Көркемдік әдіс: романтизм, реализм әдісі

0
4527
Иллюстрация: Freepik.com

Романтизм әдісін туғызған қоғамдық жағдайлар. Романтикалық кейіпкерлер сипаты. Европа, орыс, қазақ әдебиетіндегі романтизм үлгісіндегі туындылар. Реализм әдісі. Реализмнің тарихи формалары.

Әдеби–шығармашылық процесте стиль мен ағымнан гөрі әлдеқайда тұрақты және тұрлаулы зат бар, ол — әдіс. Әдебиет теориясында әдіс мәселесіне қатысты айтылған дау тудыратын ой-пікірлер, түрлі тұжырымдар көп. Әдіс деген атауды әркім әр түрлі айқындайды: біреулер көркемдік әдіс десе, біреулер шығармашылық әдіс, енді біреулер жай әдеби әдіс дейді.

Мұның бәрі — бір ұғым. Романтизм немесе реализм ағым ба, әдіс пе? Біреулер әдіс десе, біреулер ағым дейді; ал үшінші біреулер әрі әдіс, әрі ағым деп, екеуіне бірдей телиді. Әдісті ағыммен алмастыруға да, стильмен шатастыруға да болмайды. Неге десеңіз, — стиль мен ағым тарихи категориялар болса, әдіс олай емес; стиль мен ағым — қайталанбайтын құбылыстар болса, әдіс — қайталанып отыратын құбылыс; стиль мен ағым құбылмалы нәрселер болса, әдіс — тұрақты нәрсе…

Ендеше, әдіс — стиль де емес, ағым да емес. «Творчестволық әдіс, — дейді профессор М.Қаратаев, — өмірді образбен бейнелеп, көркем шындық жасау жолы. Екінші сөзбен айтқанда, өмірдегі болмыс дүниесінен өнер дүниесін, яғни тұтас бір шығарма көлемінде көркем образдар жүйесін жасау жолы. Көркемдік әдіс бір адамға ғана тән стиль де емес, бір қоғамға ғана сай ағым да емес.

Мұның екеуінен де әлдеқайда кең ұғым, барлық адамдармен қоғамға тән өнер атаулының бәріне ортақ тұрлаулы, тұрақты нәрсе екенін және заты көркемдік әдіс деген атымен бірге емес, өнердің өзімен бірге туып, өнер арқауы — өмірдің өзімен бірге дамып, жетіліп келе жатқан табиғи, тұтас құбылыс екенін дәлелдейді.

Көркемдік әдіс — алдымен, шындықты шын мәніндегі суреткердің өз көзімен образды түрде тану жолы, содан соң, өзі таныған шындықты бар өнерін төге, бар шеберлігін сала көркем жинақтап, өзгеге таныту жолы. Көркемдік әдіс — өнер туындысында адам образын жасауға, сол арқылы шындықтың сырын образды түрде ашуға қажет өмір деректерін белгілі бір эстетикалық талғам биігінен тандаудың, қорытудың және жинақгаудың өзгеше принципі, сайып келгенде, өмір шындығын өнер шындығына айналдыра саралап, белгілі бір қоғамдық идеал тұрғысынан қайта туғызудың айрықша типі.

Сонымен шығармашылық әдіс екеу — романтизм, реализм. Екеуінің де негізгі сипаттарын Ф.Энгельс белгілеп бергені — романтизмді «ерекше жағдайда ерекше характер жасау» жолы ретінде түсіндірсе, реализмді «детальдар шыншылдығымен» қоса «типтік жағдайда типтік характер жасау» жолы ретінде түсіндіреді. Бұл анықтамалар Софокл мен Аристотель пікірлерін де, Белинский пікірін де жоққа шығармайды, қайта солардың тұрлаулы тұжырымы сияқты.

Әрине, романтизмнің өзіне тән ерекшеліктері көп: суреттелер шындық қиялға негізделеді; қияли шындықтың өзі осы шақтыкі емес, не өткен, не келер шақтыкі; шығарманың идеялық-көркемдік арқауында асқақ арман, көтеріңкі пафос жатады; автордың тілі де тым бояулы, мейлінше лепті, оқыс әсерлі келеді.

Дегенмен осы ерекшеліктеріне қарамастан, романтизмді реализмнен бөліп әкетіп, араларына ылғи шек коя берудің қажеті жоқ. Романтизм (әсіресе оның прогресшіл түрі) мен реализм кей ретте, Белинскийше айтсақ, «бір-біріне кереғар келгенмен, түбінде бір мақсатқа апаратын бағыттас» әдістер. Оның үстіне әр суреткер осынау екі әдістің тек біреуімен ғана жазады; екеуінің басын бір жерге қоса алмайды, ол — не таза реалист, не таза романтик болуға тиіс деп түсінсек, қателесер едік. Керісінше, әрбір «ірі суреткерде — дейді Горький, — реализм мен романтизм бір-бірімен әрқашан жалғасып жататын сияқты.

Бальзак — реалист, бірақ ол «Шегірен былғары» тәрізді реализмнен аулақ тұрған романдар жазды. Тургенев те романтикалық рухтағы дүниелер туғызған. Гогольден бермен қарай Чехов пен Бунинге дейінгі ірі жазушылардың бәрі сөйткен. Реализм мен романтизмнің бұлайша бірігуі — біздің үлкен әдебиетімізге әсіресе тән сипат».

Қай кезде жасамасын, бәрібір, барлық қазақ жазушылары (Махамбет пен Абай, Ш.Құдайбердиев пен С.Торайғыров, М.Жұмабаев пен С.Сейфуллин, Б.Майлин мен І.Жансүгіров, М.Әуезов пен Ж.Аймауытов, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин мен Х.Есенжанов т.б.) жайлы да дәл осыны айтуға болар еді: бәрінің творчествосында да реализм мен романтизм араласып жүр.

Жалғыз-ақ бір есте болатын нәрсе —  осылардың жеке алғанда әрқайсысы, жалпы алғанда барлығы, қолдан келгенше, романтизмнен реализмге келе жатады. Әдеби дамудың объективті заңы, әдеби әдістің эволюциясы тек қана осылай жылжуға тиіс.

Бір ескеретін нәрсе: жоғарыда айтылғандай, романтизмнің де, реализмніңде өмірді өнерге көшіру сипатына негізделген екеуінің екі түрлі ерекше табиғаты, түп-тамыры мен тегі теренде жатқанмен, олардың әдеби әдіс ретінде қалыптасу тарихын әдебиет зерттеушілері беріден бастайды. Мәселен, олар романтизм көркемдік дамудың күрделі бағыты ретінде еуропа мен америка әдебиетінде XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басынан бермен қарай қалыптасты деп жүр.

Сөз өнеріндегі романтикалық (французша-romantigue ағылшынша-romantic) туындылар суреткерлердің шындықтағы барға қанағаттанбай жоқты іздеуінен, ақиқаттан аулақтап әлдебір асыңқы, өмірде емес өнерде ғана болуға тиіс кітаби қиял-ғажайып шытырман оқиғаларды бейнелеуден пайда болған деседі. Сондықтан бұл ағым ағартушылық бағытқа да, классицизмге де, сентиментализмге де — бәріне де кереғар.

Ал, реализм (латынша realis затты, нақты) — шындықты шынайылау әдісі. Адамның өзін-өзіне таныту, сайып келгенде, одан да әрі тереңден барып, алдымен халықтың өзін-өзіне таныту, содан соң сол халықты өзгеге, яки әлемге — адамзатқа таныту жолы. Адам мен қоғам, қоғам мен заман арақатынастарын барлық бірлігімен және қарама-карсылығымен жан-жақгы суреттеу арқылы көркем образдар, типтер, сом тұлғалар жасау тәсілі.

Реализмнің тууы, қалыптасуы және дамуы туралы пікірлер де әр алуан: біреулер бағыт ретінде XVIII ғасырда туды десе, біреулер ағым ретінде XIX ғасырда қалыптасты деседі. Ал әдіс ретінде дамуын қадағалаушылар оны ғасырлар тереңіне әкетіп, бір-біріне тұтасқан түр-түрге бөледі: Көне дүние (антика) реализмі, Ояну дәуірінің реализмі, Ағарту кезінің реализмі, Қайта өрлеу кезеңінің реализмі, сыншыл реализм, социалистік реализм…

Социалистік реализмнің көркемдік әдіс ретінде туып қалыптасуы А.М.Горький творчествосымен тығыз байланысты. Горький романында, бәрінен бұрын, нағыз шындық жинақталды; содан соң, шындық тарихи жағынан нақты суреттелді; ақыр аяғында, шындық революциялық даму үстінде көрсетілді. Осы үш принцип еңбекші қауымды идея жағынан қайта тәрбиелеу міндетімен ұштастырыла келе социалистік реализм әдісінің өзіне дейінгі реализм атаулыдан сапалық ерекшеліктері болып қалыптасқаны мәлім.

Социалистік реализмге дейінгі ең прогресшіл әдіс — сыншыл реализм. Социалистік реализм — сыншыл реализмнің мұрагері. Алайда осы екеуінің шынайылық бірлігімен қатар, үлкен айырмашылығы да бар. Ең негізгі алшақтылық — мақсат алшақтығы: сыншыл реализм өз кезіндегі ащы шындықтарды ашып көрсете тұра, капиталистік құрылыстың негізін шайқалтуға қызмет етсе, социалистік реализм өз кезінің қандай шындығын суретемесін

Әдеби әдіс — қатып қалған қасаң (догмалық) қағидалар қосындысы емес, уақыттың көркемдік концепциясы. Демек, басынан ешқашан дау арылмаған социалистік реализм де — қолдан құрастырыла салған әлдебір ережелер жинағы емес, өмірдің объективтік даму заңына сай, кеңес дәуірінің өзі туғызған құбылыс.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, 1992, 2002.
  2. Ғ.Мүсірепов. Заман және әдебиет. Алматы, 1982.
  3. С.Мақпырұлы. Қазына. Мақалалар мен зерттеулер. Алматы, 2004.

Қосымша әдебиеттер:

  1. Горький М. Әдебиет туралы. Алматы, 1954, 1984.
  2. Добролюбов Н.А. Әдебиет туралы мақалалары. Алматы, 1955.
  3. Қаратаев М. Эпостан эпопеяға. Әдеби-сын зерттеулер. Алматы, 1969.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал: 

  1. Көркем троптар, олардың түрлері
  2. Әдебиет – сөз өнері.  Әдебиет туралы ғылым, оның салалары.
  3. Өнерінің эстетикалық табиғаты
  4. Сөз өнерінің образдық табиғаты. Образ, жасалу жолдары және оның түрлері
  5. Көркем туынды – әсемдік әлемі. Тақырып пен идея бірлігі
  6. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  7. Әдебиеттің тектері мен түрлері
  8. Көркем шығарма тілі туралы ақпарат
  9. Лирикалық тек, лирикалық жанрлар
  10. Өлең сөздің табиғаты. Өлең жүйелері туралы
  11. Драмалық тек, драмалық бейнелеу
  12. Әдеби ағымдар туралы түсінік

ПІКІР ҚАЛДЫРУ