Әдеби ағымдар, әдеби стиль туралы түсінік

0
2168
Иллюстрация: Freepik.com

Стильдің жеке жазушыға тән ерекшелік екендігі. Оның тақырып пен идеядан, шығарманың құрылысы мен тілінен, жинақтау мен даралаудан танылатындығы. Жазушы стилін білдіретін  бірліктер. А.Блок, Гете стиль туралы.

Жазушының шығармашылығы оның ғұмырнамасымен тығыз байланысты. Жазушы шығармашылығы оның адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден ерек өмір тәжірибесімен, білімімен, мәдениетімен, дүниетанымымен ұласып, бірігіп, біте қайнасып жатады. Өз көзімен көрмеген немесе өзі сезіп-білмеген шындықты жазушы жаза алмайды.

Гетенің сөзімен айтсақ, жазушы творчествосында оның өз өмірбаянына енбейтін бірде-бір сызық жоқ, жалғыз-ақ бірде-бір сызық сол қалпында емес, ылғи ғана аунап түсіп отырады. Бұған қарап, әрине, жазушы суреттеген өмірлік құбылыстардың бәрі оның өз басынан кешкен шындық екен деуге болмайды.

Мәселен, жазушы бір шығармада өзінің бір қаһарманының өлімін жазды делік. Оны автор өз басынан кешіргесін жазып отыр деуге, әрине, болмас еді. Ендеше, жазушы шығармашылығы оның өмірбаянынан әлдеқайда кең; бірақ, бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты.

Әрбір әдеби шығарма оқырманға оны жазған автордың шығармашылық ерекшелігін танытады. Оны тілден де, тақырып пен идеядан да, образ жасау тәсілінен де аңғаруға болады. Әр шығармадан көрінетін осындай суреткерлік ерекшелік оның бар шығармасындағы белгілі бір бірлікке әкеледі.

Әр жазушының қаламынан туған бар шығармада, алдымен, идеялық бірлік болады. Өйткені әр жазушы өзінің әр шығармасында әр түрлі өмірлік проблема қояды да, оны шешуге бір ғана тұрғыдан — өзінің тұрақты дүниетанымы тұрғысынан келеді.

Мәселен, С.Мұқанов; ол қай тақырыпқа жазбасын қандай кездің шындығын суреттемесін мейлі барлық проблеманы бір-ақ тұрғыдан – шындыққа большевиктік көзқарас, яки өзі жарты ғасыр сапында болған коммунистік партияның саясаты тұрғысынан шешеді. Мұның өзі жазушының әр жанрда жазған барлық шығармасына бір ғана идеялық ерекшелік бітіреді.

Идеялық бірлікпен қатар, әр жазушының шығармашылығынан тақырып ерекшелігі деген болады. Мұның өзі әр сипатта көрінеді. Орыс әдебиетінің теоретиктері Шолохов ылғи Дон казактары туралы жазатынын, Фадеев көбіне Сибирь партизандары жөнінде жазған болса, Панферов Поволжье шаруалары жайлы жазғанын айтады.

Бұл заңды да: жазушы қандай шындықты жете білсе, шығармасына соны тақырып етпек. Мұндай жағдай қазақ әдебиетінде де бар: Ғ.Мұстафиннің көп шығармаларына (“Миллионер”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейін”, “Көз көрген” т.б.) арқау болған шындық – Қарағанды маңындағы қазақтар өмірі болса, Х.Есенжанов трилогиясы мен дилогиясы Орал қазақтарының, Ә.Нүрпейісов трилогиясы Арал қазақтарының өмірінен туды. Бұл да жазушы шығармашылығы оның өмір тәжірибесімен тығыз байланысты екеніне, суреткер нені жақсы білсе, сол жайлы жазатынына дәлел.

Әр жазушының шығармашылығында мінез (характер) бірлігі деген болады. Мұны, әрине, бір жазушы он образ жасаса, бәрінің мінез-құлқы бірдей болады деп ұқпау керек; он образ – он түрлі мінездің адамы бола берсін, бірақ он мінездің де жасалу тәсілдері бір-біріне ұқсап отырады. Бір жазушы, айталық, адам мінезін кимыл-әрекет үстінде танытуға бейім болса, енді бір жазушы оның көңіл күйін, сезім-сырын, ой-арманын, әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер.

Мінез бірлігімен қатар, әр жазушының шығармашылығынан оның тек өзіне ғана тән тіл ерекшелігін аңғарамыз. Бізде Сәбиттің тілі, Ғабиттің тілі, Мұхтардың тілі дейтін көп тіл жоқ, бір ғана қазақ тілі бар; Мұқанов та, Мүсірепов те, Әуезов те сол бір ғана қазақ тілінде жазған. Бірақ үшеуінің тіл мәнері – сөз қолдануы, сөйлем құрауы, сөзбен сурет салуы не баяндап беруі, сыр ағытуы не сезімді жеткізуі үш түрлі. Үшеуін тіпті шатастыру мүмкін емес.

Өйткені тіл ерекшелігі – шешуші ерекшелік. Әр жазушының тіл ерекшелігіне қарап, оның бір шығармасы емес, кейде тіпті бүкіл суреткерлік бітімін бір қырынан байқап қалуға болады. Сонымен, біз әрбір жазушының бүкіл шығармашылығының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің (идея-тақырып-мінез-тіл) тек сол жазушыға ғана тән ерекшелігін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы шығармашылығының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайлардан да іздеп таба беруге болады. Міне, стиль — әр суреткерге тән осындай шығармашылық ерекшелік.

Стиль (грекше -stylos) деген терминнің мағынасы әр түрлі: байырғы римдіктер сырлы тақтаға сөз жазатын бір ұшы қалақша, бір ұшы сүйір таяқшаны стиль деген болса, кейін әркімнің қолтаңбасы, жазу өрнегі, одан бертін келе сөз мәнері, сөйлеу машығы, ақыр аяғында әр суреткерге тән өнер ерекшелігі стиль атанған. Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек.

Ғылым мен өнер ғана емес бұл ұғым тіпті өмірдің өзінде қаптап жүр. Жұмыс стилі, кеңсе стилі, газет стилі, шахмат стилі т.б. Бірақ біздің айтып отырғанымыз – бұлардың бірі де емес, әр қаламгердің әдеби бетін айқындайтын жазушылық стилі. “Ақындар өзара ұқсастығымен емес ерекшелігімен қызық” – деді Блок. Ал енді, қаламгерде осынау әдеби бет, творчестволық ерекшелік дегендер бірден бола қала ма? Жоқ, бірден емес, бірте-бірте қалыптасады. Ендеше, әдеби стиль – әрқашан эволюция үстінде, диалектикалық  даму үстінде деп ұғу қажет.

Шығармашылық ерекшеліктің қалыптасуында, Гетенің айтуына қарағанда, үш кезең бар:

1) өзінен бұрынғы үлгіге жалаң елітеумен жүрген шақ;

2) өзгеден бөлегірек азын-шоғын мәнер, машық тапқан тұс;

3) өзінен басқа ешкімге ұқсамайтын өзгеше стиль белгілеген кез.

Соңғы кезең, яки шын мәніндегі стиль қалыптастырған кез – шығармашылық эволюцияның ең жоғарғы сатысы, бұған жету үшін әбден шыңдалған суреткерлік шеберлік керек. Әдебиетпен әуестенгеннің бәрі үшінші сатыға (стильге) жете бермейді, мықтағанда, екінші сатыға (мәнерге) жақындайды, әйтпесе, бірінші сатының (еліктеудің) өзінен аса алмай, қалып қояды.

Себебі: “Стиль –шын талант, ұлы ақын–жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез-келген ақын-жазушылардан стиль іздеу – бекершілік. Өйткені барлық өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жаза білушілерді жазушы десек, қателескен болар едік. Дарын жоқта стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас. Оқырмандарының ойына азық, жанына сусын бермейтін можантопай шығармалар жазып, “жазушы” атану мүмкін. Бірақ ондайлардың өзіне тән стилі болады деу – қате.

Олардың бірінің шығармалары егіз қозыдай екіншілеріне ұқсас келеді. Жаман шығарманы жағымпаз сыншы жандайшап әдебиетшілер қанша мақтаса да жандандыра алмайды. Барлық сыншылардың ішінде ең ұлы, ең данышпан, ең қателеспейтін сыншы – «мезгіл» деп В.Г.Белинский айтқандай жаман шығарма, дарынсыз жазушы мезгіл сынын алмақ емес. Демек, стильді нақтылы талант, ұлы жазушылардың туындыларынан іздеген жөн”.

Стильдің жазушы шығармашылғыындағы көрінісі күрделі әрі қызық. Жазушы не жазса, соның бәрінде оның өзіндік стилі төрт бұрышын түгел танытып тұра қалады деуге болмайды. Жазушының шығармашылық ерекшелігі әр шығармасында әр қырынан: повесте – сюжет құру ерекшелігі көрінсе, әңгімеде – образ жасау ерекшелігі, эсседе – тіл ерекшелігі айқынырақ аңғарылуы мүмкін. Демек, жазушының бір емес, барлық шығармасын оқып барып, байлау жасаған дұрыс.

Стильдің өзгеруі де мүмкін. Егер суреткердің дүниетанымында немесе идеялық бағытында өзгеріс болса, стиліне де ықпал етеді.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Жұмалиев Қ. Стиль — өнер ерекшелігі. Алматы, 1966.
  2. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
  3. Әдебиеттануға кіріспе. Хрестоматия. Құрастырған: С.Мақпыров. Алматы, 1991.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Ахметов К. Әдебиеттануға кіріспе. Қарағанды, 2004.
  2. Абрамович Г.Л. Введение в литературоведение. М.: Просвещение, 1979.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  11. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  12. Әдеби ағымдар туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ