ҰБТ-да дүние жүзі тарихынан жоғары балл алу үшін қалай дайындалу керек?

0
2484
Иллюстрация: Freepik.com

Дүние жүзі тарихы дегенде еске не түседі? Шексіз сандар, танымайтын адамдардың аттары, адамдардың ашкөздігінен пайда болған соғыстар… «Қалай мен осының бәрін есте сақтаймын?» дейсің бе? Тоқта, егер сенің мақсатыңа жету үшін дүние жүзі тарихын оқу керек болса, сен оқи аласың.

1. «Бақыттың құпиясы – сүйікті ісіңді істеу, ал жетістік құпиясы – істеп жатқан ісіңді сүю» деген сөз бар. Сондықтан, алдымен, дүние жүзі тарихына қарым-қатынасыңды өзгерт. «Ұнамайды, қиын» деп емес, «Қызық, жақсы көремін» деп оқы. Осы сабақты жақсы көретініңе өзіңді сендір. Сонда ғана барлық ақпаратты сүйікті әніңнің сөздерін жаттап алғандай сіңіріп аласың.

2. Кітапты түсініп оқы. Егер тек тест жаттап, байқау тестілерінде жоғары балл жинайтын болсаң, ҰБТ-да оның пайдасы болмайды. Соңғы уақытта функционалдық сауаттылыққа баса назар аударыла бастағанын ескерсек, жыл сайын сұрақтардың мазмұны «Кім? Қашан? Қайтті?» деген сұрақтардан «Қалай? Не себепті? Салдары не болды?» деген сұрақтарға ауысып жатыр. Сондықтан, жаттаудан бұрын түсінуге көп назар аудар.

3. Әр тақырыпқа конспект жаса. Бүкіл кітапты сөзбе-сөз көшіріп алғаныңнан пайда жоқ. Қолыңнан келгенше кесте, сызбалар ойлап табуға тырыс. Олар миыңдағы ақпараттардың арасындағы логикалық байланыстарды жақсартады. Әрі, конспектті әдемі жасауға үйреніп алсаң, хобби сияқты болып кетіп, қалай сабақ оқығаныңды байқамай қаласың.

4. Негізгі түсініктер, есімдер мен даталарға карточкалар жаса. Мысалы, карточканың бір жағына царь есімі, ал екінші жағына оның өмір сүрген жылдары, бір жағына дата, екінші жағына болған оқиға, т.с.с. Сосын оларды жиі қайталап отыр. Егер саған бұл тәсілмен жаттау онша қатты ұнамаса, оны таңертең ерте орындаған дұрыс. Сонда, біріншіден, жақсы есте қалады, екіншіден, өзіңді аса қинамайсың, себебі, жоспардағы бірінші нәрсені орындауға мотивацияң жетеді.

5. Кітап оқығанда немесе конспект жазғанда дауыстап оқып отыр. Егер ақпаратты естігенде жақсы есте сақтасаң, диктофон көмекке келеді. Жаттау қиындық туғызған сәттерді диктофонға жазып алып, бос минуттарың табылғанда қосып қоюыңа болады.

6. Білмейтініңді сұрап ал. Коммунизм не, феодал деген кім, екінші дүниежүзілік соғыс неге басталды, ақ деген кім, қызыл деген кім екенін білмейсің бе, сұрап ал! Дүние жүзі тарихын сенен жақсырақ білетін досың болса, ұялма, сұра, ол саған ең жеңіл тәсілмен түсіндіріп береді. Мұғалімің бар ма, сұра, ол сен сұрағаннан да көп мәлімет береді. Тіпті болмаса, интернеттен сұрасаң болады. Есесіне, сен білмейтін нәрселер азаяды да, тақырыпты түсінуің мен есте сақтауың жақсарады.

7. Түсіндір. Мектепте мұғалімнің орнына сабақ бересің бе, жоқ әлде дүние жүзі тарихын таңдайтын достарыңа әр параграфты әңгімелеп бересің бе, жоқ әлде телефоныңның камерасына видео жазасың ба, әйтеуір, ішіңдегі білімің ішіңде қалмасын. Адам өзінің әңгімелегенін 95 пайыз (есте сақтаудың ең жоғары пайызы) есте сақтайды екен, сондықтан, түсіндіруден уақытты аяма!

8. Достарыңмен жұмыс жаса. Бір күн бір параграфты оқуға келістіңдер ме, соны жоғарыдағы тәсілдермен жақсылап жаттап ал. Артынша, сол тақырыптан досыңа сұрақ қой, ол саған сұрақ қойсын. Бірде бір жол назардан тыс қалмасын, бір-біріңе сұрақтарды қиындатып қойып, жаңылған жерлеріңді бірнеше қайтара сұрап отырыңдар.

9. Тест нұсқаларын кітаппен талда. Оқу жылы басында алғашқы байқау тестін барлығы нашар жазады. Сол тесттен кейінгі сөгіс, ұрыстар саған алғашқы қысымды түсіреді. Сол кезде жинақы бол, егер саған келіп жатқан ұрыстарды тоқтату үшін байқау тестілерінің сұрақтарын құрғақ түрінде жаттап аламын десең, ол уақытша сенің балдарыңды көтеріп тұруы мүмкін, бірақ нағыз дайындығыңа кедерді келтіреді. Сондықтан, мынадай келісім нүктесін ұсынамын: байқау тестілеріндегі әр сұрақтың жауабын кітаптан тауып, кітаптан жауап тапқан жеріңді түсініп оқы, керек болса, дәптеріңе жазып ал. Осындай тәсілмен екі қоянды бір оқпен атасың: кітаппен тез жұмыс жасауға үйренесің және сұрақтардың жауабы оңай есте қалады.

10. Қалай ұмытып барамын, ассосациямен жаттауды бірінші күннен қолға ал! Тарихта бір күнде бірнеше оқиға болуы мүмкін, оларды бір-бірімен байланыстыр, сөздердің алғашқы әріптерін қос немесе тікелей логикалық байланысқа түсір. Мысалы, Қытайда екі зат ойлап табылды делік: қағаз және оқ-дәрі. Екеуін қалай байланыстырамыз? Қағаз тұрады, оған оқ-дәрімен атқанда, қағаз тесіліп қалады. Ассосациямен жаттау сенің оқу процесіңді қызықты, әрі жеңіл ете түседі, сондықтан, кез келген білімді меңгеру барысында осы тәсілді қолдануға ерінбе.

Дереккөз: АБТ академиясы

Басқа материалдар:

  1. Леонардо да Винчидың күнтізбесі
  2. Вендинг кәсібінің артықшылығы мен кемшілігі
  3. «Шаштараз» бизнесін қалай бастауға болады?
  4. Фотостудия кәсібін қалай дамытуға болады?
  5. ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес
  6. Мектеп оқушыларына 6 кеңес
  7. ҰБТ тапсырушыларға Шиара Құдайбергеновадан кеңес
  8. Интернет-маркетологтың қызметі қандай?
  9. SMM маманы деген кім?
  10. Data Scientist — деректер ғалымының қызметі қандай?
  11. Web-дизайнер деген кім?
  12. Кофе-киоск кәсібін бастау үшін…
  13. Бизнес-профиль деген не?
  14. Таргетингтік жарнама. Тауарды сату
  15. Пиццерия ашудағы алғашқы қадамдар
  16. Харланд Дэвид Сандерс өмірінен дерек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ