгарник эффектісі дегеніміз не?  Бұл эффектінің мәні мынада: аяқталмаған мәселелер адамның бойында белгілі бір ішкі шиеленісті тудырады, бұл сені осы нәрселерді есіңе түсіріп, ойға қайта-қайта оралуға мәжбүр етеді.

Елестет: өзіңе ұнайтын істі қызығып істеп жатырсың. Бастағаныңа жарты сағат/бір сағаттан асып кетті. Қызық болғаны сонша, осыншама уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыпсың. Содан соң кенеттен анаң немесе әкең үй тірліктерін тапсырма ретінде беріп, сен амалсыздан қызықты істі аяқсыз қалдырып кетесің. Үйдің тірліктерін істеп жатырсың, бірақ ойың басқада. Айтайын ба? Сен үйдің тірлігін істеп жатып, аяқсыз қалған қызықты істі ойлап жүресің. Өміріңде бір рет болса да орын алған шығар. Егер байқасаң, сен үй тірлігін тезірек бітіресің де, қайтадан өзіңе қызықты іске ораласың. Неліктен бұлай болды? Қалай ойлайсың? Өйткені аяқсыз қалған қызықты іс жайлы ойлар сені қайта оралтып, аяқтауыңа түрткі болды.

Қыздарға түсінікті мысал: демалыс күні «бір рахаттанып демалып алайыншы!» деп қасыңа неше түрлі тәтті-пәтті, газдалған сусын, чипстерді алып, таңертеңнен бастап дорама көріп отырасың, cосын бір сәтте шұғыл үйдің шаруалары шығып қалады, лажсыздан дораманы аяқсыз қалдырып, үйдің шаруаларына кірісесің. Үйдің шаруаларын істеп жатырғаныңмен, ойыңда «Ана қыздың тағдыры қалай болады екен?», «Дораманың жалғасы қалай болады екен?» және т.б. сұрақтар. Бұл сұрақтар тыныштық бермейтіні сонша, сен үй шаруасың бітіре сала, дораманы аяғына дейін көруге жүгіресің.

Сериал көріп отырғанда немесе кітап отырғанда, кенеттен тоқтатып, басқа іске көшсең, сен ең соңғы сәтті ұзаққа есте сақтап қаласың.

Бұл психологиялық эффектті режиссерлар, сценаристтер, жарнамашылар көп қолданады. Неліктен? Сенің назарыңды өз мақсатында мүмкіндігінше ұзақ ұстап отыру үшін. Бұл принциптің негізінде көптеген фильмнің трейлерлері түсірілген: трейлер көптеген аяқталмаған қызықты бөліктерден тұрады. Адам миы жалпы картинаны көру үшін істі соңына дейін жеткізгісі келеді. Трейлерді көріп, фильмнің жалпы қандай болғаны саған тыныштық бермейтін болса, сен еріксіз билет сатып алып, кинотеатрға барасың. Міне, осы шетте сен Зейгарник эффектісінің құрығына түсесің!

— Бұл эффектіні қалай пайдаға асыруға болады?

• Оқу процесін жетілдіру

Егер сен, мысалы, ҰБТ-ға Қазақстан тарихы пәнінен дайындалып жүрсең, дайындықты арнайы бөліктерге бөліп қой. Мысалы, қазақ хандары жайлы тарау болса, оны бірнеше бөліктерге бөл. Керей мен Жәнібек хандардан бастап оқып жатырғанда, соңына дейін жеткізбе, ең қызықты шетінен оқуды тоқтат. Неліктен? Өйткені осылай Керей мен Жәнібек хандар жайлы оқығаның анағұрлым ұзаққа есте сақталатын болады. Түсінікті ғой. Басынан бастап ақырындап, түсініп оқып отырасың да, ең қызықты шеті (не болмаса ортасы жақындағанда), тоқтайсың. Егер бір оқығанда барлығын оқып тастайтын болсаң, ақпараттың көп бөлігі естен шығып кетеді. Ең қызықты шетінен тоқтап, келесі күні сол шеттен бастап оқитын болсаң, ақпарат ұзаққа есте сақталады.

• Еріншектікті жеңу

Көп жағдайда біз маңызды тапсырмаларды соңғы сәтке дейін кейінге қалдырып, мерзімнің аяқталуына шамалы қалғанда орасан темппен тапсырмаға кірісіп, әйтеуір орындап үлгеріп жатамыз. Мұндай тенденция жастардың арасында белең алып жатыр. Бұның арты жақсылыққа апармайтыны анық.

Зейгарник эффектісін еріншектікті жеңуде де қолдануға болады. Мысалы, сен үшін маңызды тапсырма — математика пәнінен ҰБТ-ға дайындықты бастау. Түрлі қисынсыз себептерге байланысты сен өзіңді шектеп, әлі күнге бастай алмай жүрсің делік. Ондай болса қаншалықты кішігірім болса да, математика пәнінен дайындықта алғашқы қадамды жасау керек.

Маңызды емес: бесінші сынып оқушысы оп-оңай шеше алатын теңдеулерді шешіп үйренесің бе, әлде тіпті ең басынан сандар жайлы мағлұмат аласың ба, бастысы, алғашқы қадам жасалуы тиіс. Егер ойлап қарасаң, жалпы тапсырманың аясында аяқталмаған көрінеді. Зейгарник эффектісіне сәйкес, ми аяқталмаған тапсырма туралы ойлауды жалғастыратын болады. Сен математика пәнінен дайындықтағы келесі қадамдарыңды жеңілірек жасайтын боласың.

Зейгарник эффектісімен күнделікті соқтығысып жатамыз. Бірақ мән бермейді екенбіз. Бұл жазбаны оқып, эффекті жайлы жалпы мағлұмат алып, оны өміріңде қолданасың деген ойдамын.

Басқа материалдар:

  1. «10-3-2-1» формуласы: Түнгі ұйқың тыныш, күндіз ширақ болғың келсе…
  2. 5/25 ережесін тиімді қолданыңыз
  3. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  4. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  5. SMM маманы деген кім?
  6. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  7. Web-дизайнер деген кім?
  8. Таргетологтың қызметі қандай?
  9. Контекстолог деген кім
  10. Копирайтер деген қандай мамандық?
  11. Контекстолог деген кім?
  12. Оқушы мен студентке арналған ең пайдалы 10 қолданба
  13. ҰБТ-да төмен нәтиже көрсетудің себебі қандай?
  14. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  15. Жетістікке жетелейтін 19 әдет
  16. Адам миы туралы қызықты 30 мәлімет

ПІКІР ҚАЛДЫРУ