Әдеби ағымдар туралы түсінік

0
5032
Иллюстрация: Freepik.com

Әдеби ағымдар – дүниеге көзқарасы, шығармашылық әдісі, бағыт-бағдары, тақырыбы, жанры мен стилі жағынан бір-біріне жақын шығармашылығын айқындайтын көркемдік, эстетикалық принциптер жиынтығы.

Әдеби ағымдар көркем әдебиеттің қоғам өміріндегі ықпал әсері кеңейіп, жазушының суреткерлік дүниетанымы мен шығармашылық поэзиясы даралана бастаған кезде пайда болады. Әлем әдебиетіндегі әдеби ағымдарды қайта өрлеу, барокко, классицизм, ағартушылық әдебиет, сентиментализм, романтизм, реализм, натурализм, символизм деп бөлуге болады.

Стиль – бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса, ағым – бірнеше жазушыға тән творчестволық бірлік;  әр жазушының дара қасиеті болса, ағым — әр алуан жазушының ортақ сипаты; стиль – жалқыға тән ұғым болса, ағым – жалпыға тән ұғым;  әр жазушының әдеби беті болса, ағым — әр жазушының әдеби бағыты.

Әдеби ағым – тарихи категория: жалпы қоғамдық дамудың белгілі кезеңдегі белгілі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады.

Барокко – ХУІ ғасырдың аяғы мен ХУІІ ғасырдың І-жартысында Италияда, ХУІІ ғасырда Испанияда, ХУІІ ғасырдың орта шені – ХУІІІ ғасырдың І-жартысында Ресейде өнер мен әдебиетте қалыптасқан көркемдік бағыт. Барокко антикалық мифология мен христиандық символика әуендерін, саздарын араластырып жібереді, тұспалдауды, шарттылықты дәріптейді.

Көркемөнер салаларының өзара байланысын үстемелеуге тырысады, опера және балеттің дамуына ықпал етеді. Барокко әдебиеті шындыққа еліктеу принципінен алшақ, ол оны көрсетпейді, белгілі бір заңдарға байланысты қайтадан жасайды. Бұл ағым өкілдеріне күрделі көркемдік формаға қызығушылық тән. Барокко – көпсырлы, көтеріңкі стиль.

Бұған театрлық қасиет те, бұлдыр сағым мен фантастика да, ақиқат та тән. Барокко әсірелеу, астарлау тәсілдерін қолданып, сирек кездесетін тосын жағдайларға ұмтылғыш келеді. Антикалық мифология мен христиандық символика әуендерін, саздарын араластырып жібереді, тұспалдауды, шарттылықты дәріптейді. Барокко өмірді бейнелегенде бір-бірінен алшақ нәрселерді біріктіруге, күрделілікке және бей-жай қарапайымдылыққа айрықша мән береді.

ХУІІ ғасырдың аяқ жағында туып, ХУІІІ ғасырдың орта тұсына дейін өнер атаулының бәрінде, әсіресе Европа әдебиетінде орасан кең өріс алған жұртқа мәлім ағым – классицизм (латынша classicus – үлгілі, өнегелі бағыт). Классицизм университеттіе ортада пайда болып, кітаби қалыпта болды. Оның отаны – Италия болып есептеледі, ал кең қанат жайып, дамыған жері – Франция. Әдебиеттегі классицизм Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римнің классикалық әдеби шығармаларын үлгі тұтты.

Классицистер қаламынан туған шығармалардың негізгі тақырыбы, ежелгі грек әдебиетіндегі сияқты, ел өмірінің елеулі, ірі оқиғалары; негізгі идеясы – елдің елдігін қорғаушы «ессіз ерлердің» қанды жорықтары мен дүрбелең саясаты; негізгі қаһармандары – қарапайымдар емес, қастерлілер – қолбасылар, корольдар, патшалар.

Осы тұста (ХУІІІ ғасырдың орта кезінде) өмірдегі абсолютизммен күрес идеясынан туған сентиментализм (французша «sentimentalisme» – сезімталдық) өнерде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалыптасты. Сентиментализм әуелі Англиядан – ағылшын жазушысы Стерннің «Сентиментальдық саяхатынан» (ағымның аты да осыдан алынған) басталды да, кейін Францияға (Руссо), Германияға (Жан Поль, жас Гете, жас Шиллер), Ресейге (Карамзин, жас Жуковский) ауысты.

Сентименталистердің идеялық тұрғысы – елде енді-енді орнығып, нығая бастаған жас буржуазияның идеологиясы; творчестволық объектісі – сарай маңындағы ақсүйектер өмірі емес, кәдімгі «орта қол» адамдардың күнделікті тіршілігі, солардың көңіл-күйлері, жеке бастарына тән күйініш-сүйініштері, қуаныш-реніштері; негізгі тақырыбы – әдеттегі семья тұрмысы; негізгі қаһармандар – алпауыттар, қолөнершілер мен қарапайым шаруалар. Көркем шығармаларға мазмұн болған оқиғалар енді сарай маңынан аулақ, ашық-мөлдір аспан астына, көктемде құлпырған көк майса шөп үстіне, өзен жағасына, жасыл төбе баурайына көшірілді.

Адамдардың көңіл күйлерін сентименталистер осынау сұлу табиғат көркімен ұштастырып, бір алуан сезімдер мен сырлар қозғау – «жан тебіренту» тәсілдерін тапты. Ағымға тән осы ерекшеліктер енді әдеби жанрлардың да бұрын көп өріс алмаған (элегия, психологиялық роман, мещандық драма, «жылауық комедия» атанған) жаңа түрлерін туғызды.

Сентиментальдық шығармаларда сезімге табыну әбден шарықтау шегіне жетті; кітап беті ашылса-ақ болғаны, көңілдегі кірбің, көздегі жас, көкейдегі мұң-шер ағытыла жөнелетін. Мұндай шығармалардың тілі де бұрынғыдай асқақ, адуын емес, майда, нәзік орамдар мен өрнектер тапты.

Натурализм (лат.»natura»-табиғат деген сөздің негізінде жасалған, фр.naturalizme сөзі) — өмір құбылыстарын табиғи қалпында айтып, баяндауды мақсат ететін бейнелеу тәсілі, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Батыс Еуропа әдебиетінде орын алған ағым. Натурализм өмірді тексеріске, зерттеуге салмай, бар көрген-білгенді тек тәптіштеп айтып беруді тілейді. Бар затты, адамды суреттегенде оның елеусіз тастауға болатын бөлшектеріне дейін қалдырмай жеткізуді мақсат етеді. Француз әдебиетінде натурализм тәсілін енгізген қолданған Эмиль Золя болды.

Оның шығармаларында натурализм тәсілінің ұтымды жақтары көбірек көрінді. Алайда бұл тәсіл әдебиетте орын тепкен сайын оның осал жақтары да бой көрсетті. Шығармаларда шыбынның қалай ұшқаны, қоңыздың қалай  ызыңдағаны сияқты, жалпы оқиға өрісіне тікелей қатысы жоқ жайлар көп баяндалады. Адам кейпі, ісі, мал-жануарлар қимылы, айнала табиғат көрінісі қаз-қалпында алынып суреттеледі. Мұның ар жағы айналып келгенде анайылыққа, тұрпайылыққа апарып соғады.

Әсіресе көбіне әдеппен, сыпайы, тұспалмен айтылатын жайлар қара дүрсін, жалаң баяндалады да, эстетикалық қасиеттен айрылады. Бұл тәсілдің тартымдылығы — оқушының енді не болар екен деген сауалына жазушы түгел қанағаттанарлықтай жауап береді. Яғни жасырмай, тәптіштеп айтып береді. Сонымен қатар натурализм әлеуметтік құбылыстарға тіке бармай, оларды реализмдегідей талқылап, жіктемей, сырт бейтарап адамның көріп-білгеніндей етіп баяндайды.

     Декаданс (франц. «decadence»-түңілу деген мағынаны білдіреді)-ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында рухани өмірде, көркем өмірде, философия мен эстетикада орын алған дағдарыстың әдебиеттегі көрінісі, өмірден торығу, келешектен үмітсіздікке бой алдыру сарындары басым әдеби құбылыс. Бұл алғашында Францияда өмірді әр алуан балама-бейнелерді, тұспал-белгілерді қолданып, шартты тәсілдермен суреттеуді мақсат ететін символизм ағымымен жалғаса шықты, оны бастап әдебиетте орнықтырғандар символист-ақындар болды.

Декаданс “өнер өнер үшін” деген қағиданы қолдағанын да тек қоғамдық күрестен бас тарту деп қана қарамай, көркем өнердің, әдебиеттің өзіндік құндылығын да ескеру, жазушылардың шығарма еркіндігін сақтауға ұмтылу деп санаған жөн. Бүгінгі таңда өткенге тарихи тұрғыдан қарап, декаданс әдеби құбылыс ретінде жан-жақты зерттеліп, әсіресе, көркем өнерге өзіндік үлес қосқан жазушылардың шығармалары байсалды түрде талданып, әділ бағалануы қажет.

Модернизм (франц. moderne-жаңа, қазіргі) — ХХғ. басында рухани сана дағдарысы кезінде пайда болған философиялық-эстетикалық ағымдардың жиынтық атауы. Бұл  қаламгерлердің әлемдік соғысқа, адамзат дамуындағы дағдарыстарға көзқарасын білдірді. Модернизм авангардтық және декаденттік сатылардан өткенімен, олардан өзіндік айырмашылығы болды.

                                                         Негізгі әдебиеттер:

  1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
  2. История зарубежной литературы ХУІІ-ХУІІІвв. Под.ред. М.Артамонова. М., 1982.
  3. Джуанышбеков Н.О. Введение в литературоведение. Алматы, 2005.
  4. Введение в литературоведение. Под ред. Поспелова Г.Н. М.: Высшая школа, 1988.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Абрамович Г.Л. Введение в литературоведение. М.: Просвещение, 1979.
  2. Введение в литературоведение. Литературное произведение: основные термины и   понятия. Под ред. Чернец Л.В. М.: Академия, 2000.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  11. Драмалық тек, драмалық бейнелеу


ПІКІР ҚАЛДЫРУ